1.1 Миф киелі тарихтың бастауы


Фольклордың шығу тегі мен дамуы туралы ғылымда жан-жақты сараланып,толықтай анықталған тұжырымдар бар. Басқа халықтардың ауызша мұралары секілді, қазақ фольклорының тектері мен түрлері туралы ғылыми пікірлер айтылып келеді. Қазіргі кезеңде қазақ фольклорының жанрларының өзі жүзден астам түрлерге жіктеліп, бірнеше тектерге бөлінетіні нақтыланды. Ауызша шығармашылық сөз үлгілері қисапсыз мол болса, жанрлық түрлері де соншалықты көп. Болмысымызға рухани күш дарытқан батырлық жырлар, ғашықтық жырлар, тарихи жырлар мен діни дастандар, тарихи өлеңдер, мақал- мәтел, жұмбақ, айтыс, шешендік сөздер, мұң-шер жырлары, өтірік өлең, мысал, тұрмыс салт өлеңдері, ертегілер мен аңыздар тағы басқалары бабалар аманатының байлығын көрсетеді. Осыншалық қымбатты қазыналарымыз ұрпақ зердесіне поэзия және проза түрінде түсіндіріліп, сандаған ғасырлар бойы ауызша орындалып келген.

Фольклорлық мұраларымыздың жиналып, зерттелуі, басқа халықтар тіліне тәржімалануы, баспа жүзін көруі мен ғылыми тұрғыдан тексерілуіне қатысты көптеген құнды еңбектер жазылды. Кез-келген халықтың асыл сөз өнері фольклордан басталады. Фольклоры болмаған ұлттың әдебиеті жоқ. Себебі тәлім-тәрбиелік ұлағаттар, дүние туралы таным-түсініктер, ұлтың мінез-құлқы және музыкасы және т.б. бастауы фольклорда екендігі талас тудырмайды. Солай десекте, күні кешегі Кеңес дәуірінің өктемдігі фольклорды түсінуге түрлі тосқауылдар тұрғызып, тек біржақты ғана айтуға жол берді. Әйтеуір, фольклордың әдебиетпен сабақтастығы, асыл сөздің бастауы тұрғысынан қарауға болатындығы қалыптасты. Ал оның түп-төркіні, тарихи бастаулары және деректілігі мен дәйектігіне қатысты тереңдей зерттеулерге үнемі тиым салынып отырды. Фольклордың көлемді саласы эпосқа қатысты мәселені тым күрделендіріп, «феодалдық, феодалдық дейінгі», «тапсыз,таптық» қоғам дейтін (схемалардың) жүйелердің халықтың рухани мұрасын зерттеуге жасаған кедергі екендігі бүгін мәлім болды. Кезінде осы саясаттың салқынымен айтылған: «Абай жолынан фольклор іздеп не бітіресіздер?», «Қазақ халық ауыз әдебиеті» пәні немесе фольклор ұлттық әдебиеттің тарихына жатпайды ғой», деген жат пиғыл, рухы көңілінен көшкен, ақыл-есі жүдеу жандардың айтқанын тыңдадық. Оларға « ата мұраң- асыл қазынаң» болмаса ұлт болып, қазақ әдебиетің қалыптасар ма еді деген уәж айттық. Қалай десекте, «сол сабаздардың» фольклорды өткінші, өткеннің ісі деп қана қарайтынын түйсіндік. Зиялымыз дейтіндер солай қараса, жас ұрпақ қалай түсінбек. Осының бәрі ұлттың фольклортану ғылымының бірден өзінің даңғылына түсе алмай, жат идеологияның ықпалында болуынан еді. Осы тұрғыдан біз арнайы «Қазақ фолклорының тарихи негіздері» туралы еңбектеніп, жас ұрпақ зердесіне фольклорда да тарих бар екендігіне көз жеткізуді көздедік.

