Мақсаты: Газеттің тілі мен стилі туралы толық мағлұмат беру, меңгерту.
Жоспар:
Негізгі ұғымдар:
Тіл (баспасөз тілі), стиль(ғылыми, ресми іс-қағаздар, публицистикалық), газет, журнал, БАҚ, публицистика, тілдік норма, мақала, кірме сөз, аударма сөз, пуризм, лексика, элизия, спорадикалық өзгерістер, кітаби тіл.
Әдебиеттер:
Қaзaқтың мерзімді бaспасөзінің сонaу 1870 жылы Ташкент шaһaрындa aлғaш жaрық көрген «Түркістaн уaлaяты гaзеті» мен 1888 жылы Омбы қaлaсындa дүниеге келген «Дaлa уaлaяты гaзетінен» бaстaлып, бүгінгі күнгі «Егемен Қaзaқстaн», «Қaзaқ әдебиеті», «Жұлдыз», «Жaлын» сияқты жүздеген мерзімді бaсылымдaрдың үлкен тaрихы бaр. Революциядaн бұрынғы қaзaқ бaспaсөзі тілінің даму тaрихы, олaрдың тілдік ерекшеліктері әр қырынaн зерттеу объектісі болып келді.
Бaспaсөз тілі – жaзба тіл. Қай дәуірде болмaсын мерзімді бaспaсөз өзі қызмет ететін хaлықтың тілін пaйдaлaнады және оның бaйып, дaмып отыруынa әсер-ықпaлын тигізіп те отырaды. Жaлпы халықтық тілдің сөздік қорын, лексикaлық жеке сөздерін ұғынып, өз дәрежесіне сaй қолдaну баспaсөздің тілі болып тaбылaды.
Қазақтың мерзімді баспасөз тілі бірден туып, қалыптасып кеткен жоқ. Оның ешбір негізсіз жасала салмайтыны да белгілі. Мерзімді баспасөз тілінің тууы қазақ тілінде газет, журналдардың алғаш дүниеге келе бастауымен байланысты болса да, одан бұрынғы және сол кездегі жазба тіл, жалпыхалықтық тілдің нормаларынан ауытқып кете қоймайды. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы мерзімді баспасөз тілінде қазіргі тұрғыдан қарағанда жалпы әдеби нормаға жатпайтын кітаби тіл элементтері мен ауызекі сөйлеу тіліне тән болып келетін элизиялық құбылыстардың белгілі дәрежеде орын алып келуі кездейсоқ емес. (Элизия-латын тілінде elision – ысыру, ығыстыру. М, бара алмады –баралмады). Қазақтың мерзімді баспасөзі туғанға дейін жалпыхалықтық тілдің жалпы шеңберін, оның әртүрлі жанрлық ерекшеліктерін көрсете алатын қандай нұсқа-деректер бар десек, оған ең алдымен бай ауыз әдебиетінің нұсқаларын, әр кезеңдегі ақын-жыраулардың шығармаларын, сонда-ақ ортағасырлық «түркі әдеби тілінің» негізгі дәстүрлерін сақтап келген әртүрлі жазба нұсқаларды (шежірелер, ресми іс қағаздары, хаттар т.б.) жатқызуға болар еді. Бір жағынан, осылардың, екінші жағынан, сөйлеу тілінің мерзімді баспасөз тіліне әсері тимеуі мүмкін емес.
Тілді жеке адамдар жасамайды. Тіл бүтін халықтың тарихымен тығыз байланысты тарихи категория. Олай болса, жеке жазушылардың тілі, идеялық бағыты мен «кітаби тіл» деген ұғымдарды шатастырмаған дұрыс.
Кітаби тіл дәстүрі сөз болғанда, көбінесе қазіргі әдеби тіл нормасына сай келмейтін лексикалық, фонетикалық, грамматикалық ауытқулар айтылады. Олардың көбі көненің қалдығы, бөтен тілдердің әсері сияқты тілдік элементтер болып келеді.
