Философияның ежелгі грек ойшылдарының дәуірінен бері “даналыққа құштарлық” деп анықталып келгендігі белгілі. Алайда философияның кең танымал осы ұғымынан өзге түсініктері де тарихи-философиялық очерктерде молынан ұшырасады. Мысалы, Платон “...геометрия және басқа философиялар” деген сөздерінде философия ұғымын “ғылым” сөзінің мағынасына жақын қолданады. Оның айтуынша Сократ “философия” терминін даналыққа құштарлықты, ақиқатқа жетуге деген құмарлықты белгілеу ретінде пайдаланған. Ал Аристотель ізбасарлары болмыстың іргелі негіздерін айқындауға мүмкіндік беретін жалпылама ғылым ретінде бұл “бастапқы философияны” метафизика деп атады.

Аристотельдік мағынада бұл термин болмыстың өзіндік тұтастығындағы әралуандықты игеруге бағытталған философиялық білім түсінігімен тығыз байланысты. “Физика”, әдетте, жаратылысты, натуралды табиғатты, оның заттар мен үрдістердегі сыртқы көрінісін зерттейді. Демек, “метафизиканың” үлесіне бұл құбылыстардан “кейін” орналасқан, олардың арғы жағындағы нәрсе тиесілі. Аристотельдің пайымдауынша заттардың, жағдайлардың, құбылыстардың, үрдістердің сыртқы көрінісінің арғы жағында мәнділік орналасқан. Метафизика осы мәнділікті, болмыстың универсалдық заңдылығын, яғни сезімдік таным деңгейінен тыс, тікелей және жанама қабылдаудан жасырын жатқан нақтылықты зерттейді. Демек, бұл “арғы жаққа үңілу” жасырын нақты мәнділікті ашуға бағытталған белсенді танымдық ойлау қозғалысы, пайымдаушы күш. Ал М.Хайдеггер былай деп жазады:  “…Метафизика – бұл мәнділікті жеке және тұтас түрінде принципиалды тану. Бірақ бұл “дефиницияны” мәселенің қойылуы ретінде ғана бағалауға болады, яғни мынадай сұрақ қойылады: “бар нәрсе болмысының мәні деген не?” Демек, осыдан күрделі сұрақтар тізбегі құралып, “не өмір сүреді?” деген мәселе туындайды. Мұны “не нақты өмір сүреді?” деген сұрақ жалғастырады. Бұл жерде бар нәрсенің өмір сүруі туралы мәселеден оның мәнділігі туралы мәселеге көшеміз. Бұл сұрақтардың тізбегін осы мәнділікті тану мүмкіндігі мәселесі аяқтайды, яғни бұл жерде таным үдерісінің мәні туралы мәселе қойылады. Сонымен, болмыс туралы сұрақ ойлау туралы сұраққа алмасады. Хайдеггердің 1935 жылы жазған “Гельдерлин және поэзияның мәні” деген еңбегінде осы айтылған цикл тіл туралы сұрақпен аяқталады. ХХ ғасырдың ұлы философының пайымдауынша тіл ең соңғы  негіз, адамзат болмысының соңғы нақты тұрағы және сонымен қатар, оны игерудің жалғыз универсалды құралы болып табылады.

«Философия» термині үш мағынада қолданылады: бірінші,философия – ол көзқарастың бір түрі, екінші, философия – өзінің зерттеу пәні бар ерекше ғылым саласы, үшіншіден, философия адамзат өмірінде айырықша орын алатын адамының рухани қызметінің үлкен бір санасы, қоғамдық саланың ерекше формасы.

Философияның бұл үш мағынасы, оның тарихында проблема түрінде, немесе «философия» ғылым ба , әлде рухани қызметтің өз алдына саласы ма деген тұрғыда қойылып келеді.

Философия адамның дүниеде болуының саналуан формалары мен жолдарын, сол формалар мен жолдардың ең алдымен мәнділігі мен мәндігін айқындау, сол мәндерді адам көңіл күйінде, жан толғанысында игеріп, әркімнің жеке басының өзіндік рухани ырығы етудің түрі, соны жасаудағы рухани қызмет.

«Адам-әлем» қатынасы философияның көптеген проблемаларын қамтитын танымның жүйе субстанциясы. Сондықтан философияның негізгі табиғаты адамның дүниеде болуының белгілі бір мәнді жолдарын жасау, өмірдің осындай формаларын жарату және өмірде нығайту.

Философияның негізгі мәселесі: ойлаудың болмысқа, рухтың табиғатқа қатынасы. Философияның бұл өзекті мәселесі философияның тарихының өне бойынан өтіп, оны мол рухани құндылық ретінде анықтайды.

Философияның мәдени жүйеде алатын орны зор. Философия мәдени-тарихи құбылыс ретінде, оның «Адам-әлем» жүйесіндегі көптеген проблемаларын,  өзара қатынастарын,  фунцияларын /қызметін/ анықтайды.

Философия – жалпы методология, методтардың теориясы, ал теория білімнің адекватты формасы. Философиялық заңдардың, принциптердің, ұғымдар мен категориялардың табиғат, қоғам, адам ойлауының дамуын, жалпы дүниетаным үшін маңызы зор.

Философияның негізгі функциялары /қызметі/: рационализациялық,  жүйелеу, сыншылдық, интегративтік, синтездеу, методологиялық,  көзқарастық гносеологиялық, логикалық, гуманистік, аксиологиялық, адамгершілік –этикалық, тәрбиелік.

Өз кезегінде бірнеше «әлемдерге» бөлінетін адамзат рухының болмысына (наным-сенімдер әлемі, адамгершілік және эстетикалық құндылықтар әлемі, ғылым әлемі, ментальдық қабілеттер мен мүмкіндіктер әлемі және т.б.) қатысты философия мынадай салаларға бөлінеді:

Табиғат болмысы – онтология (болмыстың барлық деңгейлері мен формаларын қоса алғанда). Натурфилософия (табиғат философиясы).

Адам болмысы – философиялық антропология.

Тарих әлемі – тарих философиясы.

Мәдениет әлемі – мәдениет философиясы.

Экономика әлемі – шаруашылық философиясы.

Құқық әлемі – құқық философиясы.

Саясат әлемі – саяси философиясы.

Қоғам әлемі -  қоғам философиясы, оның қатынастары, құрылымы, байланыстары - әлеуметтік философиясы.

Рухани болмыс – адамгершілік әлемі – этика, мораль философиясы.

Дін әлемі – дін философиясы.

Ғылым әлемі – ғылым философиясы.Эпистемология.

Өнер, сұлулық әлемі – эстетика.

Таным – логика. Гносеология.

Әрине, кезкелген кесте бар нәрсе жағдайының тек жақындатылған, толық емес бейнесі ғана. Оның үстіне, біз қарастырған жағдайда философиялық білім салаларының арасындағы өзара байланыстар мен өзара қатынастар көрсетілмеген. Алайда, білім бөлімдерінің осылайша жүйеленуі көрнекті құрал ретінде болмысқа қатысты көзқарас қалыптастыруға септігін тигізеді.

Сонымен, философия болмыстың мәнін осылай игерумен (немесе оны құрайтын заттардың, құбылыстардың, жағдайлардың, деңгейлердің, үрдістердің мәнділігі), адамның әлемге қатынасының мәнін және ондағы адамның мәнділік орнын танумен айналысады.