Жапониядағы ықпалды әулеттер. Жапон архипелагындағы ерте дәуірден бүгінге дейінгі ең ықпалды және құрметті императорлық сословие – ко-сицу («император тегінен шыққан үй») саналады. Бұл императорлық әулеттің 2000 мың жылдық тарихы бар. Жапон мемлекеті мен ұлтының символына айналған императорлар саны – 126. Тақта 30 жыл отырған император Акихито 125-император болды. Ол 2019 жылдың 30 сәуірінде өз еркімен императорлық тақтан бас тартты. Осы жылдың 1 мамырынан бастап Акихитоның үлкен баласы Нарухито император тағын иеленді.
Жапонияның ортағасырлық тарихында Минамото, Тайра, Фудзивара және Токугава әулетінің өкілдері билік құрған. Солардың ішінде ортағасырлар мен жаңа заманның тоғысында пайда болған Токугава әулеті ерекше айтылады (1603-1867 жж.). Бұл әулеттің бірінші сегуны Токугава Иэясу болды. Бұл кезде елдің астанасы Киото қаласынан Эдо қаласына (қазіргі Токио) көшірілді. Ал Эдо дәуірі – жапон қоғамына Батыс Еуропадан қауіп төндірген күрделі кезең еді. Зәулім сарайларымен, көркем шаһарларымен әлемнің назарын аударған Жапонияға, ортағасырларда Португалия мен Испания миссионерлері ішкерілей еніп, жапондарды тілінен, дінінен айыруға тырысты. Сол кезде Жапония «жабық мемлекет» болып жарияланды. Осындай батыл қадамдардың басында тұрған Токугава Иэясу ХVІІ ғасырдағы орталықтандырылған жапон мемлекетінің негізін қалаушы ретінде тарихта қалды.
Кілт сөздер: Ямато, император, табэ, Тайра, Фудзивара, Минамото, Токугава, бусидо, самурай, сегунат, камикадзе, «жабық есік» саясаты, Рюкю аралдары.
Жапон қоғамындағы өзгерістер. Жер мәселесі
Ш-VІІ ғасырларда Жапон аралдарында алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап, таптық қоғамға өту процесі жүрді. Б.з. І-Ш ғғ. Жапон аралдарына Оңтүстік Шығыс Азияның әртүрлі аудандарынан Рюкю, Тайвань, Филиппин арқылы көптеген миграциялық толқын жылжып отырды. Сондай-ақ Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігінен айнулардың (эбису) және оңтүстік монғолоидтық және малай- полинезиялық (аустронезиялық) тайпалардың, атап айтқанда кумасо (хаято) тайпасының қоныстанып, ассимиляциялануы нәтижесінде Ямато рулық қауымы пайда болды. Ертедегі жапондықтар Хонсю аралының оңтүстік-шығысы мен Кюсю аралының солтүстік-батысында шоғырланды. Кейіннен Ямато рулық қауымының орталығы Кинай құнарлы ауданына ойысты. Бұл жерде жапондықтар терімшілікпен (жеміс-жидектер мен теңіз азықтары), аңшылық, балық аулаумен айналысты. Көп кешікпей негізгі кәсібі егіншілікке көшті. Өсірілетін негізгі дақылы күріш Кореяның оңтүстік бөлігінен әкелінді. Күріш өсіру арқылы барлық қауым мүшелерінің ұжымдық еңбегін қажет ететін суландыру жүйесі дамыды. Ирригацияны енгізу «суармалы егістіктер» көлемін арттырды.
Ш-ІV ғғ. өндіргіш күштердің еңбек құралдары мен еңбек өнімінің өсуіне байланысты дамыған егіншілік рулық қауымды ыдырата бастады. Ру («удзи») ішінде әлеуметтік жік пайда болып, олар артықшылығы бар адамдар мен тең құқылы емес адамдар тобына бөлінді. Алғашқы топтағылар жақындары мен қолөнершілерден түскен еңбек өнімдерін иемденді. Бұл жағдай руаралық тартыстарға ұласты, нәтижесінде қоғамдық құрылыс түбірінен өзгерді. Рулық қауымға жартылай ерікті, тең құқылы емес қауым мүшелері («бэ»), қолөнершілер мен құлдар («яцуко») қосылды. Бұл топты Ш-V ғғ. Корея жарты аралына жапондардың жорығы кезінде тұтқындалған корейлер толықтырды. Осылайша рулық қауым құрамының кеңеюі – қандас туыстық байланыстарды күйретті, ал мүлік теңсіздігінің пайда болуы ақсақалдар мен ақсүйектерді басқа қауым мүшелерін қанауға жол ашты. Осылайша таптар мен мемлекеттің қалыптасуына негіз жасалды.
Жапониядағы алғашқы қауымдық құрылыс эволюциясының маңызды кезеңі ІV-V ғғ. тайпалық одақтардың құрылуы болды. Қытай деректері бойынша V ғ. соңғы ширегінде елдің шығысында «55 ел» (ру-тайпалық топтар), батысында 66 ел, солтүстіктегі теңіз бойында 95 елдің бірігуі аяқталған. Тайпалық одақтардың басында Ямато руы тұрды. Олар VІІ ғ. ортасына дейін ең күшті рудың басшысын, кейіннен тайпалық одақтың көсемін «император» терминімен атаған. Ол күн құдайы Аматэрасумен байланыстырылды.
«Император» патриархальды билік жүргізді. Одан кейін әскери көсем, абыз және сот қызметін қатар атқарды.
Егіншіліктің дамуы қауымдық меншіктің ыдырауы мен еңбек бөлінісіне және айырбасқа негізделген жеке меншіктің нығаюына жол ашты. Қауым мүшелері ақсүйектерге экономикалық тәуелділікке түсті. Жеке меншіктің негізі түрлері – «патша жерлері» – тайпалық одақтың басшысының меншігі кедейленген қауым мүшелерінің көмегімен өңделді. Сонымен қатар еріксіз адамдар өңдейтін ру-тайпалық ақсүйектердің жеке меншік жерлері болды. Феодалдық қатынастардың даму сатысына тән міндеткерліктің үш тағаны: азықпен өтеу, қолөнер өнімдерінің салығы, суландыру, құрғату және құрылыс жұмыстарында еңбекпен өтеу енгізілді.
VІ-VІІ ғғ. қандас-туыстыққа негізделген қауым, ендігі жерде шаруашылық аймақтық байланыстар негізінде көршілік қауымға айналды. Мұнда ішінара жерді бөлу жұмыстары жүргізілді. Жеке отбасыларға бөлінген жер уақытша пайдалануға берілді. Шұрайлы қауымдық жерлер ру-тайпалық ақсүйектерге бөлініп, олардың жеке меншігіне өтті. Оларға кедейленген қауым мүшелерінен шыққан жартылай ерікті адамдар («табэ») жұмыс істеді.
