Дәріс жоспары:
Дәріс тезистері:
Синтаксис гректің Sintaxis деген сөзінің негізінде пайда болған. Бұл сөздің бастапқы мағынасы «құрау». Синтаксис термині екі мағынада жұмсалады:
Синтаксис сөйлемдегі сөздердің, сөз тіркестерінің байланысын, заңдылықтарын, сөйлем құраудың амал-тәсілдерін зерттейтін грамматиканың бір саласы. Синтаксис сөйлеудің қалыптасу ережелерін зерттейді. Қазақ тілінің синтаксисі грамматикалық ілім ретінде екі салада зерттеліп келеді: сөз тіркесінің синтаксисі, сөйлемнің синтаксисі. Сөйлемнің синтаксисі өз ішінен жай сөйлем синтаксисі, құрмалас сөйлем синтаксисі болып жіктеледі.
Сөйлемді құрайтын грамматикалық формаларды, олардың өзара қарым-қатынасын, сөйлемдердің грамматикалық түрлерін жай сөйлем синтаксисі зерттейді. Сөйлемдерді салыстыру:
Сөйлем құрамына енетін сөздер өзара қалыптасқан ереже бойынша тіркесіп, грамматикалық байланысқа түседі. Сөздердің өзара байланысу ережесін сөз тіркесінің синтаксисі зерттейді.
Синтаксис түгел мәтін ішіндегі дара-дара сөйлемдердің де өзара байланысу, селбесу амалдарын зерттейді. Мәтінге енген сөйлемдер өзара мағына жағынан, грамматикалық жағынан тығыз байланысты. Оларды байланыстыратын тәсілдер әр қилы. Сондықтан да синтаксис сөйлеудің құрылысын, стильдік нормаларын зерттейтін тіл ғылымының саласы деп есептеледі. Жай сөйлем, құрмалас сөйлем, синтаксистік шалым // күрделі синтаксистік тұтастық, мәтін коммуникативтік процеске дербес қатысатындықтан коммуникативтік сапасы бар синтаксистік тұлғалар деп танылады. Коммуникативтік сипаты бар тұлғалардың құрамына құрылымдық компоненттер қатысады, олар дара жұмсала алмайды, коммуникативтік дербестігі бар тұлғалардың құрылымдық компоненті ретінде ғана танылады. Сөз тіркесі, сөйлем мүшесі осы қатарға жатады. Бұлардың коммуникативтік дербестігі жоқ, құрылымдық дербестігі бар. Синтаксистік тұлға дегеніміз – сөйлеудің немесе оның компоненттерінің грамматикалық дербестігі бар тілдік көрінісі (Р.Әмір). Синтаксистік тұлға деп танылатындар – коммуникативтік жағынан немесе құрылымдық жағынан дербес көрінетін конструкциялар (Қазақ грамматикасы). Синтаксистік тұлғаның грамматикалық тұрпаты оның синтаксистік формасы деп аталады (Қазақ грамматикасы). Синтаксистік форма – синтаксистік тұлғалардың тиісті грамматикалық амалдар арқылы қалыптасқан грамматикалық тұрпаты. Синтаксис өзіне қатысты грамматикалық формаларды мағынасымен қоса алып зерттейді. Синтаксис тілдік тұлғаларды тануды міндет етеді. Мысалы, бір мағына бірнеше тілдік амалдар арқылы білдірілуі мүмкін: Келмегені – ұялғаны. Келмеді, онысы – ұялғаны. Осы екі сөйлем мағынасы жағынан тең болғанымен, құрылысы, грамматикалық белгілері тұрғысынан өзгеше. Сондықтан да тіл білімі оларды дара синтаксистік тұлғалар ретінде таниды. Синтаксистік форма морфологиялық тұлғалар мен формаларға сүйенеді. Мысалы, жақтық, шақтық морфемалар сөйлем құрамында өзіне тән морфологиялық аядан шығып, есім баяндауыштарға лайық синтаксистік шақтық форма туады: Мезгіл жаз еді . Барыс септігінің тұлғасы, мысалы, жазға – зат есім сөзге тән морфологиялық тұлға, синтаксистік жүйеде жазға – пысықтауыш, толықтауыш мүшелер қалыптастыратын форма болып саналады. Кейбір морфологиялық тұлғалар тек синтаксистік конструкциялар құрау үшін ғана жұмсалатын болып қалған. Жүргісі келді; Жүргім келді; Алмасы бар ма. –ғы, -гі, -ма, -ме бір кезде етістіктен зат есім тудыратын өнімді жұрнақ ретінде жұмсалған: сүргі, бұрғы, қойма . Қазір бұл формалар синтаксистік формалар тудыру үшін жұмсалып жүр.
Синтаксистің зерттеу объектілері: сөз тіркесі, сөйлем, күрделенген сөйлемдер, синтаксистік тұтастық.
Сөйлем дара сөзден де, көп сөзден де құрала береді. Соның өзінде ол сөздер, бір жағынан, сөз таптары ыңғайында, екінші жағынан, сөйлем мүшелері ыңғайында жұмсалып, коммуникативтік қызмет атқарады. Бұдан сөздердің әрі лексикалық бірліктер екендігі, әрі морфологиялық-синтаксистік бөлшектер екендігі анықталады. Морфология мен синтаксисте тығыз байланыс барын зат есімнің септелуі мен жіктелуі, етістіктің райлары мен шақтары, етіс тұлғалары тәрізді грамматикалық құбылыстардан байқаймыз. Айталық түркі тілдерінде де септеу жүйесі зат есім тобындағы (зат есім мәнді) сөздердің өзгеру тұлғасын қамтиды. Синтаксисте бұл септік тұлғалар байланыстырушы амал ретінде қолданылуы, соған сәйкес, білдіретін әр алуан мағынасы жағынан айқындалады.
Негізгі әдебиеттер
Әмір Р., Әмірова Ж. Жай сөйлем синтаксисі. Алматы, 1998
Қалиев Ғ. Тіл білімі терминдерінің түсіндірме сөздігі. Алматы, 2005. 288-б.
Қазақ грамматикасы.Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. – Астана, 2002. 409-410-бб.
Төлегенов О. Қазіргі қазақ тіліндегі жалпы модальді және мақсат мәнді жай сөйлем типтері. Алматы, 2008
Қосымша әдебиеттер
С.Хасанова, Т.Әбдіғалиева, Қ.Қасабекова, Б.Шалабаев. Кестелі грамматика. Алматы,1996.49-53-бб.