НАУҚАСТЫ ҚАРАП ТЕКСЕРУ

Қазақ және шығыс медицинасында ауру түрлерін анықтау тәсілдерінің тәжірибелік тарихы тым тереңде жатыр. Онда адам ағзасынан ең алдымен іргелі қуаттарды қарастырады. Іргелі қуаттар: ата-бабадан жалғасқан қуат және рух қуаты болып екіге бөлінеді. Сонымен бірге қолданбалы қосымша қуаттар бар: қоректендіруші қуат, қорғаушы қуат және сыртқы реттеуші қуаттар. Ауру түрлерін анықтауда іргелі қуаттар мен қосымша қуаттар басты назарда болады. Іргелі қуаттар дегеніміз хромосома, ДНҚ, РНҚ қызметімен сәйкес келеді. Ол адам ағзасында өмір бойы қоректендіруші және ғарыш қуаты, жер қуаты арқылы екі қызмет атқарады. Бірі – адам болмысын анықтап, оның кезеңдерін, өсіп дамуын реттейді. Екіншісі – жеке тұлғаны үнемі жаңаландырып отырады. Ежелгі халық емшілері науқастың әлпетіне, көз жанарына, тамақтануына, жүріс-тұрысына, тамыр соғуына қарап ауруын анықтағанда осындай халықтық негіздерге сүйенген. Адамның бүкіл өмірін болжап жүрген халық арасындағы көріпкел бақсы-балгерлер де қазақ және шығыс медицинасының тарихи негіздеріне жүйелі-жүйесіз түрде арқа сүйейді. Жоғарыдағы қуаттармен салыстырғанда материалдық формадағы қуат – қанқуаты болып саналады. Оған ішкі ағзалар, жасушааралық сұйықтықтар, тамырмен айналатын қан жатады. Қан – органикалық зат, кеуде қуыс бөлімінде пайда болады. Ол жазда және күндіз – беткей, түнде және қыста терең айналады. Ай туған кезде қанжетіспеушілік туындайды, осы кезде дерт түзілісі тереңге сіңуі мүмкін.

Қазақ және шығыс медицинасы ауру түрін анықтауда адамның сыртқы қуатпен, сондай-ақ суық, ыстық, құрғақшылық, дымқылдық, жел, өте ыстық сияқты қасиеттермен байланыс бар-жоғын қарастырады.

Бүгінгі батыс медицинасындағы науқасты тексеру үлгілерінің негізі жібек жолы арқылы бүкіл әлемнің түкпір-түкпіріне тарап кеткен дәстүрлі шығыс медицинасының жетістіктеріне сүйене отырып қалыптасқан. Десе де, батыстық медицинаның өзі органогенез, морфогенез дамуының бақылау тетігін әлі де толық зерттей алмай отыр. Шығыс медицинасының артықшылығы пубертанттық, менопауза, андропауза кезеңдерін толықтай түсіндірумен бірге, органогенез пайда болуының бес қағидасына сүйенеді. Қуаттарды – туудан кәмелетке толғанша, кәмелет жасы, балалық шақтан менопаузаға дейін, одан әрі өмірінің соңына дейін бақылау деп ажыратады.

Науқас күнделікті өмірде ауа райының өзгерісін, психикалық қалыпсыздығын, тамаққа болған тәбеттің тұрақсыздығын, қатты қалжырау сияқты құбылыстардың барлығын физиологиялық күштің әсерінен екенін сезгенімен, патологиялық реакцияға ұшырап ішкі ағзалардың функциясына ықпал жасалатындығын сезе бермейді. Мәселен, ыстық күн райында адамдар көп терлейтіндіктен көбіне жүрегі қағады, бұл ыстықтың жүрекке өткендігін ұғындырады, ал күннің суық райында кіші дәрет көбейеді, бұл суықтың бүйрек ағзасына өткендігін білдіреді, сол сияқты кенеттен қайғыру кіші дәрет пен үлкен дәреттің қалыпсыздығына әкеліп соғады, ол бүйрек ағзасынның зақымдалғандығын түсіндіреді, ұзақ уақытқа созылған психикалық қалыпсыздықтан, тез ашуланудан өт ағзасының сұйықтығы өзгереді, ал қатты қайғыру бауыр ағзасына зақым келтіреді деп түсіндіреді.

Адам көп оқып, дем алмай ізденгенде, шектен тыс ауыр ой еңбегінен асқа болған тәбетті төмендетіп, асқорту жолдарының функциясын едәуір әлсіретеді де, асқазан мен көкбауыр ағзаларын зақымдайды. Тіпті бастан артық тоя тамақтану астың қортылуын қиындата түседі.

Ауруды тудыратын негізгі себептер 6 климат, 7 пиғыл болып бөлінеді.

Алты климат: жел, суық, ыстық, дымқыл, құрғақ, жалын.

