Ш.Уәлиханов: «Поэзияға деген бейімділік, әсіресе импровизацияға деген дарындылық көшпелі жұрттардың бәрінде болатын қасиет. Мұндай қасиеттің болуына, көшпелілерге өздерінің алаңсыз өмірі әсер етті ме, жоқ жасыл дала мен моншақтай жұлдызы көп, ашық аспанды сұлу табиғат әсер етті ме, мұны білудің бізге әзір қажеті жоқ».

Мұхтар Әуезов: “Әдебиет тарихы” еңбегінде: «Қазақ әдебиеті барлық халықтың әдебиеті сияқты екіге бөлінеді: біріншісі – ауызша әдебиет, ел ақындығы. Екіншісі – жазба әдебиеті. Ел ақындығы не ауызша әдебиет: елдің жазу өнерін білмей тұрған кезінде шыққан сөздер».

Қазақ халқының сөз өнерін ғалымдар ауыз әдебиеті деп атаған. Сонымен бірге ғылым мен мәдениетте “халық шығармашылығы”, “халық поэзиясы”, “халықтың ауызша сөз өнері” дейтін атаулар да осыған жақын мағынада қолданылады. 1846 жылы ағылшын ғалымы В.Томс ұсынған “фольклор” сөзі де ауыз әдебиеті атауы үшін халықаралық ғылым атау ретінде орныққан.

С.Қасқабасов: «Фольклор – ежелгі дүниетаным және көне мәдениет, әрі мұра. Ол – көп заманның, бірнеше дәуірдің, әртүрлі қоғамның жемісі, сондықтан көпқатпарлы, көпсатылы және көпмағыналы, көпқырлы».

Халық ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеттің ерекшеліктері:

  1. Авторсыздығы.
  2. Көп нұсқалылығы (варианттылығы)
  3. Қалыптасқан дағдылы сөздер мен сөйлемдердің тұрақталған ұқсастықпен ұйқастардың жиі кездесуі.

Жазба әдебиеттің ерекшеліктері:

  1. Авторы бар. Авторы – ақын немесе жазушылар.
  2. Варианттылық жоқ. Әрбір қаламгер шығармасын өз атынан жариялайды.
  3. Жазба әдебиетте дағдыға айналған сөздер жоқ. Әр қаламгердің қалыптасқан өзіндік қолтаңбасы бар.

С.Қасқабасов: «Қазіргі таңда «ауыз әдебиеті» деген термин қазақтың ежелден келе жатқан жыраулар мен ақындардың ауызша шығарып, ауызша орындап, ауызша таратқан төл туындыларына қатысты екені анықталды. Сөйтіп, қазақтың ұлттық сөз өнері үш түрден, үш топтан тұратыны белгілі болды: Ұлттық сөз өнері: Фольклор; ауыз әдебиеті; жазба әдебиеті».

Ә.Қоңыратбаев: «Фольклор туындыларының өзіндік ерекшеліктері болады. Ең алдыменен, фольклор – синкретті өнер. Оның бойында халықтың тұрмыс-салты, театр, сөз, би және ән-күй өнері бір-бірінен дараланбай, тұтас күйінде көрінеді... «Халық ауыз әдебиеті» деген атауға келер болсақ, ол фольклордан жіктеліп шыққан, бірақ әлі де болса дәстүрлі байланысын үзбеген жеке бір арна болып қалмақ».

Б.Кенжебаев: «Фольклорда көркем өнердің бірсыпыра түрінің өзі, элементі бірігіп, қосылып жүреді. Онда сөзбен, жырмен қатар сахна – театр өнерінің, би өнерінің, әуез-музыка өнерінің белгісі, элементі қатар жүретін кездер болған. Қазақ халқының қыз ұзату, келін түсіру жөніндегі өлеңдері мен тақпақтары және айтыс, бәдік өлеңдері мен жырлары бұған толық дәлел бола алады».

Фольклор – синкретті өнер: Ауыз әдебиеті; Халық әні; Халық күйі; Халық биі; Халық театры.

Р.Бердібай: «Қазақтың лирикалық өлеңдерінен эпостық шығармаларына дейінгі жанрлары музыка сазымен көркемделіп айтылған. Зерттеушілер бірде-бір эпос мәтінін оның музыкасымен қатар тексеріп көрген жоқ. Ауыз әдебиетінің мұраларын толық танып білу үшін, фольклордың этнография, тарих ғылымдарымен байланысын тексерген жөн.

Фольклортану ғылымы өзге де ғылым салаларымен, атап айтқанда: диалектология, этнография, музыка, педагогика және психология, тарих және философиямен байланысты.

