Үй қойларының басты ерекшеліктерінің бірі – оның қоршаған ортаға бейімделуі, өзгергіштігі, әр-түрлі жағдайларға оңай дағдыланатындығы.Сондай қасиеттерінің арқасында жер шарының әр-қилы жерлеріне бейімделіп, жерсініп өсіп-өніп кеңінен таралып кеткен.

Қойдың басқа малға қарағанда биологилық ерекшеліктерінің бірі – бас сүйегінің бейнесі мен жаратылысы. Қойдың басы сүйір, жақ сүйектері ұзын, тұмсығы үшкір, еріндері өте икемді, тез қимылдағыш, тістері өткір және ұзын болады. Бұл қасиеттер қойдың жайылым малы екенін анықтайды. Зерттеуші ғалымдардың тұжырымына қарағанда қой басының мұндай өзгеруі, өзінің даму эволюциясында мыңдаған жылдар бойы табиғаттың қиын, азықсыз-шөпсіз, тапшылық жағдайларына бейімделуінен, тамақ іздеуінен болған. Қой басқа үй жануарларына қарағанда табиғатта өсетін шөптердің бәрін жеп қорытуға өзінің денесін, ағзаларын бейімдеген. Осының арқасында қой өсіп тұрған өсімдікті жеумен қатар, үгітіліп жерге түсіп қалған шөп қиқымдарын жеп азық ете алады. Қойдың шөпті үзіп жейтін астыңғы жағында 8-күрек тісі және күйіс қайыратын 24 азу тісі болады.

Ғалымдарың зерттеулерінің нәтижесінде қой басқа шаруаға қажеті төмен, нашар, ащы арам шөптердің 600%-нен 570%-ін жейтін болса, жылқы соның 82%, ірі қара 56% ғана жейтіндігі анықталған.

Ас қорытатын ағзалар жүйесі көп камералы қарындардан басталып, ұзын ішектермен жалғасады. Қойдың ішектерінің ұзындығы 30 есе ұзын болса, ірі қарада 26 есе, шошқада 12 есе, жылқыда 15 есе ұзын болады. Осындай жақсы дамыған ас қорыту жүйесі қойдың ірі азықтық пайдалы заттарын барынша түгел қорытып оны сіңіруге мүмкіндік жасайды. Осының нәтижесінде, ғылыми зерттеулер дәлелдегендей, қой 1 кг қосымша салмаққа 8 кг құрғақ азық жұмсаса, ірі қара 12 кг жұмсайды.

Қойдың көп тұқымдары жеген азығының құнарының 75% (ал етті бағыттағы, етті-майлы бағыттағы қойлар одан да жоғары бөлігін) денесінде ет, сүйек, май құрауға, немесе еттілігін арттыруға жұмсайды. Осындай жақсы өсу, азықты жоғары өнімге пайдалану қой малының бір жасында жоғары болады. Сондықтан, қойды әсіресе ет үшін семіртіп союға пайдалану да тиімді болады.

Қой малының биологиялық ерекшілктерінің бірі - ол малдың өсімталдығымен тез жетілуі. Қой 100 саулықтан 130-150 кейбір тұқымдары 200-250 қозыға дейін береді. Қойдың ағзалары тез жетіледі 4 айда жетіліп 6-7 айда ұрықтанып бір жасында төл де бере алады. Технология жетіліп, бағу–күтуі жақсарса қой жылына 2 немесе 2 жылда үш рет төл бере алады. Мұндай жаңа технология Франция, Германия, Ұлыбританияда қолданылады. Қойдың қозысы 3-4 айлығында етке қолдануға жарайды, ал қаракөл елтірісі туған қозының 2-3 күндігінде өте құнды да сапалы болады. Қойдың ендігі бір ерекшелігі – оның көп түрлі өнім беретіндігі: ет, сүт, жүн, тері, елтірі т.б.

Қойдың табиғат құбылысына бейімді екенін жоғарыда айтылады. Қой шөл даланы, құрғақтықты жақсы сезінеді, ал сыз және сазды жерді жақтырмайды, ондай жағдайда әртүрлі ауруларға тап болады.