Қазіргі таңда қоғам сұраныстарына сәйкес мектепке дейінгі білім беру жүйесіне инновациялық технологияларды енгізу, уақыт талаптарына сай құру көкейкесті мәселенің бірі. Осыған орай, мектепке дейінгі білім беруді инновациялық тұрғыдан қарау, озық тәжірибелер мен идеяларды насихаттау қажеттілігі туып отыр. Мектепке дейінгі ұйымдар білім беру жүйесінің басқа да институттары секілді белгілі бір қоғамның, қоғамдық қарым-қатынас жүйесінің негізінде өз қызметін атқарады, сондықтан да олардың жалпы жағдайы, орны көбіне сыртқы факторлардың әсерінен, қоршаған әлеуметтік ортамен қарым-қатынасының кейіпімен анықталады.

Елімізде соңғы онжылдықта ғылым мен техниканың қарқынды дамуы және әлеуметтік экономикалық өзгерістер жас ұрпақ тәрбиелеуге жаңаша көзқараспен қарауды талап етуде.

Қазақстан Республикасының «Білім беру туралы» Заңында білім беру жүйесінің міндеттерінің бірі ретінде оқытудың жаңа технологияларын енгізу туралы айтылған. Балабақшадағы оқу - білім беруге арналған инновациялық қызмет. Ол мектепке дейінгі ұйымдары педагогтарының кәсіби дамуының ең басты факторы болып отыр.

Бүгінде балабақшалар мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие беру жүйесіндегі алдыңғы қатарлы мамандардың әр түрлі жаңашыл идеялары мен жобаларын тәжірибеге ендіруде. Міне, осы тұста балабақшаларда педагогикалық жаңа технологиялардың мектепке даярлау білім беру үдерісіне енгізу деңгейінің таяздығы аралығындағы балаларды мектепке даярлаудың бүгінгі өмір талабына сай ұйымдастыру қажеттілігілігі мен оның ғылыми-педагогикалық негіздері, мазмұндары және оны ұйымдастырудың ғылыми-әдістемелік жүйесінің толықсыздығы аралықтарында қарама-қайшылықтар туындап отыр. Бұл қайшылықтардың шешімін табу үшін педагог-мамандардың алдында мектеп жасына дейінгі балаларды жан-жақты тәрбиелеуге ықпал ететін, қазіргі кезеңдегі мектепке дейінгі ұйымдардың мақсаты мен міндеттерін толыққанды шеше алатын педагогикалық технологияларды таңдау мәселесі тұр.

Мектепке дейінгі педагогикада адамзаттың сұранысынан қалмауға, оқыту және тәрбиелеудің қиыншылығы мен қарама-қайшылықтарын алдын-ала болжауға тырысып бағуда. Қоғамдық қызығулар мен қажеттіліктер әлеуметтік тапсырысты (сұранысты) қалыптастырады. Мектеп жасына дейінгі балалардың мектепке даярлығын қалыптастыру мәселесін зерттей отырып Б.П. Никитин мектептерді мектепке дейінгі ұйымдар жүйесінде балаларды мектепке даярлау деңгейі қанағаттандырар еді, бірақ жаңа инновациялық мектептердің пайда болуы мектепке даярлық деңгейіне танымдық белсенділігі, ойлау креативтілігі, әр түрлі іс-әрекеттердегі мәселелерді өз бетінше шешу дағдылары сияқты талаптар қоя бастады. Бұл өз кезегінде мектепке дейінгі ұйымдардағы білім беру үдерісінің мазмұны мен технологияларының өзгеруін талап етеді.

КСРО-ның құлдырауынан соң Қазақстан өз халқының ұлттық-мәдени сұранысы мен қажеттілігін, даму ерекшеліктерін есепке ала отырып білім беру мәселелерін еркін шешуге мүмкіндік алды. Мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысы қазақстандық авторлармен әзірленген базистік оқу жоспары және балабақшада оқыту мен тәрбиелеудің типтік бағдарламасы негізінде жүргізілді, мектепке дейінгі білімнің бекітілген жалпыға міндетті стандарттары жасалды.