Революциядан бұрын жарық көрген жазба нұсқалардың басылымдардың тілінде қолданылған, бірақ қазақ әдеби тіліне сай келе бермейтін құбылыстар, араб, иран тілдерінен кезінде еніп, жалпыхалықтық сипат ала алмаған сөздер, қолданудан шығып бара жатқан көнерген сөздер, көршілес түркі (өзбек, татар т.б.) тілдеріне тән грамматикалық тұлғалар мен тілдік үлгілер кітаби тіл деп анықталып жүр. Ерте дәуірлерге жататын жазба тіліміздің сипаты туралы, әсіресе революциядан бұрын жарық көріп келген кітаптар мен кейбір жазбалар тілі туралы әртүрлі пікір бар. Мысалы, С.Е.Малов ол кітаптар тілін «кітаби мұсылманша-татарша жаргон»десе, академик В.В.Радлов «Революциядан бұрын қазақтардың өз жазба әдеби тілі болған жоқ, ал қазақша жазылған кітаптар тілі «шұбарланған қоспа тіл» деп қарайды. Ғалым Ә.Құрысжанов жоғарыда айтылған пікірлерге сай өз ойын: «Қарапайым халықтың жүрегіне жол тауып, еліктіре түсу мақсатымен молдалар «кітаби тілге»сөйлеу тілінің де жұрнақтарын ендіріп отырған. Оның үстіне татар тілінен, қала берді басқа да түркі тілдерінен талғамсыз келіп қосылған сөздер араласып айтарға «дуалы, естірге» «киелі» қоспа тіл пайда болған» десе, ғалым, әдебиет зерттеушісі Б.Кенжебаев: «Оларды қалың бұқара былай тұрсын қазақтың мұсылманша оқыған сауатты деген адамдарының өзі жөнді ұқпайтын», -деп көрсетеді Тілші-ғалым Р.Сыздықова Бұл тілді толық әдеби тіл деп айтуға кейде бола да бермейтіндігін, онда қазақ тіліне тән тұрақталған нормалардың сақталмағандығын, араб-парсы тілдерінен басқа шағатай, татар тілдерінің үлгілері де жиі кездесіп отыратындығын айта келіп, Абайдан бұрын және Абай дәуірінде тіл құрылысы майданында оның белгілі орын алып келгендігін баса көрсетеді.
Қорыта айтқанда, қазақ даласында революциядан бұрын шыққан шығармаларының тілі кірме тілдермен қатар «орта ғасырлық түркі әдеби тілінде» қазақ тілінің көптеген элементтері бар екендігі де ғылыми түрде дәлелденген.
Күні бүгінге дейін Рабғұзидің «қиссас-үл-Әнбиясы», Бабурдың «Бабурнамасы», Әбілғазының «Шежіре-и-түркиі» т.б. көптеген көне мұралар халық арасына «түрки шығармалар» деген атпен таралып келді. Яғни, бұл шығармаларды түркі тілдес халықтарының барлығы да оқи да түсіне де алады.
Қазақтың мерзімді баспасөз тіліндегі араб, иран тілдерінен енген сөздер дегенде, бұрын кейбір жазба деректерде азын-аулақ қолданылғанмен, әдеби тілге сіңбей қалған, бірақ газет-журналдар ол сияқты тілдік элементтерді керегіне жаратып, әдеби тілге енгізуге тырысқан.
Сондай кірме сөздер мен тұлғалардың көбі белгілі бір кезеңдегі мерзімді баспасөз тілі шеңберінде қалып қойса, кейбірі әдеби тілге еніп, кейінгі жылдардағы баспасөз тілінде де қолданыс тапты. Мерзімді баспасөз беттерінде араб, иран тілдерінен ауысқан ондай кірме сөздер тақырыбы жағынан әр алуан болып келді. Саяси-әлеуметтік өмірге байланысты: низам, жамағат, куә, мүдде, мұрат, мақсұт, арыз, қарар сияқты сөздер, оқу-ағарту, медицина, күнделікті өмірге байланысты: құқық, ұждан, реуіш(тәртіп, рет), матбұғат(ғазет, журнал, баспасөз), ғылым, маслихат, табиб (дәрігер), қираат, нисаап, майдан, мархаба тәржіме сияқты сөздер қолданылған.
