1. Коммунистік партияның қоғамдағы саяси дара билігінің күшеюі. Ф.И.Голощекиннің «Кіші Қазан» саясаты және оның салдары.
  2. Ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру: мақсаты, барысы және салдары.
  3. Қазақстанды индустрияландырудың ерекшеліктері.
  4. Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмір. Ұлт зиялыларына қарсы қуғын-сүргін.
  5. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстан.

1920 жылдардың екінші жартысынан бастап кеңес мемлекеті экономикалық және саяси күйреуден арыла түсті, ЖЭС идеологиясынан бас тартып, саясатын қайтадан Қазан революциясы бағытына бұрды. 1925 жылы қыркүйекте БК(б)П Қазақ Өлкелік Комитетінің бірінші хатшылығына Ф.И.Голощекин тағайындалды. Оның келуімен республиканың қоғамдық-саяси өмірі күрт өзгерді. 1925 жылы желтоқсанда өткен өлкелік партия комитетінің V конференциясының «Ауылды кеңестендіру» туралы шешімі тап күресінің шұғыл шиеленісуіне түрткі болды. Республикада «Кіші Қазан» төңкерісін өткізу үшін идеологиялық негіз жасалды. Осы социализмді орнату доктринасының басты буындары ретінде мына үш шараны жүзеге асыру көзделді: индустрияландыру – елді аграрлы елден өнеркәсібі дамыған, индустриялы елге айналдыру, ауыл шаруашылығын ұжымдастыру – жеке, ұсақ шаруа шаруашылықтарын біріктіру негізінде социалистік ұжымдық шаруашылықтар құру, мәдени революция – сауатсыздықпен күрес, білім беру, ғылым және мәдениет жүйесін құру.

Ауқатты және ірі мал өсіруші шаруашылықтарды қанау идеясы мемлекеттің өзінің таптық мүддесінен келіп шығатын табиғатынан туындады. Сондықтан Қазақстанға жаңа билік келген күннен бастап «пролетарлық» саясатты жүргізушілердің санасында әрдайым таптық күрес жолдары тұрақты орын алды. 20-жылдардың соңында мал өсіруші ірі шаруашылықтарды қанау идеясы қайтадан өзекті деп танылды, сөйтіп ол 1928 жылғы 27 тамызда қабылданған «Аса ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды кәмпескелеу және жер аудару туралы» декретте көрініс тапты. Осы декретке сәйкес 700-ге жуық шаруашылық кәмпескелеуге ұшырады, олардан 144745 мал (ірі қараға шаққанда) тәркіленді. 113 мыңға жуық мал іле-шала ұжымдық шаруашылықтарға (29 мың немесе 26 %-і) және кедей-батрактар шаруашылықтарына (85 мың немесе 74 %-і) қайтадан бөліп берілді. Науқанның қорытындысы таңғажайып сияқты болып көрінді. Ресми органдардың есептерінде ауылда орташалар үлесінің 76 %-ке дейін көбейгені, ал кедейлер үлесінің керісінше 18 %-ке дейін азайғаны туралы мақтаныш сезіммен хабарланды. Сөйтіп, науқанның тиімділігін мақтан етуден көрінгендей, тәркілеудің дұрыс және дер кезінде жүргізілгені, декреттің арқасында кедейлер мен батрактардың мәртебесі көтерілгені, яғни олардың орташалар қатарына қосылғандығы санаға сіңірілді (атай кетелік, кеңестік тарихнамада бұл үрдіс «қазақ ауылдарын орташаландыру» деп аталады).