«Менікі» және «өзгенікі» деген ұғымдар пайда болды. Алайда көптеген жерлер (ормандар мен алқаптар, көлдер мен тоғандар) ұжымның қарауында қалды. Көршілік қауымның мұндай дуализмі алғашқы қауымдық құрылыстың негізін бұзды және оның орнына келген таптар мен мемлекеттің құрылуын тездетті. Бұл көршілік қауымды жер иелеріне басыбайлы етуге жол ашты.
Төңкеріс және Тайка реформалары (645-646 жж.)
Мемлекет пен таптардың қалыптасуы тайпалық одақтарда біріншілік үшін ұзақ әрі, табанды күрес жағдайында жүрді. Бұл процесс V ғ. ортасынан бастап 587 ж. дейін Кацура, Хэгури, Отомо, Мононобэ, кейіннен тайпалық одақтың басында тұрған Сого үйлері арасында қылаң берді. Ақырында бұл күрес Сого үйі мен «патшаның» Сумэраги руы арасында күшейді. VІІ ғ. басында тайпалық басқаруды өзгертуге және «аспан баласы» – монархтың басшылығымен орталықтанған күшті мемлекет құруға әрекет жасалды. Сол дәуірдің сауатты адамдарының бірі, VІ ғ. Жапонияға енген конфуцийлік, будизммен етене таныс, Сого үйінен шыққан тайпалық одақ басшысының мұрагері «принц» Сетоку-тайси (572-621 жж.) 603 ж. иерархиялық ақсүйектер үшін «12 ранг табелін» («Табель 12 рангов») жасады, 604 ж. «17 баптан тұратын Заң» шығарды. Онда мемлекет туралы және монархтың суверенитеті туралы конфуций ілімі мен буддизм идеялары басшылыққа алынды. Төменгілердің жоғарғыларға бағыныштылығы, шексіз билікке құқылы императордың басшылығымен орталықтанған мемлекет құру қажеттілігі жарияланды. Сетоку-тайси заңнамасы Тайка төңкерісінің («ұлы өзгерістер») шығуына себеп болды.
«Тайка төңкерісіне» ру-тайпалық ақсүйектердің екі үйлер коалициясы: Сумэраги және Накатоми (669 ж. бастап Фудзивара тегін алған) дайындалды. Оны принц Нака-но Оэ, Накатоми Каматари және Абэ Курахасимаро басқарды. 645 ж. Сого үйі талқандалып, билікке Сумэраги үйі келді.
Бұдан кейін 645-646 жж. төңкерістің мақсатымен тығыз байланысты бірқатар реформалар жүргізілді. Ру-тайпалық ақсүйектердің бұрынғы мұрагерлік атақтары жойылды, сондай-ақ олар жерге жеке меншік құқығынан айрылды. Жер мемлекет меншігі жарияланды және император бақылауына алынды. Тандық Қытайдағыдай жер иеліктері «егістік жерлерді қайта бөлу» жүйесіне («хандэн») сәйкес 6 жылда бір рет отбасылар арасында бөлінді. Осылайша Жапон қоғамының негізін жерге мемлекеттік меншік құрады, ал халқы жер үлесін ұстаушыларға айналды. Шаруалар өздеріне тиесілі үлестік жерлерін тастап кетуге құқысы болмады. Бұл бұрынғы ерікті қауым мүшелерін басыбайлы етудің басы еді. Осы кезде жер қоры мен халық санағын мерзімінде зерттеу ісі қолға алынды.
Тайка төңкерісі мен реформаларының маңызы императордың мұрагерлік билігі орнады, әскермен қамтамасыз етілген орталықтанған мемлекет құрылды. Билік заңмен бекітілді, сондай-ақ жапон халқының қалыптасу процесі аяқталды.
Тайка реформалары, әсіресе мемлекет аппаратының құрылысы, жер туралы заңдары Қытай үлгісінде жасалды. Императорлық Нара мен Хэйана қалаларының құрылысын салуға Тан және Суй империясы астаналарының (Чаньан, Лояна қ.) сәулет өнері ықпал етті.
Мемлекеттік басқарудың жаңа әкімшілік жүйесі енгізілді: провинциялар мен уездер құрылып, оған орталық үкімет губернаторлар мен уезд бастықтарын тағайындады. Олардың негізгі қызметі егістік жерлердің бөлінуі мен міндеткерліктердің өтелуін қадағалау, халық санақтарының жүргізілуі мен алым-салықтардың жиналуын бақылау болды.
VІІ ғ. екінші жартысы мен VШ ғ. басында Жапонияның мемлекеттік аппараты әрі қарай дамыды. Орталық үкіметтің орнына бірінші министр басқаратын мемлекеттік (үлкен) кеңес құрылды. Оған сегіз атқарушы департаменттер бағынды, соның негізгілері әскери, заң және қаржы саласы. VШ ғ. басында Жапон халқының саны 60 млн.- ға жетті. ІХ ғ. ортасынан бастап император билігін ығыстырған Фудзивара үйінің ықпалы күшейді.
Жапон халқы көптеген славян және герман тайпалары сияқты құлдық қоғамға соқпай алғашқы қауымдық құрылыстан бірден феодализмге өтті. Ертефеодалдық кезеңде алғашқы және құлдық қоғамның сарқыншақтары сақталды. Тіпті феодалдық қатынастар жүздеген жылдар бойы құлдық қатынастармен қатар дамыды.
Жапонияда 645 ж. бастап әр императордың ерекше атаумен аталатын басқару жылдары көрсетілетін ресми жыл санау жүйесі бекітілді. Елдің императорға – «тэнно» (жоғары) тікелей бағыныштылығы жарияланды. Халық екіге бөлінді: тең құқылы адамдар («ремин» – мейрімді адамдар) оларға шаруалар мен қолөнершілер кірді, екіншісі, «төменгі халық» қарапайым адамдар («сэммин» – тәуелділер).
Шаруашылықтың маңызды саласы – егіншілік елдің 80-90% құрайтын шаруалардың (ерікті қауым мүшелері) қолына шоғырланды. Өндірістің негізін шаруалар құрады, өнімділігі төмен құлдардың еңбегі тек қосымша шаруашылыққа пайдаланылды. Оның үстіне Жапон аралдарының таулы болуы мен қарапайым ауыл шаруашылық құралдары ірі латифундиялар құруға мүмкіндік бермеді. Әйтпесе, тау-тасты жерлерді өңдеуге тегін құл еңбегі тиімді болар еді.
Құлдық қоғамға өтуге құлдарды толықтыру көздерінің шектеулі болуы кедергі жасады. Жапон құлдығы феодалдық ақсүйектердің қарауындағы үй құлдығымен ерекшеленді. Сондай-ақ құл еңбегі монастырьлар мен храмдарда пайдаланылды.
Ертефеодалдық мемлекеттің аграрлық заңын «Тайхо» кодексі бекітіп берді. Бұл заң жерге мемлекеттік меншік қағидасы мен оны мезгілдік бөлу құқығын бекітті. Алайда, Жапониядағы феодалдану процесі жерге мемлекеттік меншік қағидасы мен жер үлесі жүйесінің қүйреуіне әкелді. Заңға сәйкес егістік жерді бөлу мерзімі ұзаққа созылып, біртіндеп жер бөлінісінің мүлдем тоқтатылуына, ақырында жердің жеке иеліктерге өтуіне жол ашты. Х ғ. екінші жартысында жерді ұстаушылар үлестік жерлерін сақтап қалуға тырысты. Шаруалардың шаруашылық бастамасына мемлекеттік реттеу мен бақылаудың күшеюі кедергі келтірді. Сондай-ақ, феодалдардың орталыққа кету тенденциясы мен жерді сатып алу-сатудың іске асырылуы жер бөлінісін тоқтатуға негіз болды.
Жапониядағы құнарлы жерлердің бәрі феодал ақсүйектері мен синтоистік және буддистік храм иелерінің қолына шоғырланды. Басқаша айтқанда, жерге меншік иерархиясы белгілі саяси билік иерархиясымен сәйкес болды.
Х ғ. екінші жартысынан бастап Жапонияда феодалдық жеке жер иеліктері («сеэн») пайда болды. Олар тұйық, оқшауланған шаруашылық жүргізді. Мұндай иеліктің негізі «атаулы жерлер» - мұрагерлік иеліктер болды, жер иесінің есімімен аталған бұл жерлер шаруашылық-салық өлшемімен өңделді. Осылайша феодалдық қанауға негізделген жеке меншік иеліктерінің құрылуы құлиеленушілік құрылысты ығыстырды. Уақыт жылжи келе құлдар тәуелді шаруаларға айналды. Шаруаларды аяусыз қанау, атап айтқанда күріш салығы міндеткерлігі, кіріптарлыққа түсіру, ақырында оларды басыбайлы ету шаруалар көтерілістерін туғызды. Мемлекет жерінен қоныс аудару, қашу, кету сияқты таптық күрестің бастапқы түрлері кеңінен тарады. Сондай-ақ, шаруалар шенеуниктердің қатыгездігі мен зорлық-зомбылығы, қиянаты туралы аймақ, уезд бастықтарының атына арыз-петициялар жазды. Күрестің белсенді әдістері қолданылды. Олар қашумен шектелмей, ресми мекемелерге, губернаторлар мен жергілікті шенеуниктерге қарсы әскери жасақтар құрды. Мұндай наразылықтар үстем тап өкілдерін абыржытып, жеңілдіктер жасауға мәжбүрледі. Алайда, феодалдардың шаруалардың жағдайын жеңілдетеміз деген уәделері орындалмады, шаруалар көтерілістері жалғаса берді. ІХ-ХІ ғғ. ірі толқулар бой көтерді. ХІ-ХІІ ғғ. шаруалар елдің астанасы Хэйан қаласына шабуыл жасады. Бірақ, ұйымдаспаған шаруалар көтерілістері көбіне жеңілістерге душар болды.
Феодалдық өзара қырқыстар
«Бусидо». Өзара қырқыстар Минамото, Тайра, Фудзивара әулетінің өкілдері арасында болды. Минамото әулеті императордың балаларынан құралған рулар тобынан шықты. Оларға императорлық сарайда кеңесші, самурай және басқа да құрметті қызметтер ретіндегі міндеттер жүктелді. Бастапқыда бұл рулар жоғары атақ пен мәртебеге ие болады, кейін олардың көбісі самурайларға айналып, сегунат құруына байланысты құрмет-даңқын жоғалта бастайды. Минамото отбасының сегундыққа мәңгілік құқығы болды және уақыт өте келе самурайларға қызмет ету арқылы бұрынғы жоғалған құрметін қайтарып алады.
Тайра әулеті – XI-XII ғғ. феодалдық соғыс кезінде үлкен рөл атқарған үш құдыретті рулардың бірі болды. Олар да император сословиесінен шыққан, бірақ Минамото руына қарағанда, сарайдағы беделі төмендеу еді. Осыдан екі рудың арасында бәсекелестік өршиді. Бұл қырғын Минамото руларының жеңісімен аяқталады. Тайра руының ұрпақтары самурайлар болды және сегунаттың құрылуына едәуір үлес қосты.
Фудзивара әулеті – негізі регенттерден құралды, олар билікке жету үшін мемлекеттік төңкеріс ұйымдастыруды көздеді. Әртүрлі императорлардың ұрпақтары ретінде олардың да алдыңғы құдыретті 2 әулет сияқты, сарайда өз орындары болды, бірақ түрлі себептермен олар, заңды мұрагер ретінде мойындалмады. Әділеттікке қол жеткізу үшін билікпен ашық күресіп, мақсатына жетеді, бірақ онысы ұзаққа бармайды, өйткені бас әулеттің жаңа өкілдерінің билікке келуінен олар таққа отыру құқығынан айрылады.
Х-ХІІ ғғ. шеткергі аймақтарда феодалдар күшейді, нәтижесінде орталықтан қашу тенденциясы, жекелеген провинциялардың сепаратизмі, саяси бытыраңқылық күшейді. Дамудың бұл сатысынан Шығыс пен Батыс мемлекеттерінің барлығы дерлік өтті. Провинцияларда жер иелігі мен орталық билікке ұмтылған ірі феодалдық үйлер бөліне бастады.
Х-ХІ ғғ. феодалдық өзара қырқыстар пайда болды. Оның ақыры феодалдық үйлер арасындағы бәкелестік пен саяси бытыраңқылыққа ұласты. Х-ХІІ ғғ. орталықтан қашу тенденциясының күшеюі орталық билікті әлсіретті. ХІІ ғ ортасынан бастап Минамото мен Тайра үйлері арасындағы күрес өршіді. Ол 1880-1885 жж. Минамото үйінің жеңісімен аяқталды.
Осы кезде егіншіліктен әскери істер бөлініп шықты. Алғашқы феодалдық дружиналар шаруалар көтерілістерін басу мақсатында құрылды. Семсер культі дамыды, ерекше әскери-феодалдық сословие самурайлар («служить, прислуживать»- қызмет ету) құрылды. Олар күшті феодалдық үйлердің вассалдары, әрі кәсіби әскери дружинниктеріне айналды. Мұнымен бір мезгілде «бусидо» («путь самурая или воина»-самурай немесе жауынгер жолы) деп аталатын дворяндықтың әскери қызметтік дүниетанымы туралы құжат дайындалды. Онда самурайдың тәртіп ережесі мен ар-ождан кодексі қарастырылған.
«Бусидо» құрамына конфуцийлік пен буддизмнің мемлекетке, сюзеренге, әкеге, үлкенге бағыныштылық ілімдері енгізілді. «Бусидоның» кез-келген ережесін бұзу немесе самурайды масқаралайтын әрекет самурайдың белгілі «харакири» («вспарывание живота» – қарын жару) рәсімімен орындалатын өзіне қол жұмсаумен аяқталды.
Х-ХІІ ғғ. Жапонияда ертефеодалдық қалалар бой көтерді. Өндіргіш күштердің өсуі еңбек бөлінісіне, қолөнердің ауыл шаруашылығынан бөлінуіне әкелді. Жапония Қытайға экспортқа алтын, сынап, веер, лакталған бұйымдар, семсер, орман шаруашылығы материалдарын шығарды, ал жібек, парча, опа, фарфор, мыс монеталары сырттан әкелінді.
Жапониядағы сегунат жүйесі. Токугава сегунаты
ХІІ ғ. аяғында Жапония дамыған феодализм сатысына енді. Батыс Еуропа елдерінде бұл процесс ХІ ғ. ортасында жүрген еді. Жапонияда феодалдық қатынастар баяу қалыптасты. Ерте феодализмде патриархальды құл иеленушілік сақталды. Сегунат жүйесінде саяси жағынан феодалдық мемлекет күшейді. 1192 ж. жергілікті билік күшті феодалдық үйлердің қолына шоғырланды. Император Минамото Еритомо «варварларды бағындырған ұлы қолбасшысы» шенін бекітті. Сегунат жүйесі самурайларға (әскери қызметтік дворяндық) сүйенген феодалдық диктатураға негізделді.
Сегунат императордың саяси ықпалын әлсірету мақсатында астананы Камакура қаласына ауыстырды, император Минамато билігі сақталды. Себебі, монархия феодализмнің идеологиялық бірлігі мен саяси топтарды қамтамасыз етті.
Тайраға қарсы күресте Минамото Еритомо жаңа мемлекеттік аппарат: самурайлар ісі жөніндегі басқарма, жоғары сот және жоғары заң органдары құрылды. Елдің барлық провинцияларында Минаматоның жақындарынан әскери губернаторлар немесе протектор («сюго») тағайындалды Оларға камакура тәртібіне қарсыларды жазалау міндеті жүктелді. Олар әскери міндеткерліктің орындалуын бақылады, сот билігін жүргізді. Сондай-ақ, арнаулы өкілетті немесе поместье бастықтары («дзито») феодалдық поместье иелерінің қызметін, әскери алым-салық жинауды қадағалады. Мұндай басқару жүйесі Минаматоның әскери-саяси диктатурасын нығайтты.
1199 ж. Минамато-Еритомо үйінің басшысы өлгеннен кейін жесірі Ходзе Такимаса («билеуші» титулын «сиикэн» иемденген) билікке келді. 1219 ж. Минамато – Санэтомо үйінің соңғы сегуны өлтірілді. Басқару Минамато үйіне жақын Ходзе үйіне берілді, оның шексіз билігі ХІVғ. алғашқы ширегіне дейін созылды.
Минамато мен Ходзе ұрпақтары арасындағы билікке таласты император пайдаланды. 1219 ж. экс император Готоба қарулы көтеріліс жасады. Бұл Жапония тарихында «Секю жылының дүрбелеңі» аталды. Билікке келген Екю 1219-1221 жж. ел басқарды. Бүлікші сарай ақсүйектерінің 600-ден астам иеліктерін Ходзе үйі арасында тәркіленіп, бөліске түсті. 1221 ж. бастап Ходзе император сарайына бақылауды күшейтті, көтерілістердің алдын-алу мақсатында Киотода ерекше өкілетті – резиденция құрды. Камакура үкіметінің мемлекеттік аппараты сегунның тікелей вассалдарынан құралды. Камакура атанған 1-сегунат тәртібі самурайлар мен ақсүйектерге, будда дін басыларына сүйенді. Шаруалар мен қолөнершілер («бонгэ», «тигэ») қажетті өнім өндірді. Халықтың қаналушы бөлігі «эта» деп аталды.
ХІІ ғ. аяғы мен ХШ ғ. басында жер феодалдық үйлердің пайдасына қайта бөлінді. Минамато үйі Тайра үйінің иеліктерін тәркілеп, жақтастарына арнаулы грамота (гогэбун) түрінде лен («тигети»- ұсақ үлестік жер) таратты. Шаруаларды қанаудың түрлері өзгерді. Барщинамен (жұмыспен өтеу) қатар азық-түлік рентасы ( натуралды оброк) жүрді. Күріш және мақта өнімінің 40% -дан 60 %-ға дейінгі үлесі алынды. Шаруалар бекіністер мен құрылыстар салу, әртүрлі алым-салықтар төлеу т.б. қосымша міндеткерліктер атқарды. Сондай-ақ, оларды самурай дружиналары мен жаяу әскерде қызмет етуге мәжбүр етті.
1232 ж. император бүлігін басқаннан кейін (Киото қ. Ходзе әскері басып алғаннан кейін) реформатор Ходзе Ясутоки «Дзеэй жылдарының заңын» шығарды. Ол ұсақ лендік дворяндықты, оның жеке меншік құқығын нығайтуды көздеді. Ортағасырлық Жапонияда азаматтық, қылмыстық және процессуалды кодекстер шықты. Заң баптарында көбінесе феодалдардың қарсылықтары мен қастандығын жазалау, жерді күштеп тартып алу мәселелері қаралды. Феодалдарға көтерілістерді басып тастауға шексіз құқық берілді. Мұрагерлік тәртібі анықталды.
ХШ ғ. екінші жартысында Жапонияға монғолдар қауіп төндірді. Шыңғыс ханның немересі, Қытайда Юань империясын құрған Құбылай Жапонияны қосып алуға тырысты. 1266-1273 жж. Жапонияға шартты талаптар қойылды: Жапония Юань империясының вассалдығын мойындауы керек, қарсыласқан жағдайда соғыс жарияланады. Алайда, бұл талаптарды сиккэн Ходзе Токимунэ (1251-1284 жж) қабылдамады, ол әскерін жасақтап, Кюсюдің батыс жағалауы және Хонсюдің оңтүстік-батыс жағасында қорғанысқа көшті.
1274ж. Құбылай Корея жерінен жорыққа шықты. Әскерді 15 мың монғолдық, қытайлық әскер және 8 мың корей әскерінен тұрды. 7 мың корейлік, қытайлық теңізшілер қатысты. Оған 3 мың ірі кемелер, 400-500 қайық тартылды. Бұл жорық бастапқыда сәтсіз болғанымен, 1279 ж. Оңтүстік Қытайды бағындырған Құбылай күшейіп, 1281 ж. Жапонияға қарсы 2-жорығын бастады. Оған 100 мың Оңтүстік Қытай әскері қатысты. Алайда Құбылай бастаған жорық Кюсю жағалауына тұрған күшті дауыл (құдайдың желі – «камикадзе») әсерінен сәтсіз аяқталды. Әскердің басым бөлігі суға батып, қалғаны тұтқынға түсті. Монғол флотының кемелері ғана аман қалды, 3500 ссуда мен қайықтары суға батып кетті.
Құбылайдың жеңілуі «камикадзеден» басқа тағы бір себебі, жапондық жеңіл, әрі жылжымалы кемелермен салыстырғанда монғолдардың ауыр кемелері теңіз соғысына тиімсіз болды, дауылға қарсы төтеп бере алмады. Ал, жапондардың жеңісі олардың бірлігі мен күш-жігерінің мықтылығында еді.
Монғол шапқыншылығы Жапонияның бірігуіне алғы шарттар жасады. Әскер ұстау мен қорғаныс шығындары елді қаржылық-экономикалық жағынан құлдыратып жіберді. Шаруалармен қатар самурайлардың жағдайы нашарлады. Орталық билік эпидемия мен қуаңшылыққа қарсы күресте дәрменсіздік танытты. Сондай-ақ, шайқаста ерекше көзге түскен жауынгерлерді марапаттау уәделері орындалмай қалды. Монғол шапқыншылығынан кейін Жапонияның оңтүстік және оңтүстік батыс феодалдары күшейді.
ХІV ғ. алғашқы ширегінде феодалдық үйлер Камакур режиміне қарсы бүліктер шығарды. 1324 ж. Киото қ. қастандық ұйымдастырған құпия ұйым мүшелері әшкереленді. Осындай жағдайда экс-император Годайго билігін қайта тірілту мақсатында Ходзе үйіне қарсы күштерді біріктірді. Алайда, бұл антисегундық қозғалыс әшкереленіп, Годайго тұтқынға алынды. Ол Ики аралына жер аударылады. Сондай-ақ, Годайгоны қолдаған оңтүстік батыс феодалдары Ходзе әскерін жеңеді. Император билігі қалпына келтіріліп, бұл оқиға тарихта «кэмму реставрациясы» (1333-1335 жж.) атауымен қалды Алайда, Годайго билігі ұзаққа бармады. Император мен Ходзе билігіне қарсы әскери күштердің қатынасы шиеленісті. Бұрынғы Ходзе қолбасшысы Асикага Такаудзи император Годайгоның жағында жүріп, оның беделін жеке билігін орнату үшін пайдаланды. Император Годайго феодалдық үйлерді ынталандыра (жер, шен беру) алмады. Оның үстіне жаңа салық жүйесі, қағаз ақшалар одақтас феодалдардың наразылығын тудырды.
Осындай жағдайда Асикага Такаудзи Ходзе үйіне қарсы шығып, Киотоны басып алды. Камакура қ. резиденцияға айналдырды. 1335 ж. Асикага Такаудзи өзін сегун жариялады. Осы кезден 2-сегунат Асикага тарихы (1335-1573 жж.) басталады. Бұл кезде Минамато-Еритомо тұсындағы үкімет аппараты қайта қалпына келтірілді. Нитта Есисада иелігі тәркіленіп, Годайго мен оңтүстік-батыс феодалдарына қарсы әрекеттер жасалды.
1336-1392 жж. «Солтүстік және оңтүстік әулеттер» немесе «екі патшалық» аталған соғыстар болды. Оңтүстік әулетті Годайго, Солтүстік әулетті (Киото қ.) император Коме басқарды. Екі лагерьдің арасындағы текетірес Асикага билігін (императорлық) бекіту жолындағы күрестің жалғасы болды. 1392 ж. мұрагерлік туралы келіссөздер негізінде екі әулеттің өкілдері кезекпен таққа отыруға келісті. Киото қ. ортақ астана жарияланды.
Жарты ғасырдан астам уақытқа созылған соғыс елдің экономикасын құлдыратты. Әскери шығындарға кеткен қаржының орнын толтыру мақсатында Асикага салық жүйесіне өзгерістер енгізді. Әскери салыққа қосымша үстеме салық алынатын болды. Өзара соғыстардың аяқталуы 2-ші Асикага сегунатын нығайтуға қолайлы жағдайлар жасады. 1-ші Камакура сегунатының аграрлық саясаты, оның феодалдық заңнамалары мен өзара қырқыстары жапон шаруаларының наразылығын тудырды. Оған 1333-1392 жж. бой көтерген 6 шаруалар көтерілістерін айтуға болады.
Жапония Ходзе билігінің соңы мен 2-ші Асикага сегунатының басында көршілес Корея, Қытай елдерімен байланысын қалпына келтіруге тырысты. Будда дінбасылары Жапониядан Қытайға, Қытайдан Жапонияға жастардың діни сауатын ашу мақсатында келіп-кетіп жатты.
Алайда, «Солтүстік және оңтүстік әулеттер» соғысы кезінде (ХІV ғ. ортасы) Корея, Қытай елдерімен қарым-қатынастар шиеленісе берді. 1340-1386 жж. Жапония Корея жағалауына 5 рет қарақшылық шабуыл жасады, ХІV ғ. аяғында Қытайға ойысты. Асикага үйі шетелдік көпестерге сауда жасау құқығын (лицензиялар) берді. ХV ғ. Жапония-Қытай сауда келісім-шарты жасалды. Сыртқы сауда қарқынды дамыды. Қытайдан мақта, жібек, бұйымдары, фарфор, кітаптар, картиналар, есіртке, парфюмерия, медициналық жабдықтар әкелінді. Қытай көпестеріне 200-300 пайда түсіп отырды. Әсіресе, Қытай мыс монеталары («эйракусэн») жоғары бағаланды.
Жапонияның ішкі рыногімен салыстырғанда жапон тауарлары Қытайда 4 есе, кейде 10 есе қымбат бағаға сатылды. Индонезия, Малайзиядан әкелінген тауарлар Корея мен Қытайға жөнелтілді. Кореяда Ли әулетін тұсынан (ХІV ғ. аяғы) Жапония-Корея сауда байланысы дамыды. Жыл сайын Корея порттарына 50 жапондық сауда кемелері келді. Жапон көпестері Оңтүстік Кореяның 3 портында тұрақты сауда пункттерін құрды. Жапониядан Кореяға сода, мыс рудасы, әртүрлі медициналық құрал-жабдықтар, бояулар әкелінсе, қыш ыдыстар, жіп, тоқыма тауарлары сыртқа шығарылды. ХІV-ХV ғғ. қолөнер, сауда, жергілікті рынок, тау-кен ісі дамыды. Қалалар өсті. Ірі феодалдық шаруашылықтар құрылды. Ірі княздық иеліктер пайда болды. Өндіргіш күштердің дамуы княздардың табыстарын ұлғайтты.