Жеті пиғыл: қуаныш, қайғыру, ой, уайым, қасірет, қорқу, шошыну. Денсаулыққа бұдан басқа қақырық, жеген тамақтың тұрып қалуы, ұрылып-соғылу, түрлі жыртқыштардың жарақат салуы т.б. себептер кері әсер етуі мүмкін. Сыртқы себептің ішкі себепке әсер етуінен ауру пайда болады. Көп ауру себептерінен пайда болған науқасты емдеуден бұрын, әртүрлі болмашы себептер тудырған науқастардың ұқсамаған бейнелеріне негізделіп (бейнесіне қарап, ауру себептерін іздеу) ауру түрлеріне қарай емдеп сауықтыру мақсатына жетуге болады.

Жеті түрлі психикалық өзгерістен туындайтын аурулар (қуану, азаптану, өкіну, ойлану, қайғыру, шошыну) физиологиялық жағдай мен психикалық көңіл-күй қалыпты жағдайда болса – әдетте әртүрлі аурулар пайда бола бермейды, бірақ қалыптан тыс психикалық өзгеріс ауру әкеледі, мәселен қатты азаптану бауырға ақау түсіреді, кеуде мен екі мықынның ауруын және бас ауруын, психикалық көңіл-күйдің нашарлауы сияқты симптомдарды тудырады, қалыптан тыс ой бауырды зақымдап қана қоймай, асқазан ауруына, асқазан толмастың кебуіне, тамаққа тәбеттің төмендеуіне әкеп соғады.

Желден пайда болған науқас белгілері: 1. Желден жөтелгіш келеді. 2. Жел өзгеріп тұрады, жел тез шығады, тез басылады. 3. Жел әрекетшең келеді. 4. Жел жоғарыға тез көтеріледі. Сондықтан адамның басында, бет бөлімінде ауру көп кезігеді. Жел сыртқа тепкіш болатындықтан, адам көп терлейді де, қышу белгілері пайда болады.

Сыртқы желден пайда болған сыртқы дененің ауырсыну белгілері суықтан қорқады, қызуы жеңіл болады, басы, денесі ауырады, тер шықпайды, тамыры қалқыма қатаң болады.

Ыстық желден пайда болған сыртқы дене ауырсыну белгілерінде дене қызуы жоғарылайды, суықтан қорқуы жеңіл болады, терлеп, шөлдейді, басы, денесі ауырады, тамыры қалқыма тез соғады. Суық денеде тоқтап қалса және суық денеге кірсе тез тырысып ауыратын болады. Суық – дене қуатын зақымдайды. Суық – сыртқы денеден ішкі денеге оңай өтіп ыстыққа айналады. Оның негізгі белгілері ішек қорылдайды, іші өтіп құрсағы ауырады, ащы кекіреді, суыққа жолықса ауруы күшейеді, ыстықта жеңілдейді, зәрі көп, әрі мөлдір, ашық түсті келеді, тілі ақ өңезденеді, тамыры шөкпе дымқыл болады. Ішкі суық көбінде ішкі мүшелердің қуатының әлсіздігінен пайда болады. Сондықтан суықтық іштен басталады деп қаралады. Клиникада әлсіз суықтық синдромдар көп кездеседі, кернеу суық әдетте аз кездеседі.

Ыстық өт және түрлі қызулардан бастау алады. Мұндай ыстық денедегі қуатты сұйықтықтарды оңай бұзады. Ыстық адамға әсер етсе тер көп шығады да қуат әлсірейді, сұйықтық зиянға ұшырайды. Ыстық, көбінде дымқыл жаз мезгілінде күшті болады, дымқылдық күшейеді, адамдар көбірек суық жемістермен азықтанатындықтан көкбауыр, асқазанда дымқылдық пайда болады.

Ыстықтан ауруға шалдыққан науқастарда дене қызып-суиды, басы және денесі ауырады, кейде құрсағы ауырып іші өтеді, жүрегі айнып құсады, тілін ақ жабын басады, тамыры қалқыма болады, міне, бұл жаз мезгіліндегі тұмауратып қалғандықты білдіреді. Ыстық өтсе дене қызады, демі қысқа әрі іркіліссіз болады, тері құрғақтанып қышиды, терлемейді, басы айналып сіресіп ауырады, тынысы жиілейді, шөлдеп тұрады, кеудесі толып жүрегі айниды, қол-аяғы тартылады бей-берекет сөйлейді, тіпті есінен танады, еш нәрсені сезбейді, тілі құрғайды, тамыры күшсіз болады, бұндай ауру күннің көзінде ыстық өтіп кеткендіктен немесе ыстық күн астында ұзақ жұмыс істеуден пайда болады.