Алдымен айтарымыз фольклордың барлық түрлерін түгендеп, оның бәрінен тарихи мәселелерді көрсетіп отыру мүмкін емес. Біз саналы түрде фольклордың тектері тұрғысынан тұтастай, кейде тақырыпқа қатысты тектердің түрлеріне саралай талдаулар жасамақпыз. Алғашқы «Қазақ халық прозасының тарихилығы» атты тақырып осы тұрғыдан алынған еді. Бір белгілісі қазақ филологиясында бұрын «Қазақ халық прозасы» атты термин болмаса, бұл атауды фольклортанушы ғалым, академик С.Қасқабасов өзінің халық прозасына қатысты зерттеулері арқылы толықтай орнықтыра алды. Ғалым бұл тұрғыда: «Қазақ филологиясында «халық прозасы» деген терминдік ұғым жоқ. Бұл заңды да. Өйткені «халық прозасы» деген ұғым әлемдік фольклортану ғылымының өзінде бертін (1950-60 жылдардан бастап), яғни «Халық прозасын» зерттеушілердің халықаралық қоғамы құрылғаннан кейін қолданыла бастады. Дүние жүзі фольклортануында қалыптасқан түсінік бойынша, халық прозасына фольклордың қара сөзбен айтылатын барлық түрі кіреді. Олар екі үлкен топқа бөлінеді: Бірі - ертегілердің барлық жанры, ал екіншісі - ертегіге жатпайтын прозалық шығармалар» деп, нақтылай анықтама береді.

Жалпы әлемдік фольклортану ғылымында болсын, Кеңес дәуіріндегі маркстік - лениндік классиктер болсын фольклордың тарихилығы туралы өзіндік ой- пікірлер айтқан. Халық мұрасының құндылығы мен қадір - қасиеті, оның келешек ұрпаққа қажеттілігі жөнінде М. Горький: «Еңбекші халықтың ауыз әдебиетінен өткендегі тарихты, қанаушыларға қарсы еңбекшілердің жүргізген таптық күресін, өткендегі ұлы өмірдің жиркенішті сиқын, халықтың арман -мүддесі қандай болғанын білеміз. Сондықтан да өткен заманды неғұрлым жақсы білсек, қазіргі заман ісінің ұлы маңызын соғұрлым терең жеңіл, соғұрлым түсінеміз» , - дейді. Бұл жалпылай айтылып, тұтастай тұжырымдалған пікір екені аян. Біздің сөз етіп отырған халық прозасына қатысты алғаш ғылыми пікір қозғап, өз халықына қатысты фольклорды түсінуде тарихи мәселені басты орынға шығарған Шоқан Уалиханов болатын. Фольклордың қай тегі мен тектеріне үңілсе де, алдымен Ш.Уәлиханов оның тарихи негіздеріне назар аударады. Халық аңыздарына қатысты Ш.Уәлиханов: «Егер жұрттың айтуынан Герадот жинаған Гомердің өлеңдері мен аңыздарының аз да болса тарихи мәні бар десек, егерде өзгеріліп мысал тәрізді болып кеткен аңыздардың негізінде оқиға және шындық жатады десек, қазақтардың тамаша және жүйелі түрде айтылатын, олардың қазіргі тұрмыс - тіршілігін, әдет - ғұрпын, ата - бабалардың тұрмысын елестететін аңыздарының да тарихи деректерге сәйкес келетіндігіне тарихи маңызы барлығына шүбәланбауымыз керек. Халықтың ақыл ойынан және қоғамдағы қалың бұқараның сана - сезімі, өмірі мен алға басуы негізінде туған бұл шығармалар ауызша айтылу түрінде бірден-бірге, содан бүкіл халыққа жайылады, сондықтан да олардың тарихи, философиялық және психологиялық мәні жоқ емес» , - деп жазады. Шоқан өзінің осы пікірлерін фольклордың басқа да тектері мен түрлерін саралау кезінде де нақтылап, оның қисынсыз еместігіне көз жеткізгенін батырлық, ғашықтық, тарихи жырлар туралы айтқанынан да мәлім.