ХV ғ. басында феодалдық қырқыстар жаңа сипат алды. Феодалдық үйлер Асикаға қарсы 70 жылдай (1413-1467 жж.) күресті. Ең ірісі Хатакэяма феодалдық үйі арасында туындаған «Онин жылдарының соғысы» (1467-1477 жж.) болды. Бұл соғыс қарсаңында феодалдық үйлердің сепаратистік тенденциялары 260-қа жеткен. Бұл Асикага сегунаты билігінің әлсіреп, феодалдық бытыраңқылықтың күшейгенін көрсетеді.
ХІV-ХV ғғ. феодалдық қырқыстардың әлеуметтік зардаптары зор болды. Шаруалар қайыршыланып, феодалдар мен өсімқорлардың екі жақты қанауына түсті. Өңделген жерлер ХV ғасырда 946 мыңнан 855 мың те (жер өлшемі 0,992 га тең) қысқарды. 1479 ж., 1482 ж. жаңа алым-салықтар енгізілді. Жер діни емес және діни феодалдар қолына шоғырланды. Шаруаларды қанаудың негізгі түрі – азық-түлік рентасы (натуралды оброк, күрішпен өтеу) болды. Шаруалар күріш өнімін (10 -дан 80- -ға дейін) жыл сайын феодалдарға беруге міндеттелді.
Жапонияда 8 рет болған қуаңшылық пен аштық (1420-1498 жж.) шаруалардың жағдайын күйзелтіп жіберді. Сондықтан олар жер телімдерін сатуға мәжбүр болды. Нәтижесінде шаруалардың жерсізденді (пауперизация). Арендаға жер берушілер пайда болып, олар өсімқорлықпен айналысты.
Шаруалар көтерілістері. ХV ғ. шаруалардың антифеодалдық күресі күшейді. 1418- 1499 жж. Жапонияда 98 шаруалар көтерілісі болды. Оның 44-і шаруалар қарызын жою талаптарымен, 37-і жер телімдері дауымен, 9-ы жүк тасушылар наразылығымен, 3-уі будда сектасына (Икко) байланысты шықты. Көтеріліске шаруалар, батрактар, жүк тасушылар, қолөнершілер, ұсақ сатушылар, төменгі самурайлар («ронин»), қашқын саумурайлар, қаңғыбастар және тұрақты мекен-жайы мен кәсібінен айрылған адамдар қатысты. Кейде оларға ашынған ақсүйектер мен ұсақ феодалдар тобы қосылды. Антифеодалдық наразылықтың негізгі қозғаушы күші шаруалар болды. Олар өсімқорлық пен қарыз міндеткерліктерін жою талаптарын қойды. Әсіресе, шаруалардың өсімқорларға қарызын жою талаптары маңызды болды.
Ига, Исэ, Сэтцу, Тамба, Харима провинциясында болған көтерілістер самурайларға, екіншілері будда сектасына қарсы бағытталды. Антифеодалдық күрестің ірісі – Ямасиро провинциясындағы шаруалар көтерілісіне (1485-1493 жж.) 1485 ж. Ямасиро провинциясында шаруалар сьезін шақыру себеп болды. Мұнда шаруалар Хатакэяма әскерлерін провинциядан әкету, тартып алынған жерлерді қайтару, Нара қаласымен сауда жасауға кедергі заставаларды жою сияқты шартты талаптар қойылды.
1486 ж. Бедони храмында провинцияның атқарушы тұрақты билік органы – «халық кеңесі» («кокумин кайги») құрылды. Кеңес ай сайын шақырылды. Жаңа үкімет салық төлеудің әділ жүйесін құруды көздеді. «Халық кеңесі» уездер мен болыстарда жергілікті басқару органдарын құра бастады. Азық-түлік рентасы 2 есеге қысқарды, бұрын өнімнің 70-80 төленсе, енді 40-ы төленді.
Ямасиро провинциясында шаруалардың өзін-өзі басқаруы 8 жылға (1485-1493 жж.) созылды. Шаруалардың өзін-өзі басқаруы жапон тарихында «төмендегілер жоғарыдағыларды жеңеді» («гэкокудзе») деген атпен қалды. ХV ғ. салыстырғанда шаруалар көтерілісі ХVІ ғасырда (1502-1582 жж.) үш есеге азайды. 31 шаруалар көтерілісінің 15-і қарыздарын жою талаптарын, қалғандары жер телімдері дауын шешуді талап етті.
1563 ж. Икко сектасы ұйымдастырған ірі көтеріліс Микава провинциясында болды. ХVІ ғ. 70-80 жж. шаруалар көтерілісі көптеген жаңа провинцияларға тарады. Алайда, ХVІ ғ. шаруалар көтерілісі жеңіліске ұшырады. Оның себептері: шаруалардың бір бөлігінің феодалдармен одақтасуы; шаруалардың нақты шешімге келмеуі; біріге ұйымдаспауы; көтеріліс мерзімінің ала-құлалылығы. Тіпті шаруалар жеңісінен кейін қандай әрекетке баратынын білмеді; діни секталардың (будда, синтоизм) алауыздығы кедергі жасады. Дегенмен, ХV-ХVІ ғғ. антифеодалдық көтерілістер Жапония тарихында із қалдырды. Шаруалар алғаш рет өзін-өзі басқаруға ұмтылды. Бірқатар көтерілістерде жергілікті феодалдық билік өкілдерімен бетпе-бет келіп, нақты талаптарын қоя білді. Өсімқорларға төленетін азық-түлік рентасының мөлшерін төмендетті. ХV ғ. дейін шаруалар көтерілістерінің діни сипаты болмады.
Ода Нобунага қызметі. ХVІ ғ. басында Жапония дербес княздықтарға бөлініп кетті. Асикага үйіне орталық билікке тәуелді Оңтүстік Батыс княздықтары (Отомо, Оути, Симадзу) қауіпті болды. 1507 жылдан ортағасырлық Жапония тарихында «шайқасқан облыстар кезеңі» аталған аласапыран уақыт басталды. 1573 ж. өзара қырқыстар 2-ші сегун әулеті – Асикага сегунатының күйреуімен аяқталды.