Мемлекет ірі бай шаруашылықтардың малдарын тәркілеу қарсаңында (олар іс жүзінде тіпті уақытқа қатысты да дәл келеді) жүргізілген науқан барысында да, екінші реформа – шабындық және егістік жерлерді қайта бөлу барысында да (1926-1927 жж.) капитализмге дейінгі құрылымдардың ерекшелігін мүлдем түсінбеді. Бұл ретте, Ф.Голощекин VI Бүкілқазақ партия конференциясында (1926 жыл) шешенсіп сөз сөйлеп: «Шабындық жерді қайта бөліс дегеніміз не? Кіші Қазан төңкерісі деген осы!» деп ақыл айтты. Насихаттық әдебиет оны іліп әкетті. Мәселен, жарияланымдардың бірінде: «Егістік және шабындық жерлерді қайта бөлу ... күні өткен патриархалдық-рулық қалдықтарды жояды, руды, рулық қауымды тұтас шаруашылық бірлігі ретінде түбегейлі жоқ қылады» деп жазылды.

1927 жылдың 2-19 желтоқсаны аралығында өткен БК(б)П XV съезі ауыл шаруашылығын жаппай ұжымдастыру міндетін қойды. Съезд өз қарарында «ауыл шаруашылығы еңбегінің қоғамдастырылуын барлық жерде қолдай отырып, шашыраңқы ұсақ шаруа қожалықтарын ірі өндіріс арнасына біртіндеп көшіруді» міндеттеді. Дегенмен, бұл науқанның мерзімі мен қарқыны, әдістері мен формалары туралы мүлдем айтылмады. Сол себепті де 1929 жылдың желтоқсанында Жер Халық Комиссары Я.А.Яковлев басқарған арнайы комиссия құрылды. Бірнеше түзетулерден кейін Саяси бюро Я.А.Яковлев комиссиясының жобасын бекітеді. Бұл жоба БК(б)П ОК «колхоздастыру қарқыны және мемлекеттің колхоздастыру 30 құрылысына көмектесу жөніндегі шаралары туралы» қаулысы түрінде жарияланды. Қаулыға сәйкес Қазақстан ұжымдастыруды (көшпелі және жартылай көшпелі аудандарды қоспағанда) 1932 жылдың көктеміне аяқтауы тиіс болды.

Жергілікті шенеуніктер жоспарды орындауға құлшына кірісті. Республиканың аудандары мен округтері өзара жарысқа түсті. Ұжымдастыру науқаны қарқынды түрде жүргізілді. Егер 1928 жылы ұжымдасқан шаруашылық не бәрі 2 %-ті құраса, 1930 жылдың 20 ақпанында 35,3 %-ке жетіп, 1931 жылдың қазанында 65 %-ті құрады. Деректердің көрсетуінше, ұжымдастыру науқаны қарапайым заңдылықтар мен еріктілік принциптерінің дөрекі бұзылуымен сипатталды. Ұжымдастыруға оң пейіл танытпағандарға қарсы түрлі «тәрбиелік» шаралар қолданылды. Мәселен, сайлау құқығынан айыру, тұрғылықты жерінен басқа жаққа көшіру, қамау, тыр жалаңаш шешіндіріп аязға үсіту, ұрып-соғу, т.б. БК(б)П ОК-нің 1930 жылғы 5 қаңтардағы қаулысына сәйкес шаруаның қолында қалған қажетті тұтыну мұқтажын қамтамасыз ететін ұсақ жеке меншігі де (сауын және ұсақ мал, құс, жеке ауласындағы бау-бақша) «жаппай қоғамдастыру» ұранына ілінді. Осылайша билік шаруаға үлкен соққы беріп, оларды «өмір сүру құралдарынан» айырды. Бұл «шаруа шаруашылығының жойылу» үрдісіне алып келді. Кейбір аймақтарда, мәселен, Петропавл және Қостанай округтерінде село халқының 25 %-ті қалаға көшуге мәжбүр болды. Тек өз аудандары мен округтерінен ғана емес, тіпті республика, КСРО шегінен тыс Қытай, Иран, Ауғанстанға көшу кең өріс алды. Деректерге сүйенсек, күштеп ұжымдастыру жылдары 1 030 мың адам шетке көшіп кеткен. Кей жағдайда мал өсіретін аудандарда қоғамдастыру шаралары тіпті шектен шықты. Қазөлком Пленумының бір шешімінде «мал өсіретін және малға қоса егін өсіретін аудандарда басты назар ауыл шаруашылығы артельдеріндегі барлық тауарлы-өнім беретін табындарды толық қоғамдастыруға бағытталуы тиіс» деп жазылды. Осындай «ұсақ буржуазиялық меншікке большевиктік шабуыл» нәтижесінде 1932 жылдың ақпанында Қазақстандағы колхозшылардың 87 %-ті және жеке иелігі бар шаруалардың 51,8 %-ті өз малдарынан толық айырылды.

КСРО ОАК мен ХКК-нің 1930 жылы 1 ақпанда қабылдаған «Жаппай ұжымдастыру аудандарындағы ауыл шаруашылығын социалистік қайта құруды нығайту және кулактармен күрес шаралары туралы» қаулысына сәйкес ауқатты шаруа қожалықтарына қарсы ашық террор басталды. Шаруа қожалықтарынан бай-кулактарды бөліп алып, оларды тап ретінде жою жүзеге асырылды. Осы шаралардың жүзеге асырылуы барысында жазалануға белгіленген топтармен қатар сол үкім шығарылып, жазаға тартылғандар арасында орташалар, тіптен кедейлер де болған. 1928-1929 жылдары байкулактар есебіне алынып жазаға тартылғандар, яғни қудаланғандар есебі 54 625 болды. 1931 жылы 5 500 шаруа бай-кулак ретінде аласталды. Елде жаппай террор күшейе түсті. 1932 жылдың 7 тамызында «Мемлекетік кәсіпорындардың, колхоздар мен кооперативтердің және қоғамдық (социалистік) меншіктің мүліктерін қорғау туралы» заң қабылданды.

1933 жылдың қаңтар айында БК(б)П ОК-нің Пленумында Әділет Халық комиссары Н.Крыленко осы заң қолданысқа енгеніне бес ай толмай жатып елде 54645 адам сотталып, 2110 адамға ең жоғарғы жазаға үкім шығарылғанын мәлімдеді. Бүкіл елдегі сияқты Қазақстанда да шаруалардың бас көтерулері өрши түсті. Оның ауқымының қаншалықты болғандығын 1930 жылдың 31 наурызында Қазақ өлкелік комитетінің Сталинге жолдаған жеделхатынан байқауға болады. Онда «жазалау операцияларына тұрақты әскери құрамаларды пайдалануға» рұқсат сұрайды. Толық емес деректер бойынша 1929-1931 жылдар ішінде Қазақстанда 372 шаруа көтерілістері болды. Ең ірі қақтығыстар Бетпаққара, Созақ, Ырғыз, Қазалы, Қызылқұм, Қармақшы, Ақсу, Сарқан, Шұбартау және т.б. аудандарда өтті. Күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру науқаны малдың жаппай қырылуына алып келді. 1930 жылы Торғай облысында 1 млн бас малдан 98 мың, Әулиеата уезінде 500 мың бастан 7 мың, 1933 жылы Шұбартау ауданында 98 мыңнан 917 бас мал қалған. Жалпы Қазақстан бойынша 40 млн бас малдан 4 млн ғана мал қалды. Ұжымдастыру қазақ ауылдарын өртше жайпап өтті. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында 1934 жылдың 1-жартысында колхоз мүшелерінің 99,8 %-нің және жеке иеліктердің 93,4 %-нің бірде-бір жылқысы, 74,9 және 82,1 %-нің бірде-бір сиыры қалмады. Күштеп ұжымдастырудың ауыр зардаптары Қазақстанда 1932-1933 жылдардағы ашаршылыққа, орасан зор адам шығынына алып келді. Тарихшы демографтар аштықтың, түрлі аурулардың және соның салдарынан табиғи өсімнің бұзылуы есебінен 2 млн астам халық құрбан болды деп есептейді.