«Жалпы халық мұрасын қазіргі мәдениетіміздің кәдесіне жаратуға болатын бізде бірнеше тәсіл мен бағыт бар» - деп, С.Қасқабасов ағамыз оларды саралап атап шықты. Олардың ең бастылары:

Нағыз халықтық мұра, егер оны дұрыстап ел арасына кеңінен тарата білсек, адамды көркемдікке тәрбиелеуде, өнерімізді озық дәстүрлермен байытуда, қазіргі дәуіріміз бен ұлтымыздың өткендегісін рухани дәнекерлеудесөз жоқ үлкен рөл атқарады. Тек мұны жүзеге асыру керек.

«Кеңестік солақай саясат» тұсында да, әрине, жоғарғы оқу орындарында фольклортану пәні оқылды. Әйтсе де, оқыту жүйесінде біржақты теріс көзқарас та орын алмай тұрмады. Р.Бердібаевтың айтуында «схоластикалық көзқарас зардабы фольклортану пәнін де айналып өткен жоқ. Қайта ауыз әдебиеті де, оны тексеретін ғылым да көбірек қырсыққа ұшырады. Соның салдарынан фольклортанудың міндеті, өзіндік орны мен мәні, ерекшелігі туралы ғылыми жұртшылық ұғымы тым бұлдыр болып келеді... Фольклор – ауыз әдебиеті әлі де меңгеріліп болмаған тұңғиық терең байлығымыз». Р.Бердібаевтың ой-пікірі келтірілген «Фольклортану пәніне мән берсек» мақаласында санамалап берілген бұрмалаушылықтарға тоқтала кетсек, 1. фольклортанудың құлашын жаздырмаған қырсықтың бірі – мәдени мұраны таптық көзқарас тұрғысынан қараушылық. 2....тағы бір тосқауыл – фольклортануды жалаң саясаттың қанжығасына байлап жіберушілік. Мәселен,15 ғасырдың бас кезінде орыс княздарына кектесіп, Мәскеуді шапқан Едіге батыр да, 19 ғ.орта тұсында орыс басқыншыларына қарсы шыққан Кенесары Қасымұлы да Ресей жаулары, «орыс халқының, халықтар достығының дұшпаны» атанды. Қазақ халқының классикалық әндерінің біршамасына орындауға тыйым салынды. Ауыз әдебиетін, фольклорды, қазақ тарихын зерттеген Е.Бекмахан, Қ.Жұмалиевтер, Е.Ысмаиловтар қара тізімге ілікті. Сондықтан да, ауыз әдебиеті туралы еңбектерінде жаттандылық орын алды. Фольклортанудың көне жанрларын тексеруге ешкімнің де жүрегі дауаламады.

Р.Бердібаевтың айтуынша, фольклортанудың баяу дамуының бір сыры, зерттелудің толыққандылық сипатқа ие болмағандығында. Ұзақ жылдар бойы фольклор – сөз өнері деп қана қарастырылды. Дегенмен де, фольклор тарих, этнография, музыка, ескі салт, наным-сенімдермен де тығыз байланысты. Ғылыми шындыққа жанаспайтын, ауыз әдебиеті - жазба әдебиеттің көнерген түрі деген қарадүрсін қағида қалыптасты. Халық мұрасының аса үздік үлгілерін ғана қарастырып, ауыз әдебиетінің басым көпшілігін назардан тыс қалдыру да болды. Автор өз зерттеуінде бұдан әрі фольклор мұраларының коллективтік сипатқа ие болып, көп нұсқалы түрде тарайтындығына тоқталады. Р.Бердібаев: Фольклор туындылары көп вариантты болып келеді. Олардың таралуы мен сақталу заңдылықтары да қилы-қилы. Әр заманның дүниетанымдық сүзгісінен өткен шығармаға тосын сипаттар қосылып отыруынан фольклордың көпқабаттылығы (полистадиялығы) келіп шығады. Адамдардың жадында ғана сақталып, ұрпақтан ұрпаққа тарап отыратындығы фольклордың дәстүрлілік келбетін белгілейді. Фольклор жаратындыларын толық мәнінде тану үшін зерттеудің салыстырмалы - тарихи, жүйелілік (системный), тұтастық әдістерін қолдану керек болады. (Р. Бердібаев. IIтом. А., 2005. 460-461 б.)