Қазақ фольклорында «Қазақ халық прозасы» деген терминді орнықтырушы С.Қасқабасов өзінің қазақ ертегілері мен аңыздарына қатысты көлемді еңбегінде, ертегілер мен аңыздарға,эпостарға байланысты фольклордың тарихилығын бес түрлі белгілерімен ерекшелейді . «Фольклордың тарихилығы деген ұғым өте кең мағынаға ие. Біріншіден, бұл фольклордың өзі тарихи құбылыс деген сөз. Яғни, фольклорлық ойлау, фольклорлық дәстүр, фольклорлық шығарма - міне, осының бәрі тарихта болған нәрсе, оны аттап кету мүмкін емес. Бұлардың бәрі тарихтың белгілі бір кезеңінде болуға тиіс, сол дәуірдің жемісі, адамзат мәдениетінің бір сатысы деп танылуы керек. Екіншіден, фольклор адам тіршілігімен тікелей байланысты, оның бір болмысының бір бөлшегі. Сондықтан ол адам өмірінің барлық жағын бейнелейді, шаруашылығынан, тұрмысынан, әдет-ғұрпынан, салт-санасынан толық мәлімет береді, үшіншіден, фольклор тарихи оқиғаларға тікелей де, жанама да байланысты болады. Екінші сөзбен айтқанда, фольклор халық тарихындағы маңызды оқиғаларды қамтып, олардың негізінде жаңа шығармалар туындатып, тарихи қайраткерлер жайында әңгімелейді. Төртіншіден, фольклор өзінің тарихқа қатынасын, көзқарасын танытады, маңызды оқиғалар мен көрнекті тұлғаларға берген халықтың бағасын, қарым-қатынасын көрсетеді. Бесіншіден, фольклор әр дәуірге, қоғам өміріне сәйкес өзгеріп, тарихи циклизациядан өтіп отырады. Соның нәтижесінде жанрлардың трансформациясы жүріп жатады. Әрине, бұл айтылғандар фольклордың барлық жанрында бірдей емес. Әр фольклорлық жанрдың өзіндік қасиеттері оның тарихилығына әсер етеді.» , - дейді.

Осы айтылған ой-пікірлерді ескере отырып, халық прозасының тарихилығына байланысты талдаулар жүргізбес бұрын, халық прозасының өзін жанрлық тұрғыдан алдымен жіктеп алайық: (1 кесте)

Бұл жерде ертегіден тыс жанрлар айтылып отыр. Бұлардың өзі іштей бірнеше түрлерге жіктелетіні мәлім. (2 кесте)


Біз кестелі түсіндірмені ертегілерден емес, аңыздық прозалардан бастадық. Себебі аңыздық прозаның ертегіден бұрын туғаны ғылымда сан мәрте айтылып, солардың сюжеті негізінде барынша көркемделу барысында ертегілердің қалыптасқаны тұжырымдарған. Әлқиссаны мифтен бастасақ. Миф - фольклордың ең көне, ежелгі түрі. Дүниежүзілік фольклортану ғылымының оны адамзаттың алғашқы қауым болып, ұжымдасқан өмір сүру шағымен байланыстырады. «Миф - фольклордың төркіні, миф - көркемдік ойлаудың басы» деген тұжырымдар да соны анықтап тұр. Егер біз табиғат пен адам, аспан мен жер, жан-жануар, әлем қалай жаратылды деген сауалдар туындаса, біз оған қатысты бүгінде ертегі болып кеткен сюжеттерді айтамыз. Шындығында бұлар миф болатын. Бұл адамның өмір туралы, жан-жағын қоршаған орта туралы тар шеңбердегі алғашқы түсінігі еді. Адамдардың бірлесіп өмір сүруі, тайпалық одақтардың қалыптаса бастауы арқылы адамзат санасыда үздіксіз дамыды. Адам, дүние, жаратылыс, ғұмыр туралы сандаған сауалдарға жауап іздеді. Соның басы жер туралы түсінінгі болатын. Жер туралы әр халықтың фольклорында мыңдаған мифтер бар. Түркі халықтары және қазақ халқында да көптеген мифтер жерге арналып, оның жаратылысы туралы сыр шертеді. Соның бірі былай баяндалады: «Сонау-сонау соңы меңіреу заманда, арғы-арғы аңғырт тұйық алаңда, ерте-ерте, ертеден де ерте, астан-кестен аунаған лай теңіз ішінде, жұмыртқадай жұмыр малта тас жүзіп келе жатты. Жалғыз Жаратушы жасаған бұл тасқа ынта-мейіріммен таңырқай қарапты. Қолына алып байқаса, оң беті оттай қызыл, астар беті судай мөлдір, таңғажайып тамаша тас екен. Жасаған өзінің шебер қолымен бұл тамаша тасты қоспасынан қақ жарыпты. «Қарш» етіп айырылған жұмыртқадай жұмыр тастың қақ жартысы отқа, қақ жартысы суға айналыпты да, от пен су қайта қосылып қайнап, одан көтерілген будан- көк аспан, қайнап, тандыр болған қабыршағынан қара жер жаралыпты. Ең алғашқы жер де, көк те тым кішкене - әуе айнадай, жер тебінгідей ғана болған екен. Жер мен көк бірте - бірте өсіп үлкейе беріпті. Өскен сайын көк аспан кеңейіп, көтеріле беріпті де, қара жер қатайып қалыңдап, салмағы ауырлап, төмендей беріпті. Мұны көрген жасаған қара жерді көк өгізге көтеріпті. Алайда қара жер өгіздің үстіне орнықпай, ауып қала беріпті. Жасаған оны орнықтыру үшін жалпақ жердің әр өңіріне ұлылы-кіші тауларды тұрғызып, салмағын теңгеріп, ауып-талмайтын етіп, тиянақтандырған екен. Жер мен көк жаралғаннан кейін де қара түнек айыға қоймаған... Жасаған... екі асыл перзент - Күн(ұл) мен Ай(ару) сынды екі жарықты туғызыпты... Алайда алғаш айыққан аспан әлі де аласа еді, қара жер тыр жалаңаш тақыр қалпында қаңырап жатқанды... Жасаған көк еңсесін көтеріп, қаңыраған жерге тірлік көркін енгізу үшін, ең алдымен, жер бетіне жалғыз ағаш - киелі теректі жаратыпты. Бұл ағаш әуелеп өсіп, көк күмбезінің түңілігін көтеріпті.