Алғаш Жапонияны саяси біріктіру күресін князь Ода Нобунага (1534-1582 жж.) бастады. Ол Токугава, Такэда феодалдарымен одақтасып, 1559-1573 жж. бірқатар феодалдық үйлерді жеңді. Иоэ, Каи, Мино және Овари (Хонсю) провинцияларын бағындырды. 1578 ж. басында 11 провинцияның феодалдары қосылуға ниеттенді. Осы кезде Ода Нобунага 66 провинцияның тең жартысын өзіне қаратты.
ХVІ ғ. 70 жылдарынан бастап Ода Нобунаганың үлкен реформаторлық қызметі басталды. Ол жергілікті алым-салықты, кедендік заставаларды, нақтыласақ провинциялардың шекарасы мен жолдардың қиылысындағы жерлерді жойды. Оның бұйрығымен жолдар мен көпірлерге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ол қолөнер цехтары мен сауда орталығындағы («гильдиялар») көпестер артықшылығын алып тастады. Ірі қалаларда еркін рыноктарға жол ашты. Қалалардың дамуына мүмкіндіктер берді. Сыртқы сауданы кеңейту арқылы қалаларды өз билігінде ұстауға тырысты. Сондай-ақ, Ода Нобунага ақша жүйесін ретке келтірді. Айырбас операцияларына тыйым салынды. Айналымға үкіметтің бұйрығымен дайындалатын алтын және күміс монеталар түсті. Алтын, күміс, мыс ақшалар бірлігі арақатынасы орнықты. Оларды соғу үшін руданың дамуына қолайлы жағдайлар жасалды, әсіресе қымбат металл өңдеу ісі қолға алынды. Үкімет барынша сыртқы сауда мен кеме қатынасының дамуына әрекет етті. Қарақшылыққа қарсы күресті. О.Нобунаганың реформаторлық қызметі Жапонияның экономикалық және саяси бірлігін нығайтуға бағытталды.
«Жабық есік» саясаты. Жапонияның саяси бірігуінің аяқталуы
ХVІ ғ. 40 ж. алғашқы потугалдық 3 көпес (1542 ж.) Кюсю аралының оңтүстігіне табан тіреді. Кейіннен мемлекетаралық келісім шартқа сәйкес мылтық, қару-жарақ, оқ-дәрі, шұға, жібек әкелінді, тауар айырбасы жүрді. Еуропалықтар оқ-дәрілік қаруды («танэгасима») таратып, оны өндірумен айналысты.
Иезуит Мендиш Панту жапондықтарды қару жасау өнеріне баулыды. Еуропалық көпестердің орнын католиктік діншілдер басты. 1549 ж. иезуиттер Франциск Ксавье, Комэ де Торрес, Жуан Фернандес Кагосимаға (Кюсю аралы) келді. Жапонияда христиандықты уағыздау басталды. Князьдың рұқсатымен Кюсю аралында семинария мен колледждер ашылды, евангели және евангелистік кітапшалар басылып, таратылды. Сондай-ақ, миссионерлер жапондық ауруларға медициналық көмек берді. Христиан діні елдің оңтүстік батыс бөлігін жайлады. Әлеуметтік тұрмысы нашар шаруалар жақсылықты христиандықтың теңгермешілік идеяларынан іздеді. Жапонияға христиан дінінің енуі оңтүстік-батыс княздарының орталық биліктен бөлінуіне әкелді.
Жапон-португалдық сауда байланыстарының кеңеюі Жапон – Қытай сауда қатынастарының ауқымын қысқартты. 1549 ж. екі елдің арасындағы ресми байланыстар үзілді. Португалдық иезуиттердің артынан Жапонияға испандық, францискандық және доминиондықтар енді. 1584 ж. Хирадо портына Маниладан бірінші испан кемесі келді.
О.Нобунага өмірінің ақырына дейін христиан дінін таратуға күш жұмсады. Ірі жерлер мен әскерді уысында ұстаған будда храмдары О.Нобунаганың елді біріктіру саясатына қарсы тұрды. О.Нобунага еуропалық елдермен сауда байланыстарын дамытуға мүдделі болды. Ол өз әскерін еуропалықтардың оқ-дәрісімен қамтамасыз етуді көздеді. Алайда, кейінірек оның миссионерлерге көзқарасы өзгерді. Себебі, миссионерлердің христиан дінін уағыздау арқылы Жапонияны Португалияның ықпалына түсіру пиғылын сезді.
1582 ж. О.Нобунага жақын вассалы Акэти Мицухидэ қолынан қаза тапты. Осы кезде Жапонияда 200 шіркеу, 5 семинария мен колледждер, 75 миссионерлер, христиан дінін қабылдаған 150 мың жапондықтар болды.
1582 ж. Испан королі мен Рим папасына Кюсю аралынан алғашқы жапондық іс-сапар жасалды. Нәтижесінде 1585 ж. папа Григорий ХІІІ ғ. Жапонияға жолдаған арнайы хатында евангелияны уағыздауға иезуиттер орденіне ғана рұқсат берілетінін хабарлады. Бұл іс- сапардан олар 1590 ж. елге оралды.
О.Нобунаганың өлімі Жапонияның бірігуін тоқтата алмады. Оның ісін жақын көмекшісі Тоетоми Хидэеси (1536-1598 жж.) жалғастырды. Ол Акэти Мицухидэ әскерін талқандап, оны өлтіреді. Хидэеси 1583-1590 жж. орталық билікке қарсы бірқатар жорықтар жасады. Солтүстікке жорық кезінде Канто облысының 8 провинциясын бағындырды. Ол маңызды рудниктер мен ірі қалаларға бақылау орнатып, Осакадағы қорғаныс құрылысын аяқтады. Ол Корея мен Қытайға қарсы экспедициялар ұйымдастырды. 1583 ж. Кореяға елші жіберіп, алым-салық төлеуді талап етті. Корея оған одақтасуды ұсынды. Хидэеси «Ұлы Мин еліне» қарсы шабуылда бірлесуге шақырды. Алайда, Корея Хидэеси ұсынысын қабылдамайды, бір мезгілде Қытаймен байланысып, егер Жапония шабуыл жасаған жағдайда көмек беруін сұрайды.
