Әлеуметтік психологияның құрылымы мен проблематикасы жайлы ұғым алу үшін оның түп тамырына көз жіберген жөн. Оның ғылым ретінде дамуының 4 кезеңін бөліп көрсетуге болады.
Бірінші кезең – әлеуметтік психологияға дейінгі теориясы. Ол антик (көне), ортағасырлық және ХІХ ғасырдың орта шеніне дейінгі кезеңді қамтиды.
«Психология» термині «псюхе» - жан, «логос» - білім немесе зерттеу деген екі сөзден тұрады. Алайда оны ұсынған, адамның психикалық өмірінің ерекшеліктерін анықтауға елеулі үлес қосқан антикалық ғалымдар емес, теолог әрі философ Гоклениус болды; терминнің ең алғаш рет қолданылуы 1590 жылмен белгіленеді. Неміс философы Христиан Вольфтың «Рационалдық психология» (1733) және «Эмпирикалық психология» (1734) деген еңбектері жарық көргеннен кейін «психология» термині кеңінен таралды. Алайда адам мінез-құлқының ерекшеліктері туралы білімнің бастауын антик (көне) натуралистердің еңбектерінен іздестірген жөн.
Гоклениус
Гиппократ, Платон, Аристотель есімдері барлығына жақсы таныс. Олар көптеген ғылымдардың негізін қалаған деп есептелінеді, бұл жерде әлеуметтік психология да тыс емес.
Аристотельдің жас Македонскийдің ұстазы болуына орай, ол өзі жаулап алған жерлерінен өсімдіктер мен жануарлардың түрлерін ұстазына жіберіп отырған. Міне осылайша, тірі ағзалардың мінез-құлқын бақылау мен талдауға эмпирикалық бай негіз болған деректер көп жинақталды. Кейіннен психологияның түсіндірмелі, ең алдымен себептілік және даму принциптерінің құрылуына алып келген Аристотельдің психологиялық ілімі осындай зерттеулердің нәтижесі болды. Аристотель: жанның қызметі мынадай баспалдақ түрінде орналасады деді: төменгі элементтер өте жоғары тәртіптегі (реттегі) элементтердің пайда болуына негіз болады. Вегетативті функциялардан кейін сезіну (түйсіну), ал одан кейін – ойлау қабілеті қалыптасады. Мінездің дамуын түсіндіре келе Аристотель адам түрлі әрекеттерді жасай отырып, қазір қандай болса, сондай қалыпқа жетеді деп сендірді. Бұл қоршаған ортаға деген өнегелі адамгершілікті қатынасты білдіреді, яғни адамның психикалық дамуын оның іс-әрекетіне, әсіресе қоғамдық іс-әрекетіне тәуелді етеді. Бұл жағдайдың жақсы көрінісін, адамның әлеуметтік мінез-құлқының 30 типін суреттеп берген ежелгі грек зерттеушісі Теофрастың «Мінездер» деген еңбегінен таба аламыз. Адамдарды адамгершілік сапаларына (жағымпаздық – екі жүзділік, боссөздік, т.б. орай жіктеу Теофраст замандастарының әлеуметтік бет бейнесін көрсетті.
Гиппократтан біздің заманымызға дейін сангвиник, холерик, меланхолик, флегматик деген төрт темперамент атауы келіп жеткен. Болашақ әлеуметтік психология үшін мұндай бөлінудің маңызы зор болды, өйткені адамдар арасындағы сансыз айырмашылықтар бірнеше жалпы сипаттамалармен ғана шектелді. Осы арқылы адам мінез-құлқының ғылыми типологиясына бастама жасалды.
Қазіргі кезде Қазақстандық ғалым, психофизиолог А.Р. Дүйсенбаев өзі ұсынған тұлға құрылымына сәйкес, темпераменттің жеті типін (эмоциялы, динамикалық, лабилді, иілімді, өзгермейтін, инертті және сенситивті) бөліп көрсетеді.
Адамдардың ішкі сезім іс-әрекетін табиғат емес адамның мәдениетінен құрылатын түр, түсінік, ой-пікір мен этикалық құндылықтарға тәуелді етіп қоюы ежелгі грек ойшылдарының еңбегі болды. Мәдениет әлемі адам мен оның жанын түсінудің үш жолын бөліп көрсетуге мүмкіндік берді: дінді, өнер мен ғылымды. Өздеріне ұқсас адамдарды тануды көп ғасырлық тәжірибесінен игерген олар дәуірінің нақты адамдары мен қоғамдық институттарды бақылау арқылы меңгере отырып, этникалық құдайлар мен батырлар бейнесінің үлгілерінде тәрбиеленді.
Еуропадағы мыңжылдық феодализм дәуірін «ақылдың ұйқысы» деп атасақ та болады, өйткені бұл кезеңде христиандық шіркеу пұтқа табынушылықтың барлығына жаугершілік шыдамсыздық танытты, ол адам жанының құрылымы мен орналасуының киелі кітаптағы түсіндірмесінен ерекше, тәжірибе мен ақылға негізделген білімнің барлығына деген жек көрушілікті таратты.
Жабық феодалдық қауымдарға ыдырап кеткен ортағасырлық Еуропада ежелгі ғылымның жетістіктері қудалауға ұшыраған кездері, арабтық Шығыста интелектуалды өмір қайнап жатты. Батыста Платон мен Аристотельдің шығармалары монша жағуға кетіп жатса, Шығыста олардың еңбектері көптеп аударылып жатты. Бұл әлемдік мәдениет үшін көптеген ежелгі философтар, саяхатшылар, дәрігерлер мен жазушылардың шығармаларының сақталуына мүмкіндік берді.
