Осы үш тәсілдің үшеуі де қазір қолданылып жүргенімен болашақта алдыңғы екеуі тек рентгенологияның тарихында қалатын болады. Алдымызда санды (цифрлы) рентгенотелевизиялық скопия.
Рентгенография − рентген сәулесінің көмегімен жарық сезгіш ( рентгенпленка − екі жағына күмістің тұздары жағылған қабыршақ, электрондық жартылай өткізгіштер; газды немесе фотодиодты сцинтиляторлар және т.б. жарық сезгіштер, яғни детекторлар) құрал қолдану арқылы зерттелуші адамның мүшелерінің рентген суретін алу әдісі. Рентгенография мүшенің рентгеноморфологиясын зерттеуге мүмкіндік береді. Рентгенограмма – заңды құжат, дерттің өзгерістерін уақыт өткеннен кейін салыстырып зерттеуге болады, оның сезімталдығы рентгеноскопияға қарағанда бірнеше саты жоғары. Тыныс алу мүшелерін рентгенография жасағанда зерттелуші адамды рентген түтігінен 1,8-2,0 метр қашықтықтан түсірген жөн (мүшенің көлеңкесі мен оның көлемінің мөлшері теңесуге жақындайды), түсіретін уакыт 0,05 секундтен аспауы керек,түсіру кезінде ауру демін ішіне толық алып демін тоқтатқан жөн. Түсіру бағыттары-тікелей, бір бүйірінен, қиғаш, кейбір кезде нысанаға алу (рентгеноскопия кезінде көздеп түсіру тәсілі). Рентгенографияның озық (прогрессивтік) түрі – санды (цифрлы) рентгенография . Жүректі стандарттық бағыттарда (тікелей, оң қиғаш, сол қиғаш, сол бүйірінен) зерттейді. Рентгенограмманы түсіретін уақыт 0,01-0,02 секундтен аспауы керек (сурет-2).
Флюорография − көпшілікті жаппай рентген сәулесімен тексеру әдісі, кәдімгі фотопленкаға жарық беретін флюоресценциялық экраннан зерттеленуші адамның рентген суретін фотоаппаратпен түсіріп алу. Экрандағы көлеңкеленген рентген суретін фотографиялық оптика арқылы түсіретін болғандықтан флюорограмманың рентгенограммаға қарағанда көлемі бірнеше есе кіші болады. Флюорограмманың көлемі кіші (мөлшері-70х70 мм немесе 100х100 мм) болғандықтан оның шешу бейімділігі рентгенограммаға қарағанда төмен болады. Соңғы жылдарда флюорография әдісі санды (цифрлы) тәсіл түріне көшуде. Әдіс арзан, аз уақытта көп адамды зерттеуге болады, сондықтан флюорография кейбір өкпе ауруларын (рак, туберкулез және т.б.) бастапқы кезінде анықтау үшін тиімді тәсіл (сурет-3).
|
Электрорентгенография әдейі аспап (аппарат) қолдану арқылы электрофотография тәсілімен қағазға түсірілген мүшелердің рентгендік суретін алу әдісі. Детектор ретінде ионизацияны есінде сақтайтын қабылеті бар селендік пластина қолданылады. Суретті түсіріп алу уақыты 3-4 минуттан аспайды. Әдістің артықшылығы-шапшаң, технологиялық іс механизацияланған, арзан, суреттің контрастығы жоғары, сумен істейтін фотохимиялық әрекет жоқ. Кемшілігі – көлеңкелі суреттердің шекарасы мөлшерсіз анык,айқын,суреттің контрастығы тым жоғары, түсіретін рентген сәулесінің мөлшері де жоғары (10-40 процент). Қазіргі уақытта қолданылуы шектелген. Әдіс травматология мен әскери рентгенологияда пайдаланылады.
Санды (цифрлы) рентгенография − рентгенография әдісінің соңғы жетістігі. Детектор ретінде жартылай өткізгіштер қолданылған, одан алынған мәліметті (информацияны) есептеп суретке айналдырушы – компьютер. Суретті таспаға, қағазға, рентгенпленкаға жазуға болады (сурет-4).