1591 ж. Хидэеси Корея мен Қытайға қарсы жорық жасау туралы шешім жасалды. 1592 ж. Кореяға 235 мың әскер, 9 мың әскери-теңіз күштерін қарсы қояды. Қытайды паналаған корей королі Сеулден айырылады. Ляодундағы 5 мың Қытай әскері талқандалады. Ал, теңіз шайқасында талантты корей адмиралы Ли Сун Син көзге түсті. Ол 1593 ж. Сеул, Пхеньян азат етілді. Көп кешікпей Хидэеси Қытайдың ұсынысымен бейбіт келісімдер жасауға келісті. 1594 ж. жапон әскелері елге қайтарылды. 1595-1596 жж. бейбіт келіссөздер жүргізілді. 1597-1598 жж. Хидэеси 100 мың әскермен Кореяға екі рет жорық жасады. Жапон әскерлері қорғануға мәжбүр болды. Екінші жорығы Хидэеси (1598 ж.) өлімімен аяқталды. Алайда, Хидэесидің басқыншылық жоспары Корея, Қытаймен шектелмеді. Ол ұланғайыр азиатттық империяны (Тайвань, Филиппин, Рюкю аралы, Индонезия, Полинезия, Үндістан, Персияны қосқанда) Жапонияға бағындыруды көздеген еді. Бұған Испания мен Португалияның сыртқы жаулаушылығы ықпал етті. Алайда, бұл Корея жорықтары кезінде іске аспай қалды. Хидэесидің ішкі, сыртқы саясатындағы реформаторлық қызметі феодалдық құрылыстың тұрақтануына жол ашты. Осылайша, елде қалыптасқан феодалдық дағдарыс уақытша тежелді.
Жапонияның саяси бірігуінің аяқталуы (1600-1615 жж.). Хидэеси өлімі мен Кореяға жорықтар аяқталған кезде (ХVІ ғ. аяғы) орталық билік үшін күрес күшейді. Осылайша 30 жылға созылған феодалдық Жапонияның саяси бірігу процесі аяқталды.
Мемлекет басшылығына (сегун) лайықты үміткерлер қатарында князь Токугава Иэясу (1543-1616) болды. Ол 1603ж. өзін сегун жариялады, 3-сегунат -Тогугавалық кезеңі (1603-1867 жж.) басталды. Астанасы Эдо қаласы болды. 1605 ж. Иэясу өз баласы Хидэтада (1616-1632 жж.) пайдасына сегун тағынан бас тартқанмен, 1616 ж. дейін билік етті.
Жапонияны біріктіруге тырысқан Ода Нобунага, Тоетоми Хидэеси және Токугава Иэясу туралы тарихшылар арасында «бастады, жалғастырды, аяқтады» деген пікір қалыптасты.
Сегун билігінің күшеюімен қатар жүрген бірігу процесі Жапонияның әлеуметтік- экономикалық дамуына сапалы өзгерістер әкелді: феодалдық меншік ірілендірілді; феодалдар үстемдігі нығайды; өзара қырқыстар мен феодалдық бытыраңқылық жойылды; қалалардың рөлі өсті; қолөнер дамыды; рынок қатынастарының ауқымы кеңейіп, жапон рыногі қалыптасты. ХVІІ ғ. 30-жылдары шетелдермен байланыстың үзілуі салдарынан ақша – тауар қатынастары жапон деревнясына ағылды. Капиталистік өнеркәсіп (үй өнеркәсібі мен мануфактуралар) бой көтерді. Мұндай жағдай натуралды шаруашылықтың ыдырауына әкелді.
Елді біріктіруде шаруалар көтерілістерін басуға қабілетті орталықтан билік құру мақсаты көзделді. Алайда, Еуропаның басқа елдерімен салыстырғанда Жапонияда феодалдық княздықтарға бөліну жойылған жоқ. Әкімшілік-саяси құрылым ретінде жартылай тәуелсіз княздықтар сақталды.
Феодалдық қырқыстардың тоқтатылуы өндіргіш күштерді дамытты. Егіншілік, материалдық және рухани мәдениет қарқынды дамыды. Ауыл шаруашылығында жаңа техникалық құрал-жабдықтар пайда болды. Халық саны ХVІ ғ. аяғында 16 млн., ХVІІ ғ. 25 млн.-ға жетті.
Жапониядағы рюкюліктер
Рюкю аралдары шамамен 15-10 млн. жыл бұрын пайда болған. Ол кезеңде бұл аралдар материктік Қытай мен Жапонияның Кюсю аралымен құрлық арқылы байланысып тұрған. Шамамен 1 млн. жыл бұрын Рюкю аралдары Еуразия материгі пен Кюсю аралынан бөлініп, оқшау аралға айналады.
Окинава (Рюкю) – Кюсю аралынан Тайвань аралына дейінгі аралдар тізбегі және Жапонияның әкімшілік бірлігі болып саналады. Аралдардың саны 161, ал ауданы 2,3 мың км2 құрайды. Өз атауын осы аралдар тізбегінің ішіндегі ең үлкен арал Окинава Хонто-дан алған.
Рюкю аралдары және оның халқы Жапония архипелагында пайда болған ежелгі жапондармен ешқандай байланысы болмаған, олар өзіндік ерекше және тәуелсіз оқшау қоғам құрады. Әрине, салыстырмалы түрде Кюсю аралына жақын орналасқан Рюкю аралдарының тұрғындарының Кюсю немесе Хонсю аралдарындағы жапондықтармен сауда-айырбас немесе мәдени байланыс мүлдем болмады деуге келмейді және екі жақты шектелген байланыс болған.
Окинава аралында рюкю халқының орталықтандырылған мемлекеті – Рюкю корольдігі ірі теңіз сауда-саттық факториясы болған. Рюкю корольдігі Жапониямен емес, негізі Қытаймен тығыз қарым-қатынас жасаған, сондықтан бұл аймаққа қытай мәдениетінің ықпалы зор болған.
XVII ғ. дейін Окинавадағы Рюкю корольдігі Қытай империясымен вассалдық сауда-саттық қарым-қатынас орнатқан. 1609 ж. жапондық Сацума князьдігі Рюкю корольдігін күшпен жаулап алғаннан кейін, Окинава Жапонияның вассалды тәуелді мемлекетіне айналады. 1872 ж. Окинава өзінің корольдік статусынан айырылып, князьдік деген жаңа статуспен Жапонияның құрамына кіреді. 1879 ж. Окинаваның князьдік статусы жойылып, жапондық мэйдзи үкіметі Окинаваны префектура деп жариялайды, сөйтіп ресми түрде бұл аралдар Жапонияның құрамына енгізіледі. Осы кезден бастап Окинава аралдарында билік еткен Рюкю корольдігі жойылады, бұл аралдар Жапонияның әкімшілік территориясына айналады.
Қазіргі кезде рюкю халқының саны 1 млн. 900 мың-ға жуық, оның 1 млн. 300 мыңы (2020 ж.) Окинава префектурасында, 300 мыңы Жапонияның басқа аймақтарында, ал қалған 300 мыңы шетелдерде тұрады, олардың көбісі Гавайи аралдарында тұрақтаған. Осы заманда өзіндік ерекше мәдениеті, тілі және салт-дәстүрімен сақталған рюкюліктер Жапония мемлекетіндегі «ұлттық азшылықты» құрайтын халықтардың қатарын толықтырады.