Оқу-тәрбие міндеттері және тақырыпты оқып-үйренуге әдістемелік тұрғыдан келу. Осы тақырыпты оқып үйрену барысында алдыңғы сыныптардағы ӨҚН курсынан оқушыларға таныс және күнделікті өмірде жеке дара жинақталған, тұрмыс-тіршілікте адамды үнемі аңдып жүретіндей қауіп-қатер туралы оқушылардың білімін тереңдетіп жүйеге түсіру, талдап қорыту қажет болады.

Тұрмыстық техникасы

Алғашқы сабақтағы кіріспе сөзде мұғалім ғылыми-техникалық жетістіктер біздің тұрмысымызды елеулі түрде өзгертіп, жақсартатындығын атап өтеді. Жылумен және сумен орталықтандыратын ретте қамтылу, тұрғын үйлерді газдандыру, тұрмыстық электр техникасы, тұрмыстық химия құралдары, үй қабырғасына пайдаланатын полимер материалдары және басқа көптеген жағдайлар үйде орындауға тиіс көптеген жұмыстарды жеңілдетіп, орындауды шапшаңдатты.

Жақсы жағдайда тұруға ұмтылу біздің тұрмысымызға қауіп-қатердің жаңа көздері мен зиянды факторларын шарасыз түрде енгізетіндігін де оқушыларға жеткізу қажет. Осы ретте оқушыларға: Үйде қандай қауіп-қатер болуы мүмкін? – деген сұрақ қою да орынды болмақ. Көп болып талқылаудан кейін оқушылар тұрғын үйдегі бақытсыздық жағдайлардың көпшілігі электр тогының әсерінен, асханада тамақ даярлап жүргенде күйіп қалумен, өртпен, әр түрлі уланумен байланысты екендігі жөніндегі қорытындыға келеді.

Осыдан кейін оқытушы тұрмыстық электр құралдарын қалай пайдалану ережелерін оқушылардың естеріне салады. Мұғалім, өз баяндауын: Осы ережелерді сақтамау неге әкеліп соқтыруы мүмкін? – деген сұрақпен аяқтаса тиімді болмақ.

Тұрмыстық электр аспаптарын пайдалану ережелерін қарастыра отырып, телехабарды өте ұзақ, үздіксіз қарау да денсаулыққа зиян әкелетіндігі және өрт пайда болатын негізгі көз есебінде теледидарға ерекше тоқталған жөн. Теледидарды пайдалану ережелерін баяндағаннан кейін, ол тұтанып-түтіндене бастағанда іс-әрекет ережелерін талдау қажет.

Одан кейін үй жағдайында жиі кездесетін күйіп қалу себептеріне тоқталған жөн. Бұл ретте күйіп қалудың көптеген себептері отпен, жарылғыш-жанғыш материалдармен ойнау нәтижесінде, сондай-ақ асханада тамақ дайындау кезінде болатындығын атап өткен дұрыс болады. Отты пайдалану кезіндегі қауіпсіздік шараларын сақтау ережелерін қарастырғанда, күйіп, қалған кезде өзіне-өзі жәрдем жасаудың реттері туралы да айтқан дұрыс.

Сосын улы газ бен сапасыз тамақтан улану секілді тұрмыстық қауіп-қатерге тоқталу керек. газ плитасын, пешті, отынды, тас көмірді пайдалану ережелерін қарастыра отырып, уланған жағдайда өзіне-өзі және өзара көмек көрсетудегі мінез-құлық пен іс-қимыл ережелерін талдау қажет.

Осы тақырып бойынша алғашқы сабақты: Өз үйіңізде қандай қауіп-қатермен кездесуіңіз мүмкін? Осы қауіптің көзі неде? Қандай жағдайларда үйде электр тоғы соғуы мүмкін? Ас дайындап жүргенде күйіп қалмас үшін қандай қауіпсіздік шараларын сақтау қажет? Газ плитасы несімен қауіпті? Улы газбен уланғанда алғашқы көмекті қалай жасайсың? Осы секілді мәселелерді қамти отырып, кіріспе сөзбен бастаған тиімді болмақ.