Жалпы бұл космос туралы адамның алғашқы таным-түсінігі туралы мифтің бірте-бірте көркемделіп, соның нәтижесінде ертегіге айнала бастауын көрсетеді. Оның алғашқы түрі мынадай: «Бұрынғы күні жерде су жоқ екен.Көк өгізді екі кісі бағады. Ол күні өгіз ішейін десе су жоқ. Екі адам шөлдейді, өгіз де шөлдейді. Өгіз су шығарам деп жер қазып кетеді. Өгіз су берді мүйізімен жер қазып, су қайнап шықты. Біреуі -Жайсаң, біреуі - Теңіз, екі көл. Жердің астында үлкен көл, үлкен көлдің үстінде жайнынтас, соның үстінде төрт аяқтап тұрғанда көк өгіз мүйізімен жер көтереді... Талғанда жер сілкінеді» . Бұл мифтің алғаш пайда болуын көрсетеді. Адам баласы мен жер, жануар туралы шағын ұғымның негізгі арқауы жер болып шыққан. Адам, көк өгіз, жер, су бәрі де бір-бірімен тең дәрежеде алынған. Екі мифте де солай баяндалған. Тек алғашқысы көркемделе түссе, екіншісі бастапқы оқиғаны сақтап қалған.

Көк өгізге қатысты келесі бір мифте, көк өгіздің бір мүйізі сынған, енді екінші мүйізі сынғанда ақырзаман болады мыс. Көк өгізге құдай тарапынан өлшеусіз тыныс берген, егер оның соңғы демі бітер болса, онда ақырзаман болады . Бұл адамның, қазақ ұлты мен түркі халықтарының жалпы өмірдің басталуы мен аяқталуы туралы жалпы түсінігі. Адамның табиғаттан бөлінбеген тайпалық кезеңдегі көрінісі. Қазақтың мифтері туралы тереңдей тексерулер жүргізіп, түйінді пікірлер айтқан С.А.Қасқабасов: «Архаикалық мифтерден байқалатын басты заңдылық - алғашқы қауым адамы, ең алдымен, маңайдағы заттар мен жануарлардың, содан соң ғана алыстағы аспан шырақтарының пайда болуын әңгімелеуі» , - дейді. Адам айналасындағы қоршаған орта туралы таным-түсінігін осылайша өрбітіп, енді биікке көз тігеді. Көк аспан туралы өзінің түсінігін айта бастайды.

Жер бетіндегі халықтардың аспан және оның денелері туралы мифтері бар. Соның ең басында - Ай мен Күн тұрады. Қазақта Ай мен Күн егіз туған керемет екі сұлу әйел. Сондай-ақ, жер жүзіндегі халықтардың көпшілігі Ай мен Күнді бір -біріне қосыла алмаған ғашықтар десе, қазақта Ай-ару, Күн күйеу екен деген миф қалыптасқан. «Бұлар бір-біріне қосыла алмай, кейде қатты қайғырғында қабақтарынан қар жауады. Күннің көзін, айдың жүзін қаптаған қара бұлт - олардың қайғы - мұңы, жауған жаңбыр - олардың сағынышынан саулаған көз жасы» екен делінеді.