IX-XIV ғасырларда өмір сүріп, ғылыми мұраларын қалдырып кеткен түркі ғұламаларының (Ж.Баласағұн, М.Қашқари, Қ.А.Жүйнеки, Қ.А.Иассауи, т.б.) арасында «әлемнің екінші ұстазы» аталған Әбу-Насыр әл-Фараби «Әлеуметтік этикалық трактаттар», «Азаматтық саясат», «Мемлекеттік қайраткердің нақыл сөздері», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы» деген еңбектерінде қоғам, әлеуметтік топтар туралы ойларын айтып кеткен.
Дегенмен, Батыс Еуропада адамдардың психикалық өмірі туралы түсінікті талап ететін «эмпирикалық» деректердің жинақталуы жалғасып жатты. Рене Декарттың еңбектерінің болашақ әлеуметтік психология үшін негізді маңызы болды. Дене жұмысының принципі – рефлекс, ал жан жұмысының принципі – рефлексия деп мінез-құлықтың рефлекторлық табиғатын аша отырып, ол физиология үшін де, психология үшін де іргетасты болған түсінікті ендірді. ХVI-XVIII ғасыр қалыптасып келе жатқан ғылым үшін өте жемісті болды. Қоғамдық құрылымға деген қызығушылық, түрлі әлеуметтік қабаттарда, түрлі ұлттар мен нәсілдегі адамдар арасындағы өзара әрекет пен өзара қатынас механизмдеріне жауап іздестіру ғылыми түсіндіру мен әлеуметтік-психологиялық талдауды қажет ететін деректердің көптеп жинақталуына әкелді. Т.Гоббс (1588-1679), Д.Локк (1632-1704), К.Гельвеций (1715-1771), П.Гольбах (1723-1789), Д.Дидро (1713-1784) және тағы да басқалардың еңбектері адам мінез-құлқын зерттеу аумағында Еуропалық ғылымның діни догматтардан арылуына жағдай тудырды. Жаңа заман ғалымдары адамның біртұтастылығы жайлы, оның тәндікрухани болмысы қоршаған ортамен табиғи және әлеуметтік ажырамас байланыста болатындығы жайлы ой-пікірді ұстанды.
ХIХ ғасырда психология өз алдына ғылым ретінде құрылды, соған орай оны құрылымдау мен адам психикасының табиғатын зерттеуге арналған бөлек бағыттарды бөліп көрсетудің алғышарттары пайда болды.
Сонымен бірге, осы кездерде антропология, этнография, археология ғылымдарында көптеген деректер жинақталынып, оларды түсіндіруде де әлеуметтік психологияның көмегі қажет болды.
Американ антропологы Э.Тейлор алғашқы қауымдық құрылыс мәдениеті туралы еңбегін тамамдады, этнограф және археолог Л.Морган америка үндістерінің тұрмысын зерттесе, француз ғалымы (социолог және этнограф) Леви-Брюль алғашқы қауымдық құрылыстағы адамдардың ойлау ерекшеліктерін зерттеді.
Бұл кезеңдегі психология, негізінен, индивидтер психологиясы тұрғысынан қалыптасқан еді. Адамның мінез-құлқын түсіндіруде психологияны қайта қарастыру бағдарламасы енді ғана дами бастады.
Социология ғылымына келсек, оның өзі дербес ғылым ретінде XIX ғасырдың орта тұсынан бастап дамыды, оның негізін қалаушы француз философпозитивісі Огюст Конт.
Социологияда психология бағыты тез дами бастады. Сонымен екі ғылымның (психология мен социология) дамуында бір-біріне қарай қозғалыс басталды, ал ол жаңа ғылым ретіндегі проблемаларды қалыптастырумен аяқталуы қажет болды.
Көптеген алғашқы әлеуметтік — психологиялық теориялар арасынан негізгі үш бағытты бөліп алуға болады: халықтар психологиясы, көпшілік психологиясы және әлеуметтік мінез-құлықтың инстинктер теориясы.
Халықтар психологиясы әлеуметтік — психологиялық теориялардың алғашқы формасы ретінде XIX ғасырдың ортасында Германияда қалыптасты.
Халықтар психологиясы теориясын тікелей жасағандар философ М.Лацарус (1824-1893) және тіл маманы Т.Штейнталь (1823-1893). 1859 жылы “Халықтар психологиясы және тіл білімі” журналы жарық көрді. “Халықтар психологиясы туралы кіріспе тұжырымдары” деген мақаласында авторлар, негізгі идеяларын тарихтың негізгі күші — халықтың өзін мәдениет, дін, тіл, аңыз, әдет-ғұрыпта көрсетуі деп түйіндеді.
Халықтар психологиясы идеясын ары қарай дамытқан В.Вундт (1832-1920) көзқарастары. 1900 ж. Вундтың он томдық “Халықтар психологиясы” еңбегі жарық көрді. Вундтың көзқарасы бойынша, психология екі бөліктен: физиологиялық психология және халықтар психологиясынан құрылуы керек. Физиологиялық психология эксперименттік пән, бірақ эксперимент жоғарғы психологиялық процестер — сөйлеу меп ойлауды зерттеуге жарамайды. Міне, нақ осы жерден халықтар психологиясы басталады. Оның әдістері де басқаша: тіл, аңыз, әдет-ғұрып, мәдениет өнімдерін талдау.