Дымқыл ыстық өткенде дене қызуы тоқтамайды, суықтан қорқады, тер аз шығады, іш кебеді, тәбеті төмендейді, үлкен дәреті сұйық келеді, қол-аяғы сырқырайды, ауызы дәмсізденіп жабысқақтанады, несеп аз әрі қызыл түсті келеді, тілді қалың өңез басады, тамыры жұмсақ тез соғады, бұндай жағдай негізінен көкбауыр мен бауыр әлсіздігінен, дымқыл ыстықтық қосылудан туады.

Науқастың көкбауыры оңай зақымдалады, дымқылдық сипаты ауыр болса, қол-аяғы ауырып денесі құрысады, дымқылдық күшейгенде әйелдерде ақкір көп келеді, жарақат болса – жараның ауызы езіліп тұрады, дымқылдық жабысқақ негізде болады да, денеде оңай тұрып қалады. Сондықтан дымқылдықтан болатын аурулар созылмалы болып тез жазылмайды, дымқылдық басқа түрлі себептермен бірлесіп адамға зиянын тигізеді, (жел дымқылдық, суық дымқылдық, ыстық дымқылдық).

Құрғақтық дене сұйықтығын оңай бүлдіреді әрі өкпеге оңай зақым келтіреді. Сондықтан да қайнаған суды көбірек ішіп, дене сұйықтығын толықтырып тұрған жақсы.

Суық құрғақтық суықтан қорқады, қызады, басы ауырады, терлемейді, құрғақ жөтеледі, мұрыны бітіп тамағы құрғайды, тілі ақ өңезденіп, тамыры қалқыма соғады.

Ыстық құрғақтықтан адамның денесі қызады, біресе тоңады, басы ауырады, тер аздап шығып тамақ, мұрындары құрғайды, жөтеледі, қақырығы аз келеді, тамыры қалқыма тез соғады, тіл ұшына жұқа перде қаптайды.

Ішкі құрғақтықтан тамағы, тілі, терісі құрғайды, құрғақ жөтеліп аздап қақырық келеді, қақырығында кейде қан болады, шөлдеп іші қызады, дәреті қатады, тілі құрғап аз өңезденеді, тамыры жіңішкеріп тез соғады, бұл ұзақ уақыт науқастанып, ішкі дене сұйықтықтарына зақым келгендіктен болады.

Аурудың негізгі белгісі – қан ысиды, жалын іш сұйықтықтарына оңай зардап келтіреді, ауру жіті басталады әрі уақыты қысқа болады, дене қызуы жоғарылап тынысы тездейді, көзі қызарып шөлдейді, суық нәрсе ішкісі келіп тұрады, зәрі аз әрі қызыл, нәжісі құрғақ әрі қатты болады, тіс еті ісіп ауырады, психикалық көңіл-күйі түсіңкі, құсады әрі өңі көгереді, тілі құрғап өңезденеді, тамыры толқынды тез соғады.

Әлсіз жалын әсерінен ауру баяу пайда болады, науқастың тамағы құрғап шөлдейді, ішқұсаланып ұйықтай алмайды, денесі қызып терлейді, тілі қызыл, тамыры жіңішке тез соғады.

Аурудың бұндай түрі өкпе, көкбауыр, бүйрек ағзалары қызметінің қалыпсыздығынан дене сұйықтықтары біркелкі тарқамай дене ішінде тұрып қалуынан болады.

Ол формалы қақырық және формасыз қақырық болып екіге бөлінеді.

Формасыз қақырықты науқастың жағдайына және көрінісіне қарай анықтауға болады. Науқас қақырынып-түкіргенде тамағынан қақырық үні шығады, іші кеуіп, тамақтану азаяды, көкбауырдың әлсіздік белгісі байқалады, денесі семіреді, тілін қалың өңез басады, тамыры әлсіз болады.

Дымқыл қақырық көп болып оңай түседі, науқастың кеудесі бітіп, жүрегі айнып, тамақтануы азаяды, тіл үстін ақ, қалың өңез басады, тамыры әлсіз соғады.

Құрғақ қақырық жабысқақ болып, оңайлықпен шықпайды, тілі, ауызы құрғайды, тілі өңезденеді, тамыры әлсіз соғады.

Суық қақырық жабысқақ, сары болады әрі қосымша ыстық белгілері көрінеді, тіл өңезі сары түсті, қалың болады, тамыры әлсіз тез соғады.

Жіті болған қақырықтан бас айналып, көзі қарауытады, жүрегі айнып құсқысы келеді, ауызынан көбік шығады, қол-аяқтары тырысады, тіл үсті ақ өңезді, тамыры дымқыл әлсіз соғады.

Жабысқақ қатты қақырықтан тері астында ісік түйіншектері пайда болады, тері қызармайды, басы ауырмайды, тіл өңезі ақ, тамыры әлсіз соғады.

Науқасты анықтауда денедегі 14 арнаның (энергия) ББН өзгерістеріне қарай және балалар ауруын құлақтағы тамыр арқылы анықтайды.