Оқушылардың жауаптарын тыңдап және нақтылағаннан кейін жаңа материалды баяндауға көшуге болады. Бастапқыда ерте заманнан бері адам отты қалай табуды және өз қажеті үшін оны пайдалануды үйренгендігін атап өткен жөн. Алайда, от адамның бақылауынан шығып кетсе, үлкен қауіп тудырады. Бақылаудан шығып кетіп, оттың жан-жаққа жайылуын өрт деп атайды. Ол орасан зор шығын әкелетін, бақылауға көнбейтін жану. Өрттің салдарын жоюдан, оның алдын алу жеңіл.

Үйдегі өрт әр түрлі себептерге байланысты шығады. Бұл электр сымдарының түйісуінен, теледидардың жануынан, газдың шығуынан т.б. себептерден болуы мүмкін.




Үйдегі өрт, статистика бойынша, негізінде үй иелерінің дұрыс қарамауынан, ұқыпсыздығынан, әр түрлі ережелерді, оның ішінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаудан шығады. Мысалы, теледидардың жануы оның үздіксіз, ұзақ уақыт қосылып тұруынан да болуы мүмкін. Тағы бір себеп электр жүйесін дұрыс пайдаланбаудан да болады. Мысалы, нұсқау бойынша шырақта (светилникте) әрқайсысының қуаты 60 вт болатын 3 электр шамы болуы керек, ал іс жүзінде күші 100-150 вт электр шамдары қойылады. Ұзақ пайдаланған жағдайда олар қызады, электр патрондары балқиды, нәтижесінде тұтану басталады. Немесе, көп жағдайда электр розеткаларын дұрыс пайдаланбаудан да өрт шығады.

Розеткіге «үштікті» (тройникті) немесе ұзартқышты қосады, сөйтіп оған үш тұтынушы: теледидар, электр плитасы, электр камині және үтік те қосылады. Түскен күшті көтере алмай, сым балқиды, сөйтіп оның тұтануы басталады.

Тұтанудың тағы бір себебі, электр щиттеріндегі сақтандыратын тығындарды дұрыс пайдаланбау (алмастыру, сымдарды тығу т.б.).

Егер өрт электр сымдарының түйісуінен шықса, әр қабаттың басқыш алаңында болатын рубильникті жауып тастау қажет, ал мүмкіндік болса, кіре берістегі орталық (подвалдағы) ажыратқыш тұтқаны жауып тастаған жөн. содан кейін өрт сөндірушілер командасын шақырып және олар келгенше қолда бар құралдармен (су, құм, топырақ, көрпе және т.б.) өртті сөндіруге кірісу керек.

Сөндірілмей, лақтырылып жіберілген темекі тұқылы, төсекте жатып темекі тарту, газдың шығуы - өрттің шығуына себеп болады.

Егер үй (пәтер) ішінде шағын өрт шыға қалса, онда оған тезірек су құйыңыз немесе оны салмақты да, қалың, ылғал кездемемен бүркеп жабыңыз. Жанып жатқан жанар-жағар майларды құрамында көбік пайда болатын ерітінділермен өшіріңіз, сондай-ақ құм немесе топырақ себіңіз, салмақты кездемемен, киіммен және т.б. заттармен бүркеп жаба қойыңыз.

Ал электр желесінің изолятор таспасы жана бастаса, онда ең алдымен оған тоқ келтірмеу жағын қарастыру керек. ол үшін тиісті тығынды (пробканы) бұрап алып тастау қажет немесе ажыратқыш тұтқаны тоқтан бөлу керек. электр жүріп тұрған желдегі өртті 0,42, 0,45 тектес көмірқышқылды өрт сөндіргіш құралдар немесе соларға ұқсас құралдармен ғана өшіруге болады.