Мерзімді бaспасөз тілінің әдеби тілмен бaйланысын сөз еткенде, aлғашқысының дaйын құрылыс мaтериалдарын ғaнa пaйдaлaнып отырaтын енжар құбылыс емес екендігін, сонымен қатар берері де бар, әдеби тілге түрліше әсер етіп отырaтын құбылыс екенін ескерусіз қaлдыруғa болмaйды. Тілдегі өзгерістер сөздік құрaмға жaңа сөздердің енуі күнделікті сөз қолдaнудaн туып отырaды. Бірақ ол жaңалықтaр жеке бір aдaмның қолдануынан бірден әдеби тілге сіңісіп кете бермейді. Ол сөз әдеби тілге сіңіп кету үшін белгілі бір уақыт тілдік қолданыста болып, одан тұрақты орын алуы керек. Осындай сыннан өткеннен кейін ғана ол адамдар арасындағы қарым-қатынаста күнделікті пайдаланыла жүріп, біртіндеп жаңалық болудан қалады. Бұл процесс қоғам дамуының барлық сатыларында жүріп жатады. Өйткені қоғам дамуымен бірге тіл де дамып отырады. Кейінгі кезеңдерде әдеби тілімізден берік орын алып, белгілі қажеттілікті өтеп жүрген тілдік құбылыстардың көбі әуел баста мерзімді баспасөзде қолданыс тауып, қалыптасып, нормаланып барып, әдеби тілге еніп отыр. Ондай тілдік элементтер де, тіпті, үлгілер де қазіргі әдеби тілімізде аз емес.
Әр газеттің өз стилі, тілі болады. Стиль – автордың өзі. Стиль- дарындылыққа, табиғи талантқа байланысты. Тіл, стиль туралы А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Қ.Жұмалиев, С.Аманжолов, Т.Амандосов, Т.Қожакеев, П.Г.Пустовойт, Э.Д.Розенталь, А.Блок, М.Балақаев, Р.Сыздықова т.б. ғалымдардың пікірлері мен анықтамаларында (еңбектерінде) толық берілген.
Зерттеушілердің көбі стильді екі түрлі ұғымда қарастырады: тілдік стиль, сөйлеу стилі. Осымен байланысты тілдің қоғамдық өмірде қолданылу шеңберінің түріне қарап, зерттеушілердің көбі жазба тіл – жазба стиль және сөйлеу тіл – сөйлеу стилі немесе кітаби жазба стиль және ауызекі сөйлеу стилі деп те бөлінеді.
Қай халықты алсақ та, күнделікті сөйлеу тілінде сөздік қорын әр кез толық пайдалана бермейді. Сол сияқты шеттен енген жекелеген сөздер мен грамматикалық формалар да жалпы халықтық сипат ала алмай, белгілі мақсатқа көбіне жазба әдебиет тілінде ғана қолданылады. Кейде тілде олардың басқа варианттары да қалыптасады.
Осындай сөздік құрамның ауызекі тілде бірсыпырасының қолданылмай, тек әртүрлі жанрдағы жазба тілде кездесуі сол тілде сөйлейтін халықтың сол сөздерге, грамматикалық тұлғаларға түсінбеуінде ғана емес, сөйлеу тілінде ондай тілдік бөлшектерінің оншалықты қажет болмай, соңғылардың жұмсалу қабілеті, қолданылу бағыты басқаша екендігінде. Міне, осындай сөздер мен грамматикалық бөлшектер «кітаби тіл» деп аталады.
Жалпы баспасөз тілінің мәдениетін арттыру мәселесіне айрықша талап қойылып, жазба жұмыстарының лексикалық және грамматикалық жағынан дұрыс болуымен қатар, тілдік, стильдік жағынан да сауатты болуы қажет.
Бүгінгі баспасөз жаһандануға бейімделе бастады, яғни бұрынғыдай ұран салып, жақсылықты ғана айтудан гөрі шындықты боямасыз жеткізуге, оқырманның пікірімен санасуға бет бұрды. Осылайша сөз бостандығы өмірге еркін енді.