Қазақ халқының табиғаттан бөлінбей жүрген шағының басты белгілерін танып, түсінудің бір көрінісін Едіге батырдың, Абылай ханның күннің нұрынан жаралғаны туралы аңыздардан байқауға болады. Қазақтағы егіз туған сұлу қызға Айман - Шолпан есімді аттар таңдауында да осындай сыр бар. Бірте - бірте бұл аспан денелері сұлулықтың символы дәрежесіне жеткен. Мысалы:

Үркер айдың жарығы, Шолпан қызы,
Қауыспенен қатады Сырдың мұзы.
Жамалыңа қарасам, жан жетпейді,
Бір келбетің ұқсайды хордың қызы .

Адамзаттың табиғаттан бөлінбей, сонымен біргеміз деген таным - түсініктері аспан денелері, жер асты ғұмыры, от, су, жел, ауа туралы мифтерінде де көрініс тапқан. Қазақ немесе түркі халықтары мифтерінің «от» туралы алғашқы танымы табиғаттан дараланбай, қайта аң, құс, жануарлар адамға отты әкеп беруші делінсе, кейде жаратушының ашуы (найзағай, бұлттардың соғысуы) арқылы от пайда болған. Алғашқы ортаны адамдардың тануы мен қабылдауы көптеген сауалдарға жетелеп, түрлі жұмбақ дүниеге «сыры ашылмаған құбылысқа» тап келтірді. Міне, осы тұрғыда адам «әр нәрсенің иесі бар» деген түсінігін үстемелеп, сол құбылыстардың жұмбағын ашуға тырысты. Осы кезеңде тотемдік мифтер қалыптасты. Тотемдік мифтер негізінен ұлт, ұлттық психологияны дәстүр мен салтты ерекшеледі. Алайда, адамдар бұл кезеңде де табиғаттан әлі де бөлектенбеген еді. Түркі халықтары мен қазақ халқындағы «көк бөрі» қасқыр тотемінің қалыптасуы, бөрінің адам баласын асырауы, әскербасы болуы, жақсылық пен жеңіске жеткізуші болуы бұған дәлел болады.

Адамзаттың аспан, жер, екеуінің ортасы туралы бұл алғашқы тым ескі, ғылыми тұрғыдан архаикалық таным-түсінігі бірте-бірте дамып, өскен сайын қоғамда алға қарай дамып отырды. Алайда қарқындысы, ең күштісі адамдардың фантазиясы еді. Адам ғұмырындағы тарихтың көш басы осылай басталып, дерексіздіктен көрі үнемі деректілікке қарай ұмтылумен өмір сахнасына шықты. Бұны мифологиялық тұрғыда «Үш әлем» мифологиясы десе, философиялық тұрғыда өмір әліппесінің бастауы немесе хаост тарихтан архаикалық дәуір белгілері ретінде ерекшелейді. Бұл бүкіл әлемдегі халықтардың мифологиясында бар, бұның өзі архаикалық және классикалық деңгейде айтылатын мифтің мәтіндері арқылы ажыратылады. Егер клаасикалық ислам дінінде бәрін жаратушы бір Алла болса, қазақта архаикалық мифтің барлығы тасқа салынған, мифке айналған көк өгіз анықтап тұр.

Алғашқы адамзат баласының таным-түсінгі сөз жоқ мифтер де тұр. Ол бізге мүлде елес болып қалған, есте жоқ ертегі заман екендігі мәлім. Мифтегі дүниетаным аспанды жоғарғы әлем, онда тек құдайлар мекендейді. Түркілер түсінігінше оған баратын бақсылар әлем ағашы, асатаяқ, космос бәйтерегі арқылы қатынасады. Сөз жоқ бұл әлем ағашының классикалық мифология деңгейіне жетіп, тарихи-стадиялық, құлиеленуші формацияға жеткен, дамыған қоғамдағы адамның санасының ежелгі сәулесі екені анық . Халқымыздың дарынды тұлғасы Шоқан Уалиханов: «Аспанда да адамдар тұрады, олар белбеуді тамағынан буынады, біз әлемнің ортасында тұрамыз, сондықтан да белбеуді белімізден буынамыз, ал, жер астында тұратындар (олардың да өздерінің күні, айы бар) белбеуді аяқтарына буынады. Аспанда тұратын қазақтардың арасында өте бай кемпір бар (аспан тұрғындарының тіршілігі де қазақтардікіндей, басқаша болуы мүмкін емес), - мұның бәрі қазақтар фантазиясының жемісі» ,- дейді. Адам жер бетіндегі ағып жатқан су, құлақтары қалқиған тау-тас, өсімдіктер мен жан-жануарлардың бәрінің де жаратушысы бар деуі де архаикалық мифтерде көрінсе, бертін келе өмірді тану барысында жаратушы біреу ғана деген танымға жетті. Бұның өзі тарихи сананың жемісі еді.

