Қазақ әдебиеті тарихында роман жанрының қалыптасуы ХХ ғасырдың басындағы Патшалық Ресейдің ықпалындағы қазақ қоғамымен байланысты. Еуропалық ұлт «өнер, білім бар жұрт» ретінде қазақ даласына миссионерлік көзқараспен қоса, жаңа леп әкелді. Мұсылманшадан хабары бар алаш жұрты, еуропалық іліммен тыныстай бастады. «Қараңғы қазақ көгіне өмелеп шығып күн болуды» мақсат тұтқан, оқыған, зиялы азаматтарының алғашқы легі бүгінгі классикалық қазақ әдебиетінің қалыптасуы жолында аянбай еңбек етті.
Бүгінде қазақтың алғашқы романы деп жарыстыра айтып жүрген Спандияр Көбеевтің «Қалың малы», Міржақып Дулатовтың «Бақытсыз Жамалы», Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелігі», Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қамар сұлуы» роман жанрының қалыптасуының алғышарты іспетті. Алғашқы роман хақын иеленген бұл туындылардың көтерген жүгі де ауыр. Себебі алғашқы болып роман жанрының іргетасын қалау, жанр табиғатын мойындату, адам психологиясын түйсінсу сынды қадамдар жасады. А. Байтұрсыновша айтар болсақ «ұлы әңгіменің» үдесінен шыққан шығармалардың жалғасы «Ж. Аймауытов, С.Сейфуллин, Б. Майлин, І. Жансүгіров қаламымен ұшталып, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин талантымен биікке көтерілсе, Ғ. Сланов, Х. Есенжанов, З. Шашкин, І. Есенберлин, Т. Ахтанов, Ә. Нұрпейісов, Б. Соқпақбаев, С. Жүнісов, Р. Тоқтаров, Қ. Ысқақов, Ә. Тарази, Ә. Кекілбаев, М. Мағауин, Қ. Жұмаділов, Д. Досжанов С. Сматаев еңбектерімен кең өріске шықты.» . Көп деп таңдай қағудан, аз деп азырқана қараудан аулақпыз. Біздің айтпағымыз жүз жыл аясында қазақ романының көкжиегіне керемет шығармаларымен сәуле шашқан біртуар қаламгерлеріміздің туындылары оқырманына, келесі буын жадына сара жол салуы.
Оқырман ретінде көркем шығармаға көз тіге отырып, көркем тарихымызға, өткен өміріміздің көркем келбетіне, тарихи тұлғаларымызға байланысты ойымызды олжаға толтырдық, санамызды саф алтынмен қаптадық. Сондағы роман қандай жүк көтерді, нені аңсап, нені нысана етті? – деген сауалдардың туатындығы заңдылық.
Романның өн бойында бір ғана жаратылыс иесі өмір сүреді. Ол – ғұмырын күреске толы күндермен өткізген, бірі биікті аңсаған, бірі билікті аңсаған, екіншісі адамзатқа ортақ саналы сезім жолында жандарын қатерге тігіп, көзсіз ерлікке барғандар, ал үшіншісі адамдық межеден түспес үшін адалдықты жанына серік еткендер мен пешенесін пенделіктің пиғылымен лайлаған адамдар тобы. Жер Ана төсінде адамға төтеп беретін адам ғана екендігі, адам үшін құпия адамзат әлемі болып қалатыны жаратылыс қалыптастырған аксиома. Гоголше айтар болсақ, адамның жаны мен жүрегіндегі көзге ілінбес көп иірімдерді тану, табу және жазу қиынның қиыны. Оған екі немесе одан да көп адамдар арасындағы қарым-қатынас пен қақтығысты қосыңыз. Адамзат өмір сүрген қоғамда күрес пен әрекет міндетті түрде болады. Тіпті, бір ғана кейіпкерді адам өмір сүрмейтін аралға апарып қалдырсақ та өмір үшін күрестің, тіршілік үшін әрекеттің толастамасы хақ. Мәселен, Даниель Дефоның «Робинзон Крузосы». Ендеше күрес пен әрекетке толы адамзат өмірі романның көтерер жүгі, ал күрес пен әрекет «романның жүрегі» болып қалмақ. Ал оның салмағының асыл тастай ауыр болу-болмауы жазушының қаламының қуатына, кейіпкер болмысын сомдауына жүгінеді.
Екіншіден, біз сөз ететін романды айтпағанда әдебиеттің «обьектісі – өмір, предметі адам екені» әдебиеттану ғылымында айтылып келе жатқан тұжырым. Романмен қоса әдебиеттің барлық жанрының арқауы «адам, адамның әсемдігі мен асылдығы жөнінде, адам рухының керемет күші мен қасиеті жайлы» болмақ. «Адам тағдыры - жазушы үшін шығарма арқауы ғана емес, өмірді танудың өзгеше тәсілі» де, себебі шығарама кейіпкерлері, олардың өмір сүру дағдысы, ұлы мұрат-аңсарлары, психологиялық мінезқұлқы оқырманын қызықтырмай қоймайды. Шынымен де, әлем әдебиетінің кез-келген үздік туындыларын алсақ, адамзат еншісіне жазылған рухани әлемге, құдылықтарға саяхат жасататыны анық. Сондықтан әдеби жанр қатарындағы роман - эстетикалық ғылым, образды философия, көркем психология ретінде адам өмірін нысана ете отырып көркем шындыққа беттейді. Бұл арнаның күрделілігі «өмір дағдысы да, адамдар қасиеті де әралуан болғандығында» және оқиға, құбылыстың бір жағын ғана емес, әр қабатын, түрлі әсер көріністерді салыстыра топшылауында. Көркем прозаның қуаты санаға сан ғасыр бұрын тарих қойнауына кеткен оқиғаны иесімен, иесін ортасымен, ортасын қоғамымен, қоғамын дәуірімен табыстырып, көз алдымызға әкеледі. Шығармадағы мінез-құлық, сезім, парасат – пайымдар да оқырман әлеуетіне жат емес. «Жақсы шығарма – тірі организм. Ол да аты-жөні, туған жері, мінез-құлқы бар адам тәрізді» екендігін шоқтығы биік шығармалар дәлелдеп келеді. Бұл өнер туындысы ретінде ақыл жетімдігі мен сезім мүгедектігінен емес, адам бойындағы асыл қасиеттер мен сұлу сипаттардан түзілетіндігінде. «Абай жолын» Абайдың тұлғалық әлеуетінсіз елестетудің өзі қиын. Романға жан бітірген асылын да, роман ретіндегі сұлу мүсінін де Абай образынан іздейтініміз анық.
Адамзатқа тән биіктікке қаламынан туған қарымды шығармалар арқылы жан бітірген әлемдік деңгейдегі прозаиктердің есімі де жыл өткен сайын жаңаша көқараспен айшықталуда. Францияның Стендалі мен Бальзагі, ағылшындардың Скоты мен Диккенсі, американдықтардың Марк Твені мен Джек Лондоны, орыстардың Толстойы мен Тургеновы, қазақтың Әуезові мен қырғыздың Айтматовы әлемдік романшыларға үлгі болған, ауызға жиі алынатын есімдер қатарынан.
Әлем әдебиетінде роман деген атаумен танылып, талай дарындардың есімін алтын әріппен жазуға себеп болған жанрды тану да жалпыадамзаттық межеде. Әдебиет тарихында роман жанрының қалыптасуын ортағасырлық роман тілінде жазылған шығармалармен байланыстырса, кейіннен бұл эпикалық түр ретінде жанрдың формасына айналды. Романның жанр ретіндегі тууы мен қалыптасуы оның теориялық мәселелеріне де қозғау салады. Ендеше романға байланысты ғылыми тұжырымдардың әдебиеттану ғылымындағы пайда болуын орта ғасырлық әдеби туындыларға баға берген алғашқы еңбектерден кездестіруіміз заңдылық. Орыс әдебиеттануында ХІХ ғасырдың өзінде әдебиеттегі жанр мәсселесіне, оның ішінде роман жанрына байланысты ғылыми негіздегі толымды көзқарастарды жиі ұщырататынымызды ғалымдар тілге тиек етеді. Әлемдік әдебиеттану ғылымында ХІХ ғасырдың өзінде М.М. Бахтин « ...роман – қалыптасу үстіндегі, әлі дайын емес бірден-бір жанр. Жанр құраушы күштер біздің көз алдымызда әрекет етуде...» - десе, ХХ ғасырдың басында-ақ А.Байтұрсынұлы «тұрмыс сарынын түптеп, терең қарап әңгімелеп, түгел түрде суреттеп көрсететін шығармаларды айтамыз» - дей келе, «Ұлы әңгімеге жан беретін адамның ісі болғандықтан, мінезіне кейіп беретін тәрбие болғандықтан, ол істері біріне-бірі ұласып, біріне бірі оралып, байланысып жатқандықтан, осының бәрін суреттеп шығу оңай емес» екендігін ескертеді. Бұл роман жанрына байланысты айтылған қазақ әдебиеттануындағы алғашқы ғылыми таным. Ал өткен ғасырдың екінші ширегінде орыс әдебиеттануында «роман – қоғамдық өмір мен жеке адамзаттық мүддені бірбірін шектемейтін, жоққа шығармайтын» Кейіннен М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Жұмалиев Е.Ысмайыловтар жанр табиғатын ашуда өзіндік ғылыми қолтаңбаларын қалдырды. Қазіргі таңда еуропалық және қазақ әдебиеттануындағы романға байланысты теориялар негізінде романға « ... әдеби шығармаға арқау болған адам мен қоғам тіршілігін мейілінше кең қамтып, алуан-алуан даму кезеңдерімен тұтас жүйелеп, толассыз қимылқозғалыс қалпында жан-жақты жинақтайды. Адам мен қоғам өмірінің қандай ақиқаты болсын мұнда бүкіл тамыр тереңімен қопарыла көрсетіледі де, оқырманның көз алдына өзгеше бір әлем, бүтін бір тіршілік дүниесі пайда болады» деген анықтама берілді.
Романға ден қойғанда тақырып пен идея, көркем шындық, кейіпкер және т.б. түсініктердің алдымыздан шығары анық. Бұлар романның дерексіз сұлбасы іспетті. Зерттеуші ретінде аталған ұғымдарды түйсінбей романға жанр ретінде қарап, жазушының шығармашылығына баға беру әбестік болар. Әдебиеттану ғылымында А. Байтұрсынұлы бастаған көшті абыроймен алып жүрген ғалым З.Қабдолов еңбектерінде аталған түсініктерге қатысты теориялық ілім жасалынған дей аламыз. Мәселен, «тақырып – жазушы суреттеп отырған өмір құбылысы болса, идея – жазушының өзі суреттеп отырған өмір құбылысы туралы айтқысы келген ойы, сол өмір құбылысына берген бағасы» – десек, ХХ ғасыр басында туған романда суреттелген құбылыс – қазақ қоғамындағы әйел тағдыры тақырып болса, идея - қараңғы қоғам заңдылығынан құтылудың амалы, күресу жолдары. Ал кеңестік қоғамда тақырып та, идеяда сол қоғам үшін қызмет етті. Кеңестік дәуірде кезкелген автордың қаламынан туған шығармалардан осыны аңғарамыз. Бұл қателік емес. Себебі жер шарының кез-келген нүктесінде «роман жанры – бір жағы идеологиялық айбынды қару» ретінде пайдаланылған. Оның үстіне сталиндік саясат саптыаяққа ас құйып, сабына қарауыл қоятын қоғамды қолдан жасағанын білеміз. Сонда да тағдырының салған тұсауына көнбеген асау жүректі жазушыларымыздың ұлы мұраттары тарихымыздың тереңінен сыр тартып, тәуелсіздікке деген ұмтылысымызды қуаттағаны хақ. Тарихи тақырыптарға жол тарқан тарихи романдарымызың түпкі идеясы сараптал саналы, ұлтжанды ұлт перзенттерінің жұдырықтай жүрегіне ұялаған еді. Тәуелсіздік таңы атқалы бұл идеяның тамыры тереңге бойлап, тәуелсіздік тақырыбының томағасы шешілгендей, мәңгілікпен сабақтасқандай.
Әдебиет арнасындағы кез-келген жанрдың арқауы – шындық. Романның негізгі нысаны – көркем шындық. «Реалистік, тарихи, психологиялық, ғұмырнамалық, мемуарлық, саяси, деректі, фантазтикалық шытырман оқиғалы, эпикалық, драмалық, лирикалы, роман-эссе, романдерек, роман-дилогия, роман-трилогия, роман-хроника, цикл роман» т.б роман салаларының қай-қайсысы да көркем шындықтан алшақтап кете алмайды.
Романның өн бойына жан бітіретін «кейіпкер» жазушының да, оқырманның да негізгі нысаны болып табылады. Себебі шығармадағы кейіпкер санының көптігі емес, әр кейіпкердің тұлғалық әлеуетінің толыққанды сомдалуы бірінші кезекте тұрады. Оқырманын сүйсінтетін де, жирендіретін де, өмірге құштарлығын арттырып, әсерлі сезімдерге баурайтын да, адамзаттық аңсардан туған адамгершілік қасиеттерге жетелейтін де, жақсы мен жаманның парқын аңдауға мүмкіншілік туғызатын да іс-әрекет иесі кейіпкер болып табылмақ. «Абай жолын» немесе «Қан мен терді» оқығанда Абай бойындағы адамшылыққа, Еламан мен Кәлендегі қайсарлыққа, Сүйеу шалдың болмысына, Құнанбай, Тәкежан, Тәңірберген бойындағы қаталдыққа, айналасындағылардың адалдығы мен достығына, сатқындығы мен екіжүзділігіне т.б. психологиялық сипаттарына куә боламыз. Бұл нағыз таланттар туғызған қайталанбас образдар. Ал талант табиғатын З.Қабдолов айтқандай «нәзік сезімталдық», «бақылау», «қиял», «интуиция», «өмірбаян», «парасат», «шеберлік» сияқты ерекшеліктер толықтырмақ. Романның өн бойында кейіпкердің іс-әрекетсіз болмайтыны сияқты іс-әрекеттің кейіпкерсіз болмайтыны заңдылық. Кейіпкер болмысын, тұлғалық әлеуетін нәзік сезімталдықпен бақыласа, кейіпкер өмір сүрген кезеңді интуиция мен қиялға ерік бере отырып суреттесе, кейіпкер өмірбаянын парасат пайымынан өткізсе, шынайы шеберлікке жол ашса шығарманың толыққанды болары хақ.
Әр дәуір өз қаһарманын туғызады, өз кейіпкерін сомдайды. Кейіпкер туралы пікірлердің де әрқилы болуы да сондықтан. Солардың біразына тоқталайық. «Әдеби қаһарман дегеніміздің өзі әдебиеттің идеялықэстетикалық бағдарына сәйкес сомдалатын тұлға». Қысқа әрі, нұсқалы түрде берілген анықтама. Шынында әдебиеттің өзі де өз дәуірінің идеялық эстетикасының бағдарымен құбылып отыратыны жасырын емес. «Біздің ойымызша әдебиет көбіне қаһарманды қандай да саяси идеологиялық қажеттіліктен тудырады» десек, ХХ ғасыр басында қазақ қоғамында ежелден қалыптасқан салтқа қарсы тұрып, бас бостандығы үшін күресе білген, бірі мұратына жетіп, бірі құрбан болған Ғайша, Қамар, Жамал сынды қаракөз қыздар, роман бойына қан жүгірткен революция жолында ер азаматтармен тізе біріктіре күресе білген Ботагөз бен Ақбілектер, Кеңестік кезеңде социалистік қоғам құруда батыл қадамдар жасаған «коммунист кейіпкерлер» осыны айғақтайды. Бүгінгі оқырман қауым көзқарасында «... қазақ оқырманы үшін әсер еткен қаһарман болмағанына көз жеткіземіз» немесе «қазақ оқырманына күні бүгінге дейін әсер етіп, желпінтіп келе жатқан жырдағы, тарихи романдағы өзге де жанрлардағы батырлар бейнесі, образы» деген пікірлер көптеп кездеседі. Ащы болса да шындыққа жақын екенін мойындаймыз. Абылай, Қабанбай, Бөгенбай, Кенесары, Махамбеттердің тұлғалық әлеуеті деңгейіне жететін бүгінгі күннің қаһармандарына әдебиет арнасы зәру. Қаһарман жасау үшін міндетті түрде егеулі найза алып, ереуіл атқа міну шарт емес. Оған еуропа немесе орыс әдебиетіндегі классикалық туындыларды мысалға алуға болады. Гетенің «Фаусты», Гогольдің «Өлі жандары», Толстойдың ар сотына негізделген барлық шығармалары адам жан дүниесіне, санасына революция жасаған туындылар десек артық айтқандық емес. Тіпті, Толстойдың өзі тұтас шығармашылығы арқылы «Қаһарманға» айналды. Бүгінгі қоғамда адамгершілік ар-ождан үшін, ел сенімін ақтайтын патриоттық сезім үшін, мейірім мен махаббатқа мұқтаж жүректер үшін толыққанды тұлғалық әлеуеті бар кейіпкерлердің болуы заңдылық. Мұндай образдар көркем шығарма кеңістігінде бар да. Тек оқырманын кейіпкерімен табыстыру келелі мәселе болып отыр.
Жүсіпбек Аймауытұлы «Ақбілек» романы. ХХ ғасырдың басы қазақ сөз өнерінің жанрда өріс кеңіткен, дәстүр туғызған құнарлы бір дәуірі болды. Сөзді халықтың қилы себептерден кем дамыған жазба прозасының жауһар үлгілері үдете жазылып, жарық көрген.
Дәуір салмағы жүрекке түскенде қаламын қару еткен ел қорғандарының жазудың жаңа бағыттарын түзген түпкі мәніне қаныға түсіп отырған қазіргі кезеңде Жүсіпбек Аймауытұлы туралы да айтылар сөз таусылар емес.
Сол бір заманда қаламгердің барлығы қайраткер болды. Қазақ қамын ойламаған, толғамаған кезі жоқ.
Көркем сөз арқылы бой түзету, ой түзетудің ежелгі дәстүрі жойқын бір қуатпен қайта жаңғырған қайырлы тұста Жүсіпбектің жүрдек жүрдек қаламы тосылмай, тоқтамай жұмыс жасады. Жазуға тиіс, жазылуы керек жайлар жан тыныштығын шайқайды. Жаратылыстан дарыған жан құштарлығы қанат байлайды. Содан барып «Қартқожа», «Ақбілек» сынды өмір сәулесімен қуаттанған қайырлы дүниелер шығады.
«Ақбілек» және сол дәуірдің кезең ауанын сіңірген «Бақытсыз Жамал», «Тар жол, тайғақ кешу», «Әділ-Мәрия» романдарындағы, сонымен қатар ондаған повесть, қара сөз үлгілеріндегі өмірлік арқау, көркемдеу қисындары, сол шығармалардың дәстүр туғызу, жазу шеберлігін шыңдауға баулудағы өрісті өнегесі айқын.
«Ақбілек» көп қырлы. Кезінде оны қара көпшілік аузын ашып, көзін жұмып оқыған. Одан соң... Одан соң көп ұзақ заман өткенде, «Ақбілек» тағы да құныға оқылды. Құнттап оқыдық. Оқиға туып, оқитын оқушы да, ой қуып оқитын оөушы да қанағат тапты.
Қай-қайдағыны тірілтіп отыратын жанды дүние екен. Қайдағыжайдағыны қозғап кететін әсерлі екен. Жайнаған бір сұлулық екен. Мұңы да көп, сыры да шалқар.
Жазушы Аймауытовтың сөз қуаты жойқын. Апырып-сапырып, ана тіліне еркелеп отырып, билеп-төстеп сөйлейтін мәнерін, машығын айтыңыз. Суретші. Дүниені қалт жібермей, қағып алып отыратын, қазқалпында, айна-қатесіз ашатын әккі шебер.
Жазушы Алтайдың бөктеріндегі ел қалпын жүдеу де, жарасқан жақсы күнінде де, әр сәт, әр қырынан бағады.
Малы, жаны түп-түгел, ырыс-берекесі толықсып отырған Мамырбай ауылын жау шапты.
Жазушы осы бір тұстарда бір отбасы, бір адам, бір ауыл тап болған қасіретті тұтас ел тағдырымен астастырып отыр. Жапа шеккен Ақбілек – ұлттың тұспалы. Арманды туынды арқылы автор елі азат болатын келешекті болжайды.
Орыс дегенін істеген байғұс елдің қор болмаған несі қалып еді дейтіндей.
Романда Жүсіпбек Аймауытұлы кеңес өкіметі әкелетін болжалды жақсылықтарға үміт жалғайды.
Романтикалық сипаты басым көрінетін шығармада автор өмірдің ақиқат астарларын қайта-қайта ашып тастап отыруды көздейді.
Даласы бар, қаласы бар аралас-құралас алдан кездесіп отыратын адамдардың кейпіне шынайылық дарыту үшін не керектің бәрін қолдануды қолайлы көретін қаламгер тұлға сомдау дейтін күрделі сынақтан тайсақтамайды. Талай тұста табысына ортақтастырады. Мамырбайдығ қазақы ақсақалдық болмысы әр сәт, әр сөз, әр әрекетімен біртіндеп түзіледі, тұтастастанады.
Өмір салтында, отбасылық ғұрыпта әкені әулиедей көретін қазақтың қызы Ақбілектің күйзеліс күйін, әке тұрқымен шебер жымдастыруында жазушы Жүсіпбек Аймауытұлы шығармадағы ұлттық характер даралығын түзудің төлтума нышандарын барлайды.
Мамырбайдың, намысқа өртенген қайран әкенің шығарма барысындағы қарекеті орынды, орайлы. Ер адамның жаратылыс ерекшелігін айқындай түсетін өмір ағысындағы әр алуан сәттерден жазушы керегін тауып ала қояды.
Шарубасты отағасы, үй ішілік кикілжің, ұсақ-түйекке араласа бермейтін қазақы кесек мінез Мамырбайдың кейде сөзі түсіп қалатын осалдығы да болатынын құлақ қағыс етіп кетеді.
«Ақбілек» романында кезең ауаны мейлінше ауқымды қамтылып отырады. Алтай баурайын ен жайлаған қыр өмірі де, ел салтына дендеп кірген тұрмысының қыр-сыры, замана райы мың құбылған дүбірі, дүбілуі көп уақыттың әр деңгейлі міндет алып журген, ой-танымы, мінез-құлқы, тұрпат-тұрқы алуан-алуан көзкөргендерінің болмыс қалпы шығармада боямасыз, қанық суреттелінеді.
Жазушы күрделі уақыттың тынысын, беталысын, аяусыз ақиқаттарын орайын келтіріп айтып өтуді мақсат тұтқаны сезіледі. Таза көркемдіктің күрделі иірімдеріне қолайлы бола бермейтіндігіне қарамастан, жазуда хроникалды-деректік, анықтамалық, танымдық ұстанымдарды да кәдеге жаратады.
ХХ ғасыр басындағы қазақ тарихын сан бағытта саралап жазылып жатқан зерттеу, ғылыми еңбектердің сан тарап тоқтамдарын сіңіріп, ұғынуға «Ақбілек» сынды кезең ауанын тұтастықта байыптауды міндет санаған көркем туындылардың зор септігі тиеді.
Қазақ оқығандарының қалпы, замананың ұстатпайтын түлкібұлаң мінезі ел арасындағы жекелеген адамдардың пиғыл-әрекетімен айқындала түсіп отырады. Мұқаш, Әбен бай, Жылтыр, Ақбала, Бекболат, Балташ, Бозінген, оның күйеуі Көркемтай, Ұрқия, т.б.
Роман құрылымындағы көркемдік тәсіл тартымды. Жалықтырмайды. Ынтықтырып отырады. Ақбілек тағдырына тұтас бір уақыттың сипатын тоғыстыра жазуға ден қойған қаламгер әсіресе тіл қолданыс, деталь арқылы ауқымды дүниеге меңзеу, қарекет шындығы, қарекеттің сыйымдылығы, портрет, пейзаж сынды көркемдік тұтастық арқаулары, кейіпкердің жан күйі, күйзеліс, марқаюы, мардымсып, емексуі сынды толып жатқан көркемдік тұғырдың қажетті бөлшектерін қалауын тауып қосып отыруды төгілте баяндау, сөйлету, сөйлестіру, ым, ишара тәсілдерімен түлете түседі.
Шығармада автор көркемдік шегініс арқылы оқиға, ой өрбіту тәжірибесін де байқап көреді.
Хат жазу үлгісін кіріктіруі де сол кезең әдебиетінде үрдісте болған тәсілдерден. Күнделік жазуды кіріктіруінде де көркемдік мақсат көзделген.
Қаз-қаз басып, қанатын енді жайып келе жатқан қазақ романының сол тұстағы алымын аңдап отырып жазылған «Ақбілекте» көп жайды бастан шалып, өзің де білесің дегендей желдірде айтып өтетін тұстар болса – ол да сол кезең оқырманының талап, талғамын ескеріп отырудан деуіміз керек.
Автор замана желі онсызда қағанағы қарқ, сағанағы сарқ күндері баяғыда бастан тайған бағы кемелінің ел болудан кетіп бара жатқан сиқын барлап күйзеледі. Қуана қоятын дәнеңе таппайтындай кейде.
Ұлтшылы да, ұлтсызы да біртүрлі жатбауыр тартып бара жатқан халықтың келешегі қандай деген сауал көкейде тұрғаны анық.
Ақбілектің ішкі түйсік, сезім күйлерін ақтарып тастап отырып жазуы
Жүсіпбек Аймауытов қазақ әдебиетінде көркем образ сомдаудың шынайы негіздерімен суарылған ХХ ғасыр басындағы көркемдік ағымды қалыптастырып, дамытуға елеулі ықпалы тиген қаламгер болғанын айқындай түседі.
Жазушының құбылысты құбылыспен ұштастыру тапқыштығы айрықша назар аударады.
«Күн батпай-ақ, көз барында манағы айтқан терең шаттан іннен шыққан қасқырларша, шұбап шықты төрт атты».
Шығармада қазақ прозасына баяулап орныққан сөйлеушінің сырын шашып, ішіндегісін ашып кететін сөйлесу үлгілерін автор молынан қолданған. Кісісіне қарай сөйлету ел мінезін баққан суреткердің қолайлы тәсілдерінің бірі.
Жүсіпбек Аймауытұлының әр қалыптағы, әр деңгейдегі, әр қилы әлеуметтік мәртебедегі ел адамдарын қосып отырып өрбітетін оқиға, ой желісінде көлденеңнен кіріккен басы артық баяндау, байыптау, ұзақ ұғындыру жоқ. Жедел, ширақ уақыттың ырғағын, «асығыс» жүрісін сезінтіп жазады.
Қазақтың осал тұстары астарлы ишарамен де, ашып-шышып пәле айтумен де түйінделген. Өсектің шапшаң өрісі, күнделікті күйігі, болмашыға мардымсыған тайқы таяздық, мансапқорлық, партиягерлік, қоғам бұзықтық ... толып жатқан ұлт ағзасын құрт ауруындай құртатын, құрдымға тартатын құнсыздықтар шошаң етіп алдыңнан шығып отырады.
Қанында қас артықшылығы көп елдің азып-тозуы қай замандардан басталғаны, қалай қаулаған өрттей бой бермей өршігені ойлантсын деп жазған ой дейсің.
Жүсіпбек Аймауытұлы адамның аяқ асты айнып бұзыла қалатын осалдықтарын аяусыз «бетке басып» жазуда қара үздірген жүйрік.
Қалың елдің итшілеп күн көріп жатқан жалшы, малшысы бауырмал ағайыны көргені көп алды кең ақсақал қариясы, астам, асқақ, «артық туғандары», кісіліктің бір кілтін ұстап жүрген қамкөңіл аға-жеңге, оқығаны мен озғаны, қоры мен зоры – ешқайсысы қалыс қалмай тұтас қатысқан шығармада сол ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінің көркемдік салмағын көтерген жаңа бір үрдістің жасампаз нышандары жарасым тапты.
Шәкәрім Құдайбердіұлының, Міржақып Дулатұлының, Мағжан Жұмабайұлының, Сәкен Сейфоллаұлының, Мұхтар Омарханұлының, Бейімбет Майлыүлының, Сәбит Мұқанұлының, Ғабит Махмұтұлының, Ғабиден Мұстафаұлының, Жиенғали Тілепбергенұлының, тағы да басқа сөз ұқсатқан қаламгерлердің шығармаларының барлығында да басымдықта болған қайнаған замандағы ел өмірін мұңымен, мұратымен, сырсымбатымен, сыралғы салтымен тұтас алып жазуға құштарлық қуат Жүсіпбек Аймауытұлының жазу бағытында да асып-төсілген айқын белгілерімен көркемдік кеңістік түзді.
«Ақбілекте» сол ХХ ғасыр басында, әдеби шығармаға мығым орныққан бай-жуандардың қалпы қаныға түсті. Әбен байға Мамырбай таңырқай қарайды. Әбен – жаңа заманның байы.
Жазушының шығармаға дарытқан тың үрдісінің бірі – ел адамдарының тұтас көрініп отыруы.
Жүсіпбек Аймауытовтың көпшілікті ұдайы қамтып отыру дағдысы сахналық шығарма шартымен сабақтасып жатқаны білінеді. Қазіргі тілге көшсек, бейне бір өмір көріністері мақсатты түрде көзге шалынып отыратын кеңқұлаш фильм көріп отырғандай әсер бар. Жазушы сахна, кино тілімен сөйлеу тәсілдерін барлайды.
«Ақбілек – романның негізгі кейіпкері болғанмен, ол жалғыз емес. Жазушы оның өскен, әр қилы кешкен ортасын, қарым-қатынастағы адамдарды суреттеу арқылы заман шындығын жан-жақты шынайы бейнелейді...
Біріне бірі ұқсамайтын, ескі қазақ ауылында кездесетін типтерді даралап, бейнелеуде Жүсіпбектің суреткерлік шеберлігі айрықша танылады » (С. Қирабаев).
Ескі қазақ ауылында кездесетін типтер...
Сол типтердің ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде кездесетінкесек-кесек бейнесі бар. Кейінде жазылған ірі прозамызда сол дәстүр жалғасын тапқаны, жазу мақсаты, жазу тәсілі тезге түсті дегеннің өзінде де үзілмеген үрдіске айналғаны белгілі.
«Ақбілектегі» әрбір тип алдынан шыққанда оларға ұқсағандардың кейінгі көркемдік тағдыры туралы ой көлденеңнен отырған.
Бай малын бағып бақсыз өткен Қойтеке «Абай жолындағы» Иса, Иіс кемпірді еске түсірді.
Және бір тұстарда оянған өлкедегі Қазанғапты ойладық. Итбай,
Сәрсенбай, Мамырбай, Әбендер, Игілік, Жұмандар, «Дауылдан кейін», «Көз көргендер», ...
Академик Серік Қирабаев Жүсіпбек Аймауытұлының қазақ прозасының шберлік шыңдауындағы өлшеусіз тарихи мәнін тарқата, тереңінен тартып бағалады.
«Романда ел тұрмысы суреттерінің негізінде жасалған әйелдердің нақты тұлғалары мол. Қанша дегенмен, қазақ ауылының сыртқы тіршілігі, мал қамы ерлермен байланысты болса, ауыл үй тіршілігін ұстайтын, оны реттейтін, ұқсататын да, ұқсата алмайтын да әйелдер ғой. Осы тұрғыдан жазушының әр үйдің тұрмыс-тіршілігін суреттеудісол үйдің әйелінің мінезін бейнелеумен байланысты көрсетуі шындыққа әбдн сай келеді» (С.Қирабаев).
Осы қалып сол ХХ ғасыр басындағы әдееби шығармаларға тән болғаны рас. Кімді, нені болсын шынайы күйде алып сурттеу машығы, бірте-бірте қолдан әлеуеттентендіру, сыпайы-сыраң қалыпқа түсіру машақатына ұласып кете барған...
Сәкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу». Сонау ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялысы таңдау жолына түскен қилы заман жайлы кесіп-пішіп пікір айтуға, жасауға ұмтылып отырған кейінгі кезеңдегі жаңа тарихи танымымыз, оның басты бағыттарынан тұтас бір дәуірдің саяси бағдарының саралайтын маман емес екендігім осы тұста тіптен айқын сезілген.
Санада орныққан ендігі ақиқаты отар езгісі, бұғауда жатып бұлқынған ел тұлғаларының, ұлтын ұлықтаған қайраткер ұлдардың империялық зұлым саясат алдындағы мәжбүр, бойындағы шынжырлы арыстаны қанша бұлқынғанымен, қайғылы тағдырмен таусылған ғұмырлары. Сонымен бірге кейінгіге қалдырған жанпида күрес ұлағаты.
«Тар жол, тайғақ кешуді» ұзақ жылдардан кейін қолыма қайта ұстағам. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» елдік пен ерлік талқыға түскен тарихи өткел. Уақыттың ендігі, тураға түскен бағытымен ұғына түсуді тосып жатқан, бүктеуін жазуды күткен талай сыр, таңғажайып тағдыр.
«Тар жол, тайғақ кешудің» тұтас көркем тұлғасы – қырдың бостандық аңсаған момын елі, асау тұлпардың ауыздығымен алысқан арманшыл ұлы...
«Тар жол, тайғақ кешу» – өкініш пен өксік буған өткен, алыс күндердің ақиқаты. Қазақтың қайта тумас Сәкенінің қасиеті мен қасіреті.
Халқына қорған болудың ұзақ, ұлы жолында шаһит болған ел ұлдарының мәңгілік ғұмыры.
Шығармадағы дүние дүрбелеңінің қайда апарып соғарын ұғудан қалып дағдарған қалың жұрттың, қара қазан, сары бала қамын жеп шаруа баққан қазақ дейтін көнбіс, момын, аңқау елдің, арыдан келе жатқан арымас артық қасиеті қанында ойнаған жау жүрек халықтың, даланың дала перзентінің тұтас ашылған образы – көзбен көріп, бастан кешкен болмыс сәулесін көркем суреттеудегі, жазудағы, жазушылықтағы үрдіс, үлгіге ұластырған Сәкен Сейфуллиннің, сонымен бірге сол дәуірдегі қазақ әдебиеті, қазақ прозасының аса айтулы алымы. Сәкен тәжірибе ұлт әдебиетінде де, өз жазуында да аздығына қарамастан, таза суреткерлік түйсікпен көркемдік құндылығы әлі де айқындай түсуді күтіп жатқан, прозалық шығарма жазды.
Сәкен Сейфуллиннің тарихи тұлғасы, біздіңше, ең әуелі оның өз шығармасы – «Тар жол, тайғақ кешуде» сомдалды. Осында қандай бір қиын сәтте де қалыбынан аспайтын ұстамды мінез, жүдегенге, жоқ пен жітікке өзінде барымен тұтас ұсынатын жомарт қайырымдылық, қайсыбір көңіл ыңғайына келмеген құбылысқа іштей, мысқылмен баға беріп отыру дағдысы, туған өлкесінің тура айтып, кесіп айтып тастап отыратын шыншыл мінезімен астасып ашылған Сәкен Сейфуллиннің атақ пен арзанға алданбас азаматтық тұлғасы жасалды.
Сәкен сыр ұрлап сыбырлаған қамыс, қоғалы көлін, жас жаздың көк торғын жамылған жасыл алқабын, асу-асу белдері мен бұйрат құмдарын жүрек суырып берердей құштарлықпен ынтыға әңгімелейді.
Сәкен дүние тірлікті ұсақ-түйекке бөлмейді. Ол үшін қиыншылықта бір шәйнек қара суын қабағын шытпай қайнатып берген қазақ әйелі – ірілік. Ол өзі жаяулап шарлап келе жатқан ел адамының азғана қуанышын, тіршілік тасқынындағы азғана тыныс сәтін аялап, ардақтап суреттейді. Ел тұрмысы, қазақтың ен даласы Сәкен жаратылысымен тұтас.
Ғұмырбаяндық-деректі, көркем проза, роман-эссе «Тар жол, тайғақ кешуде» (сәкентанушы ғалым К. Ахмет – Қ.М.) Сәкен тұлғасын көркем образ дәрежесіне көтеріп, мінез-құлық, түр-сипат, ішкі жан иірімдерін тұтас ашады.
Сәкен Сейфуллиннің кілт үзіп, шегініс жасап, ілгері озып отырып баяндау, сөзбен сурет салудағы таңдай қақтырып, таңқалдыратын тамаша тәсілдері, сол кезеңнің прозалық шығармаларында сирек ұшырайтын сөйлесу, сөйлету (диалог – Қ.М.) үлгілері, адамды сырт тұлғасын киген киім, тұрған тұрыс, жүрген жүрісімен, бір ғана детальға іліктіріп алып ішін аша, мінез-құлқын тұтас тартып отырып кейіптеу үлгісі, шығарма арқауын босатпай, шымыр, шиеленістіре ширықтырып өруі, тіл айшық, тіл мүмкіндігінің соншалықты молдығы, т.б.
Бұл тұста осы өзіміз сәт сайын қуатын сезініп, әсерден әсер туып, арыла алмай оқыған шығарманың көркемдік сапасы жайлы бұрын-соңғыда талай-талай татымды бағасы болғанның өзінде қалың оқырманның басым көпшілігі, сөз жоқ, қызыл төңкерістің қиын жолы баяндалған шығарма мәнінде танып, жан қанағатын құяр көркемдік мәнін қағаберіс қалдырып жатқаны да рас.
«Әдебиет майданы» журналының 1929 жылғы 7 санында Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу» туралы» «Еңбекші қазақта» басылған Нәзір Төреқұловтың мақаласына орай жазылған қарсы пікірі шықты.
Мұнда Сәкен өз шығармасының көркемдік құндылығын да, тарихитанымдық мән-маңызын да тұтас қамтып айтады. Бұл пікірде атап айтар бір мәселе Сәкенге қашан да жат субъективизм атымен жоқ. Шығарманы көркемдік жақтан да, жалпы бағыты жөнінен де кемітіп, тұқырта жазылған ащы сынға Сәкен шамданбайды, барды барынша бағалаудың ғылыми әдебін көрсете отырып, құлаққа қонымды, нанымды тұжырымдар жасайды. Осында Сәкеннің жазушылық, қаламгерлік, азаматтық ұстанымы, көркемдік таным, талғамы айқын.
«Төреқұлов қонақтарына су әкеп берген Қожанасырдың мысқылын менің алдыма тартады. «Бұл суға пәлен қосса, түген қосса, пәлен қылса, түген қылса, сонда «дегенбай» палау болар еді деп айтқан екен Қожанасыр», – Сәкеннің «Тар жол, тайғақ кешуі» де сондай», – дейді.
... – «Шалқамнан көкке қарап, жұлдыз санап жаттым» деген сөзді де Төреқұлов өрескел көреді... Төреқұлов та жұлдыз санағанға шамданып «Сәкен-ау, жұлдыз нешеу екен?» – дейді
Нәзір Төреқұловтың Сәкен қыздарды айтты, бозторғайдың әнін суреттеді, Алашорда министрлерінің қашқанын жазды деп, шығарма туралы өзіндік танымын ұсынған мақаласына орай Сәкен «Тар жолды» жұртшылықтың қалай қабылдағанын білдіретін нақтылы, уәжді жайларды баяндайды.
«Енді «Тар жол» кімдерге ұнап, кімдерге тиіс екені саяси сауатты адамдарға түсінікті. Ол жағынан қоя тұрып, қанша кемшіліктері боса да, бұл кітаптың кімдерге ұнаңқырағанын дәлелдейік. Оқыған азаматтардан әдебиет ретінде біздің кейбір пікірлерімізге қосылмайтын Ораз Жандосұлы еді. Бұ да менімен бір сөйлескенде: «Сіз өлеңнен қарасөзді әдемі жазады екенсіз. Қазақтың бәрі өлең жазуға құмар келеді. Сіз өлеңнен гөрі қара сөзді көбірек жазсаңызшы. Қарасөзді тым шебер жаза алатыныңызды «Тар жолды» оқып білдім. «Тар жолдың» кей жерлері өте көркем суретті (высоко-художественное) жазылған» деді. Осы сөзін Ораз Крайкомда әдебиет туралы болған кең жиналыста жиырма шақты жауапты қызметкерлердің көзінше айтты.
... Төреқұлов «Тар жолдың» тілінде құрттай көркемдік әсерлік жоқ» десе, Көкшетау Алашордасының бастығы Сәлім Кәшімұлы түрмеде отырып, «Еңбекші қазақ» арқылы маған мынадай хат жазды: «Сіздің «Тар жол, тайғақ кешу» деген кітабыңызды оқып шықтым. Қамауда отырған маған көп әсер берді. Жұқартты, қамықтырды, қайрат берді, түрлі күйге салды...».
«Тар жолды» өте жек көретін адамдардың кейбіреулері де еріксіз осыны айтып отыр...».
Ноғай жігіт Уәли Қангелдиннің хатында да «Тар жолдың» көркемдік ақиқаты жатқан еді. Сәкеннің азап вагонындағы күйді жазуы, жолсыз, елсіз даладағы жалғыз жаяу, жан азабын көтерген төзім мен қайтпас қажыр хат иесін қатты толқытады. Жүрегін бірде ашу буып, біресе аяныш сезім баурайды. Тарихи әсері де, әдеби әсері де, жастардың болашағына тигізер тәрбиелік мәні шексіз мол дейді хат иесі шығарманы бірде ауырлап, көзінен жас шығып, бірде қайраттанып кек буып отырып оқып.
Кітаптың тілі түсінікті, бай деген бағаны жұртшылық айтады. Көп білім, көп өнеге деп қуанады. Ұйқыны бөліп, бас алмай оқиды. Шығарманың соңы қашан жазылып бітеді деп асығады. Көркемдік мәнін тағы да атапатап көрсетеді.
«Сіздің әдебиетте жасқаншақтық, мүгедектік, мұратшылдық дегеннен түк жоқ, сіз төңкеріс азабын тартқандықтан, жазған сөздеріңіз адамды неғұрлым ерлікке, төзімділікке, талапшылыққа ұмтылтады. Сол себепті сіздің әдебиет әсерлі...» (Бейтаныс жігіт – Қ.М.).
Сәкен көркем туынды туралы сын болсын, «Бірақ сынды былғамай сынасын» дейді.
Сәкен Сейфуллинннің «Тар жол, тайғақ кешу» ғұмырбаяндық романэссесі 1916 жылғы жаздың басында елге мал санағын жүргізуге шығуын баяндауымен басталады. Баяндау дегендей, бұл шығармадағы баяндау үлгісінің өзіндік өзгешеліктері бар. Сәкен баяндауда оқиғаның характерін ұстанып отырып баяндайды. Суыт іс, бітуі тез шаруа жайын баяндауда жедел алма-кезек ауысқан, асығыс суреттер басым болады.
Ел тұрмысының кеңқолтық, өз-өзімен таныш жатқан, бұйығы күйін суреттеуде баяндау баяу, барлығын – байтақ даласы мен қымыз аулап жүрген қамсыз баласын асықпай түгендеп айтады.
Сәкен жазуында суретсіз тоқталмай, баяндап өту аз. Белгілібір зат, оқиғаның драмалық қойылымға арналып жазылған шығармадай айқын көрініспен суреттеле баяндалуы – Сәкен прозасының айқын бір ерекшелігі. Сәкен баяндауында жазушы көзімен ел суретінің ешбір қарекеті қағаберіс қалмайды. Кіріп-шығып ас қамдап жүрген әйелдер де, жолшыбай жолыққан жалғыз-жарым жүргіншінің ат-әбзел, ер-тұрман, сырт тұлға, бет-бітімі – бәрі-бәрі қамтыла, қатарластыра баяндалады.
Сәкен прозасындағы жаратылыс құбылыстарын адамның жан түкпірін түрткілеген көңіл толқынымен астастыра баяндау да «Тар жол» жазылған уақытта қазақ әдебиетіне енді-енді еніп жатқан тәсіл болатын.
...Көлдегі құс үнінен, сыбдырлап сыр ұрлаған қамыс суылынан, су күңкілінен өзгеше бір суық үн шығады. Ол – әупілдек құстың үні. Сәкен мұны тұншыққан мылқау, қою мұң, қорқыныштың үні деп, көз жасы бетін жуып тұншыға жылаған, мұңлы, шерлі қыздың үнімен астастыра баяндайды.
Сейфуллиннің сұлу, таза, жанды, нұр мен сыр тұнған сиқырлы тілін міндетті түрде арнайы зерттеу керек.
«Жаздың басы. Жаздың тамылжып тұрған жас уақыты» дейді Сәкен. Жаздың жас уақыты деген тіркесті сөзді бұрынғыдан да, қазіргіден де – қай қаламгердің де сөз қолданысынан кездестірмейміз. Өзіндік, Сәкеннің ғана өрнегі болып қалған, айрықша төгілген тіл кестесі «Тар жолда» аз емес.
Тағдырдың тар жолы, тайғақ кешуі сол 1918, 1919 жылдың жүзінде талай жерге алып барды, талай елмен дәмдес, тұздас қылды. Бұл жол – боранды қысқа, аптап ыстыққа, аласапыран лайсаң шаққа жалғасқан ұзақ жол болды. Қарлы даламен ұлыған боран ішінде ілбіген ескі шананы жиектеп жаяу келе жата ма, ағайын арасынан шыққан ат-көліктің үстінде аптап ыстықта аңқасы кеуіп бара жата ма, қандай күйде – аш па, ауру ма – суреткер Сәкен айнала тіршілікті көрмей тұра алмайды. Бейнетаспаға тартып алғандай, көзімен қамтып, ішіп-жеп, тауыса түгендеп кеуде сарайына құйып алады. Ол өзі тоқтаған үйдің тұрмыс күйін, мүлік-жабдығын, үй күтімін, үй іші жандарының қалай, қай жерде отырғанын, қас-қабақ дірілін түгел көріп, тұтас, өзіндік көрінісін даралап отырып, шешен тілмен шебер суреттейді. Сәкеннің өзінің қайсыбір ойлы шақтарын «көзге көп сурет елестеп» деп қайыратын тұстар бар.
«Тар жолды» араға бірнеше жылды үзіп барып жазған Сәкен толып жатқан оқиға, мың-сан сәтті ғажап бір дәлдікпен, нақтылықпен баяндап жазды.
«Бесін кезінде бір бұйрат ішіндегі ауылға келдім. Әуелі ауылдың бер жағында, бұйрат ішінде жайылып жатқан қойға келдім. Қойдың ішіне келіп, бір қалың өзекке отырдым. Тәшпеге пісірген қалтамдағы нан мен майдың қалғанын алып жеп отырмын. Астындағы қызыл өгізшесін қақпалап, сабалап, танауларын пысылдатып қойшы бала келді. Сәлем берді. Амандастық. Екі көзі нан мен майды. Өгізінен секіріп түсті. Қасыма келді. Үстібасы шоқпыт-шоқпыт. Түсі сүзектен тұрғандай. Боздағы шығып жақ жүні үрпиген. «Отыр» дедім. Отырды. Нан мен май бердім. Қармақ қаққан алабұташа қағып алып, көмейледі.
- Майды да көретін күн болады екен-ау! – деді.
- Е, еліңде май жоқ па? – дедім.
- Ойбай, ел қыстан қалжырап шықты ғой! Май татпағанымызға талай болған шығар, – деді».
«Нағашымдікіне тығылып, он бір, он екі күн жаттым. Бір үйдің домбырасы бар екен, соны шертіп жатамын. Табанның жаралары жазылды. Ілияс нағашы өте кедей. Бар малы – көтерем, қыршаңқы көк шолақ ат, орнынан әрең тұратын қоңыр өгіз. Төрт-бес ешкі, бір бұзаулы сиыр. Бұл малға қарап отырған жан: кемпір мен шал, баласы, жиырманың ішіндегі жігіт – Рақыш. Байы өліп, қайтып келіп отырған Ілиястың қызы. Ол қызының екі-үш баласы... Үй ішінің жабдығы да нашар. Он сомға татитын нәрсе жоқ. Бәрі – көтерем, қыршаңқы көк шолақ атқа лайық: жапырайған қара пұшық құман, ескі шоқпыт текемет. Бұрынғы заманда болған бір көрпенің сілемі, ырбиған ағаш есік. Бір-ақ көзі бүтін, шоқпыт жамаулы, сығырайған кішкене терезе. Алдыарты сынған, ырсиған әбдіре нұсқасы. Темірмен жамаған шыныаяқ...».
Бұл суреттер – Сәкен Омбы түрмесінен қашып шығып, жер кезіп, су кешіп еліне келе жатқан мезгіл, 1919 жылдың көктемінің суреттері. Ақ пен қызыл алысқан заман. Иесіз, жүдеген ел. Көңілсіз тұрмыс.
Біраз уақыт ел шетіне ілігіп, Балабай ауылында есін жиып, жарақатын емдеп, оңалып қалған Сәкен енді туған табиғаттың сұлулығына қайта сұқтанады. «Бір күнгі кештің ғана суретін азырақ айтып өтейін. Міне, қораның шетінде, жітен шөптің үстіне текемет салып, Балабайдың қызы қотандағы малды күзетіп отыр. Иығында шапан. Қолында өзінің шешен домбырасы. Жазғытұрғы кеш жібектей. Аспан көкпеңбек. Бырдай қып, сансыз алтын шегемен сәндеген көк торғын шатырдай. Тек әредік-әредік жібек торғындай қақтап бедерлеген жұқа күмістей ақ шарпы бұлттар бар. Олар көкке жалатқан бедерлі күміс тәрізді. Ай көк шатырға асқан алтын табақтай. Жұлдыздар мен Ай қара жерге жарық сәуле төгеді. Жазғытұрымғы кешпен буланған жер ұйқыға мас болып, қалғыған тәрізді. Жер үстін ұйқышыл жұмсақ, жеңіл мұнар басқан тәрізді. Буланған жердің жас иісі таза әуеге сіңіп толған. Төңірек жым-жырт. Қотандағы иірілген мал бырдай.
... Ақырын домбыра шертіп Сәулім отыр. Шалқамнан көкке қарап, жұлдыз санағандай, алыс қиял теңізіне шомып мен жатырмын».
Бір жыл бойы адам басына бермесін дейтін азаптың бәрін көріп келген қайран Сәкеннің маңдайынан тіршіліктің майда желі өбеді. Кеудесіне күй күмбірі толады.
Тар жол, тайғақ кешуде Сәкен тағдыр тауқыметіне сынбады. Оның жанарын түрме терезесінен кең дүние кеңістікке қарай үмітпен тартқан келер күнге деген сенім еді. Жан баласының басына бере көрмесін дейтін тән азабын да, жан азабын да сол екі жылда тартудай тартқан Сәкен бұл тозаққа шыдағанда, келешек өмірге құштар жас еді.
Жүзжылдықтар бойы тоқырап, тозып, жатсынған ұлт жадының шаң басқан шындықтарды сіңіре қоятындай қауқары кеміген шақта кәрі тарих қазақтың маңдайынан сипап, ұзақ-ұзақ ауыр замандардан кейін мейірім танытқан...
ХХ ғасырдың қилы кезеңдерін, оның ұлт тағдырындағы тайқымаңдай, қайырсыз таңбалы тұстарын қалай танытам десе солай айтқан үстем жүйенің салған соқпағынан бұрыс жатқан қиырларға ой тастап қалыптасқан Тұрсынбек Кәкішұлы осы тұс өзінің азаматтық, ғылыми ғұмырбаянындағы жаңа бір тегеурінді, серпінді кезеңге ойысқан.
Ұлт тарихының айтулы белесінің бірі – ХХ ғасыр басындағы, кеңестік кезең құбылыстары тұрғысында ауқымды қоғамтанушылық өреде, әдебиет тарихын, әдеби сынды зерделеуші білікті, кәнігі кәсіби өреде пікір ұстап, тоқтам түю үшін бейнеті басым еңбекке жан аямай араласты. Нәтижесінде он-сан зерттеу мақала, том-том ғылыми, танымдық дүниелер жазылып, рухани ашығуы асқынып бара жатқан ұлтының қажетін тоғайтты.
Тұрсынбек Кәкішұлы осы жылдарда Сәкен Сейфуллиннің тарихи тұлғасын тұғырландыра түсетін он-сан жаңа деректер, тың пайымдаулар айтты. Сәкен тағдыры ұштасып жатқан ХХ ғасыр басындағы, одан былайғы рухани-саяси ахуал аясында Алаш зиялылары, кеңестік жүйе шындығы талқыға қайта түсіп, тарих таразысына тартылды. Сәкен және бір алмастай асыл қырларымен жарқырап ашыла түсті.
Кеңес дегенде, Сәкеннің тар өзек саясат шеңберінде ұрандап өткен шектеулі орындаушы болмағандығын білгенге дәлелдеудің қажеті жоқ екендігі белгілі. Алайда сансырап қалған ұлттың жаңа буынына Сәкенді жатсындырмай, жатырқатпай табыстау міндеті алдан шыққан.
Жылдар бойы толықтырумен, тұтастырумен келе жатқан Сәкен Сейфуллин ғұмырбаянының қайсыбір қырларын қалың жұртшылыққа қайталап, нақтылап айтуды міндет деп білді.
Даланың қыран ұлдарының тағдырын қиын қыспаққа салып кеткен жүйенің қиянатынан әлі арылып болар емеспіз.
ХХ ғасырда алаш басына түскен тарихи ауыртпалықтың зардабынан әлі де айығып болған жоқпыз. Адамзат тарихында алып империялар ыдыраған, құлаған замандар қоса келе жатыр. Сол ХХ ғасыр басы қазақтың елдігін ХІХ ғасырда-ақ таптап бітіп, үмітін үзген отаршылдықтың әлем алдындағы алдамшы аяр бір құбылысымен алдаусыратып, көп емексітті. Қарағай-қайсар ұлдары жаңа заманның алдамшы бұлаңына сенді. Сенбесе қыруар шаруаға бәс тігіп, бас қойып кетер ме?
Сол тұстағы толып жатқан саяси ұстанымдарды саралап келе жатқан санаулы білікті мамандарымыз тұлғалар тағылымын бүгінгі буынмен қауыштыруда.
ХХ ғасыр басындағы (алғашқы жартысындағы – Қ.М.) әдеби ұстанымдар ауқымындағы ақиқат тұрғысынан айтылуы тиіс шындықтар да талқыға тартылып келеді. Руханиятымызға игілік болып қосылып отырған қадау-қадау зерттеулердің нәтижесінде сұлбаланып, нақтылана түскен құбылыстар бар.
Не дегенде де белгілібір кезеңдегі әдеби дамуға қойылған мықты талап ұштап, шыңдамаған дарын аз. Қазақ сөз өнері үшін сол кезеңдегі айтыс-тартыстар бір мәнде қайырлы да болды десек, біржақты кеткендік емес.
Мұхтар Әуезовтің «Шолпан» журналында («Қазақ әдебиетінің қазіргі дәуірі») кең шолып, төгіле баяндауы бар, басқасы бар қазақтың жазба әдебиеті, ендігі дәуірдегі қай бағытта дамуы керек дейтін түбегейлі қойылым ауқымында қозғалған қаттысы да, ащысы да бар пікірлер тұтаса келе жаңа рухани-эстетикалық ұстанымның қалыптасуын туғызды.
Қисынды байламдарға құлақ аспаған, санаспаған қаламгер аз. Ал қияға тартқан, қасақана қатты айтылған үкім, ұшқары ойлар уақыт көшінде қалды.
Бәрінің де жүрегі «елім» деп соққан қазақ зиялыларының тығырықтан шығар жол таппақ болып жандарын шәһит қылған ұлы күрес жолын, адасу, алыстауларын, біреудің қолына қараған кембақыт қасіретін ақиқатқа салып отырып ұғындыру үшін де дуалы ауыз ел ағаларының араағайын тоқтамдарына зәрулік байқалғанда, Тұрсынбек Кәкішұлы бейтарап қала алмаған.
«Тар жол, тайғақ кешуге» де шырқырап ара түсуге тура келген сәттер болды.
Бұл шығарма жазылып, жарияланым көре бастаған тұс – жаңа дәуірдің жазу методологиясы талқыға түсіп, қызу айтыстар басталып кеткен уақыт. Ендігі заманның көркемдік бағытын туралап берем деген идеологиялық-эстетикалық болжамдармен Сәкен санасып отырды, тәжірибе ұлт әдебиетінде де, өз жазуында да аздығына қарамастан, таза суреткерлік түйсікпен көркемдік құндылығы әлі де айқындай түсуді күтіп жатқан, ғажап прозалық шығарма жазды. Өлеңде де жүрістен жаңылған жоқ.
Сәкен Сейфуллин қазақтың жаңа жазба әдебиетінің жанрлық, көркемдік кең өріске бағыт алған дәуірінде «Тар жол, ...», «Жер қазғандар», тағы басқа прозалық туындыларымен дәстүрлі әңгімешілдік үлгіде баяндау үрдісін суретті, тірі тіршілік көріністерімен түрлендіре дамытты.
Сәкен Сейфуллиннің қоғамдық-әлеуметтік сілкіністер қыспағындағы қыр елінің тұрмысымен сәулеленген көркем шығармаларында өмір шындығы мейлінше жинақы, характер ашып, деталь ойнатқан шеберлікке ден қойған суреткерлік алым айқын.
Боямасыз түскен, өмір ағысымен өтіп жатқан көріністер бей-жай қалдырмайды. Иландырады, ойландырады, сезім ойнатады.
«Жер қазғандарда» Әзімхан айтатын әңгімелер, Бұзаубақтың бірер ауыз сөз тасасындағы бары мен жоғы, тағдыр толқындарында жүзген Гүлия, жұмыскер жігіттердің аз ғана сөзбен-ақ таңбаланған даралық қалыптары, автор ауық-ауық бөгеліп отырып тамсана тамашалайтын тамылжыған табиғат, жалпы шығарма құрылымындағы ендігі жаңа, жедел тіршіліктің екпіні баураған ширақ шымырлық – Сәкен Сейфуллиннің ХХ ғасыр басындағы әдеби даму бағыттарындағы дара қолтаңбасы. Рухани доданың оза шапқан жүйріктерінің бірі болғандығы.
Сәкен Сейфуллин қолдан құрап, ойдан шығарып жасалатын жасанды, қуыршақ кейіпкері жоқ, ұлы даланың тарихи бір кезеңіндегі ұрпағы бастан кешіп жатқан өмір шындығын шынайы шеберлікпен көркем шығармаға көшіру бағытында жазды. Оның шығармаларының барлығында ұлтын сүйген жүрегі, жаратылысынан сұлулыққа ынтық жаны сөйлеп тұр...
Сәкен Сейфуллиннің Мәскеуде съезд мінбесінен орыс жазушыларына қазақ туралы білмейсіңдер ме, оны мазақ қылмаңдар деп түбегейлі мұрат төркінінде кесімді сөз айтқан батылдығы; ұлтының құқын қорғап, қазақ тілінің мәртебесі мәселесін қаузағанындай қыруар істің бастамашысы болуы; қазақ әдебиеті тарихына қатысты жасаған еңбегі аса елеулі.
Ғабиден Мұстафиннің «Көз көрген» романы. Қазақтың көрнекті әдебиеттанушы ғалымы Бақытжан Майтанов ұлттық әдеби үрдістер ауқымында жалпыадамзаттық өреде ой-тоқтамдар айта алған сирек дарынның бірі болды. Қысқа ғұмырының соңғы кезеңінде тіптен кесектеніп, толассыз толқындаған шалқар пайымдаулары, дүниетанымдық ой мұхиты әрдайым назар аудартып отырар еді.
Ғалымның қысқа бір тоқтамының сан қанша қатысты күйлерді қамтып жататынын мойындағанбыз. Қараңызшы! Мұнда біз арнайы тоқталмақшы болып отырған Ғ.Мұстафиннің «Көз көрген» романына қатысты да көлкөсір игілік, толып жатқан ойтұғыр тасаланған. «Біз бүгін талай тасу мен тартылудың негізінде жалпыадамзаттық көлемде пассионарлық өрлеу жолындағы ақтық асуға жеткенімізді не әлде де алдағы биіктердің етегінде тұрғанымызды білмейміз. Алайда, технократиялық төңкерістер барысы қалыпты даму көзі - табиғи тепе-теңдік заңын бұзғаны анық. Уақытша тілек, ниеттер мәңгілік мүдделердің жағасынан алды. Бұл өркениеттің іздері су астында жатар, жатпасы да белгісіз». Бас-аяғы жаңа бір құрылымда, 25 әңгіме желісінде тоқтам тапқан «Көз көргенді» ең әуелі сол әңгімелердің орталық кейіпкер – Сарыбала көзінен, көңіл сүзгісінен өткен мазмұны бойынша бір бағамдап алайық.
Бірінші әңгімеде қонысынан үдере көшкен, ұры-қары қаумалаған ауыл-ел, ақ патша заманындағы әйгілі Столопиннің жер реформасы құлаққағыс етіледі.
Екінші әңгіме . Дүйсеке ұры қолға түскен. Ыбыш қажы құныкер болып алып кетті. Қауымы Махамбетше әрекетіне наразылығын күңкіл сөзбен білдіреді. Сарыбалаға қажы әкесі Мұстара намаз үйрете бастады.
Үшінші әңгіме . Сарыбала ат пен ертегіге құмар. Үйінде ат жоқ. Жылқы қажылық жолына кеткен. Еңбек емген мұжық Шодыр байыды. Ермек емген сорлы қазақ ашқұрсақ. Шофыр тамыры Мұстафаға екі қап ұн берді. Сарыбала екеуі сары атанға тиеп ауылға қайтқан. Қазақ біреуден сұрағанша, егінді неге жерден алмайды деген сұрақ көкейде қалған. Еріншек – еміншек. Отырықшы Тұрлыбай. Сарыбала – автор руластың кемелі әйелін бұзып алған Тұрлыбайды ретін келтіріп бірер сәт, бірнеше детальмен былайша жанама сипаттап, таныстырып өтеді. «Міне сол аты шулы жігіт қазір дөңгелек қара сақалды, қара торы, балғын орта бойлы, ұстарадай қылшылдаған орта жасты адам. Қайраты бойына сыймағандай қозғала береді. Біресе жүгінеді, біресе малдасын құрады, немесе құйрығымен жылжып кетеді. Әйтеуір тыныш отыра алмайды». Метрей мұғалім. Орыс оқуы.
Төртінші әңгіме . Сарыбала мұсылманша сауат ашты. Молданың
сабақ үйретуге құлқы онша жоқ. Қолдиірменге қарағыштайды. Осы әңгімеде автор ұлттық ойын – асық, оның түрлері туралы тәтпіштей баяндайды. Айту керек, кейін ұмытылады-ау деген қауіп айқын. Осында баяндалған Асық ойын шарты, атаулары қазірде қолданыста ма? деген сауал күндердің бір күнінде көлденең тұрарын болжайды. Кезі келгенде келер ұрпақ «Асық ойынының түрлеріне мағыналық анықтама бар ма? » деп сұрар-ау дегендей. Сақа, кеней, «шүр» алу, «шық етер», «омпа», «өлтір», «бір табан» - атып ойнау. Отырып ойнау – «құж теке», т.б.
Бесінші әңгіме . Сиқымбай жері. Алты ауыл елібай. Барымта ұрлыққа ұласты. Мұстафа қажыға тағы барып келген. Бедел қажы. Ұры Жақсымбекке жаназа шығартпаймыз дегендер Мұстафаға баруда. Ептеп мал біте бастады. Баланы оқуға апаруға бет алу. Қысқы жол. Жүсіп мұғалім, Қайын ата Әубәкір сарт. Кедейден саудамен байыған. Жеті мың жылқылы қарасымен Тұрсын Сарыбаланың қалыңдығына құда түскен. Спасск. Завод көрінісі. Ағылшындар.
Алтыншы әңгіме . Қызыл жұмыртқа мейрамы. Спасск өмірі. Нартай. Сарт шешесі. Ақша. Саудагердің ел қазағын соруы. Сормаңдай басыбайлылық таңбасы. Үйінді-жиындыда күн кешіп жатқан олпы-солпы, ойыншық қазақ. Жұтаған, жұпыны жұмысшы поселкесі. Құжынаған шыбын, күл-қоқыр. Қымызшылар. Гармонь тартқан әнші қыз. Бақытсыздық таңбасы. Күнкөріс үшін күлкі-мазақ күн кешіп жүрген өнерпаз тағдырындағы тарқамайтын тауқымет. Ащы, ауыр сәттер. Тұрпайы қалжың. Төбелес. Жұмысшы құқы. Ру мүддесі. Степан. Билеуші холь. Басыбайлы Жүсіптің таяқ жеуі. «Вор!» атануы.
Жетінші әңгіме . Жүсіпті ағылшындар жұмыстан қуды. Ол бала оқыта бастаған. Аяқ асты заводқа келген гимназист Ердембаев оның оқушыларының дәптерін тексеріп, қаптаған қате тапты. Жүсіп құлдилады. Араққа салынды. Сарыбала Спасскідегі 5 жылдық мектептің 4-сыныбына оқуға алынды. Күнкөріс қиындап кетті. Сарыбала әкесіне хат жазған. Мұстапа келесі күні-ақ жетті. Азық –түлігі бар. Жүсіпті қолдап ақыл көмегін де, басқа көмегін де көрсетті. «Сен білімсіз болсаң, менің балам қалай оқуға түсер еді, мұқалма,» - деп ауылында бала оқытуды бастатып, мектеп ашып жатқан жақсы танысы Тұрлыбайға кепіл хат жазды. Жүсіпке көмектес дейді. Өзі Жүсіпке астындағы атын мінгізді. Құла шолақты біржола сыйлаған. «Баламның оқу ақысыдеп біл, тіпті осыны қасқыр жеп қойса, ұры әкетсе, не жазатайым өліп қалса қайтер едім, «л» деді.
Сарыбаланы енді Пақірей татардың үйіне тұрғызып кетті.
Сегізінші әңгіме . «Суық жел сом бұлттарды жөңкіте айдап, барады» деген суретті сөйлемнен басталған. Сабағы қиын. Қасындағы кішкентай балдыздары – Әубәкірдің ұлдары көмектеседі. Мұғалім Андрей Матвеевич жалықпай оқытуда. Сарыбала іштей пристав болу үшін неше жыл оқиды екен деп ойлайды. Губернатор болу үшін ше? Ақыл оқудан қона ма? Мұхаммед пайғамбар оқымай-ақ ақылды болды? Әубәкір ақша бәрінен үстем. Ақыл мен бақты бұйдалап жетелейді дейді. Несиеге алуды тегін алғандай көріп, тоғытқан қойша Егор саудагердің аузынан өтіп жатқан қалың қараңғы қазақ. Махамбетше осыдан пайда табады. Кепіл.
Автор сыртқы дүние мен Сарыбаланың жай-күйін астастыра, айналып шола отырып айтпақ жайларын түгендеуде.
«Көкөзектің» ағаш көпірінен өткенде Егор дүкенінің алдында бір топ ауыл Қазақтары кездесті... Черных Егор заводтағы ең бай дүкенші. Мәскеу байларынша пұлын вексельмен несиеге әрі басқадан арзан сатады.
... Осы кезде көзі жұмулы, қолында таяқ, беті шұп-шұбар, домбыра асынған адамды бір бала жетелеп келді. Ырзығын елден айырып жүрген Соқыр Қақбан ақын.
Келген, Мұхамбетшеде бұйымтайы бар. Махамбетше аулақ жүр деуден шімірікпеген.
«Иә, иә, жетер Қақбан. Мені несіне торисың. Өзім де торушының бірімін,- деп Махамбетше кірпідей жиырылды».
Ел ақтаған ақынның ашынған сөздері Сарыбаланың есінде қалған. Бірнеше шумағын қайтіп келе жатып жатқа да айтты.
Тоғызыншы әңгіме. 1916 жыл. Қазақтан солдат алады дегенде қыр Алтайы (ру аты – Қ.М.): «Құлаған туды қайта көтерейік! Абылайдың ала туын!» деп, дүр сілкініп, айыр ұстап, қолына қаңылтыр пышақ алып, ортасынан хан сайлап, алыс жауға елді қосып , қол жинап патшаға қарсы шыққалы қамданып жатыр деген дүрбелең, дақпырт даланы жайлап кеткен. Жиын, мәжіліс, кеңес өтті. Біреу алай десе, біреу былай деген дүмпу,дүбіліс.
«Дүрліккен жұрт патшасынан әбден түңіліпті, сенер емес. Әубәкір сөзінің ақырын күтпей, жерімізді алды, дінімізді, салтымызды бұзды... Енді азаматымызды құл етпек!» деп көрген қиянаттарын жамырай айтып жатыр еді, Әмір таяғымен жер сабалап:
- Уа, тоқта! Тыңдасаңдаршы әуелі!- деген соң ғана басылды. Әлихан, Міржақып хаты айтылады. Мұстафа қажы Алладан қазаққа бірлік тіледі.
Қазақ тарихында көп айтылып келе жатқандығына қарамастан, әлі де ашылмаған ақиқаттары қалған «Он алтының» жайынан көз көрген Сарыбала көп жайды меңзеп өткен.
Оныншы әңгіме. Ду етіп ел көтерілген жаз күні зу етіп өте шыққан. Күйсіз қазақтың күйі тіптен қашады. Сарыбала әсіресе осы бір тұстарда жан ауыртпай қала алмаған. Салмағы ауыр,сақа ойлар. Ел айбатынан қорғалап қалған болыстар қайта бой жазды. Қыр қазағы енді жан үшін мал айырбас, пұл айырбастың тұзағында.
«Ешуақытта пара саудасы бұнша қызбаған, ар-ұят бұнша тапталмаған болар. Айуан күшігені жесе, адам күшігені тіріні жеп жатыр. Завод орталығындағы көп шатырлы үйді қоршаған көп көкке қарап күңіренеді. Көкте күнмен шағылысқан бір шоқ ақша бұлт қана бар. Әделет жерден орын таппай сол ақша бұлт болып тұрған сияқты». Сарыбала солдат жұмысынан қалу үшін өзі бір көзін қасақана кем еткен жігітті көрген. Біреудің орнына бала –шаға күнкөрісі үшін малға айырбасталып бара жатқан үлғайып қалған адамды көрген. Көрмеген дәнеме қалмағандай ауыр күндер бастан өтті.
Он бірінші әңгіме. 16-жылдың «прием жылы» аталып кеткенін, қазақ тарихындағы ең қиын асулардың бірі болып қалғанын айтып басталған. Сарыбала кең далада желдей ескен зар өлеңдердің бірі – Нармамбет ақынның ел аузында жүрген әнін айтады. Сүйсінеді. Әндетіп келе жатып Сақау Әлібайға жолыққан. Бірталай тарихты айтып тастайды қарияң.
«- Аманкелді Қыпшақ болса Қая Қыпшақ Қобыландының ұйпағы шығай. Бекболат Жетісу болса Сыпатай батидың ұйпағы шығай. Атыңнан айналайын сабаздайым айтына бірдеме қалдыған екен! Қазақты құдай ынтымақ беймей пымиятып құйтады». Патша тақтан түсті: патшасыз ел бола ма деп ел үрпиісті.
Заводтағылардың арақатынасында аяқ асты бір өзгеріс байқалған. Масаңдау Қарақыз: «Сен білмесең білме, мен сені білем. Талай қазақты кеңсеңе қамап қойып, күректің қырымен ұрғаныңды естігем. Енді неге ұрмайсың?! Әне, патшаңмен қосып сыбап жатыр...» Араша түскен Орынбек.
Он екінші әңгіме. Оқтын-оқтын ауысқан үкімет. Соғыс әлі жүріп жатыр. Дүрбелең. Қазаққа дүмпуі енді ғана жеткен Қазан төңкерісі. Сарыбала түсінбеген күй көп.
«Николай тұсында сайлаған болыстар әлі орнында. Ақсақал билігі әлі күшінде. Жұмысшының жиын жері Спастың өзінде стражник Белов совдекке сайланып, үштің бірі болып отыр». Пақірейдің үй ішіндегілердің жаңа заманды әркімнің өзінше қабылдағаны қандай, ел іші де сондай. Арақ қыздырмаса сөйлемейтін Пақірейің, арақсыз-ақ шешен болып кетіпті:
«- Бу большевиклер не токма что патшаға, байға, даже алланың өзіне қарсы диләр. Мен шылым тартам, арақ ішәм, намаз оқымайым, ораза бұтпайым, ләиім аллаға ышанам. Ол бит сволочь Николай тугіл, он сегіз мың ғаламның патшасы!..» Кенже ұл Құсайын қолдан конверт істеп сатады. Ешкімге, ешнәрсеге ырза емес. Жанжал іздеп тұрады. Әкесін алпыс жыл балташы болып ағаш шаппадың, жоқшылық шаптың, неден қорқасың деп тыйып тастаған. Ортаншы ұлдың бірі Меңліхан ішінде ауыл қазағына өтімді дәрі-дәрмек сақталған жәшігімен әуре. Қазақтың бір қора малы жатқан жәшік. Үлкен ұлы шаштараз Шайқы. Колчактың хабарын ала келген Ақмоладан.
«- Мен еш абдыраман, - дейді. Аяғын айқастырып қойып, сол қолының жыдырығын оң қолының саусақтарымен шерте сөйлеп отыр, - келе берсін Хүкімәтлар. Мәйлі Николай, Керенский мәйлі большевик, Колчак келсін. Лица сақал, шаштың бәрібір».
Пақірейдің бәйбішесі әскердегі Хасенін айтып жылайды. Хасеннің хатын оқыған сайын көңіл демейтін.
«... Әни, көр мінә, бу паразитлар қанымызны сорып ята. Аларыны бітіру үшін Николай, Колчакларны бітірәміз...» деп конвертшіге бірсыпыра бит салып жіберген. Сарыбала кімнің сөзіне, неге сенерін білмей дел-сал.
Кешегі бүгінгіден басқа заман ырқымен Мұстапа баласын заводтан алып қайтты. Жол бойы баласымен Абай туралы пікірлесті, Сүйгембайдың үйіне соқты. Жинақылығы, шаруаға ұсталығы, мінез қалпы, көпте жоқ әрекеттеріне зер салған. Әке өнегесі мол, өсиеті көп. Көл-көсір кең дүние жатыр әке кеудесінде.
«Бес күндік дүние шіркіннің он күндік арпалысы бар. Арпалысаарпалыса күллі жан иесі кетіп жатыр». Жаратқаннан жаңбыр сұрап тасаттық беріп жатқан ауыл жайын баяндауында автор қазақы тұрмыстағы қалыпты күйлердің бір қырын іліктіре сөйлеген.
«Бәрінің сұрағаны жаңбыр. Жалбарынудың шаман, ісләм, қазақы түрлерінің талайы қолданылды». Сарыбала сағынып ауылға да жеткен.
Он үшінші әңгімеде Сағынған ауыл Сарыбаланы тез зеріктіргені айтылады. Мұстафа құдасы Әубәкірдің інісі Мұхаммедиядан Сарыбала ат сұратқан. Шешесі Қадиша әкесін сөге сөйлеген, есің бар ма, қалың төлеп тастағандай дейді. Әке кедейлікті ар көрмейді. Әмісе әділін айтып қарап отыратын мінезді адам.
Ауылды дүрліктіріп бақсы келген. Айтуынша, тамыр ұстайды, құмалақ тартады, жауырын жағады. Алдағыны болжайды. Албастыны қуады. Дертін жазады. Ауыл бақсының айналасында топырлап жатқанда Мұстафа үйден шықпады. Тәспих тартып, тапжылмай отыра берген.
Қызықтан құр қалдыңыз ғой деген баласына дінді тірек ете жауап қатқан.
«- Шырағым, оның несі қызық? - деп басын көтерді әкесі.
- Көзі қызық! Қадалған дерін күйдіреді. Сөзі қызық, күлместі күлдіреді. Бұл кім өзі, әулие емес пе?
- Мұхамметтен кейін дүниеге әулие, пайғамбар келмек емес. Адам дуананың сонда да әулие болғысы, ақам елдің әулиені көргісі келеді. Өзі алданған бишара елді алдандырып жүр-дағы.
Ши - қазақтың ас сақтайтын бөлмесі. Ағаш шелек. Ашыған қатық. Орта қазан піскен сүт. Қаймақ. Құлыптаулы жәшіктегі бір таба нан. Үйелмелі- сүйелмелі кішкентай үш інісінің нан сұрауы. Бір таба нан қонақ үшін. Егінге мойын жар бермейтін қазақтың көрген күні- осы.
«Осы ақылды Мұстафаның өзі көп болса бір аяқ тары, бір бұт бидай септі. Онысы әлденеше күн малалаусыз жатқан, торғайлар қаншасын қалдырғанын кім білсін. Астығы, қымыз, еті жоқ Мұстапа қоң торғай отырғанда, одан төменгілердің күні не күйде?! Қонақ алдына ас қойылса, ауыл жинала келіп телміреді. Бір үй мал сойса, бес үй одан сорпа сұрайды. Ауылдың сонысы аштықтан туған әдет-ау. Әйтпесе: «Бір тойғанын шала байлық», «бір күн қарны ашқаннан қырық күн ақыл сұрама» дер ме еді?»
Әкесімен кітап қараған Сарыбала: әке қолында – Қожа Ахметтің «Хикматы» Бала қолында - Абай өлеңдерінің ескірген көшірмесі. Екеуара сөз жарыста әке Құнанбай қажылығына айырықша бір мән берген. « - Естімеп пе едің, Құнекең қартайған кезде Мекке барып, дүние сөзінен тыйылып жатса керек. Ыбырай: «Әкем неғып жатыр?» десе, қатынаушылар – «Бәдуәлі» оқып жатыр дей беріпті. «Әкем өмір бойы «Бәдуамның бес қағазын бітіре алмаған-ау!» деп күледі Ыбырай. Соны Құнанбай естіп айтқан екен: «Бәдуамда» шариғат, хақиқат, тариқат бар. Әрқайсысы бір өзен. Ол қайдан бітеді! Абайжан жас. Аттап-аттап өте шыққан ғой».
Мұстапа әке баласының екеуінің қайсысы артық деген сауалына былай деп жауап берген: « - Құнекең артық та! Меккеге барды, құдай жолына үй салдырды. Қазақ ішінде қарадан шыққан хан – аға сұлтан болды. Екі дүниесін бірден қамтыған кісі».
Ғабиден Мұстафин Құнанбай тұлғасының танылып, бағалануындағы «Көз көрген» жазылған тұстың ұстанымдарының ығына жығылып сөйлеген жоқ. Кейінгі кезеңде көл-көсір рухани игілікке ұласқан тарихи тұлға әлеуеті «Көз көрген» жазылған уақыттарда көбіне «идеологияның шекпенінен шыққан кейіпкер» кебінде ғана танылып, бағаланатын.
«Көз көргенді» Ғабиден Мұстафин үш кітап етіп жазбақ болып жоспарлаған екен. Алайда, бірінші кітаптан соң жалғасы жарық көрген жоқ. Бірінші кітапта ақ патшаға аударыңқырап ел тарихының талай ауыр шындығын қапысыз-ақ жазды. Жер, қоныс, таусылмайтын тауқымет, еңсе көтертпейтін езгі мейілінше егжей-тегжейлі қамтылған еді. Айналып соғып күйсіздігін қазақтың шаруаға қырсыздығына жаба салатындай болғанымен, сулы, нулы қоныстан ауған қазақ құм тақырға қайтіп егін екпек? Аңлағанға – бұл астар шығармада шебер-ақ әдіптелген. Роман басында ауа көшіп жүрген жұрт. Спасск сынды қалада да, далада да құқы тапталған күйсіз елдің тарихи образы бүкпесіз, боямасыз кейіптелген рухты шығарманың бірі – «Көз көрген».
Қазақ әдебиетінің даму үдерісінде ен түкпірдегі мызғымай жатқан маң далаға дәуірлік төңкерістер дүмпуінің қалай жеткендігі туралы сандаған шығармалар бар. Бес қаруын сайланып туа салғандай ыңғай бір белсенді кейіпкерлер де аз болмайтын. Мұстафин «Көз көргенді» тарихиәлеуметтік ахуал ауқымында барын-барынша баяндап беру мұратында бекініп отырып жазды.тарихи таным мен көркемдік танымды түбегейлі тоғыстыратын, қыспақты заманның қымтырылып, қысылып жазу дағдысынан арылтатын, тығырықтан алып шығатын жолдарды бір түрлі туа бітті қайсар мінезбен жалтақтамай, батыл барлағандығының бір куәсі – осы «Көз көрген» болып қалды. «Қарағандыны», «Миллионерді» жазғандағы «көзсіз» сенім, немесе солқылдақтық - «Көз көргенде» мүлдем жоқ деуімізге болады.
Автор екінші, үшінші кітапты неге жазбаған? Неден тосылды? Толып жатқан ішкі, тысқы себептері болуы мүмкін. Ал нақтысында, екінші кітап жазылса, кеңес өкіметімен келген ақиқаттар ақтарылуы тиіс еді. Жаппай қуғын-сүргін, ашарлық айтылмақ. Кеңестік өктемдік күшеймесе кемімеген ұлт қасіреті, тоқырау туғызған тоғышар құлық, рухани ыдырау қасіреті қозғалар еді. Уақыты жеткенде өзі көзімен көрген замананың бұлтарыс-қалтарысын, бары мен зарын әсіресе, дін ұстаған әке тұлғасындағы мығым, мызғымас ұлттық, жалпыадамзаттық қасиеттер тұғырында ақтарып-төңкеріп отырып, туған ұлтына неден абай болып, неге ден қоюдың жайын қалтарыссыз айтып кетуді көксеген жазушы жанкештілігі ұрпаққа өсиет, өнеге болып қалғандығын кейіндеу түйсіне бастасақ – ол да олжа. Онүшінші әңгіме соңында Сарыбала қоңылтақсыған, Мұхаммедия берген атқа сын айтты. Әке көзі мұнда да көреген, сезім-танымы бөлек. Осы тұста Ғабиден Мұстафиннің «Көз көрген» романындағы шалқар желінің бірі – этнографиялық-танымдық арқау және бір құнды, қымбат дерек, дәйектермен кеңістік жалғаған. Ендігі заман ұмытқан көп ұғым, көп атау, көп сөз қолданыс ұдайы қоса-қабат алынып отыратын, ұлттық құндылықтардың қорғанындай, бұзылмас қамалындай болып сақталып қалған көркем туынды атаулының қадірі бөлек. Осыған «Көз көрген» де кіреді. Көзге жабы, көбең семіз шыққан бозға Сарыбала қуанбаған. Қарны салбыраған мәстек екен. «Мұстапа алдымен аттың аузын ашып, тісіне қарады, одан кейін шықшытына қолтығына қол жүгіртті. Алдыңғы аяқтың сіңірін ұстап, құйрығын көтеріп байқады. Елілеп сербегін өлшеді. Екі жағынан, алды-артынан айнала қарап шыққан соң баласын оңаша әкетіп:
- Бәйгі керден көш ілгері! – деді күлімдеп. – Олар мал баққан ба, сауда баққан ғой. Көп шобырдың бірі деп берді.
- Сіз осының несіне қызығасыз?!
- Қолтығы, шықшыты, кеудесі кең. Ол тынысы кеңдігінің белгісі. Жер соғары жоғары, тұяғы қалың – құйма тұяқ, қанша шапсаң қызбайды. Құйрығы, сіңірі әлді, жағы жалпақ – қоянжақ, сербегі көтеріңкі – зорын таппай болмайды. Төсі төмен, бауыры жазық, жоны тартыңқы, асықты жілігі ұзын, - бота тірсек-адымы мейілінше алымды. Дәу де болса шыға сал, алдына жуырда мал салмас. Жүйрік әрқилы балам. Бұл шапсаң жүйрік, мінсең берік, бір ай жіберсең бір елі қазы бітеді – нағыз кедей қол». Жазушы ұлттық ана тілдің бай қорын, сөз қамбасын басты құндылық мәнінде асқан асыл шұғыласымен, асып-тасыған қуатымен құнттап, бұлдап отыруынан жазбайды.
Іс, қимыл, сезім, заттық нысан – баршасы елеусіздеу айтылғандай көрінуінің өзінде тілдік нұсқа шұғыла шашады.
Олжа бозға шеше де қуанған. Жазушы осы сәт қолданыста жүре бермейтін сирек бір тіркесті «қамбадан» шығарады. «Күтпеген кесек олжа киік желін Қадишаның қиынға тыққанын шығарды. Кебеже түбінде жоққа санап тастаған сүр жаяның қалдығы, бір дорба ұн бар екен. Ет асылған, нан пісіріліп жатыр. Бақай төр алдында. Бауырсақ пен сүрдің иісі оның мұрнын түгілі бүкіл ауылдың мұрнын жарып барады...».
Он төртінші әңгіме . Таң алдындағы ауыл көрінісі, жамырап ояна бастаған тіршілік тынысы. Жазушы ойы сан-саққа тартқан. Мал баққан момын елінің жайы алаңдатады. «Қаршадайына дейін мал құмар қазақтың малдан қадірлісі бар ма екен?! Мал қазақсыз, қазақ малсыз күнелте алмайтын сияқты. Бірінен-бірі айырыла алмай кең даланы кезе береді – көше береді. Екеуі де ешкімге жазықсыз. Сонда да біріне қасқыр, біріне залым өш. Залым қасқырдан, қасқыр залымнан көп. Әне жаңа өрістеген қойға қасқыр шапты». Әке Сарыбалаға әккі қасқырды қалай алудың айлаамалын үйреткен. Сарыбала олжамен оралды. Сүйгембайға тартпақ еді, тырнақ алдыңа байланбаймын деп, бас тартты. Қамен адамның қасқыры еді. Ол да ұсталыпты. Ұстаған Орынбек . Сүйгенбай айтқан. Осындағы Орынбек – заманы туғызған жаңа типтердің өкілі. Кім өкімет? Қай билік? Орынбек те орайын тапқыш. Түлкі заманның тазысы. Он шақты салт аттымен өлі көз Мұқтар болыспен, Шеген поштабаймен жолшыбай кездескен сәтте автор қисынын тауып Сарыбаланы ұтымды бір тұстарда кейіптеп өтеді. Жалпы шығарманың өн бойында Сарыбалаға мінездеме берілмейді, қолайлы, ұрымтал сәттерде оның мінез ерекшелігі, айқындала бастаған кісілік қалпы тайға таңба басқандай айқын суреттермен қаныға, толыға түсіп отырады.
« - Ассалаумағалейкум.
- Әліксалам. Кімнің баласысың?
- Мұстапа қажының.
- Астыңдағы қасқырың не?
- Соғып алдым.
- Өзің соқтың ба?
- Өзім.
- Соқсаң соғарсың. Көзің шегір екен, - деді де омырауында жезі бар, денелі, селдір сақал, сары шұбар кісі баланы ат-матымен айнала бір қарап өтті». Сарыбала «апиын болыс» Мұқтарды жақсы білетін. Енді «Ит көрген жас мысықша тіксіне қарап тұр оған. Мұқтар да жасық көзін қадап қалған екен, шегір көзден бір түйіскенде-ақ тайып шықты». Қойшы Сәмет. Тас қорыққа сүт пісіреді. Қурай сыбызғы тартады. Нарманбеттің «Сарыарқасын» айтады.
Он бесінші әңгіме . Атақты Нұрлан қайтыс болды. Бай туыстары үш дуан елге ас берді. Атақты Тұрлыбай қайтыс болды. Кедей туыстары жөнді мола тұрғыза алмады. Бірақ ел аузында ісі қалды. Аты қалды. Атақты Мекеш ұры қайтыс болды. Иман тікегендер аз.
Ел іші ду-ду ақпар. Қаменді жер аударыпты. Сейфолланың Сәкенін итжеккенге айдапты. Аққа қарсыларды ұстап жатыр, қырып жатыр. Қызыл қайда? Алашорда не бітіріп жатыр? Алыпқашпа әңгіме, жауапсыз сұрақ көп. Әубәкір ауылға келген. Шаруақор кісі жүре тыңдап, жүре сөйлейді. Малын таңбалатуға кіріскен. Қоянды жәрмеңкесінен кейін биыл көп малы одан сайын көбейген. Осыны малдай ұстамай, ақшаға айналдыруы керек. Осы он бесінші әңгімеде де «бұл қалайы?» көп ел мінезі сыйымды әрекеттер үстінде әр қырынан бұлжытпай кейіптеліп отырған.
Байдың мал таңбалауы бір мереке болды. «Ұлы жиынға» жапырлап жұрт көп жиналған. Бірі келіп, бірі кетіп, ұлы дүрмекпен біреу атына, біреу өгізіне таңба бастырып әкетіп жатыр. «Әубәкір таңбасы басылған малға ұры жоламайды. Малқұмар қазаққа мал қызығы- жан қызығы». Дінге келгенде иліге бермейтін, қазақылыққа икемдей қоятын ел адамы жаңалықты қабылдампаз. Бірі қалпақ, бірі қисық жаға көйлек, бірі бәтеңке киіп, бірі шылым шегіп, бірі орысша «шорту» деп күлдірлеп өзгеше екпінмен өзгере бастаған.
Доскей ақын Әубәкірді мақтамақ еді, сөз естіді. «Әркімге бір төсеген майлы көпшігіңе зәру емеспін,» - деп тоқтатып тастаған. Әубәкірдің шешесі Бибіні «Бибіке» деп құлдық ұрады. «Кесіп алсаң қан шықпас кескір сараң». Баласының байлығымен баптанған қатты әйелдің құлқы аз көрінсе де дөп ашылған. Әубәкір заман жайын барлайды. Әрнені ойлайды. Құдалық беталысы. Қадишада қазан басында отырып-ақ төпептөпеп батыл сөйлей беретін қазақ әйелінің қажыр болмысы жалғыз үйлі сарттың рулы елді басынғаны шамына тиген. Бәтимамен кездесу. Түнде көрпе астынан сығалап жатып сарыбала көрген сурет соншалықты қанық. «Әубәкірдің қабағы солыңқы, төсек үстінде тұнжырап отыр. Желке майы шалқайтпай, бұғақ майы еңкейтпей басын кекжите ұстайды. Бурыл тартқан қарашұбар, ұшын қырыққан қаба сақал, ала көз байдың осы отырысы жемтікке тойып жуасыған күшігенге, алдындағы шүйкедей шешесі тоя алмай телмірген қара қарғаға ұқсайды. Бірақ «ұқсайды» деп ешкім айта алмайды. Айтпақ түгілі аттарын атаушы кем. Бірін «мырза», бірін «Бибіке» деп жұрттың көбі жорғақтай келеді.»
Он алтыншы әңгіме . Сарыбаланың үйленуі. Жұпыны жасау. Шұбырып қашқан ақтар. Сарыбала бақылаушы. Алыстан көрінген аттылар. Жұрт тығылады. «Тапжылмаған тек Мұстапа. Алдында кітап, ала көлеңке үйінде Алласына жалынып отыр». Жаңа түскен жас келін Бәтимаға әжесі Бибі ағайын, көршіңе ештеңе берме деп кетеді. Күйеуі, атаенесі «бер» дейді. Қашқан ақтың солдатының ішіндегі Шодырдың баласы Алексей. Әкесі Шодырға бір жылдарда Мұстапа қолұшын берген. Қуғыншылар дегендерінің он бес-он алтылардағы қазақ қызын алып кетіп бара жатуы. Осында Ғабиден Мұстафин тапталған ұлт намысының өшпес таңбасындай ел жадында қалғанымен, «Көз көрген» жазылған тұста айтылмайтын Жүсіпбектің «Ақбілегін» мақсатты түрде баяндау желісіне қосқан.
Он жетінші әңгіме . «Артын шулатып ақтар кетті. Алдын дуылдатып қызылдар жетті». Бай шошыды. Кедей елірді. Әубәкір Сарыбаланы тілмаш етіп әскер басы Петровқа ата-тегінің кедейлігін айтып ақталуда. Әскербасы жиырма шақты ат сұраған. Әккі Әубәкір айла айтады. Елірген Сәттібай. Сарыбала «қазан бұзар» сөзін «он котел портить» деп аудараалмай ақыры «он испорченный человек» деп дөп түскен. Жылқышы Рүстем он солдат жиырма ат айғырды алып кеткенін айтты. Әубәкір аттар менікі емес деп тынады.
Жүз құбылған жұрт. Беймәлім, буалдыр, біртүрлі ұғынықсыз заман. Біртіндеп айқындала бастаған беталыс, бағыттар. Ғабиден Мұстафин «Жол үстіндегі сыр» ғұмырбаяндық эссесінде сол бір замандарда бастан кешкен, көз көрген күйлердің шығармашылық өріске шығу қисындарын ақтарыла әңгімелеген. Шығармада адамдарды сөйлестіру, көріністерді суреттеу, сюжет құру, сезім мөлшерін білу дегендерді көп ізденіп, ақыры орыс жазушыларынан таптым. Өзімнен де қосқандарым бар. Бұл жөнінде қазақ жазушыларынан алғаным тіпті аз шығар? Борыш арқалауды сүймедім. «Қазақтың ауылы ғана емес, аз ғана оқымыстыларының, жазушыларының арасы да быт-шыт екен Сейфуллин бастаған топ жазушылар ұйымын құрды (РАПП) . Елеулі еңбегім болмаса да сол ұйымға мүше болып едім. Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, сияқты ірі жазушыларды, коммунист, басшылық қызметте жүрген Ғаббас Тоғжанов сияқты сыншыларды бұл ұйым сыртқа тепті. Олардың өзі де енуге ентелей қойған жоқ».
«Бала кезімде әкемнің берген діни тәрбиелері бірсыпыра пайдаға, әділдікке жарады. Әкем ұзақ түндерде білген хикметін бар даусымен оқып, жылап отыратын. Әділдік, адалдық, уәдегейлік, кішіпейілділік, бұл жолда тайынбайтын ерлік жайында дінге байланысты көп әңгімелер айтатын» .
Бәлкім, жазушы «Көз көргеннің» екінші кітабында осыны жазуды жобалаған болар. Он жетінші әңгіме Сарыбаланың Мұхаммедия қайнағасымен барып айдалаға қазына жасырып қайтуы, суық өтіп, қатты ауырып қалуымен жалғасады.
Он сегізінші әңгімеде ел аралап, мал жию. Әке батасы, өсиеті. «Ақ жолдан шықпа, шықсаң адасасың, аштан өлсең де, адал бол», - дейді Мұстапа.
Туысқаны Яхия – ұры. Оның он екі жасар баласы да – ұры.
Сарыбалаға айдалада оқшау отырған бұл үй қасқыр апаны болып көрінген. Мұқаш қайнаға мал тап дейді. Біләл болыстыққа түспек. Жұмыссыз қазақ ауылының өмір қалпын көңілмен барлау. Қойшы жігіт. Жоғалған ісек. Төбет қожайынның бәйбіше-тоқалы. Обамен ауырып жатқан жалғыз үй.
Он тоғызыншы әңгіме . Ақмола ояз орталығы. Атуша. Қыз ұзату, келін түсіру рәсімдері. Ойындар. Еріксіз ұзатылып бара жатқан қалыңдық.
Жиырмасыншы әңгіме . Малға жақындаған бірдеңе іле кетеді. Ел талауда. Сарыбаланың серігі Атушаның мал тапқысы келеді-ақ. Катченко. Күдік пен сенім. Осы бір тұста автор қазақты кім жеп, кім сорып отырғанын Катченконың аузымен айтқызу арқылы біраз түйткілге шешім тапқан.
« - Жас жігіт, ісің тиянақты екен. Тез бітіріпсің. Ресей азыққа ақсап отырған шақта сылбырлық сабатажбен бірдей». Кей тұста Сарыбала өкімет байды құртуға неге құштар деп ойланады. Кешегі жуандар әлі тайраңдап жүргеніне түсіне алмайды.
Жиырма бірінші әңгіме . Сарыбала атасы Әубәкірмен бірге алыстағы қыр елінен он бес мың қой жинап қазынаға өткізген. Алғысты Әубәкір алды. Бәтима ауру. Нәрестелері шетінеп кетті. Төркіні дүниені алып кеткен. Сарыбала есейе түскен. Кесімді. Шешімді. Мінезді. Бұл мінездері Бәтимаға үйленер тұсында да, кейін төсек-орын бергізбеуінде де, Атушаға дым алдырмауында да көрініп отырады. Тағы да ел ішінің қым-қуыт кикілжіңі. Ру намысы. Билікке талас. Әлімжеттік. Салық төлеудегі бай, кедей демейтін әділетсіздік. Төрт бестіге бермей жүрген Сыздықтың жалғыз атын тартып алғандарға ауыл айбары. Сөзін жібергенімен, намыс жібермеу. Заң деп, закон деп бұқпай, Сатмағамбеттің сазайын бергені. «Бәрі шығып кеткенде, Әмір кейіндеу қалып, Сарыбалаға құшағын жайды: - Келші балам, маңдайыңнан иіскетші! Бекайдар азып-тозып бітті ме десем, тәуба, тәуба, тілім тасқа бар екен ғой бір ұрпақ!»
Жиырма екінші әңгіме . Біләл болыстың бұлғақтауы. Бәйбішеден тоқалды бұрын алған. Бақ келгенде дәулет те ере келген. Мал көбейді. Арыз да жауа бастаған. Айлакер жау. Ақылсыз дос. Кектесу. Сәмен босатқан Орынбек. Завод. Спасскіге Сәкен Сейфуллиннің келгені. Автор бір ғана сөйлеммен Сәкеннің ел сүйген тұлғасын жарқыратып өтеді. Аз ғана баяндалған осы оқиға желісінде Сәкеннің шындық шарпыған бейнесі бар. Теңбілкөк сонша сәнді болғанымен атқұмар қазақтың назарын аудара алмады. Назар Сәкеннің өзінде.
Жиырма үшінші әңгіме . Түнгі ауыл. Сауық құрған, бозбалалық әуестігімен әбігер болып жүрген Сарыбала, Нұрғади, Мейрам, Сақау Нұрабектің үйін торуы. Осында ескі ауылдағықыз ояту салтынан оқушысын бір хабардар етіп алуды автор арнайы көздегендей. Ендігі замандарда ұмытылатын, этнография ғылымына да дерек, дәйек боларлық көрініс, құбылыстар бар. Ертесіне қаладан Қабыл атты жігіт келген. Қолындағы мылтығын байқап қалған Қадиша отағасына «тәсбиығыңды таста» деп сыбырлайды. «Мылтығы бар» дейді. Мұстапа мылтықтан қорыққанша құдайдан қорық дейді әйеліне. Ауыл жасы жаңаша оқып жатыр. Төлеубай мұғалім тегін оқытады. Катченко Сарыбалаға меңзеп жіберген екен. Ауылда жастар ұясы құрылмақ. Кімдерді тарту қажеттілігі туғанда Сарыбала Жаңылдың «Бәйбіше ұрсады» деген дірілінен заман советтік болғанымен, бай әлі күшті екенін ұғынған. «Өркен» ұйым құрылды.
Жиырма төртінші әңгіме . Біләл мен Мұқтар болыстыққа таласаталаса, екі жақтан да арыз қарша борап, ақыры екеуі де қуылған. Кедей Түсім орындарын алды. Мұқтар Біләлді Шайқымен қоса Ақмоланың абақтысына жаптырған. Сол тұстағы ең беделді милиция қызметінде Сарыбала жүр. Ағайын туысыңа жақтаспадың деп өкпелі. Ел күйі, бейберекет заманның ендігі беталысы Сарыбаланы сарыуайымға түсірмей қоймайды. Иманы берік әке ұстанымымен қалыптасып келе жатқан жас адам кеңес үкіметімен ілесе келмесе де аласапыран заманда бел алып бара жатқан бетімен кетушіліктің ә дегеннен-ақ орнығып алғанын көлгірсімей, ашық айыптайды. Іштей ар арпалысына көп түседі. «Елдің өзі қалпымен дерлік сауатсыз, кең далада киікше жортқан тұрақсыз. Күн көрісі – мал. «Малы бір жұттық, батыры бір оқтық». Мінезі қызық. Елірсе басылуы, басылса еліруі қиын». «Ол кезде Бәйсейіт милиция қызметінен беделді қызмет кемде-кем. «Болком түгілі милицияға айтсаң да ....» дейтін кез. Сол есіл беделді пайдалана білмеді ме, әлде пайдаланғысы келмеді ме, қайтсе де Сарыбала салғырт.
.... Жұмыстың дені тазалық, ұрлық, саудагерлік маңында. Қалада оба ауыруы көп. Әзірге ұры ұстай алмаса да, тазалық, сауда тәртібін бұзушыларға айыпты аямай-ақ салып бақты. Айып ақшасын квитанциясыз тапсырады. Жеушіге жол ашық. Ояздық милиция бастығы Бәйсейіт Әділов күн сайын таңертең терезеден қол созып: - Әкел, бас түзететін ештеме түсті ме? – деп тұрғаны: Балаубаев жиналған ақшаны санамастан ұстата береді оған. Әділев «түйені түгімен жұтады», «арақты судай сіміреді деседі қала. «Арақ, пара билеген адамның қол астында адалдық, әділдік күнелтер!» деп Сарыбала бір күні қынжылып отыр еді, ...» «Сазайын тартты, өкімге қалай қиярсың!»
Автор – Сарыбала Әділев – Қараноғай «достығы» ауқымында ұзамай келетін кетісу, кектесуді де тегіннен тегін ауызға алмаған. Жаңа саяси құрылымның кереғар, ымырасыз қайшылықтары үсті-үстіне айқындалып жатса да идея жолындағы құрбандығы көп «ұлы» күрес тоқтамаған. Қазан төңкерісі сырттан әкеліп таңылған қазақы өмірдің ұңғыл-шұңғылын танып, ұғынған сайын Сарыбаланы қат-қабат ой қамайды. Уайым торлайды. Жері тарылған кәсіпсіз қазақ жаппай ұры болып кетудің аз-ақ алдында тұрғандай. Ұрлық – өнер. Ұры – тұлға. Ұрының қағидасы, тәртіп-моралі қалыптасқан өз өмір ортасы бар. Шығарманың өн бойында осы бір қолайсыздау кәсіптің он-сан өкілімен әр қилы сәтте жолығып отырасың. Бәрінің ортақ бір нышаны - «өзінікіне» тиіспеу, «өзгеден» алу. Өзгесі – шалғай қоныстанған түбі қазақ, өзі болса да «атасы бөлек» рулы ел.
Қазақы көшпелі өмір салты қалыптастырған барымта алу сол бір аласапыран уақыттарда жаппай ұрлыққа ойысқанын, түбінде бәлкім арашалайтын артықшылығы да болуы мүмкін осы бір кәсіптің құлдырау стихиясын «Көз көрген» көкейден өшпейтіндей қанық суреткерлікпен, егжей-тегжейлі баяндау желілерін тартқан.
«Әйтеуір Яхия ақ. Өйткені ол орыс пен қазақ арасы, ағайын арасын өмірі ушықтырған емес. Әгәр ұрыға әлдеқалай бір қасиет бітсе, анық қасиеті осы. «Қаракесек, Сүйіндіктің малы жетеді, жігіттер. Поселкеге, ағайынға соқтықпаңдар...» дегенін талай естідім. Сол Яхия атағына күйді». Милицияда жүрген Сарыбала да, қалада да пара ұрлық араласпаған қуыс қалмағанын әбден ұқты. Қайда да, қашанда да бой тазалығын сақтап келе жатқан жас адамның мінез болмысындағы бірбеткейлік кесімді, шешімді қырлар оба ауруынан өлгелі жатқан Шайқы туысын іздеп барған тұста да бой көрсеткен. «Лұқсат қағазың бар ма?» деп аяғына оралғандарға «Міне!» деп наганын бір нұқып ішке асығыс кіріп кетеді. Біләл мен Мұхтардың арбасуы, азғын сатқындығы «осылар да адам ба» дегізетіндей болды.
Жиырма бесінші әңгіме . «Көз көргеннің» жазушы жобалаған бірінші кітабының соңғы әңгімесі. Ақмоладан өз еркімен кетті Сарыбала. Екі жылдан астам уақыт ауылда болды. Өлең жазды. Жүйрік ат баптады. Қыран тазы ұстады. Үкіметтің ауылды советтендіру ұраны. Сарыбала болыстық милиция бастығы. Нәшәндік. Сарыбала мемлекеттік деңгейде ойланады. Өз бағасында, мінез қырларында көп көзге ұрып тұрмайтын астарларын байқаған: бірде ұялшақ, тұйық, суық, бірде ыстық, ақжарқын, шұғыл....
Қызметіне кіріскен күні: «Ұрлық, пара, бай, жуан, теңсіздік, рушылдық басып тұрғанда ел еңсесі көтерілмейді, осылардың тамырына балта шабу керек», - деп кесіп айтқан. Қаптаған ұры, қайшыласқан барымта. Дала өмірінің сәні қашқан.
Қалың арыз, қаумалаған көп. Мұқтардың жиені бір сорлының мал төлеп жүрген қалыңдығын тартып әкеткен. Жәбір көрген адам жас болыстың милиция бастығы Сарыбаланың түбі Салияның қызынан туған жиен екенін еске сала келеді. Әбділда милиционер Мұқтарға баруға қорқады, қолына мылтық ұстау білмейтін Әлі кетті. Қорықпайды. Әлі келіншекті алып жылдам оралған. Сарыбаланың кеңсесіне кезек күтпей, лұқсат сұрамай Айдарбек кірген. Қарташы, кербез Айдарбек. Қызқұмар. «Шапсаң қылышың, соқсаң шоқпарыңбыз. Өзім болғандай қуандым. Жұмсай бер,» - дейді. Жұмсаған. Жөкен, Шағыр ұрыларды менен өзге ешкім таппайды деген соң. Жол-жөнекей Сарыбала Бітімбайға ән салғызды. Бағыттары – Қарамұрын. Жәңгір ауылы. Төрелер ауылы. Қалпы кең, сұлу Бәтима. Абылай ханның ұрпағы Алтын төренің жесірі. Күйеубаласы Бимендені өзі аманат болып кепілге алып қалды. Жолай өзен тасыды. Қарқаралы жағымен қайтқан. Айдарбектің сұйық істері. Ұрыларды ұстау.
Жолда «Өзің туған қазақы ортада дәл қазір қызмет істеу өте қиын. Арызды жаудырып жатыр. Сондықтан сені Ереймен болысына ауыстырдым», деген ояздың милиция бастығы Ералиннің хаты жетті. Қайтарда баяғы еріксіз ұзатылғанын мал санағын алып жүріп көрген Әсияны ұшыратқан. Бостандық алып берді. Қашқындарды Ақмолаға жөнелтті де, Шабдан Ералинге асығыс хат жазды. Жуандық, озбырлық, надандық Ерейменде де бар. Енді оқуға кетпек, астана бармақ. Үйленем дейді. Адал ниет, ақ іс жолында сырты жараланса да ішім берік деп, ғұмырлық ұстанымын айқындаған... Ештеңеге сенуден қалған Әлібектердің Сарыбаланы былығы көп жаңа заманның жоқшысы деп қабылдауы да – сыйымды. Енді ше? Осыған дейін келген өкіл атаулы алуды ғана білетін, қабаған итше сүйек дәмететін, Сарыбала да солардың бірі деген. Ауылды советтендіру, жаңа саясат дегендерін тышқанды жеу алдындағы мысықтың ойыны деп білген. Сарыбаланың Саябек молданың ақыл сөзінен кейінгі ойларына да автор санқилы салмақ арта жазған.
Қазақтың қалыпты өмір дағдысын бекем ұстап келген ақсақалдық, рулық институттық сала-сала, жазылмаған заң жүйесі де жоталанып көркемдік өріске тартылған. Несі оң, неменелері кем еді дейтін мәселе – өз алдында. Ел тұтастығын сақтаудағы тарихи миссиясы ғылыми негізде тұғырлануы тиіс осы бір ұлы құбылыстың құнын білген кемел тұлғаларымыздың бірі Ғабидан Мұстафин болғаны кәміл.
Көркем сөзде «Көз көрген» бірнеше мәнімен кәделі шығарма болып қалды. Автор сонау бір алпысыншы жылдардың жылы шырайлана бастаған тұсында тартынатын не бар деген оймен өз көзі көрген өмір шындығын ауқымды қоғамтанушылық өреде жазуға бел буған.
Әспеттеу, бірыңғай оң етіп көрсету ыңғайы жоқ. Күрделі қайшылықтар сәт сайын сүріндірер еді. Түбі қайда алып бара жатқаны да айқындалып қалған. Үриіп, қорыққан елдің жері тарылған, ата кәсібі шабындыға ұшыраған, аяп жүрген, оның қамын ойлап жүрген көш бастар тұлғалары тұншыққан. Алдағы аштық апатының белгілері де бас көтереді. Ұлттық санадағы, ұлт болмысындағы бұзылу, бүліну. Кесепат. Аяр пиғыл, арам ниет өрбітер рухани дағдарыс. Бұл – тарихи-саяси арқауы. Осыған қоса ұлтжанды қаламгер Ғабиден Мұстафин шығармада ел өмірінің қайталанбас қалыптағы мазмұн, көрінісін мақсатты түрде егжей-тегжейлі дәріптейді. Ауыл категориясы. Отбасылық институт. Ақсақалдықтың мығым, қастерлі арқаулары. Түрлі қуаныш, қаза рәсімдері. Рулық институттың ұстанымдары... Елдік құрылым. Қилы әлеуметтік топ өкілдері... Шығармада Арқа өңірінің автор үшін де аса аяулы, жылдың әр мезгілінде көрініс беріп отыратын географиялық, климаттық, пейзаждық ерекшеліктері шалқар өріс түзген. Қазақ сөз өнерінде қапысыз тіл ұқсату шеберлігі қашаннан дәріптеліп келе жатқан қас шебер Ғабиден Мұстафин «Көз көргенде» де тіл қоймамыздың асыл үлгілеріне кенелтіп отырады. Роман кейіпкерлері көркемдік өріске өмірден шығып қосылғандығы, идеологиялық шекпен киіп, ойдан жасалып келмегендігі де шығарманың даралық сипатын ашады. Естен кетпес орталық тұлға – Мұстапа әке бейнесі. Кісілікті Мұстапа – қажы, дін ұстайды. Ғабиден Мұстафин ежелден әдебиет атаулының асыл арқауы болған дін қағидаларын ХІХ ғасырдан бастап қазақ арасына қайтадан кең жайылған дін қиссаларындағы баянды желілерді жалғастыра сабақтастыруы арқылы да «Құдайдан безген» аталған кеңестік жүйеге қарсы жүрді. Шығармада көркемдеудегі деталь, диалог үлгілері, мінездеу, кейіптеу, әрекет динамикасы, портрет, пейзаж, баяндау, құрылымдық үлгі негізгі мазмұн – белгілі бір дәуір, кезең, замана аясындағы ел мінезін, ұлт тағдырын түбегейлі психологиялық, философиялық, тарихи-әлеуметтік ауқымарналарда ашуға қапысыз жегіледі. Жиырма бес әңгімеде ұланғайыр қазақы кеңістіктегі уақыт тұлғасы сомдалды. Сарыбала кейде – үйде, кейде – түзде, бірде – жалғыз, бірде – ортасымен алына отырып дүниені барлай, аңлай бастаған. Тұлғалық тұғырларын орнықтыра түскен. Өкініштісі сол – екінші, үшінші кітап жазылғанда кейінгі, келер ұрпақ үшін жұмбағы әлі де көп сол өткен уақыттардың ақиқатынан сыр жаятынтыңға түрен салған, жаңашылдығы басым мазмұн түзілетіндігі сөзсіз еді.