Ресейде халықтар психологиясы идеясы белгілі лингвист ғалым А.А.Потебня зерттеулерінде қарастырылды. Лацарус, Штейнталь, Вундт және Потебня проблеманы әр-түрлі тұрғыда қарастырғанымен, тұжырымдамаларының идеясы ортақ: психология жеке индивид санасы емес, халық санасында қалыптасқан құбылыстарға тап болды, сондықтан, осындай ерекше проблемалармен айналысатын, өзіне тән әдістері бар, психологияның арнаулы саласы болуы қажет.
Қазақстанда осындай көзқарастарды ары қарай дамытқан этникалық психология мәселелерімен айналысқан, осы ғылымның негізін қалаушылардың бірі саналатын М.Мұқанов.
Әлеуметтік — психологиялық теорияның екінші формасы бұқара, көпшілік психологиясы. Бұл теорияда жеке адам мен қоғамның өзара қатынасы қарастырылды.
Үшінші, әлеуметтік — психологиялық көзқарастар жүйесіне әлеуметтік мінез-құлықтың инстинктер теориясы жатады. Бұл теорияны ұсынған ағылшын психологы В.Макдугалл (әлеуметтік психологияның негізін қалаушылардың бірі), оның негізгі тезисі-әлеуметтік мінез-құлықтың түпкілікті себебі, адамдардағы туа біткен инстинктер дегенге саяды. Макдугалл жеті пар инстинктерді және олармен қосарласа жүретін эмоцияларды бөліп көрсетті. Оның идеяларының өте танымал болғанына қарамастан әлеуметтік мінез-құлықтың бір мақсатқа (“гормэ” - ұмтылу, тілек) жетуге талпыну ғана (санадан тыс) деген идеясы психология ғылымының тарихында теріс әсерін тигізді.
Инстинктер теориясының бұл идеясы салдарларын жеңу ғылыми әлеуметтік психологияның қалыптасуының маңызды кезеңіне айналды. Аталмыш көзқарастардың бәрінде де эксперименттік зерттеулердің жеткіліксіздігі көзге ұрады. Дегенмен де “әлеуметтік психология” дербес пән деген ұсыныс жасалды, енді оның эксперименттік базасын тұрғызу қажет еді.
Екінші кезең - әлеуметтік психологияның ғылым ретінде қалыптасуы ХIХ ғасырдың орта шені мен 1908 жылға дейінгі кезеңді қамтиды. Осы кездері әлеуметтік психологияның негізгі мәселелеріне қатысты алғашқы іргелі жұмыстар жарық көреді. Әлеуметтік психологиялық мәселелердің шешімі мен теориялық талдауы психологтар, социологтар, философтар, әдебиет зерттеуші, этнографтар сияқты түрлі саладағы мамандардың қызығушылықтарын оятты. Осы кезеңде әлеуметтік психологияның қалыптасуы әлеуметтік антропология (В.Вундт, Х.Штейнталь), ағылшын эволюционизмі (Ч.Дарвин, Г.Спенсер), ертеректегі әлеуметтанудың (О.Конт, К.Дюркгейм) шеңбері аясында жүрді.
1) В. Вундтың халықтар психологиясы теориясы;
2) Лебонның бұқаралық психологиясының теори
3) Макдугаллдың әлеуметтік мінез-құлықтың инстинктері жайлы теориялары саналады.
В.Вундт эксперименталды психологияның негізін салушы. Әйгілі физиолог В.Гельмгольцтің шәкірті болып жүрген кезінде В.Вундт психологияны физиологиядан бөліп алып өз алдына дербес ғылымға айналдыруды ұсынады. Сонымен қатар сол кезде В.Вундт екі маңызды психологиялық мәселемен де айналысады: а) өзінің санасын іштей бақылау арқылы адамның өзін өзі тану мәселесі (интроспекция) және б) халықтың психологиясының нақты индивидтің санасына әсер ету мәселесімен.
В.Вундт ұжымдық психиканы адамдардың индивидуалды психикалық күйлерінің үйлесімділігі деп қарастырды. Оның пікірі бойынша қоғамдағы өмірдің құбылыстарын тек бір ғана нақты субъектінің ерекшеліктерінен шыға отырып түсіндіруге болмайды. В.Вундт осындай негізді қалайтын үш құбылысты көрсетті: халықтың тілі, оның аңыздары мен әдет-ғұрыптары.
Ұлттардың белгілер жүйесі ретіндегі тілдерінің талдауы олардың арасында айтарлықтай үлкен айырмашылық бар екенін көрсетеді. Қай тілде (халықтың тілінде) болмасын басқа тілдегі сөзге ұқсамайтын сөздер болады. Сонымен бірге, әр ұлттың өзіне тән фразеологизмдері – тұрақты сөз тіркестері болады.
Аңыздардың әлеуметтік-психологиялық рөлі – олардың қабылдау контекстіндегі кейбір білімнің бастапқы мазмұнын, сондай-ақ сол біліммен байланысты сезімдер мен құмарлықтарды алып жүруінде. Аңыздар адамның ой-елестерін анықтай отырып, олардың бағдарларын құрып, ненің жақсы, ненің жаман екені туралы пікірі мен талғамдарына әсер ете отырып, қоғамның мәдениетінен туындайды. Аңыздар адамның затты белгілі бір кейіпте көруге деген психологиялық қажеттілігіне жауап береді. Аңыз не шындыққа жеткізеді, не оның бұрмалануына әкеледі. Қалай болғанда да аңыздық қабылдау ырықсыз әлеуметтену процесінде қалыптасады да саналы емес, бейсаналы процеске жатады.