Егер жанып жатқан үй ішіндегі адамдарды құтқару керек болса, ол үшін басыңыздан төмен қарай жамылған көрпеңіз, қалың кездемеңіз немесе сырт киіміңіз болуы тиіс. Түтін толып кеткен үйге кірерде есікті мейлінше абайлап ашыңыз. Олай етпеген жағдайда ауаның қатты ағыны әсерімен лап ете қалған жалын бетіңізді шарпуы мүмкін. Түтін толып кеткен үйдің ішінде еңкейіп немесе еңбектеп қана жүріңіз.

Зардап шеккен адамдарды іздестіру кезінде оларды дауыстап шақыру керек. Мұндай кезде үрейі ұшқан балалардың әдетте кереует астына тығылатыны, шкафтың ішіне кіріп кететіні, сондай-ақ бұрыш-бұрышқа немесе адамның ойына келмейтін, қайдағы бір қол жетуі қиын жерлерге барып жасырынатыны есте болған жөн. Егер зардап шеккен адам өздігінен қозғалып жүре алмайтын болса, онда оны өрттің ішінен тезірек алып шығуға жәрдемдесіңіз. Содан соң оны ылғал көрпемен, ақжаймамен, плащпен, пальтомен немесе басқа бір ылғал нәрсемен ораңыз.

Егер өрт сөндіру кезінде өзіңіздің үстіңіздегі киімдеріңіз жана бастаса, онда ешқашанда жүгіріп қаша жөнелуге болмайды. Өйткені жүгірген сайын үстіңіздегі өрт өрши түседі. Сондықтан да мұндай жағдайда үстіңіздегі жана бастаған киімнің сыртынан ылғал көрпе, жамылғы, пальто сияқты басқа да нәрселерді жамыла қою арқылы жалынды өшіруге тырысу керек. Мұндай жағдайда жалынды жерге аунау арқылы да өшіруге болады.

Өрт болғандағы басты нәрселердің бірі – көршілерге хабарлау, отқа оранған адамдарды құтқару.

Өрт орны толмас жағдайларды әкелетіндігі барлық уақытта есте болғаны жөн.

Өрттің қауіпті факторларын қарастыра отырып, қазіргі кездегі жиһаздар, әртүрлі синтетикалық жамылғылар (линолеум, пластикалық заттар және басқалар) жанған кезде әртүрлі улы заттар бөлінетіндігіне оқушылар назарын аудару керек. Мұның өзі ағзаның (организмнің ) тез улануына әкеп соқпақ.


Тоқпен қамту кезінде қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керек?

үзілген электр сымдарында жатқан қайсыбір заттарды алуға болмайды;

үзілген сымдардың жанында жұмыс жасауға рұхсат етілмейді;

күйген жағдайда, күйген жерге марганец қышқылды калий ерітіндісіне батырылған мақтадан жасалынған тампон жапсырылады;

күйік шамалы болса, күйген жерді 10-15 минуттай салқын суда ұстайды.

Тоқ кернеуіне ұрынған адамды тоқ келіп тұрған қуат көзінен неғұрлым тезірек ажыратып алу үшін ажыратқыш тұтқаны кері тарту арқылы, сақтандырғыш тетікті алып тастау арқылы әрекет жасау керек немесе тоқ келіп тұрған сымды сабы құрғақ (ағаш сапты) балтамен шауып үзу қажет. Егер тоқ жүріп тұрған жалаңаш сым зақым шеккен адамның үстінде жатса, онда оны құрғақ сырғауылдың, таяқтың, тақтайдың көмегімен алып тастау керек.

Бойында тоқ қуаты бар бөліктерге тиіп кету көп жағдайда еріксіз түрде еттердің құрысып қалуына әкеп соғады.

Зақымданған адамды электр сымынан ажырату үшін құрғақ киім, арқан, таяқ, тақтайды пайдаланады. Бұл ретте металл немесе ылғал заттарды пайдалануға болмайды. Қолды алдын ала жақсы изоляциялап алмай зақымданған адамның аяғынан ұстап тартуға болмайды, өйткені аяқ киім ылғал болуы мүмкін, ал ондағы шегелер мен ілгіштер тоқ өткізгіштер екендігі белгілі.