Адам айналасын тану жолынан өту барысында, үздіксіз өз өмірін жақсарту жолында күресті. Дәстүрлі дүниетанымда ғалам бейнесі жұптастықпен түсіндіріледі. Аспан - Жер, Ай - Күн, Жарық - Қараңғы т.б. Адамда Адам Ата - Хау Ана болып жұптасқан. Біреуі - еркек, екіншісі - әйел. Енді адамзаттың өмір сүруі үшін өзіне керекті баспана мәселесіне келгенде, алғашқы үңгір, күрке, қамыс лашықтардан кейін барып ұлттық ерекшелігіне сай баспана тұрғыза бастайды. Бұл тұрғыда қазақтың немесе түркі халықтарының көпшілігіне қатысты киіз үй - халықтың ескі дүниетанымын және ежелгі салт-дәстүрлерін тоғыстырған, таным-түсінігінің барлығын көрсете алатын киелі баспана екені даусыз. Киіз үй ешқандай темір қосылмай, бір шеге қағылмай жасалған әлемдегі ең бір киелі баспана атанған. Бір киіз үй ағаш, жүн, тері арқылы үш түрлі материалдан жасалып, оның жалпы жасаулары қатты және жұмсақ болып ерекшеленеді. Мұның қатты ағаш қаңқасын еркек жасаса, жұмсақ жүннен жасалатын жабдықтарын әйелдің қолынан шығарылған. Қазақтағы «сүйек әкенікі, ет ананікі» деген ұғым осыдан пайда болғаны рас. Сондай - ақ, қазақта «сүйегің кім?», «Сүйек болуға лайық», «Руың кім?» деген ұғымдарда осыны анықтай түседі.

Сонда киіз үй еркек пен әйелдің қосылуы, некелесуі, өсіп - өнуі деген танымға жетелейді.

Осындай өсіп-өркендеу кезеңінде халық өзінің тұрмыс-тіршілігін дамытып, келешегін жақсарту үшін ұшуды, жедел жетуді, жылдам хабарласуды, тамағын лезде дайындауды алғашқы мифтік таным- түсініктері арқылы білдірді. Бірте-бірте олар әпсана -хикаят, ертегіге айналып жүре берді. Барынша көркемделіп таңғажайып әңгімеге айналды.

Мифті көркемдік ойлаудың басы, қасиетті қаһармандар әрекет ететін киелі тарихтың негізгі деудің себебін осыдан білуге болады.

“Қазақ халық прозасының тарихилығы” атты бөлімнің алғашқы мифке арналған тарауы бойынша студенттердің меңгеруге тиісті мәселелері:


Қазақ халық прозасының жанрлық жіктелісін білу. Қазақ фольклортану тұрғысынан алғаш фольклордың тарихилығы жөнінде пікір айтқан ғалымдар еңбегі. Қазақ фольклортану ғылымында «Қазақ халық прозасы» деген терминді орнықтырушы ғалымды ата. Халық прозасына қатысты фольклордың тарихилығының бес белгісін атап шық. Миф- фольклордың төркіні дегенді дәлелдеп бер. Адамзаттың миф бойынша алғашқы үш әлем туралы түсінігін талдау жаса. Мифтің қандай түрлерінде адам табиғаттан бөлінбеген. Тотемдік мифтер қашан пайда болады. Миф бойынша аспанда кімдер мекендейді. Мифтерде көп құдайлар аталса, олар қалай бір жаратушыға айналды. Адамзат түсінігінде миф бойынша қандай жұптасу заңдылықтары бар. Дәстүрлі баспана туралы мифтегі тарихқа талдаулар жасуға машықтан.