1925 жылдың 18-31 желтоқсаны аралығында өткен БК(б)П XIV съезі елде индустрияландыру жоспарын жүзеге асыру міндетін жүктеді. Қазақстандағы социалистік индустрияландыру саясатының бағыттары мен механизмдері төңірегінде пікір айтушылар қатары бірнеше топқа бөлінді. Орталықтың саясатын бұлжытпай орындап отырған Ф.И.Голощекин (1925-1933 жж.) Қазақстанда ұсақ және орта өнеркәсіпті, негізінен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындарды дамытуды, республика өнеркәсібінің шикізаттық бағытын қалыптастырудың қажеттілігі мен дұрыстығын насихаттап, оны жүзеге асыруға белсене кірісті. Оны О.Исаев, Қ.Сарымолдаев сынды белсенділер қолдады. Саяси қайраткер С.Сәдуақасов бұл ұстанымға ашық қарсылық танытты. Ол республика экономикасының кешенді даму жолын қолдады. Ол «... қай жерде тері болса, сол жерде тері зауыттары, қай жерде жүн болса, сол жерде жүн жуу және шұға фабрикалары салынсын», - деп республика өнеркәсібін кешенді түрде дамытуға шақырды.

Сол кездегі КСРО-ның басқа орталық аудандарымен салыстырғанда қалыптасқан күрделі жағдайға қарамастан Қарағанды көмір алабы, Балқаш мыс балқыту, Шымкент және Ертіс қорғасын зауыттары, Жезқазған, Қоңырат, т.б. кен орындары, Ембі мұнай кәсіпшіліктері, Түрксіб, Гурьев-Қандыағаш-Орск, Ақмола-Қарталы, Илецк-Орал жолдары салынды. Ауыр өнеркәсіп, оның мұнай, көмір және түсті металл түрлерін өндіруде Қазақстан одақта шешуші маңызға ие болды. Көмір өндіруде Кузбасс пен Донбастан кейін үшінші орынды, мұнай өндіруде Ресей мен Әзірбайжаннан кейін үшінші орынды иемденсе, түсті металл өндіруде екінші орынға шықты. 1939 жылы Қазақстан одақ бойынша қорғасынның 73,9 %-ы, мыстың 54 %-ы, мұнайдың 20 %-ын өндірді. 1928-1940 жылдары республиканың теміржол жүйесі 50 %-ға артып 6 581 км құрады. Ұзындығы 1 445 км құраған алып құрылыс – Түрксіб те осы жылдардың жемісі.

Дегенмен, орталық алғашқы жылдардан-ақ Қазақстан өнеркәсібінің дамуына шикізаттық бағыт берді. Негізінен «А» тобына, яғни өлкенің бай табиғи көздерін игеруге, көмір, мұнай және түсті металдардың өндіруші салаларын ғана дамытуға басымдық берілді. Ал «Б» тобы, яғни машина, прибор, станок жасау салалары, жаңа технологияларды игеру мүлдем назардан тыс қалды. Орасан зор табиғи байлық көзінің орталығы болуына қарамастан, жергілікті мамандарды даярлауға да жеткілікті мән берілмеді, бұл мәселеде орталық қаржыны «үнемдеуді» көздеді. Есесіне 1931-1940 жылдар ішінде 559 мың адам КСРО-ның орталық аудандарынан көшіріліп әкелінді.