Дәстүрлі медицинадағы қарау, ұстау, сұрау, тыңдау тәсілдерінің қазақ және шығыс медицинасындағы қолданылу ерекшеліктеріне төменде қысқаша түсіндірулер жасалды.

АУРУДЫҢ СЫРТҚЫ БЕЛГІЛЕРІ

Көптеген науқастардың аурудан тартқан зардабы дене сыртының әр жерінен байқалады. Мысалы, бауыр ауруына шалдыққандардың көз еті, денесі сарғаяды. Қанжел болғандардың буындары ісіп, сыртқы денесінде қара шұбар дақтар пайда болады. Паразит құрт ұзақ уақыт ішін жайлаған баланың тістері орқаштанып, сиықсыз өседі. Сондықтан ауырған баланың бет-әлпетіне, психикалық жағдайына, терісіне, ерін, тіс, тіл, көз (1-2-суретке қараңыз), тамақ, тырнақ сияқты мүшелеріне, қақырығына, үлкен және кіші дәретінің түсіне қарау керек.

Тіл қатпарын: төменгі – жел бөгеті, ортаңғы – қуат бөгеті, жоғарғы немесе саусақ ұшы – өмір бөгеті сияқты үш бөлікке бөліп қарау арқылы тексеріледі. Онда қатпардың өңі, ұзын-қысқалығы, тамырдың айқын байқалуы, тамыр түсінің өзгеруі, тамырдың қай бөгетте орналасқаны қаралады.

Көз, құлақ, мұрын, ерін, тіл секілді бес ішкі ағазаның айналарындағы өзгерістер арқылы ауру түрін анықтап, анықталған ауру түрін тамыр ұстау барысында толық қуаттың таралу үлкен шеңберінде тексереді. Сонымен бірге аурудың себебіне (этиологиясына) негізделіп емдеу жүргізіледі.

  1. Бауыр айнасы – көз; ондағы жіңішке тамырлар бітімі тексеріледі, көздің жіңішке тамыр өзгерістері көздің қай жеріне орналасқаны анықталады.
  2. Жүректің айнасы – тіл; оның пішіні, ісік бар-жоқтығы, тіл өңезінің өзгерісі қай бөлігінде байқалғаны қаралады, көкшіл, қызыл, сары, ақ, сұр түстерінің қай түріне өзгергені ажыратылады. Айталық, қалыпты тіл өңезсіз, ақ түсті, әрі дымқыл болады. Ақ жабын көбейсе – суықтың көп өткені, сары өңез көбейсе – ыстықтың көп өткені болады. Тілдің көгеруі дененің әлсірегендігін, тілдің құрғап кеберсіп, қызудың көтерілуі денеге зақым келгенін білдіреді. Бет-әлпеті албырап тұрса – ыстығының көтерілгені, беті бозарып шөлмек тартса – қан аздықты білдіреді.
  3. Өкпе айнасы мұрын; негізінен мұрынның патологиялық өзгерістері мен мұрын ұшының көгеруі, тамырларының кеңеюі, терісінің қызаруы, кебуі, қан ағуы сияқтылар бар-жоқтығы тексеріледі.
  4. Бүйрек айнасы құлақ; тыңдау қабілеті, құлақтың тері өңінің өзгерісі, бұлықтың бар-жоқтығы анықталады.
  5. Көкбауыр айнасы ерін және ауыз қуысы; іштегі ыстық кезіндегі ерін және ауыз ішіндегі болатын өзгеріс белгілері қаралады.

Күллі жаратылыс әлемдегі барлық заттың физикалық энергиясы – инь (әйел) және нерв жүйесінің энергиясы – ян (ер) болып бөлінеді. Осы екі өмір энергиясы бір-бірімен әрекеттесуінен, инь полюсынан янь полюсына нерв импульсінің өтуінен тұрады. Осы импульстер өтуінің бұзылуы салдарынан түрлі аурулар пайда болады.

Науқасты қарағанда аускультация, сұрастыру және сипау кезінде алынған мәліметтер бойынша керағар екі жақты болатын өзгерістерді дәрігер қадағалап, дұрыс диагнозын белгілейді, содан кейін науқасты емдеуге кіріседі.

Науқасты дәрігер қараған кезде аурудың жалпы жағдайын, көңіл-күйін, дене қалпын, терінің түсін, бет-әлпетін, көз жанарын, ауыз қуысын, тіл өңезін, қол-аяғын, тыңдағанда дем алысын, жөтелсе жөтелдің сипатын, құсу, кекіру, ықылық ату жағдайларын жіті қадағалайды.

Шығыс медицинасы науқастың терісін «дені сау түс», «ауру түс» деп екіге бөліп қарайды. Сонымен қатар сол жақ ұртта – бауырдың жалпы жағдайы, оң жақ ұрттан – өкпенің жағдайын, маңдайда – жүрек, иекте – бүйрек, мұрында – көкбауырдың жағдайын көруге болатындығын айтады.

1-сурет: Сол көздің мөлдір қабатындағы адам денесінің проекциялық зоналары

2-сурет: Оң көздің мөлдір қабатындағы адам денесінің проекциялық зоналары

Көгілдір түс бауырдың және оның арналарының ауру белгілерімен байланысты. Жасыл түс суықтық белгіні, жасылдау және қызыл түс бауырда от белгісін, егер ерінде көгілдір жасыл түс болса, иньнің толуы, янның босауын білдіреді. Беттегі сары түс арықтаумен қатар, көкбауыр мен асқазанның қызу белгісін білдірсе, беттің қараюы – бүйректің ұзақ уақыт ауырғандығын, онда ян әлсіз болатындығын білдіреді.

Егер науқас төсекте қиындықпен қозғалып, бетін жапса – суық белгісі инь болады. Ал, науқастың тыныс алуы қиындаса, өкпе бөліндісінің салдарынан дененің толу белгісін білдіреді. Жүректе ян жетіспесе, науқас ұйықтай алмайды.

ТАМЫР СОҒУЫН ТЕКСЕРУ

Шықшыт, қолтық бездерін ұстау, ауырсынған жерін ұстап көру, ең маңыздысы – тіршілік қоңырауы болған жүректің тікелей хабаршысы болатын тамыр соғуын ұстап тексеру боп саналады. Халықтық емде бұл әдіс науқастың диагнозын анықтауда негізгі міндет атқарады. Тамырдың тереңдік деңгейіне байланысты беткей, орташа, терең және тереңдегі тамыр соғысының түрлері бар. Тамырдың қалыпты соққысы орташа тереңдікте орналасады. Бұндай тамырдың сипаты үлкен емес, әлсіз де емес, тексерген дәрігердің бір рет алған тынысына бес соққы сәйкес келеді.

Тамыр соғуын «цунь», «гуань», «ци» қатарлы үш нүктені үш саусақ ұшымен ұстап тексереді. Егер дәрігер сол қолмен науқастың оң қолын ұстап және дәрігердің сұқ саусағының ішкі жиегі кәріжілік білезік қатпарына сәйкес келсе, онда төртінші саусақ «ци» нүктесінде тұр деп есептеледі. «Ци» нүктесінде тамыр соққысы терең болуы мүмкін. Қуыс мүшелер ян циклінде болып, беткейлік басу арқылы тексеріледі. Тыныс мүшелері инь терең-беткейлік басу арқылы тексеріледі. Ең жиі кездесетін тамыр соғысы беткейлік тамыр соғу. Инь әлсіздігінде тамыр жиі соғады, сыртқы белгіде ян күшейеді. Толық тамырда денеде қызу байқалады. Бауыр, асқазан, бүйрек ауруларында күре тамыр соғады. Психикалық ауру кезінде тамыр жиі соғады. Жүктілікте тамыр баяу соғады. Бауырда тас болса, әлсіз соғады, талақ ауруында тамыр жай соғады. Осылайша беткей тамыр соққысы, терең тамыр соққысы анықталады.

Шығыс медицинасында тамырдың қалыпты жағдайда әйел, ер және нейтралды болып, сол қол әйел, оң қол ерді білдіреді. Олар жел, запыран, шырышты нышанмен сәйкесіп жатады. Білезік буын атериясынан ұстағанда цун нүктедегі тамыр соғу өзгерісі жүрек ауруы, ыстық өту нышаны кезінде байқалады. Сол қолдың гуан нүктесінде асқазан, көкбауыр тамыр соғысының өзгерістері сезіледі. Білезік буын атериясынан ұстағандаци нүктесі бүйрек тамырының өзгерістерін байқауға болады.

Тамыр соғуын тексерудің бірнеше тәсілі бар:

  1. Қалқыма тамыр. Бос ұстағанда тамырдың соғуы қолға ұрылып білінеді, мұндай тамыр көбінесе науқастың сыртқы ауруларының белгілерін білдіреді.
  2. Шөкпе тамыр. Бос ұстағанда анық білінбей, батыра ұстағанда білінеді, бұл көбінесе ішкі аурулардың белгілерін білдіреді.
  3. Баяу тамыр. Тамырдың соғуы баяу болады, бір тыныс алғанда 2-3 рет қана соғады, тамырдың бұндай соғуы көбінде суық тигенді білдіреді.
  4. Қарқынды тамыр. Тамыр соғуы тез болады, бір тыныс аралығында 5-6 рет соғады, бұл тамыр денедегі ыстық белгілерін білдіреді.
  5. Керме тамыр. Тамыр қатайып, бейне садақтың адырнасындай керіліп соғуын көрсетеді, бұл көбінде бауыр ауруынан дерек береді.
  6. Сырғақ тамыр. Тамырдың соққаны қолға жұмырланып білініп, тамыр ішіндегі қан сырғанап соғады, бұл тамыр көбінде өкпеге қақырық жиналып қалғандықты, ас қорытудың нашарлығын, екі қабаттықты білдіреді.
  7. Тебінді тамыр. Соғуы күшті әрі тебінді тамыр, науқастың ыстығы асқандығын, сырқатының жалғасты дамып келе жатқанын білдіреді.
  8. Нәзік тамыр. Соғуы әлсіз, жіңішке жіптей болып білінетін тамыр, науқастың әлсіздігін, әрі температураның төмендеп кеткендігін түсіндіреді.
  9. Толқынды тамыр. Тамырдың екі рет соғуының аралығында, бір рет кідіріс болады, тамырдың тебінділігі мен әрекеті сәйкес келмейді, бұл организмнің қоректік заттарға, оттегіне мұқтаждығын білдіреді.
  10. Серпімді тамыр. Саусақ ұшына серпімі білініп тұрады, тамыр саусақ ұшына ұрылып артқа аз қайтып барып соғады, бұл бейне балғаның қатты затқа ұрылғанындай сезіледі, тамырдың мұндай соғуы біріншіден денедегі қуаттың табиғи күштілігінен, екіншіден таза ауаға қажеттіліктің артуынан болады.
  11. Өрекпіме тамыр. Атқалақтап, екпіндеп соғады, психикалық ауруға шалдыққандардың тамыры көбінде осылай белгі береді.
  12. Ретсіз тамыр. Тамыр соғып болып, тез қайта соғады, не сәл тыныстап барып қайта қысқарады, тамырдың соғуы ретті болмайды, жағымсыз иіс, шаң-тозаң болғанда және ауасы сирек орында жүрген адамның тамыры осылай соғады, сонымен бірге тыныс алу да тездейді.
  13. Тітіркене соғатын тамыр. Денеде керексіз заттар молайып кеткенде кездеседі, денедегі қуаттың күштілігінен тамырда тебінді соғу қосарланады, бұл организмнің ауруға қарсы күресін білдіреді.

Адам денесіндегі арналардың физиологиялық қызметі жалпы жақтан үш түрлі негізден тұрады:

  1. Ауа қан тасымалын арна (энергия) арқылы бүкіл дененің әр бөліміне яғни, ішкі-сыртқы, жоғарғы-төменгі, оң-солын, алды-артын ішкі ағзалардың белгілі аралығында қантамыр байланысы арқылы қарама-қарсы теңдікті сақтайды және сонымен бір уақытта ауамен қан және функциялық үрдістер қалыпты қозғалыста сақталады.
  2. Науқас аурудан түбегейлі айығуы үшін денедегі 14 арна (энергия) нақтылы қызмет көрсете алады.
  3. Арна (энергия) негізінен өткізгіштік қасиеті арқылы организімдегі әлсіздікті реттеу қызметін атқарады, оған ине салу, массаж, цигун сияқты сауықтыру әдістері жататындығын дәрігер ескеруі тиіс.

Аурудың ыстық-суық, бос-толы, ішкі-сыртқы, инь-ян сияқты негізгі сегіз нышаны арқылы шырыш, запыран, желдің қайсы екені анықталады. Тамыр соғу сәйкестігін тексергенде бес тығыз, алты қуыс мүшенің ауруына төмендегі сегіз нышан арқылы талдау жасалады.

  1. Сыртқы белгі: бұл суық, ыстық, құрғақ, жел, ылғал тәрізді экзогенді, патогенді факторлармен байланысты. Жел – суық белгісінде тіл ақ өңезді, алғашқы кезде сау адам тілінен ажырату қиын, өңез оңай алынады, қалпына қайтып тез келеді. Егер өңез ақшыл бола бастаса, құрғақ және тілден оңай алынбаса, бұл сыртқы суықтан отқа айнала бастағанын білдіреді. Жел – жер белгісінде өңез жұқа, ақшыл және құрғақ, ыстық жиналуына байланысты өңез сарғаяды, ауыр жағдайда сұр түске айналады.
  2. Ішкі белгі: тілдегі ауыру салдарынан тіл ұшынан ортасына, біртіндеп тұтасуы, сыртқы белгінің ішкі белгіге өтуін білдіреді. Ең сыртқы үш қуыстың жоғарғысы от (жүрек), ішкі белгіде тіл өңезі ішкі ыстық әсерінен сарғаюы немесе суық әсерінен ағаруы мүмкін.
  3. Суық белгі: тіл денесі бозғылт, ақшыл, өңезі ақ ылғалды болып өзгереді, қалың өңез суық толы белгісі, жұқа өңез суық бос белгісін білдіреді.
  4. Ыстық белгісі: бұл нышанда тіл денесі толы белгіде сары өңез, бос белгіде өңезсіз, тіл жұқа болып өзгереді. Екі түрде де тіл құрғақ, ауыр жағдайда болып өңез сұр немесе қараяды. Жүректегі ыстық тіл ұшының қараюымен байланысты болады. Өкпеде ыстық болғанда демі ыстық, зәрі қара, тамыры жиі соғады. Бауырда ыстық болса бас ауырады, бас айналады, ауызында ащы дәм, іш қату, тамыры жиі соғады.
  5. Бос нышан: қанның бос нышанында тіл бозғылт, құрғақ, тонусы төмендегені байқалады. Көбінде көкбауыр бос белгісінде кезігеді.
  6. Толы белгі: тіл толық белгісінде ісініп өңез қалыңдайды. Суықтың ішкі толық белгісінде тіл көкшіл іркілу пайда болса қанның іркілуі толы белгісіне жатады. Қан іркілу бауырда болса, тілдік бүйір жағы көкшіл, асқазанда болса тіл ортасы көкшіл болады.
  7. Ян белгісінде: жүректе бос ян белгісі көкірек қуысының ауырсынуы, еріннің көгеруі, тіл ұшының бозғылттануы сияқты бос қуат белгісіне сәйкес келеді.
  8. Инь белгісі: бос белгі арасында ең ауыры бос инь белгісі аурудың созылмалы түрі және науқас қатты уайымға салынғанда байқалады. Бос инь белгісі асқазанда, бүйректе және жүректе байқалып, ондай кезде ағзаның әлсіреуінен сұйықтық жоғалады. Тілдің құрғауы болады.

ҚОЛМЕН СИПАП ҚАРАУ

Сипап анықтауға дененің бес орталық аймағы; екі алақан, екі табан, кеуденің ортаңғы бөлігінің беткейі жатады. Осы аталған аймақтарды сипап тексергенде дененің сезімталдығын, ыстық-суығын, ылғал-құрғақтығын және ісік бар-жоқтығын тексереді. Қол-аяқ, денедегі арна бойын қуалап, сипап зерттеу тәсілі арқылы денедегі ауырсыну нүктелерін анықтайды.

Науқастарды негізінен 14 арнаның (энергия каналының) бел, жон бөліміндегі әрқайсысының қатынас нүктелері, артерия жанындағы рычи нүктесі, көкірек, құрсақ бөлімдеріндегі негізігі нүктелері және қол-аяқтағы аралық нүктелері үстінен бойлата сипап анықтау әдісі арқылы тексеруге болады.

  1. Бел-жон бөлімдерінің бірінші қатар сызығы: Бұл артерияның жан жолы, омыртқа түбірінің екі жағынан 0,5 см сыртқа қарай орналасқан, әрқайсысы «рычи» нүктелерін өз ішіне алады. «Рычи» нүктесі көбінде ішкі бес ағзаның, басқа да ішкі мүшелердің қабынуын емдеуге пайдаланылады. Айталық «фиры» нүктесі үшінші көкірек омыртқасының астында, «уры» нүктесі төртінші көкірек омыртқасының астында, «ганры» нүктесі бесінші көкірек омыртқасының астында, «пиры» нүктесі алтыншы көкірек омыртқасының астында, «шынры» нүктесі жетінші көкірек омыртқасының астында болады.
  2. Бел-жон бөлігінің екінші қатар сызығы: Омыртқа түбір сызығынан 15 см сыртқа, он екі энергия каналдарының ішкі ағзаларға байланысатын нүктелер. Бұл нүктелерді анықтау, емдеу өте маңызды.
  3. Бел-жон бөлімінің үшінші қатар сызығы: Омыртқа түбінен екі жағынан сыртқа қарай 3 см. Мысалы, «уисаң» – 12-нші көкірек омыртқасының астына, «иши» 11-інші көкірек омыртқасының астына, «йаңуаң» 10-ыншы көкірек омыртқасының астында, «жичи» екінші бел омыртқасының астында орналасқан.

Сипап анықтаған кезде науқасты орындыққа отырғызып, науқас басын сәл еңкейтіп иеді, екі шынтақты екі жамбасқа қарай қайыра ұстатады, ал көкіректің алдыңғы бөлігін тексергенде науқасты тік отырғызады.

Тексергенде алдымен бел-жон бөлімдерінің екінші қатар сызығындағы он екі энергия каналдарының ішкі ағзаларға байланысатын нүктелері мен бірінші сызықтағы рычи нүктелері тексеріледі. Онан соң құрсақ бөліміндегі түйінді нүктелер және қол-аяқтағы аралық нүктелер тексеріледі.

Бұл кезде бел-жон бөлімдеріндегі қатынас нүктелерін және рычи нүктесін тексергенде реакция білінсе, ол ауру өзгерісінің болу мүмкіндігін көрсетеді. Осыған ұштастырып арнаға қатысты негізгі және аралық нүктелерін, әрі арнаулы белгіленген нүктелерін тексеру қажет. Олардың арасында жоғарыдағы реакция байқалса, ол ауру барлығын көрсетеді.

Тексеру барысында бас бармақ немесе сұқ саусақпен сыртқа сипау, жылжытып басу, уқалау арқылы арқа бел бөлімдерінің 1-2 қатар сызықтарын жоғарыдан төменге, 3-қатар сызығын 10-көкірек омыртқасына дейін төменнен жоғары қарай сипайды. Қол-аяқтағы аралық нүктелерін бармақпен бойлата төменнен жоғарыға қарай аралық нүктелердің орналасқан жеріне дейін сипап тексереді.

НАУҚАСТЫҢ ШАҒЫМ СҰРАҚТАРЫ

Сұрау арқылы аурудың тарихын, нышан белгілері тәуліктің қай мезгілінде күшейетіндігін, ауа райының әсері, майлы, ащы, тәтті дәмдегі тағамдарға сезімталдығы, науқас қозғалғанда денесінің жоғарғы, төменгі, ортаңғы бөліктерінің қай тұсында ішінен сыртқа әлде сырттан ішке қарай бағытта ауырсыну сезімін, көңіл-күйін сұрайды. Науқастың шын айтқан сөздерінен дұрыс қорытынды шығаруға болады.

Науқастың тегін, қашан, қалай пайда болғандығын, даму сатыларын, тамақтану жағдайын, үлкенді-кішілі дәретін, ыстық-суыққа сезімталдығы, терінің бөліну жағдайы, тамаққа тәбетін, шөл бар-жоқтығын, зәрдің түсі мен мөлшерін, сондай-ақ науқастың туысында аурудың бар-жоқтығын, осының алдында қандай дәрігерге қаралып, қалай ем алғандығы, етеккір жағдайы т.б. жағдайлар толық сұралынады.

Ауру басталғанда қызып, және тоңса аурудың сыртқы денеде болғандығы. Ал қызғанымен тоңбаса, тек ауызы кеберсіп үлкен дәреті қатайса, іште ыстық болғандығын ұғуға болады. Тоңғанымен қызбаса, тек қол-аяғы мұздап іші өтсе, ол дененің суық алғанын білдіреді. Ұзақ уақыт түстен кейін беті албырап алақан мен табаны қызса немесе көп терлесе дененің әлсірегені. Шөлдемей ыстық тамақ жегісі келсе – ішті суық алып кеткендігі. Шөлдеп, суық тамақ жегісі келсе – іште ыстық болғандығы. Үлкен дәреті келмей, кіші дәреті қызғылт тартып аз келсе – ыстығы асқандығы. Үлкен дәреті сұйық, кіші дәреті тұнық келсе, суығы асқандығы. Таңға жақын іші өтсе – бүйректің әлсірегендігі. Етеккірдің мерзімінен кеш, әрі аз келуі – қанның аздығын, етеккірдің тұрақсыздығын, ми жүйесінің әлсіздігінен хабар береді.

ТЫҢДАП ТЕКСЕРУ

Шығыс медицинасында тыңдау маңызды орын алады. Тыныс алуын тыңдау, ішкі аурулардың созылмалы кезінде және беткейлік тыныс алу әлсіздеу кезінде ентікпе, ауа жетіспеу сияқты белгілер тыныс жетіспеушілігін білдіреді. Қысқа және сырылды тыныс алу толықтық және қызуды білдіреді. Қысқа аралық тыныс, тепе-теңдіксіз және тез, иықтың көтерілуінсіз толық белгісін білдіреді.

Қиын, құрғақ жөтел толықтық белгісі, әлсіз жөтел босау белгісі, қалыпты, тез тамақ жеуден немесе суықтан болатын ауру түрлерін ажырата білу керек. Негізінен науқастың жүрек соғуын, тамырдағы қан ағысын, демалысын, ентігін, есту қабілетін тыңдайды. Әдетте тыныс алғанда, жөтелгендегі дыбыстарының күшті не әлсіздігіне назар салған жөн.

Дауысы өрең, тыныс алуы ауыр болса – ыстығы асып кеткендігін білдіреді. Ал дауысы әлсіз шықса, суық асып, денесінің әлсіреп кеткендігін байқатады. Ауызынан жағымсыз иіс білінсе – асқазанды ыстық алғандығын, сасық кекірсе – асқазанның бұзылғандығын білдіреді. Науқастың қақырығынның сары, әрі сасық болуы өкпеннің іріңдеген белгісі болады. Науқастың кеуде қуысын, құрсақ бостығын қағып тыңдау, дене мүшелерін, қол-аяғын қағып тыңдау қажет. Сондай-ақ жалпы тексеруді ритмді пайдалана білу, мәселен науқасты жатқызу, тұрғызу, жүргізу, еңкейту, еңбектету осылардың бәрі де ауру түрін анықтап, оны емдеуге септігін тигізеді.