Ғалымның айтуынша, қазақтың лирикалық өлеңдерінен эпостық шығармаларына дейінгі жанрлары музыка сазымен көркемделіп айтылған. Әйтсе де, қазірде зерттеушілер бірде-бір эпос мәтінін оның музыкасымен қатар тексеріп көрген жоқ. Ауыз әдебиетінің мұраларын толық танып білу үшін, фольклордың этнография, тарих ғылымдарымен байланысын тексерген жөн. Фольклордың синкреттік болмысы айқындалуы тиіс. Фольклорды тек қана сөз өнері деп қарау ауыз әдебиетінің сыры мен тереңіне бойлатпайды. Осы жағдайды ескеріп қазақ фольклоршылары соңғы жылдары ауыз әдебиетінің өзіне тән өзгешеліктерін тиімді ғылыми тәсілдермен зерттеуге бұрылғанын айтуымыз керек. Соның нәтижесінде фольклор құбылыстарының табиғатын тереңдеп ашатын «Қазақ тарихи жырларының мәселелері», «Қазақ фольклорының типологиясы», «Фольклор шындығы», «Қазақ фольклорының тарихылығы», «Қазақ фольклорының поэтикасы» деген ұжымдық еңбектер жасалды. Бұл еңбектер өзінің методологилық таяныштары, ғылыми принциптері жағынан фольклортану ғылымының жетістіктері деңгейінде орындалған. «Қазақ фольклористикасының тарихы» атты монография зерттеушілердің елеулі табысы деп бағаланды. «Қазақтың архаикалық фольклоры» деген жаңа жұмыс та фольклортанудың аса қажетті мәселелерін сөз етеді. «Ә.Марғұлан, Ә.Қоңыратбаев, Е.Исмаилов, т.б. ғалымдар эпосты тақырыптық белгілеріне қарап жүйелеген жіктеудің өз кезінде танымдық маңызы аса зор болды», дейді Р.Бердібаев. Әйтсе де, қазіргі эпостануда күллі этикалық мұраны басқаша өлшеммен қарайтын тұжырым қалыптасып келеді. Ол – жанрларды жанрлық-стадиялық сипаты бойынша төрт топқа бөліп, архаикалық, қаһармандық, ғашықтық және нақтылы тарихи жырлар деп жүйелеу.

Жазба әдебиеттің классиктері М.Әуезовтің, Ғ.Мүсіреповтің, С.Мұқановтың, М.Жұмабаевтың кейбір шығармалары халық әдебиеті сюжеті негізінде жазылды. Қазіргі қазақ қаламгерлері фольклорлық сюжеттерді өз шығармаларына пайдаланып отырады. Халық қазынасындағы архетиптер, бейнелер, сюжеттер көркемдік тәсіл ретінде қолданылып, қаламгерлердің стильдік тезіне түскен. Ежелгі таптаурын сарындар қазіргі тұрмыс-тіршіліктегі, күнделікті өмірдегі бояулармен көмкерілген. Ұлттық таным талап еткен фольклорлық сарын қазақ әдебиетіне ХХ ғ. 60-80 жж. жаңа леппен, соны сарынмен қайта оралды. Бұл әдебиеттің дамуының әртүрлі кезеңдерінде әрқилы көрініс тапты. Астарлы ойдың негізгі кілтін ауыз әдебиетінің сюжетінен ала отырып пайдаланған шығармалар ретінде Ә. Кекілбаевтың әдеби-философиялық повестері, А.Мекебаевтың «Жезтырнағы», Д.Досжановтың «Тілегімді бере гөр» повесі мен «Қызылқұмның желі не деп жырлайды» әңгімесін, т.б. айтуға болады.

Ауыз әдебиеті – халықтың ауыздан ауызға, атадан балаға ауызша таралып, ғасырдан ғасырға жеткен сөз өнерінің ғажап үлгісі. Синкретизм (грекше – «қосылу») – кең мағынасында, мәдени шығармашылық түрлерінің, яғни өнердегі тек пен түр, жанрлардың ең баста бөлінбей, бірлікте болғанын білдіреді. Фольклор – халық шығармашылығы, халық даналығы тудырған сөз өнері болса, оның табиғаты мен тарихын зерттейтін ғылымды фольклортану дейміз.

Фольклортану – фольклордың тарихы мен теориясы туралы білім. Оның зерттейтін объектісі: фольклор шығармалары қашан және қалай туды, сюжеті нақты өмірмен қабысып жата ма, әлде адам санасындағы түрлі ұғымдардан алына ма? Фольклор өмір шындығын қалайша көрсеткен, оның тарихилығы, жасалу жолдары мен көркемдік ерекшеліктері қай дәрежеде деген мәселелерді қарастырады.