Зақымданушының киімсіз, жалаңаш жерінен ұстау қажеттігі туса қолды изоляциялау үшін оны шарфпен орау, қолға бас киім немесе берет кию, жеңді қолға түсіріп жіберу немесе зақымданушының үстіне плащ, киімдер, жай құрғақ материалдар тастау керек. Мұндай жағдайда мүмкіндігінше тек бір қолмен ғана жұмыс жасау ұсынылады.

Тоқ адам арқылы жерге жеткенде және зақымданушы бір қолмен сымды қарысып қысып ұстаса оның астына құрғақ тақтай салып, аяқты арқан не киіммен тартып, оны жерден айырып, тоқтан ажыратуға болады. Қажетті жағдайда электр сымын құрғақ ағаш сапты балтамен немесе тиісті арнайы құралдармен қиып, үзу керек. Зақымданушы тоқтан ажыратылғаннан кейін оған алғашқы көмек берілуі қажет. Тоқ көзінен ажыратылып алынған адамға алғашқыда төмендегідей көмек көрсетілуі тиіс: жасанды жолмен тыныс алдыру, жүрек тұрсын сылап-сипау (массаж), дененің күйген жерін таңу.

Уланған және күйіп қалған кездегі алғашқы дәрігерлік жәрдемді қалай көрсетуге болады? Өрт кезінде зақым шеккен адамдардың көпшілігі күйіп қалуы мүмкін. Күйік от шашатын өртегіш заттарды тұтандырудың әсерінен, қышқылдардың, сілтілердің әсері сияқты химиялық зардап тұрғысынан да болуы мүмкін.

Отқа оранған адамның өмірін сақтап қалу үшін ең алдымен оның үсітіндегі өрт шалған киімнің жалынын өшіру керек. Ол үшін суды, құмды, сазды, түрлі кездемелерді пайдалануға болады. Содан кейін ғана зардап шеккен адамды жанып жатқан ғимараттан қауіпсіз жерге шығарып, үстіндегі киген киімін шешу керек. Бұл ретте күйген жерге жабысқан киім қалдығын айнала қиып алып, жабысқанын денеде қалдырады. Дененің күйген жерлерін стерильденген таза немесе күйікке қарсы пайдаланатын арнайы сульфалидті, синтомицинді элульсиямен немесе вишневский майымен өңделген материалдармен таңу керек. Күйікті таңғаннан кейін оның үстіне пленка және жұқалап мақта салып, бинтпен орау қажет.

Дененің күйген жерін өңдеудің тағы бір тәсілі оған хлораминнің, марганец қышқылды калийдің, фурацелиннің немсе риволдың ерітіндісіне малынған не мезгіл-мезгіл малынып отыратын таңатын материалмен орау керек.

Күйікке душар болғандардың бәрі де мейлінше шөлдегіш келеді, алғашқы екі тәулік ішінде кемі үш төрт литр сусын ішеді. Сондықтан да аздап тұз салынған (бір литр суға бір не жарты қасық ас тұзы) суды алдын ала дайындап қою керек. Оны жылы не ыстық күйінде аз-аздап қана беруге болады.

Уландырғыш заттардан зардап шеккендерге алғашқы дәрігерлік жәрдем мейлінше қысқа мерзім ішінде тез көрсетілуі тиіс. Зақымданған аймақта зардап шеккен адамға тезірек противогаз кигізу керек. Противогаз кигізер алдында сол адамның бет-жүзін ( уландыратын заттар тиген жағдайда әр адамның жеке пакетінде жүретін) улы заттарға қарсы қолданылатын сұйық затпен шайып, сүртіп, өңдеп алу қажет. Қажетті жағдайда дененің өзге де ашық жерлері мен киім-кешекті де солай өңдеп алудың артықтығы жоқ. Зардап шеккен адамды зақымданған аймақтан тезірек алып кету керек.

Нерв жүйесін зақымдап, істен шығаратын уландырғыш заттардан (зарин, заман) зардап шегіп, улану белгілері (көз қарашығының тарылуы, тыныс алудың қиындай түсуі, тұншыға қиналу, қатып-семіп қалтырай бастау) байқала бастаған кезде, сол адамға шприцтюбиктің көмегімен антидот егу керек немесе АИ-2 аптечкасынан бір таблетка (№ 2 ұядағы пенальда болады) жұтқызу қажет. Зардап шеккен адамның тыныс алуы нашарлай бастаса немесе тоқтап қалса жасанды түрде тыныс алдыру керек болады. Тұншықтыратын уландырғыш заттардан зардап шекке адамға противогаз кигізіп, оны ауасы зақымданған аймақтан алып кетіп, мейлінше тыныш, жылы жағдайда ұстау қажет. Тыныс алуын жеңілдету үшін түймелерін ағытып, белдігін босату керек. Бұл жағдайда жасанды түрде тыныс алдыру тәсілін қолдануға болмайды. Зардап шеккен адамды неғұрлым тезірек дәрігерлік мекемеге жеткізген жөн.




Егер уландырғыш заттар зақымданған су немесе азық-түлік тағамдары арқылы асқазанға түскен болса, онда зардап шеккен адамды неғұрлым тезірек құстырудың қамын жасаған жөн. Егер мүмкіндік болып жатса асқазанын таза сумен не ас содасының екі проценттік ерітіндісімен (бір стакан суға бір-екі шай қасық ас содасы) шаю қажет. Ол үшін асқазаны уланған адам бірнеше стакан су немесе ас содасының ерітіндісін ішуі тиіс. Сонда ол құса бастайды.

Медициналық дәрі-дәрмектер және тұрмыстық химиялық құралдар тек өзінің мақсатына ғана пайдаланып, балалар білмейтін жерлерде сақталуы тиіс.

Осы тақырып бойынша алғашқы сабақты: өзіміз тұратын үйде біз қандай қауіп-қатермен кездесіп қаламыз? – деген сұраққа жауап беретіндей кіріспе сөзбен бастаған жөн. Бұдан кейін осы қауіп-қатердің көзі неде? Тұрғын үйде өрттің шығуының негізгі себептері, өртті болдырмаудың қандай шаралары бар? Егер теледидар өртене бастаса не істер едің? Тұрмыстық электротехниканы пайдаланғанда қандай қауіпсіздік шараларын сақтау керек? Электр тогынан зақымданған адамға көрсетілетін алғашқы көмек қандай болмақ дегендей сұрақтарға алынатын жауапты да осы алғашқы сабақта қамту керек.

Оқушылардың жауаптарын тыңдағаннан кейін оны талқыдан өткізіп, жаңа материалды түсіндіруге кірісу қажет. Адам ағзасының улануы сапасыз тамақты қабылдаумен және улы газбен тыныстану нәтижесінде ғана емес, сонымен қатар ауада, суда, тамақта болатын зиянды, қауіпті заттардың ұзақ уақыт бойы әсер етуінен болуы мүмкін. Одан кейін қоршаған ортаның ластану себептерін көрсету, өндірістік және автокөлік кәсіпорындары, ауылшаруашылығы кешендері, үйде күнделікті пайдаланатын заттар және т.б. ластауға негізгі себепкер болатындар екендігін атап өту, сонымен бірге осындай ластанудың адам ағзасына зиянды әсер етуін азайтудың күнделікті тәсілдеріне тоқталу қажет болады.

Ауада, суда және тамақтың құрамында болатын зиянды және қауіпті химиялық заттардан да бөтен ауру тудыратын микроорганизмдердің де ағзаға ену мүмкіндігін де айту керек.

Олар әр түрлі жұқпалы (тұмау, іш сүзегі, тырыспай (холера) және басқа да) ауруларды тудыруы мүмкін. Жұқпалы аурулардың негізгі себептерінің бірі тұрмыста қарапайым санитарлық-гигиеналық ережелерді сақтамау болып табылады. Содан кейін оқушыларға қарапайым жеке тазалық ережелерін еске түсіруді ұсыну қажет. Жұқпалы аурулардың алдын алу мәселелері бойынша оқушылардың білімдерін бір жүйеге түсіріп алғаннан кейін, олардың зейінін үй жануарлары (иттер, мысықтар) секілді жұқпалы ауру тудыратын кейбір көздерге аудару қажет. Үй жануарлары бар балаларды әңгімеге арта отырып, жануарлармен қарым-қатынас жасағандағы тазалық ережелеріне және иттердің тістеп, қауып алмауын болдырмайтындай қауіпсіздік шараларына тоқталу керек.

Осы тақырып бойынша алғашқы сабақты кіріспе әңгімемен бастаған дұрыс. Әңгіме барысында оқушыларға төмендегідей бірнеше сұрақтар қойған жөн болады. Мысалы, қазіргі үй-жайларда адамға қандай қауіп-қатер төнуі мүмкін? Тұрмыстық электр техникасын пайдаланғанда алдын ала қандай қауіпсіздік шараларын жасар едіңіз? Тұрғын үйде өрттің пайда болуының себептерін ата. Қызықты телефильм көріп жатқанда бейнелер селкілдейді, теледидардың бетінде жолақтар пайда болады, күйік иісі сезіледі. Не істеу керек? Немесе басқа да жағдай: сіз сабақты асханада дайындап жатырсыз. Біршама уақыттан кейін сіздің басыңыз ауыра бастады, құлағыңыз шыңылдады, самайларыңыз солқылдады, ұйқы қысты. Сіздің осы жағдайыңызды қалай сипаттауға болады? Сіз не істер едіңіз?

Берілген сұрақтарға оқушылардың қайтарған жауабын тыңдап және жоғарыда көрсетілген жағдайларды талдап, жаңа сабақты баяндауға көшкен жөн. Бастапқыда кез келген елді мекенде (әсіресе қалада) адамға әр түрлі қауіп тудырғандай орындардың бар екендігін айту қажет болады. Ондай орындарға жататындар: подвалдар, үйдің төбесі (чердактар), иесіз қалған үйлер, салынып жатқан құрылыстар, жер жер астын байланыстыратын тоннелдер мен құдықтар, қоқыс қалдықтары төгілетін үйінділер және т.б. Одан кейін «адам тұрмайтын аралдарда» әуесқойларға тап болатын қауіп-қатерлерге және осы орындардағы қауіпсіздік шараларына тоқталу керек.

Келесі сабаққа қаладағы (поселкедегі) «елсіз аралдар» туралы мәліметтер даярлау оқушыларға ұсынылады. Бұл ретте сол жерлерді барлап, зерттеу мақсатында оқушылардың сол жерлерге баруына болмайтындығын ескертіп, тек жергілікті тұрғындардың және бұқаралық ақпарат құралдарының деректері бойынша хабарлар дайындау тапсырылады. Ал мұғалімге сол сабақта талдау жасау үшін түрліше жағдайдағы міндеттерді даярлау тиімді, сонымен бірге сол жерлерге бару белгілі бір дәрежеде қауіпті болатындығын дәлелдейтіндей мысалдар мен фактілерді талдаған жөн.

Келесі сабақта оқытушының кіріспе сөзінен кейін қаладағы (поселкедегі) «елсіз аралдар» туралы оқушылардың бірнеше хабарларын тыңдап, содан кейін талқыланып отырған мәселе бойынша пікірталас ұйымдастыру тиімді.

Сабақ барысында «елсіз аралдар» кездейсоқ қауіп-қатерге толы болатындығын, егер ол жерлерге барғанда адамның денсаулығы мен өмірі үшін қиын-қыстау жағдай туындауы мүмкін екендігін оқушы санасына ұялата білу керек.