Аз ғана өмір сүруіне қарамастан, баспасөз саласы, әсіресе, «Айқап» журналы қазақтың жазба әдеби тілін, оның жақсы дәстүрлерін әрі қарай дамытуда, жалпы халықтық тілдің кейбір стильдік тармақтарын қалыптастыруда, оның терминологиялық лексикасын жасауда орасан зор қызмет атқарды. Орыс пен қазақ халықтарының арасындағы байланыс, қарым-қатынас, сондай-ақ, сөз ауысу процесі сонау ерте замандардан бастау алғаны анық. Орыс тілінен көптеген сөздер бір жағынан тікелей қарым-қатынас нәтижесінде ауызекі сөйлеу арқылы үнемі еніп жатса, екінші жағынан жазба тілі де көптеп қолданылып отырды. Мысалы, оқу-ағарту құралдары, ғылым мен техника, мәдениет істеріне байланысты: студент, школ, микроскоп, доктор, музыка, газет, журнал, электр , т.б. Әкімшілік, ел басқару ісіне байланысты : облыс, член, комиссия, министр, советник, начальник , т.б. Сонымен қатар, статья, председатель, комиссия, доход сөздерінің де сөйлеу тіліндегі қолданысынан гөрі ресми мәні сақталған. Орыс тілінен енген сөздердің фонетика-грамматикалық тұлғасы біркелкі болып келе бермейді. Кейбір орыс сөздері қазақтың сөйлеу тіліндегі түр-тұлғасында, яғни түпнұсқа қалпынан біршама фонетикалық өзгешеліктерде қолданылған . Бұған: тауар, камесие, ыстатие, бөтелке, бөшке, күрешке, кәлөш, кәртішке, кілөнке, өтек, ләмпішке, панар, пәнер, пәртпел, рөмке, сарапан, тәрелке, шәпке, шәшке, шамадан, шәйнек, ішкәп, үнқағаз, үнжария секілді т.б. көптеген сөздер дәлел. Қоғамдық пікірдің айнасы саналатын баспасөз қазақ тіліне енген көптеген кірме сөздерді ұлттық ұғыммен беруге талыпынып келеді. Зауыт, тауар сөздері еуропалық «в» дыбысынан құтылу салдарынан емес, табиғи айтылу тұрғысында қалыптасқан. Зауыт, фабрика алғашқы қазақ жұмысшылары, патшалы Ресей заманындағылар айтқан сөздер. Ал тауар сөзінің тегі өзіміздікі екені белгілі. Біз, бүгінгі буын тек соларды еске қайыра түсіріп отырмыз . Минөт, нөмір, сөтке, сөмке, үстел, шопыр, шенеунік дегендей бірқатар сөздер де ауызша қолданыс аясында жүріп барып, жазбашаға орнықты. ХХ ғасырдың бас кезі қазақ елі үшін рухани оянуға жетелеген сәт еді. Осы кезеңде болған алуан түрлі әлеуметтік-саяси өзгерістер қоғамдық өмірде көптеген жаңалықтар алып келді. Халықтың сана-сезімі оянып арта түсуімен байланысты баспа ісі де ілгері дамыды. Ол процесс қазақтың баспасөз тарихынан анық аңғарылады. Тілдің қоғам өмірінде адамдармен өзара пікірлесу, түсінісу қызметін атқаратындығы белгілі.. Сондықтан тілді оймен байланысты өткір құрал ретінде жұмсай білу үшін оның даму заңдылығына, қазіргі жағдайына, байлығына, негізгі қағидаларына қанық болу керек. Сол себепті баспасөз тілінің қалыптасу, даму процесін толық әрі жан-жақты талдау барысында сол тілдің лексикалық құрамы мен сөз тудыру процесіндегі грамматикалық құрылысының дамуы сияқты баспасөз тілінен белгілі орын алып келген немесе онымен тікелей қатысы болып отыратын басты-басты мәселелерді сырт қалдыруға болмайды. Еліміз егемендік алып, «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» жаңа заң қабылданғаннан кейін, қазақ басылымдары қайта түлеп, тың тақырып игеріп, соны соқпақтарға түсті. Газет тілі мен стиліне жете мән берілді. Аудитория сұранысын қанағаттандыруға көп көңіл бөлінді. Қазақ тілінің дыбыстары мен грамматикалық құрылысы нақтыланды, сөз байлығы зерттеліп, ол әдеби тіл ретінде толысты. Дегенмен оны рухани мәдениеттің мағыналық белгісі ретінде ажыратып тану әлі де көп зерттеуді керек етеді.
Тұжырымдар немесе дәрісті бекіту сұрақтары:
Тапсырма: