1. Мемлекет түсінігі, мәні мен белгілері.
2. Мемлекет нысаны.
3. Мемлекет тетігі (механизмі).
Глоссарий
Мемлекет – белгілі бір аумаққа иелік етіп, сол жердегі халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін, қоғам табиғатынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті басқарудың жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан жүйесі, саяси билік ұйымы.
Діни теория – мемлекеттің, мемлекеттік биліктің пайда болуының құдайлық бастамасын негізге алады, «барлық билік құдайдан» деген тұжырымдаманы бекітіп, жақтайды. Бұл теорияның көрнекті өкілдерінің бірі – Фома Аквинский.
Патриархалды теория – мемлекеттің пайда болуын отбасымен байланыстырады, ал мемлекет басшысының билігін отбасы мүшелерінің алдындағы әке билігінен туындатады. Бұл теория Грецияда пайда болған, өз негіздемесін Аристотельдің еңбектерінен иеленсе, өз дамуын ағылшын ғалымы Филмердің еңбектерінен тапты.
Шартты теория – XVII-XVIII ғасырларда кеңінен тараған. Оны жақтаушылардың қатарынан Голландияда Гуго Гроций мен Спиноза, Англияда Д.Лок пен Т.Гросс, Францияда Ж.Ж.Руссо, Ресейде А.Радищев орын алды. Шарттық теорияға сәйкес, мемлекет шарт нәтежесі ретінде пайда болады, оның қатысушылары болып адамдар табылады, олар шарттың негізінде өз бостандықтарының, өз билігінің бір бөлігін мемлекетке береді.
Күштеу теориясы – мемлекеттің пайда болу негізі ретінде күштеу әрекетін, бір халықтың екінші халықты жаулауын таниды. Жауланған халықтың үстінен билікті бекіту үшін соған күштеу жүргізу үшін мемлекет құрылады. Күштеу теориясы XIX ғасырда пайда болды, оның өкілдері – Л.Гумплович, К.Каутский, Е.Дюринг.
Психологиялық теория – мемлекеттің пайда болуын адам психикасының көріністерімен: бағыну қажеттілігімен еліктеумен, алғашқы қауымдық қоғамның жоғарғы топтарына тәуелділікті сезінумен, белгілі бір әрекет түрлерінің әділдігін түсінумен және т.б. байланыстырады. Психологиялық теорияның өкілдерінің қатарынан Л.Петражицкий мен Г.Тардты атауға болады.
Органикалық теория. Бұл теорияның өкілдері Г.Сперанский, Вормс, Х.Прейс мемлекетті ағза ретінде түсіндірді. Оның бөліктері арасындағы тұрақты байланыстар тірі ағзаның бөліктері арасындағы байланысқа теңестіріледі, яғни мемлекет биологиялық дамудың бір түрі ретінде көрініс табатын әлеуметтік даму өнімі. Биологиялық ағзаның бір түрі ретінде мемлекеттің өз миы мен оның шешімдерін жүзеге асыру құралдары болады.
Материалистік теория – мемлекеттің пайда болуын әлеуметтік-экономикалық бөлінумен, яғни, жеке меншіктің пайда болуы мен және қоғамның таптарға бөлінуімен байланыстырады. Бұл теорияның өкілдері – К.Маркс, Ф.Энгельс,В.И.Ленин – мемлекет бір таптың екінші таптың үстінен үстемдігін сақтау және бекіту, қоғамның біртұтас ағза ретінде өмір сүруі мен қызмет етуін қамтамасыз ету мақсаттарында пайда болған деп санайды
Мемлекеттік аппарат – заңнамада бекітілген бірыңғай қағидалар мен билік бөлінісі негізінде құрылған және қажетті материалдық құндылықтармен қамтамасыз етілген мемлекеттік органдар жүйесі.
1. Мемлекет түсінігі, мәні мен белгілері
Мемлекет адам баласының өмір сүру ортасындағы маңызды саяси ұйым. Маңызды ұйым ретінде мемлекет үнемі бар болып келген жоқ. Мемлекет өзіне тән белгілерінің күрделене дамуының барысында бірте-бірте қалыптасты.
Ғылыми болжамға сүйенсек, жер шары бұдан 4-5 млрд., ал ондағы алғашқы адамдар шамамен 2 млн.жыл ілгері пайда болған екен. Айталық, біздің елімізде, яғни, Қазақстан аумағында алғашқы адамдар 1 млн. жыл бұрын өмір сүрген деген археологиялық қазбалар нәтижесіне негізделген дерек бар. Жыл санаудан 40 мың жыл бұрын «саналы адам» біржола қалыптасып үлгерді.
Ал, адамзат тарихындағы ежелгі мемлекеттер заманымызға дейін 4-5 мың жыл бұрын пайда болыпты. Ондай мемлекеттер қатарында шығыстың ежелгі Бабыл, Мысыр, Үнді мен Қытай елдерін атауға болады.
Сөйтіп, саяси құрылым ретінде мемлекет пайда болу, қалыптасу мен даму белестерін басынан кешкен. Мемлекеттің өткеніне көз жүгірту арқылы осы күнгі мемлекет өміріндегі мәселелерді түсінуге ықпал етіп, оң келешегін болжауға мүмкіндік береді.
Рулық құрылым адамдардың қандық туыстық негізінде бірігіп еңбек ететін ортасы. Оған ру көсемдері билік жүргізген. Маңызды мәселелер ақсақалдар кеңесінде талқыланған. Ру-тайпа өмірі әдет-ғұрып ережелерімен реттелген.
Мемлекеттің оны рулық құрылымнан ерекшелейтін өзіне тән белгілері бар. Мемлекеттің ондай белгілерін анықтау арқылы оны басқа да қоғамдық құрылымдардан ажырата аламыз.
Мемлекеттің түсінігін анықтап, оның қоғамдағы атқаратын қызметіне қарай мемлекеттің мәніне көз жеткізуге болады.
Жер бетіндегі елдердің табиғи-жағрапиялық, мәдени, діни ерекшеліктеріне қарай мемлекеттің қалыптасуының бірнеше жолы белгілі.
Олар: 1) шығыстық; 2) батыстық; 3) аралас сипаттағы даму.
Заң ғылымының, оның iшiнде “Мемлекет және құқық теориясының” даулы мәселелерiнiң бiрi – мемлекеттiң пайда болуы, яғни, мәжбүрлеу сипатына ие билiк органы ретiнде мемлекет адамзаттың дамуы барысында қол жеткiзген жетiстiгi.
Сонымен, мемлекеттiң пайда болуын өзiнше түсiндiрiп-тәптiштейтiн мынадай болжам-байламдар бар.
Мемлекет табиғи орта «перзентi». Әлемде алғашқы пайда болған шығыстағы мемлекеттердiң барлығы iрi-iрi өзен алқаптарында пайда болған. Өзен бойында тiршiлiк кешкен халық суды тиiмдi де қауіпсіз пайдалану мақсатында арық қазып, арнасын бұрып өздерінің егiстiк алқаптарына икемдейдi. Жылда көктем шыға өзен суы тасып, жағалауындағы халықтың шаруашылығына тіпті, олардың бас амандығына қауiп төндiретiн.
Сондықтан, арық қазып, дамбы салу, асау, өзендi ауыздықтау мақсатын да көздейтiн. Ежелгi Қытай, Үндi, Мысыр мен Бабыл елдерiндегi қоғамдық iстер мекемесi деген арнайы алқалы орган болған. Ол мекеме дәл осы суармалы жүйе объектiлерiн салуды ұйымдастыратын.
Егiстiк алқаптарын қолдан суару жүйесiн салу құжынаған халықтың күш бiрiктiрiп, жұмыла атқарар шаруасы едi. Мемлекет халықты осындай ортақ iске жұмылдырушы орган ретiнде пайда болады.
Мемлекет – Құдайдың жердегi «көлеңкесi». Мемлекет осы болжамға сай, жер бетінде тәңiр әмiрiмен құрылған билiк тұтқасы. Өздерiн құдайдың жердегi сүйiктi құлдары әрі өкілі санаған билiк басындағылар қол астындағы халықтың өздерiне қалтқысыз құлдық ұруы үшiн осындай жалған атты жамылды.
Ежелгi елдердiң қатыгез патшалары өздерiнiң қатал әрекеттерiн, халыққа жасаған зорлық-зомбылықтарын құдай атымен ақтап алатын. Ел сенiмiн еселеу үшiн билiктегiлердiң жүрiс-тұрысы, киiм киiсi оларды қара халықтан өзгешелеп тұруы тиiс еді. Ондай басқарғыштардың айтуынша, құдай мәңгi. Демек, мемлекет тетегеурінді әрі тұрақты билiк аппараты.
Мемлекет – үстем тап мүддесiнiң жоқшысы. Мемлекетке дейiнгi қоғамда адамдар бiрiгiп аң аулап, тапқан қорегiн тең бөлiп жеп, мамыражай күн кештi. Күндердің күнінде миы молығып, санасы зорайып, найза, тас балта, сүңгi және садақ сияқтыларды ойлап табу және оларды икемді қолдану арқылы еңбек құралын жетiлдiрген адамдар тобының ендi еңбегі еселенеді, яғни – тапқаны жегенiнен асып түседi.
Сөйтiп, марқұм Маркс айтып кеткен, артық өнiм пайда болады. Артық өнiм адамдар арасына жiк түсiредi. Бұдан былай, адамдар бай мен кедей, дәулетті мен міскін, қанаушы мен қаналушы болып екiге бөлінеді. Байлар еңбек етпей, кедейлердi қанайды. Кедей байдың «отымен кiрiп, күлiмен шығады».
Мемлекет байлардың мүддесiн жоқтап, пiкiрiн қолдайтын билiк жүйесi деген материалистік пікір мемлекеттің пайда болып, қалыптасуын осылай түйіндейді.
Мемлекеттi материалдық қатынастар дамуының жемiсi деп қарастыратын бұл болжам ұзақ уақыт дұрыс, кемшiлiксiз жалғыз тұжырым ретiнде есептелiп келдi.
Мемлекеттiң өткенi турасындағы кез-келген пайымдау осы тұжырым аясынан аспауы тиiс деген қатаң талап қойылды. Бұл үрдiс тарих жолын бұрмалап, нәтижесінде ғылымда мемлекеттiң пайда болуы туралы сыңаржақ түсiнiк пен жалаң пiкiр қалыптасты.
Мемлекеттiң пайда болуын келте қайыратын осы болжамның тағы бiр үлкен қателiгi мемлекеттi уақытша құбылыс деп қарауы едi. Яғни, ұраншыл социализм өкiлдерiнiң айтуынша, тап құрыса – мемлекет те құриды. Заманында марқұм Ленин мемлекетті найза мен соқа сияқты қарабайыр құралдар қатарында мұражайдан ғана тамашалаймыз деп жастар алдында лекция оқыған. Осы тұста материализм пен анархизм өзара туысып та кетедi.
Мемлекет қоғамдағы алуан пiкiрдi үйлестiрушi. Мемлекеттiң мұндай миссиясының бүгiнгi күнi маңызы артпаса, кемiген жоқ.
Мемлекеттiң пайда болуын психология тұрғысынан түсiндiру. Адам баласы тумысынан екi түрлi. Бiрi ел билеп, көсем болуды көксесе, екiншiсi, керiсiнше, бағынышты, «сен тимесең, мен тимеймін» күйiн кешуге бейiм болады екен.
Демек, бiрi бағынғыш, жуас болса, ендi бiрi, көнуден гөрi көндiруге ұмтылатын жылпос. Сөйтiп, мемлекет қалың көнбiс қауымды басқаратын жылпостар тобы болып шыға келеді.
Мемлекет келiсiм-шарт нәтижесi. Мемлекет пайда болғанға дейiн, адамдар арасында берекетсiздiк белең алды. Бұндай жағдай жоқтықтан емес, тоқтықтан болды. Адамдар құқық-мүмкiндiгiнiң шектелгендiгiнен емес, әрекет жасау еркiне ешбiр шектеудiң болмауынан жапа шектi.
Қоғам бiр-бiрiмен бет жыртысып, итше таласқан, бетiмен кеткен бәлеқорлар тобына айналды. Адам атаулы бiр-бiрiн қырып-жойып жiберуге аз-ақ қалды. Мұндай дүрбелең шақты Томас Гоббс деген батыстың бiлгiшi «война всех против всех» деп сипаттапты.
Шексiз мүмкiндiк пен өлшеусiз бостандықтың адамға зиян екендiгiне көзi жеткен көпшiлiк өз iшiнен оң-шақты адамды iрiктеп, соларға өздерiнiң құқықтық тағдырын аманаттайды. Бұдан былай, көпшiлiк iрiктелген азғантай топтың айтқанына көнiп, айдағанына жүретiн болды.
Мемлекет дегенiмiз-халық келiсiмiмен пайда болып, оның аманатын арқалаған азғантай билiк тобы.
Бұл болжам, табиғи құқық теориясымен бiрге бүгiнгi құқықтық мемлекет тұжырымының құрамдас бөлiгi саналады.
Мемлекет әлiмжеттiк құқай салдары. Мемлекетке дейiн адамдар ру-тайпаға бiрiгiп өмiр сүрген. Ру-тайпалар тынбай өзара қырқысып жататын. Жеңген жақтың адам саны көбейiп, жер көлемi ұлғаятын.
Сөйтiп, бастапқыдағысынан бiрнеше есе зорайған жеңiстi топ қарамағындағыларға билiгiн жүргiзуi үшiн басқарушы қатарын көбейтуге мәжбүр болады.
Яғни, осы болжамға сай, мемлекет дегенiмiз жауланған халыққа билiк жүргiзу мақсатында құрылған саяси аппарат.
2. Мемлекет нысаны
Ғылымға «мемлекет» терминін алғаш рет италияндық ойшыл Н. Макиавелли (1469-1527ж) енгізген. Оған дейін «корольдік», «қала жұрты», «республика», «ел», «патшалық», «үстемдік», «сұлтандық» және т.б. сияқты әр алуан атау-анықтамалар қолданылып келген.
Мемлекеттің түсінігі, нысаны мен қызметі оның түпкі мәніне қарай айшықталады. Сондықтан, мемлекет туралы оқып-білуді оның мәнін анықтаудан бастаған абзал. Мемлекеттің мәні ол не үшін қажет, ол қандай мақсат-мұратқа қызмет атқарады дегендерді қамтиды.
Мемлекеттің мәні дегеніміз оның табиғатын, мазмұнын, қызмет ету мақсатын, қоғамға қажеттілігін айқындайтын маңызды қасиеттерінің жиынтығы. Заң ғылымында мемлекеттің әлеуметтік және таптық мәнін ажырата қарастыру әдетке айналған.
Мемлекеттің белгілі бір үстемдік етуші таптың мүддесін қорғайтын құрал екендігін Маркс айтқан. Оның пікірінше, мемлекеттің мәні қоғамдағы өндірістік қатынастардың сипатымен анықталады. Қоғамға қарама-қайшы үстем және басыбайлы болып екі тапқа бөлініп, ал, мемлекет үстем тап мүддесін қорғаушы болады.
Қоғам – қашан да ала-құла, біркелкі емес. Мұндағы адам баласының жасына, мамандығына, дініне, қызығушылығына, тұрғылықты жеріне және т.б. көптеген жағдайларға байланысты мүдделері, қажеттіліктері әр қалай, сұраныстары сан-алуан.
Мемлекеттің әлеуметтік мәні – міне осы қоғамның барлық өкілдерінің мүддесін жақтап ешқандай шектеусіз, кедергісіз, ешкімге артықшылық не кемшілік көрсетпей бәріне бірдей қызмет ететін әмбебап орган дегенге саяды.
Мемлекет дегеніміз – егемендікке ие, құқықтың негізінде, арнайы аппараттың көмегімен елді басқаруды іске асыратын, заңдастырылған мәжбүрлеу мен күштеуді қолдану құқығы бар, қоғамдағы саяси биліктің ұйымдастырылуының ерекше түр-пішіні деп айтуға болады.
Мемлекеттің мәні оның ерекшеліктері мен сипатты белгілерінің жиынтығынан тұратын мазмұнынан көрінеді. Мемлекеттің қоғамдағы саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар мен институттардан ерекшеленетін өзіндік бірнеше белгілері бар. Ондай белгілерге мемлекеттің аумағының болуы, мемлекеттің халқының болуы, мемлекеттік (бұқаралық) билік, мемлекеттің егемендігі (тәуелсіздік), құқық пен заңдардың барлығы, салық пен салықтық жүйенің болуы жатады.
1. Кез келген мемлекеттің өзінің белгілі бір аумағы болады. Аталған аумақта сол мемлекеттің тұрғындары, халқы шоғырландырылады және осы аумақтың көлемінде мемлекеттің билігі таралып іске асырылады. Тек елшілік аясында немесе басқа да халықаралық келісім арқылы көрсетілген шеңберде болмаса, бір мемлекеттің аумағында екінші мемлекеттің билігі жүрмейді.
2. Мемлекеттің екінші бір белгісі ол мемлекеттік (бұқаралық) биліктің болуы. Биліктің бұқаралық болатын себебі ол, сол мемлекеттің халқы атынан оның аумағында тұратын елдің, адамдардың барлығына бірдей таратылады. Бұқаралық билікке мемлекеттік билік пен басқару органдары, мәжбүр ету аппараттары жатады. Тек мемлекет қана сот, прокуратура, ішкі істер бөлімдері, әскер, абақты сияқты органдар мен мекемелердің көмегімен мемлекеттік билікті іске асырады.
3. Халықаралық құқық теориясына сәйкес мемлекеттің ең негізгі белгілерінің бірі сол мемлекеттің аумағында тұратын халқының болуы. Мемлекеттік билік өзінің аумағында тұратын адамдардың арасындағы қоғамдық қатынастарды құқық, заң арқылы реттеу үшін, сол халыққа арналған құқықтық нормативтік актілерді қабылдайды. Қабылданған құқықтық нормативтік актілер халықтың барлық топтарына ортақ және міндетті түрде орындалуға, сақталуға және іске асырылуға тиіс.
4. Мемлекеттің келесі бір белгісі ол мемлекеттің егемендігі. Егемендік мемлекеттің ішкі және сыртқы істерді атқарудағы толық тәуелсіздігі. Мемлекеттің егемендігін үш жақта қарастыруға болады: біріншіден, мемлекеттің бүкіл аумағына, халқына тарайтын бірден-бір мемлекеттік билік болып табылатын биліктің үстемдігі; екіншіден, мемлекет органдарының бірыңғай жүйесін құрайтын мемлекеттік биліктің тұтастығы; үшіншіден, мемлекеттік биліктің өз істерін өз еркімен шешуге құқығы бар биліктің тәуелсіздігі.
5. Мемлекеттің тағы бір белгісі ол мемлекетте құқықтың, заңдардың болуы, құқық пен мемлекеттің ажырамас, тығыз байланысы. Кез келген мемлекет өзінің саясатын, билігін белгілі бір құқықтық нормативтік актілерді қабылдау арқылы іске асырады. Құқық пен заңды сол мемлекеттің өзі қабылдап бекітеді және олар сол мемлекеттің бүкіл іс-әрекетін заңдастыруға көмектеседі, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты, қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажет.
6. Мемлекеттің негізгі белгілерінің тағы бірі сол мемлекетте салық пен салық жүйесінің болуы. Салықтар, алымдар, төлемақылар – мемлекеттік аппаратты, қызметкерлерді ұстауға, қоғамның басқа қажеттіліктерін қанағаттандыруға жұмсалатын мемлекет қазынасына түсетін, қайтарылмайтын, халық табысының бір бөлігі. Мемлекет халықтан салық алып оны мемлекеттік аппаратты ұстауға, қоғам қажеттіліктерін өтеуге жұмсайды.
3. Мемлекет тетігі
Мемлекеттік билікті ұйымдастыру, халықты басқару үлкен өнер. Осыған байланысты қоғамда мемлекеттің арнайы тетіктері қалыптасады. Тетіктердің көлемі, құрылымы, таптық сипаттары, атқаратын қызметтері мемлекеттің тарихи типтеріне байланысты болып ұйымдастырылады.
Мемлекеттің тетіктері (аппараты) дегеніміз билік жүргізу және мемлекеттің міндеттерін, функцияларын іс жүзіне асыру үшін кәсіби дайындық негізінде құрылған органдардың жүйесі.
Мемлекеттің құрамдас бөлігін мемлекеттік органдар құрайды. Мемлекеттік органдар дегеніміз мемлекет механизмінің құрамдас бөлігі ретінде құқықтық негізде басқару мақсатында құрылған жүйе.
Мемлекеттік органның өзіне тән ерекшеліктері бар: Мемлекеттік орган өмір қажеттілігіне қарай, құқықтық негізде, арнайы функцияларды атқару үшін құрылады; Елдегі басқа органдармен тығыз қарым-қатынаста қызметін іс жүзіне асырады; Билік ету барысында күш қолдануға құзырлы; Мемлекеттің функциясын, мемлекеттік саясатты іс жүзіне асыратын мекеме. Мемлекет саясатының өзгеруіне қарай кей орган жойылып, жаңа орган құрылуы мүмкін; Мемлекеттік орган арнайы дайындықтан өткен, билік жүргізуге құзырлы, әдейілеп жасақталған адамдар тобы. «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасының бір тарауы «Қазақстан – кәсіби мемлекет» деп аталады; Мемлекеттік орган өз қызметін заңнама негізінде жүзеге асырады. Айталық, ІІМ-нің қызметі Конституция мен ІІ органдары туралы арнайы заң негізінде жүзеге асырылады; Мемлекеттік орган материалдық базамен және қаржылай қамтамасыз етіледі.
Мемлекеттік органдар өз қызметін мынадай қағидаларды ұстанып жүзеге асырады: а) демократизм, яғни билікті жүзеге асыруға халық өкілдерінің тартылуы; ә) тең құқықтылық (Қазақстан Конституциясының 14-бабы); б) адам және азамат құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ету; в) мемлекеттік биліктің тармақтала жүзеге асырылуы; г) кәсіпқойлық. Мемлекеттік қызметшілер қатары арнайы білімі бар, біліктілігі жеткілікті, сынақтан өткен адамдармен жасақталады; ғ) қабылданған шешімнің орындалуы не орындалмауы үшін қатаң жауапкершілік; д) заңдылық (норм-құқ. кесімдердің бұлжымай орындалуы. Заңдылықты мақсатқа сәйкестілікпен шатастыруға не алмастыруға болмайды).
Ал, енді аз-кем құқықтық мемлекет турасында сөз етейік. Биылғы күзде жиырма бір жылдығын тойлағалы отырған Конституциямыздың бірінші бабында: «Қазақстан өзін-өзі ... құқықтық мемлекет деп орнықтырады» деген елдің мемлекет ретіндегі табиғатын анықтаушы қағидалық ереже тайға таңба басқандай жазылған.
Алдымен, осы құқықтық мемлекет дегеннің мәнін анықтап алайықшы. «Құқықтық мемлекет» тіркесі термин түрінде осы соңғы ғасырлар ширегінде ғана қолданыла бастаған. Ал, құқықтық мемлекет туралы ілім тамырын тереңнен тартады.
Құқықтанушы ғалымдар алғашқы мемлекет осыдан 4-5 мың жыл бұрын пайда болған дейді. Мемлекеттің пайда болуымен, оны әділетті басқару тетігіне айналдыру мәселесі қатар туындады. Осы мәселе төңірегінде сонау ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі жүздеген ойшылдардың болжам байламдары құқықтық мемлекет тұжырымын құрады.
Сөйтіп, билігі үш тармаққа жіктелген, жеке тұлға құқықтарының жүзеге асуы мен қорғалуын қамтамасыз ететін, қызметі заң ережелерімен шектелген мемлекет – құқықтық мемлекет болып есептеледі деген түсінік қалыптасты.
Құқықтық мемлекеттің басты қағидаларының бірі заңның үстемдігі болып табылады. Ал, бүгінгі күні елімізде көптеген заңдар орындалмай, тек қағаз жүзінде қалып отыр. Айталық, «Егемен Қазақстан», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті», «Жас алаш» және т.б. газеттерде «Тіл туралы» ҚР Заңының орындалмай жатқандығы жыр боп жазылып келе жатқалы қашан.
Осы айтылғандар орындалмайтын заңдардың бір мысалы ғана. Бұл құзырлы органдардың салғырт қызметі мен қарапайым азаматтардың құқықтық немқұрайлылығының салдары. Осылар елімізде құқықтық мемлекет орнату жолындағы бірден-бір көсе-көлденең кедергілер. Негізгі Низамдағы құқық-тық мемлекет құру туралы арман-мұратымыздың баянды болуы, қызметіне ұқыпты мекемелер мен өз құқықтарын біліп қана қоймай, солардың сақталып әрі мүлткісіз жүзеге асуын талап ете алатын елжанды азаматтар қатарының көбеюіне тікелей тәуелді. Ендеше, сөзімізге ісіміз сай болсын!
Бақылау сұрақтары:
1. Мемлекеттің пайда болуы туралы болжамдар қандай?
2. Мемлекет дегеніміз не және оның белгілерін ата?
3. Мемлекет тетігіндегі мемлекеттік орган.
4. Мемлекеттік басқару нысаны.
5. Мемлекеттік құрылым нысаны.
6. Саяси режим.
7. Мемлекеттік орган.
8. Құқықтық мемлекет қағидалары.
9. Құқықтық мемлекеттегі биліктің тармақталуы.
10. Адам құқығы қамтамасыз ету мен қорғау – құқықтық мемлекеттің негізгі қағидасы.
11. Азаматтық қоғам: түсінігі, белгілері мен құрылымы.
12. Қазақстанда құқықтық мемлекет қалыптастыру мәселелері.
Казустар (есептер)
№1
Студент Орманов Н.Н. мемлекеттің қалыптасуының үш жолы бар екенін айтты: 1) шығыстық; 2) батыстық; 3) аралас сипаттағы даму.
Студент Орманов Н.Н. мемлекеттің қалыптасуының жолдарын толық атады ма?
Бұл сұраққа сіз қалай жауап беретін едіңіз?
№2
Студент Бәкіров С.М. мемлекеттің қоғамдағы саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, ұйымдар мен институттардан ерекшеленетін өзіндік бірнеше белгілері бар екендігін айта келе, ондай белгілердің келесі түрлерін атап шықты: Мемлекеттің аумағының болуы; Мемлекеттің халқының болуы; Мемлекеттік (бұқаралық) биліктің болуы; Мемлекеттің егемендігінің (тәуелсіздік) болуы; Құқық пен заңдардың болуы; Салық пен салықтық жүйенің болуы.
Басқа студенттер оның жауабымен келіспей, өз күмәндерін білдірді.
1. Сіз студент Бекжановтың жауабымен келісесіз бе?
2. Мемлекетті ерекшелейтін басқа белгілер бар ма? Болса атап бер.
№3
Студент Махмудов оқытушының қойған сұрағына жауап берер де, мемлекеттік орган өмір қажеттілігіне қарай, құқықтық негізде, арнайы функцияларды атқару үшін құрылатыны жөнінде сілтеу жасады.
1. Бұл сұрақ бойынша сіздің ойыңыз қандай?
2. Өзініздің ойыңызды мысалмен дәлелдеңіз.
Нормативтік-құқықтық актілер:
Қазақстан: мемлекеттілік кезеңдері (құқықтық құжаттар жинағы). Құраст. Ж. Бәйішев. А.: Жеті жарғы, 1995.
«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы, 2000 жыл 25 желтоқсан.
«Қазақстан Республикасының прокуратурасы туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 1995 жыл 21 желтоқсан.
«Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздік органдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы, 1995 жыл 21 желтоқсан.
Оқу құралдары:
Н.Ә. Назарбаев. Қазақстан-2030. Президенттің Қазақстан халқына жолдауы // Егемен Қазақстан , 11.10.1997 ж .
ҚР Президентінің Қазақстан халқына жолдауы, 1 наурыз 2006 ж. // Егемен Қазақстан.
Назарбаев Н.А. Қазақстанның студент жастарына арнау. // Егемен Қазақстан, 06.01.1998г.
Ағдарбеков Т. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы, 2003.
Атжанов Т.Ж., Роднов А.М. Мемлекет және құқық теориясы: сызба мен түсініктемелер. Оқулық құрал. СПБ., 2000.
Артықбаев Ж.О. Жеті жарғы – мемлекет пен құқық ескерткіші: Оқу құралы. – Алматы: Заң әдебиеті, 2003. – 150 бет.
Ашитов З.О.
Ашитов Б.З. ҚР құқық негіздері: оқу құралы. Алматы: Жеті жарғы, 2003.
Булгакова Д.А., Истаев А.Ж. Мемлекет және құқықтың жалпы тарихы: оқу-әдістемелік құрал. Алматы: Дәнекер. 2004.