Әдет-ғұрыптар белгілі бір халықтың үйреншікті әлеуметтік ситуацияда әдеттегі мінез-құлық тәсілдерін білдіреді. Олар өмірдегі: тұрмыс құру, бала дүниеге келуі, жерлеу, т.б. сияқты адам үшін маңызды жағдайларда көрінетін реттеуші және бақылаушы функцияны атқарады. Үш негізгі құбылыс – тіл, аңыздар мен әдет-ғұрыптарды бөліп көрсете отырып, іргелі әлеуметтік-психологиялық құбылыстардың зерттелуіне Вундт аса маңызды үлес қосты.
Әлеуметтік психологияның ірге тасын қалаушылардың бірі – Г.Лебон. Лебон француз буржуазиялық төңкерісінің көптеген феномендеріне әлеуметтік-психологиялық талдау жасады. Соның ішінде ол төңкерістік тобырлар әсеріндегі индивидтің кейбір психикалық процестері мен типологиялық сапаларының өзгерістерін зерттеді.
Олар төмендегідей:
Адамның сенгіштігі өседі; сыншылдығы күрт төмендейді, дәлелдейтін мәліметті талап етуі төмендейді, ал бұл өз кезегінде көптеген, соның ішінде қылмыстық идеяларды да қабылдауға жол ашады.
Өзінің мінез-құлқына жауапкершілігі алынып тасталады, себебі тобыр шын мәнінде тобыр мүшелерінің жасырын қалуын қамтамасыз етеді; «бәрімен бірдей болу» деген қалыптан тыс ұлғайған конформизм дамиды.
Тобыр жасампаздық пен күрделі шешімдер қабылдауға қабілетсіз болғандықтан қарапайым жауаптарға деген қажеттілік күшейе түседі.
Жеке тұлғаның персонилизациясы бұзылады (деперсонализация), оның көптеген жағымды сапалары жойылады: қауіп-қатерге ұшыраған адамға көмек беру мүмкіндігі, оның қиындықтарының куәгерлерінің санына кері пропорционалды
Жеке тұлғаның эмоциялық деңгейі өседі, жағдайды түсінуі өте жай жүреді, әсерлену, иландыру, еліктеу сияқты стихиялы әлеуметтік топтардағы әсер ету механизмдері бар күшімен жұмыс жасай бастайды.
1898 жылы Англияда «анайы» халықтарды зерттеуге арналған Кембридждік антропологиялық экспедиция жабдықталады. Оның құрамында Макдугалл да бар еді, ол соңынан жиырма жылдай американдық колледждерде осы пән бойынша негізгі оқулық болған және әлеуметтік психологияның өз алдына ғылым болуының бастауы саналатын «Әлеуметтік психологияға кіріспе» атты еңбегін жазды (1908).
Макдугаллдың инстинктер тұжырымдамасы Дарвиннің эволюциялық теориясының негізінде жасалынды. Макдугаллдың ойынша адамның да жануарлардың да бейімделу механизмдері ұқсас, парапар. Қоғамдық құбылыстар мен процестерді ол биологиялық бағытта түсіндіруіне байланысты, оның теориясы биологизаторлық деген атау алды. Оның теориясының негізгі ой-пікірі адамның әлеуметтік мінез-құлық себептері – ашулану мен қорқуға байланысты болатын күресу инстинкті, өзін-өзі сақтау сезімімен шарттанған қашу инстинкті, махаббатпен байланысты текті өндіру инстинкті, меншіктілік сезімімен байланысты иелену инстинкті, әлеуметтік топқа жату (ену) қажеттілігімен байланысты үйірлік инстинкті сияқты туа біткен инстинктермен анықталады. Ең соңғысына, адамдарды бірге ұстау қабілетінің себептілігіне Макдугалл көп мән берді.
Жоғарыда қарастырып өткен екі теорияға қарағанда, әлеуметтік мінез-құлық инстинктері тұжырымдамасы өзінің өзектілігін жойды, алайда жеке тұлғаның әлеуметтік мінез-құлқын анықтайтын биологиялық факторларды анықтауда үлкен үлес қосты. сондай-ақ «әлеуметтік психология» термині ең алғаш рет нақ осы тұжырымдамада пайда болды. Кейін бұл теория психоаналитикалық бағыттың дамуына әсер етті, өйткені осы тұжырымдама аясында оның негізгі жағдайы - белгілі бір мақсаттарға бағытталатын адамның ағзасында о-баста болатын түрткілер адамның мінез-құлқының қозғаушы күштері болып келеді деп саналады.
Әлеуметтік психологияның дамуының үшінші кезеңі ХХ ғасырдың ортасына дейін жалғасты және іргелі тұжырымдамалардың жасалуы сияқты қолданбалы міндеттердің шешіміне бағдарланған ғылыми әлеуметтік-психологиялық мектептердің пайда болуымен сипатталды. Дәл осы кезеңде қазіргі уақытта да өзінің өзектілігін жоя қоймаған көптеген эксперименттік зерттеулер жүргізілді. Сол кезеңдегі атақты әлеуметтік психологтардың бірі – топтық динамика теориясын құрушы Курт Левин (4-сурет) болды. Ол адамның мақсатталынған мінез-құлқының әлеуметтік факторларын, шағын топ, басшылық, топтағы жеке тұлға, т.б.әлеуметтік психологияның мәселелерін зерттеді.