Егер 1920 жылдардың орта кезіне дейін большевиктер Алаш зиялыларына қарсы күресте әртүрлі айыптаулармен ғана шектелсе, одан кейінгі кезеңде ол қатал жаппай саяси қуғынға ұласты. 1928 жылдың аяғында қазақ зиялыларының бір тобы және Алашорда қайраткерлері А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов, Х.Ғаббасов және т.б., барлығы 44 адам қуғындалып, тұтқындалды. 1930 жылдың қыркүйек-қазан айларында ұлт зиялыларының екінші бір тобы (40-қа жуық адам), құрамында Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов, М.Тынышпаев, Ж.Ақпаев, Ә.Ермеков және өзге де зиялы қауым өкілдері тұтқындалды. Болшевиктік тәртіп нығайған сайын қоғамдық өмірді толық бақылауға алу күшейді. Жаппай қуғын-сүргінді ұйымдастыру үшін большевиктер социализм жеңісі күш алған сайын тап күресі шиеленіседі деген тұжырымды желеу етті. Жаппай репрессия толқыны Қазақстанды да қамтыды. Қазақстанда бір жылдың ішінде үш іс қарастырылды. Олар Үржар, Пресновка және 32 Қарағандыдағы «контрреволюциялық ұлшыл-фашистік залалдық ұйымдардың» істері болды. Ең алғашқы іс Қарағандыдағы сот ісі еді. Ондағы айыпталушылар тізімінде округтік партия ұйымының хатшысы М.Гатаулин, мүшелері А.Асылбеков, Н.Нұрсейітов бар. Гатаулин 1932 жылы Сталинге жазылған «Бесеудің хаты» авторларының біреуі еді. Олар 1937 жылы қарашада өткен сот процесінде өздерінің «Мәскеудегі «троцкистік орталықпен» қалай байланыс орнатып, олардың тапсырмасын Қазақстанда қалай жүзеге асырғандарын» мойындады. Партия кеңес қайраткерлерінің тізімін Н.Нұрмақов (БОАК президиумының жауапты қызметкері), Т.Рысқұлов (РКФСР ХКК төрағасының орынбасары) Мәскеуде ұсталып бастаса, кейін ол тізімді Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы А.Асылбеков, Қарағанды облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Н.Нұрсейітов жалғастырды. Өлкенің партия және кеңес қызметкерлерін айыптап жауапқа тарту шаралары нәтижесінде көрнекті қайраткерлер: К.Сарымолдаев, У.Кұлымбетов, Г.Тоғжанов, А.Лекеров, А.Розыбакиев, Ж.Садвакасов, И.Құрамысов және т.б. ұсталып ату жазасына немесе лагерлерге ұзақ мерізімге айдалды.

Жаппай репрессия саясаты нәтижесінде қазақ халқының ең таңдаулы азаматтары, тіпті, олардың ішінде кеңес өкіметін орнатуға қатысқан А.Айтиев, С.Арғаншеев, Т.Рысқұлов, Н.Сырғабеков сияқты қайраткерлер де атылып кетті. Жалпы сталиндік қуғын-сүргін көлемі әлі толық анықтала қойған жоқ. Кей деректерде 1937-1938 жылдары қазақстандықтардың 44 мыңы түрмелерге түсіп, 22 мыңы атылды десе, басқа деректер 1930-1950 жылдары 100 мыңнан астам адам репрессияға ұшырады, оның ішінде 20 мыңнан астамы атылғанын айтады. Большевиктік жаппай репрессия жылдары жекелеген адамдар ғана емес, тұтас халықтар да қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шекті. Осы жылдары Қазақстанда бірнеше лагерь бөлімдерін біріктірген ГУЛАГ-тың КСРО-дағы ең ірі лагерьлерінің бірі – Карлаг пайда болды. Осылайша 1920 жылдардың аяғы - 1930 жылдары әкімшіл-әміршіл большевиктік тәртіп қоғамдық-саяси өмірдің барлық саласында бақылауын орнатты.