Мектепке дейінгі білім беру жүйесін реформалаудың демократияландыру және ізгілендіру ұстанымдары оқыту мен тәрбиелеудің әдістемелік жүйесінің (оқыту және тәрбиелеу мақсатының, мазмұнының, әдістерінің, формалары мен құралдарының) біртұтас және жүйелік өзгеруін көздейді. Осындай мазмұнды әдістемелік жаңартудың негізінде дәстүрлі «үйретуші» балабақшаның орнына шығармашылық пен жасампаздыққа негізделген (констуртивті) жаңа мектепке дейінгі ұйым моделі өмірге енуі тиісті.

Білім мазмұнын қалыптастырудың осындай жаңа жолдарын қолдану нәтижесінде балаларды мектепке даярлауды жеделдету мен оңтайландыруға әкелетін оқыту мазмұны мен әдістерінің үйлесімділігі артып, оқытудың тиімділігі күшейеді.

Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі инновациялық даму тұжырымдамасында былай деп көрсетілген: «орнықты инновациялық даму үшін білім беру, кәсіптік оқыту жүйесінде және қазақстандық кадрлардың құзыреттілігін өсіруде құрылымдық реформалар жүргізіледі. Бұл реформалар адамды үздіксіз оқытуды ынталандыратын және қоғамның инновациялық мәдениетін қалыптастыратын орта құруға мүмкіндік береді. Мемлекет білім беру, ғылым, кәсіптік оқыту және инноватордың жағымды имиджін қалыптастыру арқылы инновациялық ойлауды қалыптастыруды ынталандырады». Сонда, үздіксіз білім беру үдерісінде, әлеуметтік институттарда, оның ішінде мектепке дейінгі ұйымның оқыту және тәрбие беру жүйесін жаңартудың ерекше маңызы, мәні келесі ұғымдардың мазмұнын ашуда болып отыр .

«Педагогикалық технология» - тәжірибеде жүзеге асатын педагогикалық жүйенің жобасы. Ал, педагогикалық жүйе - тұлғаны ұйымдастыруға бағытталған белгілі бір мақсатқа жету жолындағы арнайы педагогикалық ықпалды ұйымдастыруға қажетті өлшем, байланысқан әдістердің, құралдардың жиынтығы.

С.А. Смирнов бойынша педагогикалық технология дегеніміз - оқытуды ұйымдастырудың «әдістемесі» немесе «формасы» ұғымдарының синонимі ретінде (бақылау жұмысын жазу технологиясы, қарым-қатынас технологиясы, т.б.).

С.Сполдинг пікірінше, педагогикалық технология - мақсаттар қою, оқу жоспары мен оқу бағдарламасын үнемі жақсартдың, педогогикалық жүйелерді бүтіндей бағалаудың және ол жүйелердің тиімділігі жөніндегі жаңа ақпарат туындауына байланысты жаңа мақсаттар қоюдың тұтас үдерісі.

В.Ю. Питюков бойынша, педагогикалық технология - баланың қоршаған ортамен ұйымдастырылған қарым-қатынасы.

Б.Т. Лихачев бойынша, педагогикалық технология - оқу үдерісіне белгілі бір мақсатты көздеп әсер ететін педагогикалық ықпал. Ал, М.Клариннің ойынша педагогикалық технология - бұл педагогикалық мақсатқа қол жеткізу жолындағы қолданылатын барлық қисынды ілім амалдары мен әдіснамалық құралдарының жүйелі жиынтығы және жұмыс жасау реті.

В.П. Беспалько бойынша, педагогикалық технология - тәжірбиеде жүзеге асырылатын белгілі бір педагогикалық жүйенің жобасы, ал педагогикалық жағдайларға сай қолданылатын әдіс-тәсілдер оның құрамды бөлігі ғана.

М.А. Чошановтың пікірінше, педагогикалық технологиялар - дидактикалық жүйенің құрамдас, процессуалдық бөлігі, ал В.Монахов педагогикалық технологиялар - оқыту үдерісін жобалау, ұйымдастыру және өткізудің ойластырылған моделі, деген анықтамалар берілген.

Г.К. Селевко педагогикалық технологияны анықтай отырып оның негізгі құрылымын атап көрсетеді: а) ғылыми негізі; ә) процессуалды сипаттау бөлімі б) әрекеттілік (процессуалдық) бөлімі.

Сонымен қатар Г.К. Селевко педагогикалық технологияларды мәнділігіне, қолданылуына, ұйымдастырылуына қарай төмендегідей топтарға бөледі:

Энциклопедиялық сөздіктерде «инновация» - бұл жаңаша білім беру деп түсіндіріледі.

«Инновация» ұғымы алғаш XIX ғасырда мәдениеттанушылардың зерттеуінен пайда болды, яғни, бір мәдениет түрлерін екінші ел мәдениетіне енгізу дегенді білдіреді және бұл ұғым этнографияда әлі күнге дейін сақталған. Кейбір мемлекеттерде (АҚШ, Нидерланды) бұл термин кең тараған. Ал, Арабия, Жапония тәріздес мемлекеттерде кезіктіру мүмкін емес. Сондықтан әр елде бұл құбылысқа қандай көзқарас қалыптасқанын анықтау мақсатымен ғылыми-педагогикалық, техникалық, саяси әдебиеттер мен мерзімдік баспа беттерін зерттей келе, шет елдерде, Ресейде, Қазақстанда «инновация» ұғымына көптеген анықтамалар берілгенін көреміз.

Ресейде «инновация» ұғымына өте күдікпен қарағаны мәлім. Мәселен, XIX-XX ғасырдың басындағы бірде-бір білім реформаларында бұл термин кездеспейді. Негізінде реформа жүзеге асқан, яғни, инновациялық үдеріс өткен, бірақ инновация термині еш жерде аталмайды. Ал Америка ғалымдары Биль және Болен педагогикалық инновацияны «Құрамына материалдық өзгеруіне ғана емес, сол материалды қолданудағы көзқарастардың кешенді өзгеруін білдіретін үлкен өзгеріс» деп түсінеді.

С.И. Ожеговтың сөздігінде «инновация» ұғымына келесі анықтамалар берілген 1) «жаңа» шыққан немесе жасалған, жақында пайда болған, бұрынғының орнын басатын, алғаш ашылған жаңалық; 2) бұрыннан таныс емес, беймәлім енгізілген жаңалық.

Л.Е. Румянцева өз зерттеуінде «жаңа» ұғымының екі типін атап көрсетті: 1) алғаш жасалған, жаңа, бұл жаңалық ашу, жаңаның араласуы, 2) екеуі қосылып бұрынғы білімді толықтырады, нақтылайды.

М.Әдинов бойынша, инновация ол адамның өмірі мен қызметінің кез келген саласында, нарықта бұрыннан бар қажеттіліктерді қанағаттандыруға немесе жаңа қажеттеліктерді тудыруға септігін тигізетін және экономикалық пайда келтіретін жаңа идеяны іске асырудың нәтижесі.

Т.И. Шамова мен П.И.Третьякованың еңбектерінде «инновация» дегеніміз - жаңа мазмұнды ұйымдастыру, ал жаңалық енгізу дегеніміз - тек қана жаңалық енгізу, қалыптастыру, яғни, инновация үдерісі мазмұнды дамытуды, жаңаны ұйымдастыруды, қалыптастыруды анықтайды, ал «жаңаша» деп жаңаның мазмұны, оны енгізудің әдіс-тәсілі мен технологиясын қамтитын құбылысты түсінеміз» делінген.

Ал А.И. Кочетов «инновация» ұғымына мынадай анықтама береді: көрсетілген деңгейге жетелеуді қамтамасыз ететін теориялық, технологиялық және педагогикалық іс-әрекеттің біртұтас бағдарламасы.

И.В. Кваша мен С.В. Латинаның пікірлері бойынша «инновация» - бұл жаңа үлгілердің бағытындағы нақты әрекет, мөлшердің шегінен шығатын кәсіптік іс-әрекеттің жаңа сапалы деңгейге көтерілуі болып табылады. Инновациялық құбылыстар білім беру саласында өткен ғасырдың 80 жылдары кеңінен тарала бастады. Әдетте инновация бірнеше өзекті мәселелердің түйіскен жерінде пайда болады да, берік түрде жаңа мақсатты шешуге бағытталады, педагогикалық құбылысты үздіксіз жаңғыртуға жетелейді.

Қазақстанда «инновация» ұғымын пайдалануды қазақ тілінде анықтаған ғалым, профессор Немеребай Нұрахметов болған. Ол: «инновация, инновациялық үдеріс деп отырғанымыз білім беру мекемелерінің жаңалықтар жасау, меңгеру, қолдану және таратуға байланысты бір бөлек қызметі» - деген анықтаманы ұсынады. Инновация мәселелерімен айналысып жүрген бірқатар ғалымдардың Д.М. Жүсібалиева, Б.Ә. Әбдікәрімұлы, М.С. Мәлібекова, Г.Қ. Нұрғалиева, Қ. Қабдықайырұлы, Ж.А. Қараев, Ш.Т. Таубаева т.б. еңбектерін, берген анықтамаларын қарастырып, талдай келе бұл ұғым белгілі уақыт арасында жаңашыл идеяны қайта қарау, жаңалау дегенді білдіреді деп тұжырымдаған.

Әдіскер С.А. Көшімбетова өзінің зерттеуінде оқу-тәрбие үдерісінде оқытудың инновациялық әдіс-тәсілдерін қолданудың мынадай ерекшеліктерін атап көрсеткен:

В.И. Ядэшко және Ф.А. Сохина педагогикалық қызмет педагогикалық технологиялардың негізінде құрылған төмендегі арнайы принциптермен құрылады деп көрсетті:

Педагогикалық такт - бұл педагогикалық қызметті іске асыру принципі ретінде анық және түсінікті, ол кез келген педагогикалық қарым қатынаста қақтығыстан шығу немесе оны болдырмау жағдайында маңызды шарт болып табылады. Бұл педагогтың кәсіби қызметінің, мінез-құлықтарының шарасы; педагог-тәрбиеленуші, педагог-ұжым арасында дұрыс қарым-қатынас құрудың маңызды шарты; өзара әрекеттесу және ықпал ету құралдарын, формаларын, әдістерін қолдану мен таңдау шарасы болып табылады.

Тәрбиеленуші тұлғасын құрметтеу және талапқа үйлесімділік принципі - бұл жалпы педагогика принципі болып табылады. Тұлғалық-бағдарланған және гуманды педагогикалық қызмет, алдымен әрбір тұлғанының бірегейлігін және қайталанбастығын құрметтеуге бағытталған. Бірақ, тұлғаны құрметтей отырып, оның өзіндік дамуы мен өзін-өзі жетілдіруде жоғары деңгейге жеткізуге көмектесетін әлдеқайда жоғары талаптар қояды.

Ұжымның даму деңгейін ескеру принципі - бұл қалыптасқан адамгершілік нормалар мен құндылықтардың әр түрлі деңгейінде болады. Балалар ұжымы оның дамуының бастапқы кезеңінде болады, ал тәрбиеші оларға қалыптасқан ұжым ретінде сүйенеді. Нәтижесі - педагогикалық қызметтің тиімсіздігі, қақтығыс және өзара түсінбеушілік. Кез келген адамгершілік нормалар мен құндылықтарға сәйкес жеке тұлғамен сонымен қатар ұжыммен ұзақ, тынымсыз жұмысты қажет етеді.

Ал, «Нұр Болашақ» мектепке дейінгі ұйымдар одағының авторлар ұжымы педагогикалық технологияның негізгі критерийлерін төмендегідей көрсетті:

Тұжырымдамалық критерий - білім беру мақсаттарына қол жеткізуді философиялық, психологиялық, дидактикалық және әлеуметтік-педагогикалық негіздеуден құралатын белгілі бір ғылыми тұжырымдамаға сүйенеді.

Жүйелілік критерий - технология жүйенің барлық белгілеріне ие болуы тиіс: логикалық үдеріс; оның бөлімдерімен өзара байланысы; тұтастығы.

Басқарушылық критерий - нәтижелелерді түзету мақсатында диагностикалық мақсатты болжау, оқу үдерісін жоспарлау мен жобалу, кезеңдер бойынша диагностикалау, құралдар мен әдістерді түрлендірудің мүмкіндігі.

Тиімділік критерий - нақты бір жағдайда қолданылатын педагогикалық технологиялардың нәтижелер бойынша тиімді және шығындар бойынша оңтайлы болуы, белгілі бір оқу стандартының жетістікке жетуіне кепілдік беруі тиіс.

Жаңғыртушылық критерий - білім беру ұйымдарында білім беру технологияларын қолдану мүмкіндігі (қайталау, жаңғырту), яғни (технология педагогикалық аспап ретінде тәжірибесіне, еңбек өтіліне, жас ерекшелігіне және жеке қасиеттеріне қарамай, оны пайдаланатын кез келген педагогтың қолында тиімді болуына кепілдік берілуі тиіс).