Ғалымдардың философиялық бағдары көбінесе жеке мәселелердің шешіміне немесе зерттеу жолдарын таңдауға жиі негіз болады. Әлеуметтік-психологиялық талдаудың жетекші бағыттары, өз кезегінде, аса приоритетті тақырыптарды қарастыруды анықтайды: «Мен - басқалар» жүйесіндегі өзара әрекет (тұлға-аралық және топтар арасындағы қатынастарды, қарым-қатынас мәселелерін, адамдардың бір-бірін тану және түсіну механизмдерін, бірлескен іс-әрекетті ұйымдастыру қабілетін, т.б. зерттеу); әлеуметтік жағдайлардың мінез-құлыққа әсері және адамдардың жеке ерекшеліктері (әлеуметтену-мәселесі әлеуметтік ережелер мен құндылықтарды меңгеру процесі ретінде, әлеуметтік бағдарларды, қалауларын, т.б. зерттеу); жеке тұлғаның әлеуметтік қатынастарды ұйымдастыру мен әлеуметтік шарттарды өзгертудегі алатын рөлі.
Автордың ұстанымына орай «Адам-қоғам» мәселесіне қатысты үш тұрғыны көрсетуге болады.
Бірінші тұрғы – қоғамдық сананың индивидуалды санадан басымдылығын постулаттайды. Адам өзінің табиғатына орай о-бастан-ақ қоғамға бағыныңқы: ол қоғамдық қатынастардан тыс өмір сүре алмайды, әлеуметтік қажеттіліктер (иелікте болу, өзін-өзі бекіту, т.б.) оның өмірінде жетекші рөл атқарады. Социум әр адамның өмір қалпын анықтайды, оған аса әсер етпейтін бөлігі ретінде өмірлік әрекеттердің индивидуалды өзгерістерін қоғамдық даму жиынтығының бөлігі ретінде қарастыруға болады. Осыған байланысты адам әлеуметтік жүйенің біршама енжар элементі ретінде қарастырылады. Жүйенің өзі болса–пайда болу және қызмет ету заңдылықтарын меңгерген тым ерекше қоғамдық құбылыс, сонымен бірге ол табиғаттың бөлігі болып табылады.
Екінші тұрғы – индивидуалды сананы қоғамдық сананы анықтауға қабілетті тым ерекше феномен ретінде көрсетеді. Соңынан көпшілікті жетектеп, тарихтың жүрісін өзгерте алатын және ой-пікірі ұзақ уақыт бойы өмір сүретін, танымал жеке тұлғалар – саяси қайраткерлер, қолбасшы, философтар, жазушылар бұған мысал бола алады. Барлық кең таралған дін, сенім, ілім мен идеологиялардың қайнар көздерінде осындай адамдар тұрған. Олар қоғамдық сананың қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан. Осы көзқарас тұрғысынан индивидуалды сана тікелей емес жанама түрде приоритетті болып келеді.
Үшінші тұрғы – адам мен қоғам арасында әркез болатын қарама-қайшылық туралы постулаттан шығатын қоғамдық және индивидуалды сананың шиеленісі туралы ой-пікірге негізделген. Бұл мәселе экзистенциализм философиясында анық көрсетілген.
Бүкіл психология ғылымының құрылымында әлеуметтік психологияның ерекшеленуін қарастыра отырып, оның түрлі психологиялық мектептерде көрінуіне тоқтала кеткен жөн.
XX ғасырдың басы, әсіресе бірінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі кезең, әлеуметтік-психологияның эксперименттік ғылымға айналу кезеңі деп саналады. Ресми бастамасы ретінде Еуропада В.Мид, АҚШ-та ғалым Ф.Олпорт ұсынған, әлеуметтік психологияны эксперименттік психологияға айналдыру қажет деген талаптары болды. Әсіресе, Америкада капитализмнің қауырт дамуына байланысты, әлеуметтік психологтардың өзекті әлеуметтік — саяси мәселелерге көңіл аударып, қолданбалы зерттеулерді жүргізу қажеттілігі туындады.
Бұл кезеңде теориялық тұрғыдан Макдугалл тұжырымдамасын сынға алумен қатар, әлеуметтік психологияда негізгі үш тұрғы: психоанализ, бихевиоризм және гештальт теория бағыттары анық көріне бастады. Әсіресе, эксперименттік пәнді тұрғызудың негізі болатын бихевиористік тұрғыға көбірек көңіл бөлінді.
Зерттеу объектілері ретінде негізгі назар-шағын топтарға бөліне бастады. Эксперименттік тәсілдерді пайдалану шағын топтардағы процестерді зерттеуге қолайлы болғандықтан, АҚШ-та әлеуметтік психологияның біржақты, эксперименттік түрде дамуы басталды. Ғылымның теориялық жағы назардан тыс қалды.
Әлеуметтік психологияда тек шағын топтармен айналысу кезеңі, қолданбалы әдістерді пайдалану мүмкіндіктерін дамытуда оң әсерін тигізгенімен, теориялық ғылымның дамуына тосқауыл болды, себебі:
1) көпшіліктік процестерді, олардың ерекшеліктерін зерттеу мәселеден тыс қалды;Дегенмен осы кезеңде эксперименттік зерттеулер көптен жүргізіліп жатқанда да кейбір теориялық мәселелерді зерттеулер қолға алынып отырды. Бірақ, олар мардымсыз, танымал болмады.