Қазақстан Ұлы Отан соғысына бiртұтас елдiң құрамдас бөлiгi ретiнде қатысып, оның барлық ауыртпалығын, қайғысы мен қуанышын бүкiл Кеңес елiнiң халықтарымен бiрге көтердi. 6,2 млн. қазақстандықтардың (1939 ж. санақ бойынша) соғыс жылдары 1,2 млн. адамы майданға алынды. Cоғыстың алғашқы күндерiнде-ақ Алматы, Жамбыл, Оңтүстiк Қазақстан, Қырғызстан жiгiттерiнен 316 атқыштар дивизиясы құрылып, оның қолбасшылығына азамат соғысынан мол тәжiрибе алған генерал М.В.Панфилов тағайындалды. Cоғыстың бастапқы үш айының iшiнде 238, 310, 314, 387, 391 санды дивизиялары құрылды. Қазақстандықтар 12 атқыштар және төрт атты әскер дивизияларын, жетi атқыштар бригадасын, әскер түрлерiнiң 50-дей жеке полктерi мен батальондарын жасақтады. Cоғыс жылдары Қазақстандағы 27 әскери оқу орындарында 16 мың офицер кадрлары және армия мен флот үшiн мыңдаған басшы кадрлар даярланды. 1941-1945 жж. әскери оқу орындарына 42 мыңнан астам қазақстандықтар жiберiлдi. Республиканың экономикасы әскери жұмыс кестесiне көшiрiлдi. Бейбiт мақсаттарға бөлiнетiн қаржы мейiлiнше қысқартылды, көптеген кәсiпорындар қорғаныс өнiмдерiн шығаруға көшті, жұмысшылар тобы, шикiзат, техникалық құралдар мен жабдықтар майданға қажеттi қару-жарақ т.б. өнiмдердi шығаруға бейiмделдi.

Қазақстандықтар соғыстың алғашқы күндерiнен бастап өздерiнiң ерлiктерiмен көзге түсті. Даңқты Брест қамалын қорғаушылардың мыңдаған қазақстандықтар арасында Ғ.Жұматов, Ш.Шолтыров, Қ.Иманқұлов, З.Маджанов, Е.А.Качань жаумен жан аямай шайқасып, ерлiк көрсеткен. Қазақстандықтар жау әскерлерiмен Лиепая, Перемышль, Мурманск, Одесса, Севастополь, Сталинград түбiндегi, Украина, Белоруссия, Кавказ т.б. майдандарда жанқиярлықпен соғысты. Қазақстандықтардың жауынгерлiк даңқы әсiресе Мәскеу түбiндегi шайқаста айқын көрiндi. Мұнда майор Бауыржан Момышұлы басқарған 316 дивизия құрамындағы 1073 ұлан атқыштар полкi жау шабуылына дивизияның басқа бөлiмдерiмен бiрге ерлiкпен тойтарыс бердi. Ұлы Отан соғысындағы бетбұрыс болған Сталинград түбiндегi шайқаста да бiздiң жерлестерiмiз өздерiнiң отан сүйгiштiгiн көрсете бiлдi. Қазақстанда қалыптасқан 38-шi атқыштар дивизиясы Сталинград түбiндегi шайқастың негiзгi ауыртпалығын көтерген 64-шi армияның (қолбасшысы М.С.Шумилов) құрамында болды. Қазақстандықтар партизандық қозғалысқа да белсене қатысты: Украинада-1500, Ленинград облысында-220, Белоруссияның әр түрлi аудандарында әрекет еткен 65 партизандық бригадалар мен шоғырларда 1500-ден астам жерлестерiмiз болған. Партизандық қозғалысқа ерлiкпен қатысқан Ғ.Ахмедьяров, Ғ.Омаров В.Шарудов, Қ.Қайсенов, Ә.Шәрiпов, Ж.Саин т.б. есiмдерi ел құрметiне ие болды.

Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсетiлген ерлiктерi үшiн мыңдаған қазақстандықтар Кеңес Одағының жоғары белгiлерiмен марапатталды. 497 қазақстандық Кеңес Одағының Батыры атағына ие болса, ал олардың 97-i қазақ ұлдары болатын. Батырлар қатарында қазақтың қос аруы Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Маметованы ерекше атап кеткен жөн. Ұшқыштар Т.Бигелдинов, Л.И.Беда, И.Ф.Павлов, С.Д.Луганский бұл атаққа екi мәртеден ие болған.

1941 жылдың орта шенiнде Қазақстанға эвакуацияланған (батыстан көшiрiлген) халықтың алғашқы легi үстi-үстiне келе бастады, ал осы жылдың аяғында олардың жалпы саны 386,5 мың адамға жеттi, олардың үштен бiрi балалар едi. Орасан көп және жедел қарқынмен халықтың көшiп келуi оларды орналастыруға байланысты белгiлi қиыншылықтар туғызды. Республикаға майдан шебiнен 1941-1942 жылдары 142 кәсiпорын көшiрiлiп әкелiндi. Алматының бiр өзiнде ғана 34 зауыттың, фабрика мен цехтың жабдықтары орналастырылды. Олардың iшiнде Луганск паровоз жасау зауытының бiр бөлегi (АЗТМ), Карачар механикалық зауыты, Харьков вагон жөндеу зауыты және басқа кәсiпорындар бар едi. Воронеж машина жасау зауытының жабдықтары Шымкентке, ферросплав зауытының жабдықтары Запорожьеден Ақтөбеге, Луганск машина жасау мен Подольск цемент зауыттарының жабдықтары Қарағандыға және т.б. жерлерге орналастырылды. Қазақстанға 26 жеңiл және 14 тоқыма өнеркәсiп ұжымдарының жабдықтары келдi. Қостанайға Херсон аяқкиiм фабрикасы, Петропавл қаласына Харьков, Семейге Осташков былғары зауыттары орналастырылды. Бiрқатар жеңiл өнеркәсiп орындары басқа қалаларға тұрақтады. Эвакуцияланған үш фабрика негiзiнде (Киев, Азов және Артем) Семей аяқкиiм фабрикасы құрылды.

Республиканың ауыл шаруашылығы соғыстың жеңiспен аяқталуына қомақты үлес қосты, бұл салада жыл сайын 300 мыңға жуық қала халқы еңбек еттi. Әскер қатарына шақырылған ерлердiң орнын негiзiнен әйелдер мен жеткiншектер басты. Олар соғыстың аяғына қарай көптеген қолхоздарда жұмыс iстеп жүргендердiң 70-80 %-ін құраған. Тiптi құрғақшылық болған 1943 жылдың өзiнде Ақтөбе облысы Ойыл ауданының дақыл өндіруші жетекшiсi Ш.Берсиев ақ тарының гектарынан 202 ц. өнiм алып, дүниежүзiлiк рекорд жасады. Қызылорда облысы «Авангард» колхозының звено жетекшiсi Ы.Жақаев күрiштiң гектарынан 172 ц. өнiм алып, дәл сондай табысқа жеттi. Қаскелең ауданы III интернационал колхозының звено жетекшiсi М.Мухамедиева қызылшаның бір гектарынан 600 ц. өнiм алды, ал Атырау облысы Қызылқоға ауданының «Ақ киiз» қолхозының бөгет құрылысшысы Абзал Сарбасова күнделiктi тапсырмасын үш-төрт есе асырып орындаған.

Осы жылдары Қазақстанның ғылымы ерекше дамып, болашақ жетiстiктерге даңғыл жол ашылды. Соғыстың екiншi жылында ғалымдар халық шаруашылығына маңызды 150 тақырып бойынша ұсыныстар мен тұжырымдар бердi. Әсiресе геология саласында ауқымды жаңалықтар болды. Пайдалы қазбалардың 500-дей кенiшi ашылып, 150 кенiш зерттелiп, олардың бiразы өндiрiске қосылды. Соғыс жылдарында республикада 12 ғылыми институт және олардың филиалдары ашылып, ғылыми қызметкерлердiң саны шамамен алты есе өстi. Мұның бәрi КСРО ҒА қазақ филиалын Қазақ КСР ҒА-сы етiп қайта құру үшiн алғышарт жасады, ол 1946 жылдың маусымында аяқталды. Оның тұңғыш президентi белгiлi геолог, академик Қ.И.Сатпаев болды.