1.1 тақырып Мемлекеттік Ұлттық стандартизация жүйесі


ҚР-ның «Техникалық реттеу туралы» заңы [4]
Негізгі ережелері мен баптары

Бұл заң 8 тараудан, 47 баптан тұрады. 1-бабында Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар келтірілген: 1) аккредиттеу – аккредиттеу жөніндегі орган өтініш берушінің белгілі бір салада техникалық реттеу объектілерінің белгіленген талаптарға сәйкестігін растау жөніндегі жұмыстарды орындауға құзыреттілігін ресми танитын рәсім; 2) аккредиттеу саласы – аккредиттеу қолданылатын, ресми танылған сәйкестікті бағалау объектілері; 3) аудит (сәйкестікті растау саласындағы) – сәйкестікті растау жөніндегі аккредиттелген органдардың және (немесе) сынақ зертханаларының (орталықтарының) қызметін жүйелі, тәуелсіз құжатталған талдау, сондай-ақ өтінім берушінің бастамасы бойынша жүргізілетін сертификатталған өнімнің, көрсетілетін қызметтің, процестердің, сапа менеджменті жүйелерінің белгіленген талаптарға сәйкестігін бақылау; 4) беруші – өнім беретін, қызмет көрсететін жеке немесе заңды тұлға; 5) дайындаушы (орындаушы) – өнімді кейіннен иеліктен шығару немесе өндірістік мақсаттарда өзі тұтыну үшін өндіретін, сондай-ақ өтеулі және (немесе) өтеусіз шарт бойынша жұмыстарды орындайтын немесе қызметтер көрсететін жеке немесе заңды тұлғалар; 6) инспекциялық бақылау – сертификатталған өнімнің, процестің техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкестігін растау жөніндегі аккредиттелген органның уәкілетті орган белгілеген тәртіппен жүзеге асыратын тексеруі; 7) көрсетілетін қызмет – беруші мен тұтынушының тікелей өзара іс-қимылының және берушінің тұтынушы қажеттіктерін қанағаттандыру жөніндегі ішкі қызметінің қорытындылары, т.с. барлығы 54 пункт, оларға төменде толығырақ тоқталамыз.

ҚР-дағы техникалық реттеудің Мемлекеттік жүйесінің заңнамалық негізі

ҚР-ның техникалық реттеу туралы Заңы ҚР Конституциясына негізделеді және «Техникалық реттеу туралы» Заңы мен басқа да нормативтік құқықтық актілерден құралады. «Техникалық реттеу туралы» Заң 2004ж. 9-қарашада қабылданды.

Егер ҚР бекітілген халықаралық келісім-шартпен «Техникалық реттеу туралы» Заңның ережелерінен басқа ережелер белгіленсе, онда халықаралық келісім-шарттың ережелері қолданылады.

«Техникалық реттеу туралы» Заңы техникалық реттеу облысындағы мемлекеттік қадағалау мен бақылау және өнімдерге, қызмет көрсетуге, өнімнің өмірлік циклының процестеріне қойылатын міндетті және ерікті талаптарды анықтау, белгілеу, қолдану және орындау бойынша қоғамдық қатынастарды реттейді.

Өнімдер, көрсетілетін қызмет, процестер техникалық реттеудің объектілері болып табылады.


Өнім, процесс және қызмет көрсету сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стандарттаудың ролі

Өнімді пайдалану кезеңінде сапасын қамтамасыз ететін стандарттар

Бұл топқа пайдалану құжаттарының стандарттары кіреді (ПҚ) – пайдалану туралы нұсқаулар, төлқұжаттар, заттаңбалар. Тұтынушыларға олар тауармен бірге жіберілетін құжаттар ретінде белгілі. Негізгі стандарт ГОСТ 2.601 «ЕСКД. пайдалану құжаттары» [5]. Мұнда күрделі техниканың ПҚ құрылымы және мазмұнына қойылатын талаптар анықталады. Стандарт жасаушыларды ПҚ «Қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқаулар» бөлімін айрықша көрсетуді міндеттейді, ал бөлімнің өзінде пайдаланудың жеке ережелерін орындау үшін «Тыйым салынады», «Есте сақтаңыз!» деген сияқты сақтандыратын нұсқаулармен пайдаланушылардың назарын аударады.

ПҚ неғұрлым білікті құрастырылса, тұтынушы тауар сапасын басқаруға солғұрлым тиімді кіріседі. Пайдалану кезінде тұрмыстық техниканың 20 % уақытынан бұрын сынуы пайдалану ережелерін бұзумен байланысты екені анық.

Сапа жүйесінің стандарттары

Сапа жүйесіне қойылатын талаптар алғашқы рет 1987ж. төрт стандарттарда ИСО сериясы 9000 – ИСО сериясы 9000-9004 белгіленді. 1994ж. өзгерістер енгізілген соң стандарттардың екінші нұсқасы пайда болды.

ИСО 9001-9003 стандарттарында сапа жүйесінің үлгілеріне қойылатын талаптар көрсетілген. ИСО 9000, сериясы бойынша өзіндік «жол көрсеткіш» болып табылады, сапа жүйесінің үлгісін таңдау бойынша жетекшілік нұсқаулары бар. ИСО 9004 сапа жүйесін енгізу бойынша ұсыныстар бар. ИСО 9001-9003 стандарттары серияның түйіні болып табылады. Біздің елімізде олар «мұқаба әдісі» ретінде қабылданған.


Бақылау сұрақтары

  1. Стандарттардың салааралық кешендерінің бағыттары?
  2. Өнім сапасын қамтамасыз ететін стандарттар тобы?
  3. Өндірісті техникалық дайындау стандарттарының жүйесі?
  4. ЕСКД жүйесі?
  • ЕСТД жүйесі?
  • Сапа жүйесінің стандарттары?

  • Өнім сапасын жоспарлау

    Өнімнің барлық өмірлік кезеңдерінде оның сапасын сипаттайтын көрсеткіштер жоспарлаудың мәні болып табылады.

    Кәсіпорын үшін келесі көрсеткіштер жоспарланушы болуы мүмкін: сапа деңгейі; тұтынушы үшін маңызды болып табылатын аттесталатын өнім түрлері; өнімді дайындау үрдістерінің сипаттамалары – өнімді алғашқы ұсынымнан өткізу, сапа коэффициенті, ақау пайызын төмендету.


    Жоспарлау түрлері: 1) болашақтық (дайындауда үлкен өндірістік циклдарды қажет ететін күрделі өнімдерге), мұнда жұмыс көлемі бірнеше жылдарға қарастырылған; 2) ағымдық (мысалы, жылдық) жылдық жоспар тоқсанға және айларға бөлініп құрастырылады, ғылыми-техникалық кеңесте талқыланады, бас инженермен келісіледі және кәсіпорын жетекшісімен бекітіледі; 3) жедел-тақырыптық ағымдық жоспардан ауытқушылықтарды жоюға немесе жаңа талаптарды тез арада қанағаттандыруға қолданылады.


    Өнім сапасын жоғарылатуды жоспарлаудың маңызды міндеттері: отандық және шетелдік үлгілердің техникалық деңгейіне және сапасына қол жеткізу және арттыру; ескірген бұйымдарды уақытында алмастыру немесе өндірістен алып тастау; стандарттардың, техникалық шарттардың және басқа нормативтік құжаттардың талаптарын қатаң сақтауды қаматамасыз ету; жоғарғы сапалы өнім дайындау; өнімнің сенімділігін және ұзақ уақыттығын өсіру.


    Өнім сапасын жоспарлаудың негізгі кезеңдерінің бірі бұйымды сертификаттауға дайындау бойынша іс-шаралар жоспары болып табылады. Бұл үшін кәсіпорынның қажетті ресурстары болуы қажет: адамдар, даярлауға арналған жабдықтар, өндірістік жабдықтар, компьютерлеу.

    Техникалық бақылау жүйесі дайындау технологиясын жобалаумен қатар даярланады. Техникалық бақылау бөлімінің (ТББ) басты міндеті – өндірістің стандарттардың талаптарына сай келмейтін өнімдерді шығаруына (жеткізілуіне) жол бермеу.

    ТББ жұмысының бағыттары: техникалық құжаттамаларды және технологиялық үрдістерді бақылау; қабылданатын бұйымдардың сенімділігін қамтамасыз ету; рекламациялық жұмыс; қабылдаудың метрологиялық ережелерін сақтау.


    Өнім сапасын бақылаудың бірнеше түрлері бар: кіріс, техникалық, статистикалық, тұтас.

    Кіріс – жеткізіп берушінің бұйымдарын және жартылай фабрикаттарын бақылау. Техникалық – технологиялық үрдістің барлық кезеңдеріндегі бақылау. Статистикалық қабылдау – математикалық статистиканы қолдануға негізделген ішінара бақылау. Тұтас – дайын өнімдер қоймасына өткізу алдындағы барлық өнімдерді бақылау.

    Қабылдау саны – өнім партиясын қабылдау белгісі болып табылатын норматив.

    Ақау саны – өнім партиясын ақауға шығаратын белгі болып табылатын норматив.

    Өнімнің ақау бірлігі – жалғыз ақауы бар өнім бірлігі.


    Бақылау сұрақтары.

    1. Өнім сапасын жоспарлау?
    2. Өнім сапасын жоспарлау түрлері?
    3. Өнім сапасын жоспарлаудың маңызды міндеттері?
    4. Өнім сапасын бақылау түрлері. Сипаттама беріңіз.


    №1.1 кесте

    Сапа шығындарын талдап жіктеу

    Жіктеу белгісі Шығындардың жіктелу тобы
    Мақсаттық міндеті бойынша Сапаны жақсартуға
    Сапаны қамтамасыз етуге
    Сапаны басқаруға
    Шығынның экономикалық сипаттамасы бойынша Ағымдық
    Біржолғы
    Шығын түрлері бойынша Өнімді, өнімсіз
    Анықтау әдісі бойынша Тура, жанама
    Есепке алу мүмкіндігі бойынша Тікелей есепке алуға келетін
    Тікелей есепке алуға келмейтін
    Экономикалық есепке алуға лайықсыздар
    Өнімнің өмірлік циклының кезеңдері бойынша Бұйымды даярлаудағы сапасы
    Бұйымды дайындаудағы сапасы
    Бұйымды қолданудағы сапасы
    Өндірістік үрдіске қатысы бойынша Негізгі өндірістегі сапаға
    Қосалқы өндірістегі сапаға
    Өндіріске қызмет етудегі сапаға
    Бағалау мүмкіндігі бойынша Жоспарланған және фактіге негізделген
    Құрылымдық сипаттамасы бойынша Кәсіпорын бойынша
    Өндіріс бойынша (цех, бөлім)
    Өнім түрлері бойынша
    Қалыптастыру және есепке алу көлемі бойынша Өнім
    Үрдістер
    Қызмет көрсету
    Есепке алу түрлері бойынша Жедел, аналитикалық, бухгалтерлік, мақсаттық


    Стандарттау тұтынушылардың құқығын қорғау қызметінде. ҚР-ның «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңы [6]

    Өнім сапасын басқаруды құқықтық қамтамасыз ету

    Нарықтық қатынас жағдайында сапа әрқашан тұтынушы тұрғысынан қарастырылады. Тұтынушылардың мүддесі азаматтардың мүдделері мен өсіңкі сұраныстарын және өнімді алу саласындағы ұйымдастырушылықтан тұрады. Осындай қажеттіліктерді қанағаттандыру өнім дайындаушылардың тұтынушылармен өзара әрекеттесу үрдісінде ғана мүмкін болады. Берілген саладағы қоғамдық қатынастар өндіруші жағы бұзған жағдайда мүліктік міндеттемелерді реттеуге бағытталған, нақтырақ айтсақ, олар тұтынушының абсолютті құқығын бұзу нәтижесінде туындайды. Сондықтан ҚР Заңнамасына тұтынушылардың құқығын қорғау деңгейін жоғарылату мәселесін шешу тапсырылған. Тауар өндірушілердің қалыпты бәсекелестігі келесі міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін өркениетті нарықты құрғанда ғана мүмкін болады: өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне белгіленген талаптар қою; саудада пайда болатын қатынастарды қалыптастыру тәсілдерін регламенттеу.

    Өнімді компетентті таңдау, заңда өнім туралы объективті ақпаратқа қойылатын талаптар болса, сонда ғана мүмкін болады. Өнімнің негізгі сипаттамалары сенімділік, қызмет ету мерзімі және ұсынылатын өнімнің жарамдылығы, оның кепілдік мерзімі және т.б. өткен соң анықталатын техникалық кемшіліктері болып табылады.

    Жарамдылық мерзімі ең маңызды сипаттама болып табылады. Бұл терминнің мағынасын өнім қауіпсіз және атқаратын қызметі бойынша қолдануға жарамды болып табылатын кезең деп ұғамыз. Қалыпты өмір сүруге қажетті тұтынушы талаптарының қанағаттандырылмауы (нәтижесінде-қоғамның) өнім сапасының төменділігімен жиі түсіндіріледі. Тұтынушы бағасынан гөрі сапасын алдыңғы кезекке қояды, өйткені жоғарғы сапа сатып алынған тауарды жөндеу және пайдалануға шығатын шығындарды төмендететінін түсінеді. Өнім сапасы сату көлемін ұлғайтуды, шығындарды төмендетуді қамтамасыз етеді, осыдан келіп кіріс артады. Шығарылатын өнім сапасы өндіріс экономикасының дамуының өзіндік нышаны болып табылады.


    Бірақ өнім сапасын жоғарылату – бұл бұйымның өмірлік циклының барлық кезеңдерін қамтитын, өндірушілер үшін еңбектенуді көп қажет ететін жұмыс, олардың негізгілері: ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар; өндіріс; пайдалану.


    Бір қарағанда, ұйымның өнім сапасын арттыруға бағытталған іс-әрекетіне мемлекеттің араласуға қажеті жоқ сияқты болып көрінеді. Бірақ тәжірибе көрсеткендей мемлекет тарапынан мұндай іс-әрекеттердің ретке келтірілуін ұйымдар айналып өте алмайды. Мемлекет пен қоғамның, еңбек ұжымдары мен тұтынушылардың мүдделері өнім сапасына қатысты жиі бұзылады. Сондықтан ұйымның өндірістік, экономикалық және басқа да қызметтерін құқықтық ретке келтіру қажеттілігі туындайды. Бұл жағдайда барлық субъектілердің мүдделері заңды талаптар түріне келтірілуі қажет және оны барлығы сақтауы қажет. Заң ұйымдардың өндірістік-шаруашылық қызметіне құқықтық реттегіштердің орынды мөлшерде араласуын қарастырады. Өндірушінің сапасыз өнімді сатуы сатып алушының жеке басына және мүлігіне зиянын тигізеді.


    Өнім сапасын басқаруды құқықтық қамтамасыз ету келесі негізгі міндеттерді шешуге бағытталған: өнім сапасын басқарудың барлық деңгейіндегі қатынастарды құқықтық ретке келтіру; сапаны басқару функциясын тиімді жүзеге асыру үшін қажетті құқықтық ретке келтіруді қамтамасыз ететін нормативті-құқықтық базаны құру; еңбек қатынастарынан туындайтын жұмысшылардың құқығы мен мүдделерін қорғау.


    Заңдық күші бар нормалар мен ережелер өнім өндіретін (сататын) объектілерге әсер етеді .

    Құқық нормасы – бұл мемлекетпен белгіленетін, қорғалатын және міндетті күші бар жалпы сипаттағы тәртіп ережелері (оның орындалуы және сақталуы мемлекетпен мәжбүрлі қорғалады). Мысалы, стандарттың талаптарын сақтау азаматтық, еңбек, әкімшілік және қылмыстық заңнаманың нормативтік актілерімен қамтамасыз етіледі.

    Нормативтік акт құқықтың дербес түрі ретінде заңдық нормаларды (тәртіп ережелері) белгілейтін, өзгертетін немесе күшін жоятын соған құзыреттлігі және уәкілеттігі бар мемлекеттік мекемемен шығарылатын актті білдіреді. Ол негізгі екі топқа бөлінеді: заңдар және заңастылық нормативтік акттер.

    Заң – мемлекеттік биліктің жоғарғы органымен немесе тікелей халықпен қабылданған және жоғарғы заңдық күшке ие нормативтік-құқықтық акт.

    Заңастылық нормативтік акттар – бұл президенттің жарлығы, үкіметтің акттары, аймақтық және жергілікті муниципалды мекемелердің акттары, ведомствалық акттар.

    Өнім сапасын бақылауды жүзеге асыра отырып ұйым әртүрлі тәсілдермен: үлгі бойынша, өзгешелігі бойынша, стандарт негізінде, алдын ала байқау бойынша анықтауға болатын өнімнің сәйкес сапасын қамтамасыз етуге және өндірістік үрдістерді жүргізуге қойылатын негізгі талаптарды орындауға міндетті. Сатылатын өнім үшін сапа эталоны болып табылатын дана үлгі деп аталады. Эталонды зерттеу (өнімнің бірнеше данасы) бизнес аясында сапа туралы жақтар арасындағы дау-дамайды шешуде маңызды шарт болып табылады.

    Өзгешелігі бойынша (спецификация) – онымен бірге жіберілетін құжаттарда көрсетілген барлық параметрлерге және пайдалану сипаттамаларына сәйкес келуі.

    Стандарт негізінде – сапаны анықтаудың көп тараған тәсілі, ұлттық және халықаралық сауда айналымында кеңінен қолданылады.

    Қазіргі жағдайда стандарттау әдісі өнім сапасын басқару аясында негізгі болып саналады. Өнім сапасын басқару халықаралық, мемлекеттік және ұйым стандарттары негізінде жүзеге асады.

    Мемлекеттік стандарттар өндіруші үшін міндетті ережелер болып саналады, өйткені мемлекеттік стандарттау қоғам және нақты тұтынушыларды қорғау құралы және басқарудың барлық деңгейлеріне таралады. Сондықтан олар тұтынушылардың өмірі, денсаулығы мен мүліктері және қоршаған орта үшін, техникалық және ақпараттық сәйкестілікті қамтамасыз ету, өнімдердің өзара алмастырылуы, оларды бақылаудың бірыңғай әдісі және таңбалау бірыңғайлығы үшін өнімдердің қауіпсіздігіне қатысты болады.

    Қойылатын талаптарға өнім сапасының сәйкестігін бағалау үшін ҚР «Стандарттау туралы» және «Сертификаттау туралы» заңдарына, ал қазіргі кезде ҚР «Техникалық реттеу туралы» заңына сәйкес стандарттау бойынша жұмыстарды ұйымдастыратын және жүргізетін ұйымдар стандарттары бар. Нарықтық қатынас жағдайында заңнама ұйымдарға сыртқы нарыққа өз беттерінше шығуға құқық береді. Мұндай ұйымдар мемлекеттік стандарттар талаптарына өнімді сәйкестеу әдісіне негізделген өз өнімдерінің сапасын бағалау мәселелеріне жиі тап болады. Өнімдер мен қызмет көрсетудің мемлекеттік стандарттар талаптарына сәйкестігін растаудың екі тәсілі бар: сертификаттау жолы; өнімді мемлекеттік стандарттарға сәйкестік белгісімен таңбалау жолы.

    Тәжірибе көрсеткендей өнім сапасының мемлекеттік стандарттар талаптарына сәйкестігіне кепіл болатын негізгі құрал сертификаттау болып табылады. Таңбалау сәйкес мемлекеттік стандарт немесе ТШ регламенттеледі.

    Біздің елімізде өнімді сәйкестеу мәселесімен байланысты бірінші белгі – «Сапа белгісі» болды.


    Бақылау сұрақтары.

    1. Сапа тұтынушы тұрғысынан қарағанда?
    2. Тауар өндірушілердің қалыпты бәсекелестігі қай кезде мүмкін болады?
    3. Сапалы өнім шығару кәсіпорын үшін нені білдіреді?
    4. Мемлекет өнім сапасын қалай ретттейді?
    5. Өнім сапасын басқаруды құқықтық қамтамасыз ету?
    6. Нормативтік акт деген не?
    7. Заң дегеніміз не?
    8. Мемлекеттік стандарттар өндіруші үшін не болып табылады?
    9. Өнім сәйкестігін растаудың екі тәсілі?


    Өнім сапасы мен қауіпсіздігін заңнамалық және нормативтік қамтамасыз ету

    Өнім сапасының мәселелері экономикалық, әлеуметтік және экологиялық ортада адам қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды факторы. Бірақ өнім өндірушінің оны тұтынушымен өзара әрекеттесу аясында тұтынушылардың құқығын қорғау деңгейін жоғарылататын заңдар болуы қажет. Құқықтық қатынастар тұтынушылардың құқығы мен мүдделерін қорғау саласында негізінде ҚР «Азаматтық кодексімен» реттеледі.


    Тұтынушы құқылы: 1. өнімнің қауіпсіздігіне; 2. өнім сапасына; 3. өнім туралы ақпаратқа; 4. тұтынушылардың қоғамдық ұйымдарына бірігуге.

    Сатушы міндетті: міндетті сертификаттауды өткізуге; белгіленген нормаларға сәйкес келмейтін өнімдерді сатуды тоқтатуға; стандарттар талаптарына сәйкес белгісі бар өнімдерді сатуға; өнім қауіпсіздігі бойынша ұсынымдар мен арнайы талаптарды тұтынушыға жеткізуге; өндіруші, өнім және жұмыс істеу тәртібі туралы қажетті және анық ақпараттарды көрсетуге.


    Өнімді сату үрдісінде пайда болатын, қатынастарды құқықтық реттеудің негізгі субъекттері: өндіруші, сатушы, тұтынушы.

    Келтірілген зиян сатушының (дайындаушының) немесе жұмысты орындаушының кінәсіне байланыссыз толтырылса субъективті жақ деп айтылады. Сондықтан зиян келтіруші өнім кемшіліктерін білді немесе білуге міндетті болды деген мәселенің ешқандай маңызы жоқ. Сапасыз өнімді сатқаны үшін ұйым-дайындаушы (орындаушы) немесе сатушы заң алдында жауап береді.

    Заң алдындағы жауапкершілік – тұлғаның ережені бұзуына байланысты мемлекеттік мәжбүрлеу шараларын қолдану. Жеке құқы (бас бостандығынан айыру); мүліктік (айыппұл салу, тәркілеу); ұйымдық (белгілі лауазымдарды иемденуге тиым салынады).

    Заң алдындағы жауапкершіліктің негізі құқық бұзушылық болып табылады.

    Заң алдында жауапкершіліктің келесі түрлері бар: қылмыстық, азаматтық-құқықтық (мүліктік), әкімшілік, тәртіптік.


    Бақылау сұрақтары.

    1. Өнім сапасының мәселелері?
    2. Тұтынушының құқықтары?
    3. Дайындаушының (сатушының) міндеттері?
    4. Заң алдындағы жауапкершілік?


    Мемлекеттік стандарттау жүйесінің негізгі ережелері

    Стандарттаудың қағидалары 

    Стандарттау белгілі бір ереже-қағидаларға сүйенеді. Стандарттау сапасын, үнемділігін, қолданылуын, сәйкестігін және өзара алмасуын, қауіпсіздік талаптарын өнімдердің көптүрлілігін басқару бойынша, сондай-ақ өзара қызықтыратын басқа да сұрақтар бойынша әрбір жақтың пікірін ескере отырып келісімге келу үшін өнімдерді даярлайтын, әзірлейтін және қолданатын барлық мүдделі жақтардың өзара ұмтылыстарына негізделуі қажет.

    Халықаралық стандарттауда пәтуа (консенсус) термині қоланылады, ол мүдделі жақтардың көпшілігінде мәнді мәселелер бойынша қарсылықтары жоқтығын сипаттайтын, барлық жақтардың пікірін ескеру және сәйкес келмейтін көзқарастарды жақындату болып түсіндіріледі. Консенсуста толық бірауызды шешім болмауы мүмкін.

    Стандарттарды даярлаудың пайдалылығын әлеуметтік, техникалық, экономикалық қажеттілігі және қолданудағы жарамдылық тұрғысынан бағалауға болады.

    Нормативтік құжаттарды даярлағанда жобалардың аяқталу кезеңінде және қабылданған халықаралық және аймақтық стандарттарды, ЕЭК БҰҰ құжаттарын және басқа халықаралық ұймдардың, сондай-ақ, қажет болса, басқа елдердің ұлттық стандарттарын есепке алу керек.


    Кейбір қағидаларды бөліп айтуға болады: Өнімдерді даярлайтын, әзірлейтін, жеткізетін және тұтынатын жақтардың мүдделерін теңдестіру (негізгі мәселелер бойынша консенсус); Жүйелілік және кешенділік. Жүйелілік – бұл әрбір объектіні одан да күрделі жүйенің бөлшегі ретінде қарау, мысалы: банка ыдыс (тара) ретінде транспорттық ыдыс – жәшіктің бөлігі, жәшік контейнерге кіреді, контейнер транспорт құралына салынады. Кешенділік – күрделі жүйенің барлық элементтерінің сәйкестігі; Динамикалық және стандарттың озық дамуы. НТП өсуінің өзгеруімен қатар стандарттар болып жатқан өзгерістерге бейім болуы қажет және қалып қоймауы керек; Тиімділік – нормативті құжаттарды қолдану экономикалық және әлеуметтік пайда беруі қажет; Қауіпсіздікті, сәйкестікті және өзара алмасуды қамтамасыз етуге жағдай тудыратын стандарттарды даярлаудың басымдылығы.

    Стандартқа қойылатын талап – оның сертификаттаудың мақсаттары үшін жарамдылығы.

    Үйлесімділік – халықаралық саудада кедергі келтірмейтін стандарттарды даярлау.

    Тұжырымдаманың анықтығы – норманы екі түрлі мағынада түсіндіру нормативтік құжатта маңызды қателік бар екенін көрсетеді.


    Бақылау сұрақтары.

    1. Стандарттау немен негізделеді?
    2. Негізгі ережелер бойынша «консенсусқа» жету деген не?
    3. Негізгі қағидаларды атаңыз?
    4. «Техникалық реттеу туарлы» Заң нені реттейді?
    5. «Техникалық реттеу туралы» Заңның қолданылуы?


    Мемлекеттік стандарттау жүйесінің негізге алынатын стандарттары

    ҚР-ның мемлекеттiк стандарттары

    1. Мемлекеттiк стандарттарды әзiрлеу, келiсу, қабылдау, есепке алу, өзгерту және оның күшiн жою тәртiбiн уәкiлеттi орган белгiлейдi.

    1-1. Мемлекеттік стандарттар, егер ҚР-ның заңдары немесе техникалық регламенттері олар туралы нұсқауларды қамтитын болса, міндетті болып табылады.


    2. Мемлекеттік стандарттар: 1) мемлекеттiк техникалық реттеу жүйесiнiң жалпы ұйымдастыру-әдiстемелiк ережелерiн белгiлейтiн, негiзге алынатын стандарттар; 2) өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң бiртектi топтарына, қажет жағдайда нақты өнiмге, көрсетiлетiн қызметке қойылатын талаптарды белгiлейтiн өнiмге, көрсетiлетiн қызметке арналған стандарттар; 3) процестерге арналған стандарттар; 4) өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi, процестердi бақылау әдiстерiне арналған стандарттар болып бөлiнедi.

    3. Негізге алынатын мемлекеттiк стандарттарды уәкiлетті органның кәсiпорындары әзiрлейдi.

    4. Шет мемлекеттердiң, халықаралық ұйымдардың нормалары мен стандарттары, осы Заңның 4-бабының 1-тармағында көзделген мақсаттарға жету үшiн тиiмсiз немесе қолайсыз болып табылатын жағдайларды қоспағанда, олар ҚР-ның мемлекеттiк стандарттарын әзiрлеу кезiнде негiз ретiнде толық немесе ішінара қолданылуы мүмкiн.


    5. Мемлекеттік стандарттарда: 1) техникалық регламенттерде белгiленген талаптардың сақталуын қамтамасыз ететiн өнiмнiң, процестердiң қауiпсiздiгі жөнiндегi қажеттi талаптар; 2) өнiмдi, көрсетiлетiн қызметтi жiктеуге қойылатын талаптар; 3) өнiмнiң бiрiздiлiк, үйлесiмдiлiк және өзара алмастырушылық көрсеткiштерi; 4) терминдер мен анықтамалар; 5) өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң тұтыну қасиеттерi мен сипаттамаларын қоса алғанда, функционалдық мақсатының көрсеткiштерi; 6) қабылдау, буып-түю, таңбалау, тасымалдау, сақтау, кәдеге жарату және жою ережелерi; 7) сапасы мен қауiпсiздiгiн сынау әдiстерi; 8) ресурстардың барлық түрлерiн сақтауға және ұтымды пайдалануға қойылатын талаптар; 9) менеджмент жүйесiн енгiзудi қамтамасыз ететiн, өндiрiстi ұйымдастыруға қойылатын талаптар; 10) белгiлi бiр қызмет саласына арналған ұйымдастырушылық-әдiстемелiк сипаттағы ережелер, сондай-ақ жалпы техникалық нормалар мен ережелер белгiленуi мүмкiн.


    6. Мемлекеттік стандарттар өнiмнiң, көрсетiлетiн қызметтiң шығарылған жерiне қарамастан, тең дәрежеде қолданылады.

    Әртүрлі категориялар және түрлер стандарттары

    Әртүрлі категориялар стандарттары

    Қолдану аясына байланысты ажыратылатын стандарттар стандарт категориясы деп аталады.

    Стандарттар категориялары: мемлекеттік стандарттар – ҚР СТ; халықаралық стандарттар – ИСО; мемлекетаралық стандарттар – ГОСТ; ұйымдар стандарттары; ұлттық стандарттар; шетел мемлекеттері ұйымдарының стандарттары болып бөлінеді.


    ҚР мемлекеттік стандарты (ҚР СТ) – міндетті және (немесе) ұсынылатын талаптары бар және тұтынушылардың кең шеңберіне түсінікті стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша уәкілетті орган бекіткен стандарт [7].

    Мемлекеттік стандарттар өнімдерге, үрдістерге (жұмыстар), көрсетілетін қызметке, ұйымдастырушылық-әдістемелік және жалпытехникалық сипаттағы нормалар және талаптарға даярланады, мысалы: стандарттау бойынша жұмысты ұйымдастыру; өндіріске өнімді даярлау және қою; техникалық, басқарушылық, ақпараттық-библиографиялық құжаттамаларды ресімдеу тәртіптері; метрологиялық жалпы ережелер және т.б.

    Мемлекеттік стандарттарда дәстүрлі технологиялардың мүмкіндіктерін басып озатын, отандық өнімдер, үрдістер, көрсетілетін қызметтердің бәсекелестігінің болашағын қамтамасыз ететін алдын ала талаптар белгіленеді. Өнімдердің, үрдістердің, қызмет көрсетудің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоршаған ортаны, азаматтардың өмірін, денсаулығын және мүліктерін қорғауға арналған, техникалық және ақпараттық сәйкестікті, өнімдердің өзара алмастырылуын қамтамасыз етуге арналған, оларды бақылау әдістерінің бірыңғайлығы және таңбалаудың бірыңғайлығы үшін мемлекеттік стандарттармен белгіленген талаптар мемлекеттік басқару органдарымен, жекеменшіктің формасына қарамай жеке және заңды тұлғалармен сақталуы міндетті деп табылады.

    Өнімдердің, үрдістердің, көрсетілетін қызметтердің мемлекеттік стандарттардың міндетті талаптарына сай болуы ҚР Заңнамасы белгілеген ережелер бойынша анықталады.

    Мемлекеттік стандарттар мемлекеттік басқару органдарымен, уәкілетті тұлғалармен, стандарттау бойынша техникалық комитеттермен даярланады.

    Стандарттаудың мемлекеттік жүйесінің Реестрінде тіркелмеген мемлекеттік стандарттар қолдануға жарамсыз деп саналады.

    Мемлекеттік стандарттың белгіленуі индекстен (ҚР СТ), тіркеу нөмірінен және сызықшамен бөлінген қабылданған жылдың соңғы екі санынан тұрады. Тіркеу нөміріндегі алдыңғы нүктелі сандар стандарттар кешенінің (жүйесін) шифрын анықтайды.

    Халықаралық және аймақтық, шетел мемлекеттерінің ұлттық стандарттарын ҚР мемлекеттік стандарттары ретінде қолданудың қажетті шарттары: ҚР стандарттау, метрология және аккредитация бойынша халықаралық және аймақтық ұйымдарға мүше болуы; ҚР және шетел мемлекеттері арасында стандарттау облысы бойынша әріптестік туралы екіжақты (көпжақты) келісім-шарттың болуы.

    Халықаралық стандарт (ИСО) – стандарттау бойынша халықаралық ұйыммен қабылданған және тұтынушыларға кеңінен түсінікті стандарт.

    Халықаралық стандарттарды құру бойынша тікелей жұмыстарды техникалық комитеттер жүргізеді.

    Стандарттау бойынша халықаралық ұйым (ИСО) –оған мүшелік әрбір елдің стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша сәйкес мемлекеттік органы үшін ашық стандарттау бойынша ұйым.

    ИСО ресми тілдері – ағылшын, француз, орыс тілдері. Орыс тіліне ИСО стандарттарының 70% жуығы аударылған. ИСО әділетті және адал ұйым ретінде әлемдік беделге ие, халықаралық ең ірі ұйымдар ішінде мәртебесі жоғары.

    Халықаралық стандарттау – барлық елдердің сәйкес органдарының қатысуына ашық стандарттау.



    Мемлекетаралық стандарт – міндетті және (немесе) ұсынылатын талаптары бар және олармен тікелей қолданылатын стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша мемлекетаралық Кеңеспен қабылданған немесе Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерін құрудағы стандарттау және техникалық нормалау бойынша мемлекетаралық ғылыми-техникалық комиссиямен қабылданған стандарт.

    Мемлекетаралық стандарттау – мемлекетаралық мүддені көрсететін объектілерді стандарттау.

    Ұсынылатын талаптары бар мемлекетаралық стандарттарды қолдану, егер республикада қолданылатын талаптар, техникалық сипаттағы нормалар және ережелері бар техникалық регламенттерде оған сілтемелер бар болса, міндетті болып табылады.

    ҚР мемлекетаралық стандарттарды қолданысқа енгізу стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша уәкілетті органның қаулысымен жүзеге асады. Мемлекетаралық стандарттар ҚР мүше болып табылатын стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша мемлекетаралық Кеңес қабылдаған ережелерге сәйкес қолданылады.

    Ұйым стандарты – жеке немесе заңды тұлғамен даярланған нақты бір өнімге, үрдіске (жұмыс), қызмет көрсетуге талаптар белгілейтін және сол жеке немесе заңды тұлға қолданатын стандарт.

    Ұйым стандарттары өнімге, қызмет көрсетуге, үрдіске даярлануы мүмкін. Ұйым стандарттарын даярлаушылардың өздері бекітеді. Ұйым стандарттары ҚР қабылданған стандарттар және техникалық регламенттердің міндетті талаптарына қайшы келмеуі керек. Белгіленген міндетті талаптарды сақтамағаны үшін оны бекіткен жеке және заңды тұлғалар жауапқа тартылады. Ұйым стандарттарын даярлаудағы жалпы ережелер, келісімдер, бекітулер және тіркеу стандарттау, метрология және сертификаттау бойынша мемлекеттік уәкілетті органмен белгіленеді.

    Шетел мемлекеттері ұйымдарының стандарттарын қолдану көрсетілген стандарттарды қолдануға рұқсат беретін, олардың түпнұсқасын ұстайтын ұйымдармен келісім-шарт (рұқсат) негізінде жүзеге асырылады.


    Бақылау сұрақтары.

    1. Стандарт категориясы деген не?
    2. Қандай стандарттар категориясы бар екенін атаңыз?
    3. Қандай стандарттар мемлекеттік деп аталады?
    4. Қандай стандарттар халықаралық деп аталады?
    5. Ұйым стандарттары не үшін даярланады?


    Бақылау сұрақтары.

    1. Стандарттарды түрлері бойынша бөлу нені білдіреді?
    2. Түрлері бойынша стандарттарды атаңыз?
    3. Стандарттар қандай бөлімдерден тұрады?
    4. Тар міндетті стандарттар нені білдіреді?
    5. Кең міндетті стандарттар нені білдіреді?
    6. Аралас түрдегі стандарттардың қажеттілігі неде?


    Мемлекеттік қызметтерді стандарттаудың мақсаттары, міндеттері және негізгі қағидалары

    Мақсаттары:

    Өз біліктілігі мен функционалды міндеттері және қызметтің нақты түріне қойылған стандарттар шеңберінде мемлекеттік қызметтер мемлекеттік органдар, мекемелер, және басқа ұйымдар тарапынан Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес көрсетіледі.

    Мемлекеттік қызметтерді стандарттаудың мақсаты Қазақстан Республикасында тұратын және жұмыс істейтін жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын, бостандығын және заңды мүдделерін корғауды қамтамасыз ететін мемлекеттік билік пен қоғам арасындағы өзара қатынасты ұтымды деңгейіне жеткізу болып табылады.


    Мемлекеттік қызметтерді стандарттаудың негізгі міндеті мемлекеттік қызмет көрсету процестерін нормативтік құқықтық актілермен қамтамасыз ету болып табылады, атап айтқанда: мемлекеттік қызметтерді жіктеу; мемлекеттік қызметтерді стандарттау объектілерін және олардың құрамын анықтау; стандарттау объектілеріне қойылатын негізгі талаптарды және олардың қасиеттерін сипаттайтын көрсеткіштерді анықтау; мемлекеттік қызметтерді көрсету процестерінің ұйымдастырылуын және технологиясын анықтайтын құжаттардың құрамы мен мазмұнын бірегейлендіру; атқарушы органдардың қызметін ұйымдастыруға сапа басқару жүйесін енгізу; әкімшілік кедергілерді жою.


    Мемлекеттік қызметтерді стандарттаудың негізгі қағидалары

    1. Мемлекеттік қызмет көрсету процесін тұтынушыға клиент ретінде бағдарлау қағидасы.

    Мемлекеттік қызмет стандарттарын әзірлеу барысында мынадай талаптардың орындалуын қажет етеді: тұтынушылардың қажеттіліктерін және үміттерін зерттеу, ең бірінші, мемлекеттік қызметтердің сапасы, олардың көрсетілу тәртібі мен мерзімі, бағасы және басқа сипаттары; көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын объективті түрде бағалауды қамтамасыз ететін тұрақты кері байланыс жүйесін орнату.


    2. Мемлекеттік қызметтердің тұтынушыларын хабардар ету қағидасы. Бұқаралық ақпарат құралдарын, компьютерлік желілерді және т.б. қоса, әр түрлі хабар көздерін пайдалана отырып, мемлекеттік қызметтердің тұтынушыларын хабармен тұрақты қамтамасыз ету жүйесін орнату және қолдану.

    3. Орындаушының мүдделілігі қағидасы. Мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыру барысында, орындаушының мемлекеттік қызметтің тиісті түрін сапалы және уақтылы көрсетуге мүдделі болуын талап етеді.

    4. Стандарттардың жүйелілігі және ұтымдылығы қағидасы. Әрбір жаңадан шығарылып жатқан стандарт тұтынушы үшін қарапайым және түсінікті болуы тиіс және кызметтерді жабдықтаушылар мен тұтынушылардың қарым-қатынастарын реттейтін басқа да нормативтік құқықтық актілерге қайшылығы жоқтығы тексерілуі тиіс. Мемлекеттік қызметтерді тұтынушыларға қойылатын талаптар мен шарттардың санын азайтуға ұмтылу қажет.

    5. Ғылыми ізденістерді және инновацияларды пайдалану қағидасы. Мемлекеттік қызметтерді тұтынушылардың қажеттіліктерін зерттеу жұмыстарын өткізуді, мемлекеттік қызметтерді көрсетудің әлемдік тәжірибесін және практикасын талқылауды және мемлекеттік қызметтерді көрсету процестеріне инновациялық шешімдер енгізуді талап етеді.

    6. Жауапкершілік қағидасы. Мемлекеттік қызметтердің сапасының белгіленген деңгейін қамтамасыз ету үшін лауазымды тұлғалардың жеткілікті жауапкершілігінің болуын талап етеді.

    7. Екі жақтама бақылау қағидасы. Мемлекеттік қызметтерді жабдықтаушылардың жұмысына тиімді және ұтымды ішкі және сыртқы бақылау жүйесінің орнатылуын талап етеді.

    8. «Бір терезе» қағидасы. Мемлекеттік қызметтерді алу үшін, тұтынушының бір орындаушыға баруын талап етеді. Бұл талаптың орындалуы үшін мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы бір бірімен байланысты органдар қызмет көрсету уақытын азайту мақсатында өздерінің әрекеттерін барынша үйлестіруі керек.


    Стандарттау объектілері


    1) Іс түрінен және басқа жіктеу белгілерінен тәуелсіз түрде, мемлекеттік қызметтердің стандарттау объектілері мыналар болып табылады: жіктеу және терминология; біркелкі қызметтердің топтарын және шағын топтарын, қызметтердің әр түрлі түрлерін, жеке қызметтерді қамтитын мемлекеттік қызметтер тізімі; мемлекеттік қызметтердің әр түрінің нақты сапа және қолжетімділік көрсеткіштеріне қойылатын талаптар; мемлекеттік қызметтерді тұтынушыға қойылатын талаптар; қызметтерді көрсету процедурасы; лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттері (орындамағаны) бойынша шағымдану тәртібі мен мерзімі; қызмет тұтынушыларын хабардар ету түрлері және әдістері; тұтынушылармен жұмыс істейтін лауазымды тұлғалардың біліктілігі, жауапкершілігі және бағыныштылығы; қызмет көрсету орнындағы шарттар; тұтынушылармен жұмыс істеудің жалпы ережелері.


    2) Жіктеу және терминология, осы стандарттың ретімен 6 және 3 бөлімдеріндегі талаптарға сай болуы тиіс.

    Техникалық шарттар нормативтік құжат ретінде

    Техникалық шарттар нормативтік құжаттың ең көп тараған түрі болып табылады, бұл қазіргі кезде республикамызда қолданылатын 3 мыңға жуық ТШ санымен дәлелденеді.

    ТШ мемлекеттік стандарттардың маңызды тобын құрудың базасы болып табылады. Шығарылатын өнім сапасы ТШ сапасына байланысты, ол нарықтық экономикаға сәтті бағдарланған, тапсырыс берушінің қажеттілігін жедел есепке алу үшін көмектеседі, сондай-ақ техникалық құжаттың ең жедел түрі болып табылады. Бөліп айтқанда даярламалар, бекітулер, келісімдер, және өзгерістер енгізу.

    Техникалық шарттарың объектілері – өнім және оның түрлері – нақты таңбалар, тауарлардың үлгілері, ұсақ сериямен шығарылатын бұйымдар (галантерея, халықтық кәсіптің бұйымдары); ауысатын ассортимент бұйымдары (белгілі оқиғаларға байланысты шығарылатын сувенирлер).


    ҚР СТ 1.3-2000 «Техникалық шарттарды даярлау, келісімдеу, бекіту және мемлекеттік тіркеу тәртіптері» сәйкес ТШ: берілген өнімге ҚР-ның мемлекеттік стандарттары және мемлекетаралық стандарттар жоқ болса; жалпы техникалық шарттар және жалпы техникалық талаптар түрлерінің стандарттарының болуы, бұл стандарттармен өнімнің өзгешелік талаптарын нақтылайтын техникалық шарттар даярлау қарастырылса; қолданыстағы стандарттар және техникалық регламенттердің нормалары мен талаптарын көтеру және толықтыру; тапсырыс берушіге (тұтынушыға) өзіндік жеткізіп беруге (сатуға) арналған өнімдерге (жинақтаушы және жартылай фабрикаттарды қоса) даярлайды.


    Техникалық шарттар кәсіпорын-даярлаушымен даярланады және онда: кіріспе бөлім; шикізатқа қойылатын техникалық талаптар, өнімнің органлептикалық және физика-химиялық көрсеткіштері; қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғауға қойылатын талаптар; қабылдау тәртіптері (сынаманы іріктеу, сынақ); бақылау әдістері; қолдану шарттары (пайдалану); таңбалау; тасымалдау және сақтау ережелері; жеткізіп берушінің кепілдігі; ТШ қолданылатын нормативтік құжаттамалар тізімі болуы қажет.


    Техникалық шарттардың талаптары және оларға енгізілетін өзгерістер осы өнімге таратылатын мемлекеттік стандарттардың міндетті талаптарына қайшы келмеуі тиіс. ТШ барлық жобалары бекітілуі және келісілуі тиіс. Жүргізілген сараптама нәтижесі бойынша сараптамалық қорытынды беріледі және ТШ мемлекеттік тіркеу жүргізу немесе оны қайтарып беру туралы шешім қабылданады.

    Техникалық шарттарды кәсіпорын-даярлаушы тапсырыс берушінің, денсаулық сақтау мекемелерінің және т.б. келісімі бойынша бекітеді.


    Техникалық шарттардың белгіленуі: ТШ 640 ҚР 85674315 ТОО-003-2000, мұнда: ТШ – техникалық шарттардың қысқаша аталуы; 640 – Алматының коды; ҚР – Қазақстан Республикасының қысқаша аталуы; 85674315 – ТШ түпнұсқасын ұстаушының коды ОКОПО бойынша; ТОО – ТШ бекіткен кәсіпорынның меншік түрінің қысқаша әріптік белгіленуі; 003 – құжаттың реттік тіркеу нөмірі; 2000 – құжаттың бекітілген жылы.


    Қазіргі кезде ТШ көп мөлшердегі ескертпелермен құрастырылады, сондықтан ТШ тіркеу кезінде міндетті түрде стандарттау бойынша мамандардың сараптау қорытындысы болуы тиіс.

    Техникалық шарттардан басқа өнім және кәсіпорын-даярлаушы туралы толық мәліметтермен бірге ҚР СТ 1.11-2004 «ГСС ҚР Өнімдерді каталогтау. Өнімнің каталогтық парақтарын толтыру, көрсету, өзгерістер енгізу, есепке алу және сақтау ережелері» бойынша каталогтық парақ даярланады. ТШ каталогтық парақпен бірге тіркеу уәкілетті орган арқылы жүзеге асады. ТШ есепке алуға тіркеу болмаса және оған енгізілетін өзгерістерсіз өнім шығарылуға жіберілмейді.


    Бақылау сұрақтары.

    1. Техникалық шарттар құжаттардың қай түріне жатады?
    2. Техникалық шарттардың объектілері?
    3. Техникалық шарттарды кім даярлайды және бекітеді?
    4. Техникалық шарттардың белгіленуі?
    5. Техникалық шарттарды кім тіркейді?


    ҚР-да техникалық реттеудің мемлекеттік жүйесі

    Техникалық реттеу жүйесінде жұмыстарды ұйымдастыру

    Қандай да бір мемлекет өз өндірушілерінің қорғалуына көңіл бөледі. Бәсекелестікке қабілетті экспорттауға бағытталған өндірісті құруға бағытталған мемлекеттік саясат сәттілік әкеледі. Отандық өнімнің сыртқы және ішкі нарықта сәтті бәсекелес болуы үшін біз халықаралық ережелер мен нормалар бойынша жұмыс істеуіміз керек. Бұл Дүниежүзілік сауда ұйымына болашақта кіруімізбен де байланысты. Саудалық әріптестіктің бір шарты мен БСҰ негізгі талаптарының бірі – техникалық реттеудің түрлі жүйелерімен негізделген саудадағы түрлі бөгеттердің жойылуы болып табылады. Бұл техникалық реттеудің жалпыәлемдің моделіне ауысумен мүмкін болады.

    Қазақстанда техникалық реттеудің халықаралық жүйесіне ауысудың алғашқы қадамдары 1999ж. СТБ (саудадағы техникалық бөгеттер) негізгі талаптары мен «техникалық регламент» түсінігі енгізілген ҚР «Стандарттау туралы» заңының қабылдануымен байланысты. Қазақстанның техникалық нормалаудың халықаралық жүйесіне техникалық регламенттер арқылы өту жағдайларын қарастыратын мемлекеттік стандарттаудың 2005 жылға дейінгі даму Концепциясы құрастырылды. Техникалық нормалау бойынша жұмыс «Техникалық заңнама» ТК үйлестіріледі. 2003ж. ҚР «Стандарттау туралы», «Сертификаттау туралы» заңдарына енгізілген өзгерістер стандарттау және сертификаттаудың мемлекеттік жүйелерінің әрекеттегі халықаралық ұқсас жүйелермен ары қарай жақындасуына бағытталған.

    «Техникалық реттеу» дегеніміз не? «Техникалық реттеу» – өнімдерге, процестерге, сәйкестілікті нақтылау бойынша әрекетке, аккредиттеу мен мемлекеттік бақылауға, бекітілген талаптардың орындалуы бойынша қойылатын міндетті және ерікті талаптардың бекітілу, қолданылу және орындалуы саласындағы қатынастардың құқықтық және нормативті реттелуі. Әрекеттегі техникалық реттеу жүйесінің 75-жылдық тарихы бар. Осы кезеңде 50 мыңнан астам нормативті акттер: мемлекеттік және салық стандарттары, техникалық шарттар құрылды.

    Қазақстанда, басқа кеңестік елдердегі сияқты, өнімге қойылатын міндетті талаптар стандарттарда, басқа да нормативті құжаттарда: СанЕжН, ҚНжЕ, фармокопеялық мақалалар, экологиялық, өртке қарсы, ветеринарлы, энергетикалық, көліктік ережелер, т.б. белгіленеді. Міндетті құжаттардың көп болуы өнімдер мен қызметтер өндірісінде белгілі бір қиыншылықтар тудырады және шетелдік сауда әріптестері жағынан түсінбеушілік тудырады.

    Қолданыстағы нормативті базада халық өмірі мен денсаулығына қауіпсіздік, қоршаған ортаны қорғау көрсеткіштері ғана емес, сапа бойынша міндетті талаптар бар, бұл халықаралық саясатқа қайшы келеді (өндіруші сапамен қамтамасыз етеді, ал тұтынушы тек оны бағалайды). Өндірістік дамыған елдердегі техникалық реттеу жүйесі өнімге қойылатын талаптарды екі бөлікке бөледі: біріншісі – мемлекет жауап беретін қауіпсіздік, екіншісі – талаптарын нарық қоятын, қауіпсіздікке еш қатысы жоқ, өнімнің тұтынушылық сапасы.

    «Техникалық реттеу туралы» заңда екі деңгейлі жүйені құру қарастырылады: Парламент және Үкімет деңгейінде қабылданатын, өнімнің жеке топтарына, әсер ету факторларына қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мемлекеттің жалпы міндетті талаптары шоғырланған нормативті құқықтық акттер (техникалық регламенттер) және ерікті стандарттар немесе басқа нормативті акттер. Сонымен қатар азаматтардың өмірі мен денсаулығына, мүлкіне және қоршаған ортаға өнімдер мен процестердің қауіпсіздігі, соның ішінде ғимараттар мен имараттарға қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласында жаңа шетел технологияларын, халықаралық стандарттар мен жобалау нормаларының қолданылуы үшін нормативті құқықтық негізді қамтамасыз етеді. Заң қадағалау органдарының жұмысына қажетті құқықтық негізді қамтамасыз ету арқылы олардың жұмысын жеңілдетеді, республика азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді жоғары деңгейге көтереді.


    Бақылау сұрақтары.

    1. Стандарттау бойынша жұмыстарды ұйымдастырумен кім айналысады?
    2. Стандарттау саласында мемлекеттік саясатты кім құрайды?
    3. Мемстандарт өз функцияларын кім арқылы жүзеге асырады?
    4. Мемстандарттың мүлік формасы?
    5. Мемстандарт стандарттардың тапсырыс берушісі бола ала ма?
  • Мемлекеттік стандарттау жоспарының орындалуын кім үйлестіреді?
  • Мемстандарт шешімін орындау міндетті ме?
  • Халықаралық ұйымдарда республика мүддесін кім көрсетеді?
  • Мемстандарт заңды тұлға ма?
  • Мемстандарт жұмысының құрамы мен қаржыландырылуы?

  • Сур.1.1. Техникалық реттеу құрылымы.