Ал 50-жылдардан бастап, осы бағыттағы зерттеулерге баса көңіл бөлінді. Негізінде олар төрт бағыттың: бихевиоризм, психоанализ, когнитивтік және интеракционизм төңірегінде топтасты (Андреева, Богомолова, Петровская, 1978, Шихирев, 1979).
Аталған төрт бағыттың үшеуі психологиялық ойлардың әлеуметтік — психологиялық нұсқасы болса, ал төртінші бағыт —интеракционизм әлеуметтік негізде еді.
Бихевиоризм қазіргі кезде необихевиористік бағытта дамуда. Негізінен топтағы процестер емес, екеуаралық (диадалық) қарым-қатынастар зерттеледі (К.Халл, Б.Скиннер, Н.Миллер, Д.Деллард, Дж.Гибо, Г.Келли, Д.Хоманс). Зерттеулердің басым бөлігі тек жануарларда жүгізілуі (А.Бандура зерттеулерінің көбісі адамдарда жүргізілді) бұл бағыттың негізгі кемшілігі. Топтық процестерді талдаудың жеткіліксіздігінен, әлеуметтік психологияның “әлеуметтік” түрі аз көрініс береді.
Психоанализ әлеуметтік психологияда бихевиоризм сияқты кең таралмаған. Мұнда да әлеуметтік - психологиялық теория тұрғызу талпыныстары бар.
Бұл орайда неофрейдистік тұрғы, әсіресе Э.Фромм мен Дж.Салливан еңбектері аталынады. Дегенмен классикалық Фрейдизм идеяларын әлеуметтік психологияға тікелей енгізетін теориялар да бар. Ондай теорияларға мысал ретінде топтық процестер теорияларын: Л.Байон, В.Беннис, Г.Шепард, Л.Шутц атауға болады. Бихевиористерден өзгешелігі екеулік (диада) қарым-қатынастан гөрі көбірек адамдар қатысқан топтардағы процестерді қарастыру, осы бағытта Ттоптарда (тренинг топтары), адамдардың бір-біріне әсерінің әлеуметтік-психологиялық механизмдерін пайдалану тән. Психоанализді әлеуметтік психологияда қолдану жүйелі түрде емес, кейбір жағдайларын практикаға кіріктіру негізінде жүргізіледі. Осы тұрғыдан Т. Адорноның "Авторитарлы жеке тұлға" еңбегін атауға болады (фашизмді тудыратын алғышарттар туралы).
Психоанализ психологиядағы жаңа ағымның гуманистік психология (А.Маслоу, К.Роджерс) туындауына себеп болды. Негізінен тренинг тобының теориясы мен практикасына сүйене отырып, түрліше тармақталған проблематикасы жасалынуда. Қазіргі кезде гуманистік психология жетекші ағымдардың біреуіне айналып келеді.
Когнитивизм гештальтпсихология мен К.Левиннің өрістер теориясынан бастау алады.
Бұл бағыттағы көптеген теориялардың (Ф.Хайдер, Т.Ньюком, Л.Фестингер Ч.Озгуд, П.Танненбаум, американ зерттеушілері Д.Креч, Р.Крачфилд, С.Аш) негізі-жеке тұлғаның әлеуметтік мінез-құлқын түсіндіру. Адам санасында әлемнің тұтас, байланысқан идеалды көрінісін тұрғызу (қоршаған нақты әлемдегі қарама-қайшылықтарға байланыссыз) — бұл модельдің негізгі кемшілігі. Дегенмен бұл бағытта да іргелі проблемалар зерттелінуде (Трусов, 1983).
Интеракционизм әлеуметтік бағыттағы жалғыз теория ретінде Г.Мидтің символдық интеракционизм теориясынан бастауалады.
Қазіргі кезде бұл бағыт әлеуметтік психологияда Мидтің теориясынан басқа да теорияларды қамтиды: ролдер теориясы (Т.Сарбин), референтті топтар теориясы (Г.Хаймен, Р.Мертон). Э.Гофманның әлеуметтік драматургия теориясы. Бұл теорияда "өзара әсерлесу" ұғымы негізгі болғанымен де, қоғамдық қатынастардағы, қоғамның әлеуметтік құрылымына байланысты индивидке әсер ететін әлеуметтік себептерді қарастыру мәселелері шешілмеген.
Осы төрт бағыттың өзіндік негіздері болғанымен де, көбінесе бір-біріне араласып отырады.
Қазіргі кездегі, әсіресе, американдық әлеуметтік психологиядағы эксперименттік зерттеулерде бірнеше теориялық бағыттар аралас көрінеді. Осы да және әлі де эксперименттік зерттеулерде теорияға бұрынғыша көңіл бөлінбеуі Г.М.Андрееваның пікірінше, әлеуметтік психологиядағы терең дағдарысты көрсетеді.
Қазіргі кездегі әлеуметтік психологияның дамуының үш түрлі әлемі бар деп саналады.
Біріншісі — Америка мен Канада психологтарының зерттеулері жеке тұлғалық бағыт (Солтүстік Американың), екіншісі - Еуропалық (топ аралық, әлеуметтік деңгейлерге баса назар аудару), үшіншісі - дамып келе жатқан елдерде, экономикалық жағынан артта қалушылықтың өздеріне тән проблемалары.
Бұл елдерде психологияны бірінші және екінші елдерден әкелу "импорт" қалыптасқан. Дегенмен де әлемдік интеграцияның дамуымен бірге, жер бетіндегі бар адамдарға ортақ әлеуметтік психологияның қалыптасуы мүмкін.
Енді қазіргі кездегі әлеуметтік психологиядағы негізгі ғылыми бағыттарға тереңірек тоқталайық.
Әлеуметтік психологияның дамуына ерекше үлес қосқан функционализм болды. Функционализм өкілдері (Ч.Дарвин, Г.Спенсер) адамдар мен әлеуметтік топтарды олардың қоғамдық ортаның талаптарына бейімдіктері тұрғысынан зерттеген. Тәуелсіздік, өзін-өзі құптау, даму, әлеуметтік жүйелердің тұрақтануы мен ыдырау феномендері зерттелген. Бұл мектептің қарастырған мәселесі – қоғамдық өмірдегі субъектің әлеуметтік бейімделуінің ең тиімді жағдайлары болды.
Э.Торндайк
Дж.Уотсон
Дәл осы функционализм аясында ең алғаш рет практикалық нәтижеге бағдарланған көптеген зерттеулер пайда болды. Бұл бағыттың өкілдері адамның ішкі психикалық процестеріне емес, олардың нақты бір әлеуметтік жүйе жағдайында адамдар арасындағы және топ арасындағы өзара әрекеттері кезіндегі маңызды қызметтеріне көңіл аударды. Олар жеке тұлғаны зерттеудің жаңа әдістерін – тесттер, сұрақнамалар, сұхбатты енгізді, бұлар кейіннен кеңінен таралды. Сонымен қатар, функционализм бала мен ересек адамның дамуы, индивидуалды ерекшеліктер психологиясы, бизнес, жарнама т.б. психологиясы сияқты психологиялық зерттеулердің өзекті бағыттарының қалыптасуына ықпал етті.
Бихевиоризмнің негізінде жануарларды экспериментті түрде зерттеу жатыр. Оның негізін салушы Э.Торндайк (1874-1949) пен Дж.Уотсон (1878-1958) сананы тікелей зерттеуден бас тартып, мұның орнына адам мінез-құлқын «стимул-реакция» сызбасы бойынша зерттеуді ұсынды. Бихевиористердің ойынша сыртқы қоздырғыштарды өзгерте отырып, адамның туа біткен нышандары мен оның қайталанбас өмірлік тәжірибесін ескерусіз қалдырып, әлеуметтік мінез-құлықтың қандай да бір қажет түрлерін автоматтандыруға болады. Осылайша, сыртқы стимулдау заңдылықтарынан мінез-құлықтың заңдылықтары шығарылды.
Өкілдері Б.Скиннер, Н.Доллард, Дж.Хомманс, т.б. болып табылатын необихевиоризм өз тұғырын кейінгі он жылдықтарда да сақтап қалды.
Әлеуметтік психологиялық необихевиоризмде ерекше қызығушылық тудырған Дж.Хоманстың (1910-1989) әлеуметтік алмасу теориясы болды.
Дж.Хоманс әлеуметтік мінез-құлықты түсіндіруші өзара байланысты 5 постулатты ұсынады:
Табыстылық постулаты: адамның барлық әрекеті адам қаншалықты мақұлданса, олардың қайта елестету мүмкіндігі соншалықты болады деген негізгі ережеге бағыныңқы;
Стимул постулаты: егер де стимул (немесе олардың жиынтығы) сәтті болған әрекетті тудырса, онда осы стимул қайталанған кезде адам сол сәтті реакцияларды қайта елестетуге ұмтылады;
Құндылық постулаты: әрекеттерінің нәтижесі адам үшін қаншалықты құнды болып көрінсе, ол барынша соған ұмтылатын болады;
Тойымдылы қаштық постулаты: адамның әрекеті жиі мадақталған сайын, әрбір келесі мадақтау соғұрлым аз бағаланып отырылады;
Агрессия-құптау постулаты: егер де әрекет күткен мадақтау берілмесе, онда әрекет жасаушы субъект ашулы мінез-құлық танытады. Немесе керісінше, болжаған құптауға қол жеткізгенде немесе күткен жазасы болмаса мақұлданған мінез-құлық көрсетеді, өйткені адам үшін ол құнды болып саналады.
Бихевиоризмнің әлеуметтік-психологиялық мәселелерінің бірі – байқау мен қателер көмегімен индивидуалды тәжірибені меңгеру болды.
Үйренудің 4 негізгі заңы құрастырылды: эффект, жаттығу, дайындық және ассоциациялық жылжыту.
Эффект заңының мәні бір жағдайға барлық реакцияның ішінен жағдай жасау (стимулдау) немесе айналасындағылардың жағымды бекітуіне байланысты оң сезімдермен жүретін реакция ғана бекітіліп басымдырақ болуында;
Жаттығу заңы реакцияның жағдайда қайталану жиілігіне, күшіне және ұзақтылығына пропорционалды түрде бекітілуін байқатады. Бұл заң адамның әлеуметтік әдістері мен оқытудың қайсыбір процестерінің қалыптасуының, сондай-ақ, индивидуалды және топтық деңгейде мінез-құлықтың әлеуметтік үлгілерін орнату және тұрақтандырудың негізінде жатыр;
Дайындық заңы жаттығулар көмегімен ағзаның сәйкес жүйке жүйе импульстерін (психофизиологиялық деңгейдегі бейімделу) жүргізуге ағзаның белгілі бір реакцияларға бейімделуін өсіруді анықтайды;
Ассоциациялық жылжыту заңы бойынша: бір мезгілдегі әрекет кезінде екі қоздырғыштың бірі жағымды (немесе теріс) реакция шақырса, онда екіншісі де осы реакцияны тудыру қабілетін игереді.
З.Фрейд
Әлеуметтік психологияның дамуына З.Фрейдтің (1856-1939) психоанализі де елеулі үлес қосты.
Бұл бағытта адам табиғатын зерттеудің екі жазықтығын талдау әрекеті көрсетілген: оның биологиялық элементтерін анықтау және психикалық құштарлықтарын, адам мінез-құлқының мәнін, жеке тұлғаның қалыптасуында әлеуметтік құрылымдардың мәнін ашу.
Бұл теория бойынша қоршаған орта, қоғам талаптары, тәрбиенің (нормалар жүйесі, мінез-құлықтың әлеуметтік құпталған эталондары, идеалдар, т.б.) әсерінің нәтижесі ретіндегі бейсаналы туа біткен инстинктер, құмарлық, импульс пен сана сияқты бірінбірі жоққа шығарушы, қарсы тұрушы бастамалар тартысының майданы бола отырып, әрқайсымыз «екі оттың арасында» жүреміз. Адамның ішкі жан күйі осы бастамалардың арақатынасымен анықталады. Олардың арасындағы күрес әркез драма сипатына ие, ал сана мен бейсананың шарасыз антогонизмі адамның қоғаммен шиеленісуіне әкеліп тірейді.Қылмыстық іс-әрекет, анық байқалған ашу-ыза, жүйке-жүйелік олқылықтар және мінез-құлықтың т.б. бұзылған (деструктивті) көрінулері осы қарама-қарсы тұрудың салдарынан туындайды деп саналады. Бейсаналы процестердің біздің өмірімізде алатын рөлін асыра бағалау мүмкін емес. Олар адамның санасына жүк артпау, оны адамгершілік ережелеріне қарама-қарсы келетін адамның өзі және қоршаған орта туралы мәліметтің аймағына жібермеу сияқты бір ғана мақсатқа қызмет жасайды. Индивидтің психикалық іс-әрекетінің көп бөлігі бейсаналы процестер деңгейінде жүруіне қарамастан, ол шешім қабылдау мен адамның әрекеттеріне мәнді түрде әсер етеді.
Бейсаналылықтың ерекше рөлі жеке тұлғаның әлеуметтік белсенділік көздерімен байланысты. Фрейдтің пікірінше, жыныстың құмарлық негізі болып келетін инстинктивті талаптанулар жиынтығы орталық қозғаушы күш болып табылады. Жеке тұлғаның психикалық құрылымының қалыптасуы бала өмірінің табиғи құштарлығы нормативті шектеулерге тірелген кездегі алғашқы жылдарында жүреді. Жеке тұлғаның тереңдегі бетбұрыстары (табиғаты бойынша биологиялық) сананың шегінен ығыстырылып шығарылады. Олар ассоциациялар, қате әрекеттер, жаңылыс айту, т.б. түрінде байқалуы мүмкін. Егер де бұл бетбұрыстар бара-бар жол таппаса, онда олар психика мен соматиканың түрлі бұзылыстарын шарттандырады.
Кейінірек әлеуметтік психологиямен байланысы бар психоаналитикалық бағыттың кейбір мәселелері Фрейдтің шәкірттері К.Юнг пен А.Адлердің еңбектерінде дамытылды.
Психоанализ екі әлеуметтік-психологиялық мәселелерді сипаттайды: құмарлықтың әлеуметтік шектеулерге соқтығысуынан байқалатын адам мен қоғамның шиеленісі және жеке тұлғаның әлеуметтік белсенділігінің қайнар көзі. Алайда бұл теория мінез-құлықтың кейбір түрлерін түсіндіре алмайды, өйткені қалыпты жағдайдағы адамға тек күштену күйін түсіне білу ғана емес, сондай-ақ, керісінше оған ұмтылу: алдына жаңа міндеттер қойып оны жаңа тәсілдермен шешу де тән. Адамның іс-әрекеті күш жұмсауды қажет етеді, ал оның әрекеттері мақсатталынған. Жеке тұлғаның әлеуметтік мінез-құлқының көбін табысқа, жеңістікке жетуге ұмтылысы тұрғысынан түсіндіруге болады.
Адамның әлеуметтік белсенділігінің қайнар көзі жайлы мәселе өкілдері Г.Олпорт, А.Маслоу, К.Роджерс сынды гуманистік психология аясында да қарастырылады. Бұл бағыт адамды өзінің әлеуетті мүмкіндіктерін жүзеге асыруға және өзін-өзі өзектендіруге қол жеткізуге ұмтылушы толыққанды дамушы жеке тұлға ретінде анықтайды. Біздің әрқайсымызда жеке тұрғыда өсу, өзін көрсету, сондай-ақ, айнадағыдай индивидуалды ерекшеліктеріміз бейнеленетіндей қайталанбас бір нәрсе жасау бетбұрысы болады, өйткені әрбір іс-әрекет нәтижесінде сол субъектінің таңбасы жатады. Соған орай жоғарғы қажеттіліктер - өсу қажеттілігі - адамды алға итермелеп қиындықтарды жеңуге талпындырады.