Мақсаты: жалпы экономикалық теорияның құрамдас бөлігі ретінде курстың пәні мен құрылымын ашу, сатушылар мен сатып алушылар, үй шаруашылығы мен фирмалар сияқты микроэкономика субъектілерінің экономикалық қарым-қатынастар жүйесін ғылыми талдау және оның әдістемесін ашу. Микроэкономиканың басты пәні – нарық және нарықтық механизм, сонымен қатар оның құрамдас бөліктері – сұраныс, ұсыныс, баға, бәсеке. Олардың мәнін қоғамдағы экономикалық жүйелердің ерекшеліктеріне байланысты ашу.
Дәріс жоспары:
Негізгі ұғымдар: экономикалық теория; микроэкономика; макроэкономика; сиректілік; өндірістік мүмкіндіктер қисығы; баламалы шығындар; ұтымдылық; экономикалық таңдау мәселесі; үнемдеу мәселесі; қажеттіліктер; ресурстар; технологиялар; игіліктер; шекті талдау; функционалдық талдау; экономикалық модельдер; позитивті микроэкономика; нормативті микроэкономика; микроэкономикадағы шеңберлі айналым моделі; экономикалық жүйе; т.б.
Тақырыптың мазмұны. Микроэкономикалық теорияның зерттейтін негізгі проблемаларын қарастыру үшін ең алдымен экономикалық теория ғылымына қысқаша шолу жасауымыз қажет. Өйткені экономикалық теория екі негізгі бөлімге – микроэкономика және макроэкономика болып бөлінеді.
Экономикалық теория дегеніміз – адамдардың шексіз қажеттіліктерін қоғамның шектеулі ресурстары арқылы қанағаттандыру үшін материалдық және материалдық емес игіліктерді өндіру, бөлу, айырбастау және тұтыну бойынша ғылым саласы. Міне, осы анықтамадан байқап отырғанымыздай, экономикалық теорияға екі негізгі проблема тән және ол соларды шешумен айналысады, яғни олар – 1) ресурстардың шектеулілігі және 2) адамдардың шексіз қажеттіліктері . Міне, осы іргелі проблемалар микроэкономикаға да, макроэкономикаға да ортақ болып табылады, бірақ олар әртүрлі деңгейде шешіліп, әр қырынан зерттеледі. Микроэкономика ғылымы осы проблемаларды жекелеген экономикалық субъектілердің дербес шешім қабылдауларына сәйкес шешеді. Макроэкономика болса аталған проблемаларды ұлттық экономика шеңберінде шешуге ұмтылып, экономиканы біртұтас жүйе ретінде зерттейтін экономикалық теорияның негізгі құрамдас бөлігі. Мысалы, микроэкономиканы – «бір тал ағаш» десек, онда макроэкономиканы – «біртұтас орман» деп қарастырсақ болады.
Микроэкономикалық теория макроэкономикалық саясатты жүзеге асырудың негізін құрайды. Ал макроэкономикалық саясат болса өз кезегінде мемлекетпен анықталады, ол жекелеген нарықтар мен салалар үшін нақты мақсаттарды белгілейді және осы мақсаттардың жүзеге асырылуында нарықтар мен салаларды реттеудің нақты құралдарын қолданады.
Микроэкономикада да, макроэкономикада да зерттеудің сол бір ғана құралдары қолданылады, бірақ ол ғылымдардың әрқайсысы экономикалық құбылыстар мен үрдістерді әртүрлі көзқарастарда зерттейді. Макроэкономика елдің экономикасын тұтастай зерттейді, ал микроэкономика қоғамдық өнімнің құрамы мен бөлінісін қарастырады. Экономикалық білім алу үшін экономикалық теорияның осы екі бөлімі бірдей дәрежеде құнды болып табылады.
Микроэкономика жекелеген игіліктердің бағаларын, яғни салыстырмалы бағаларды зерттейді, ал макроэкономика болса бағалардың абсолютті деңгейін зерттейді.
Қазіргі микроэкономикаға бірнеше анықтама беруге болады.
Микроэкономика – адамдардың арасындағы экономикалық қарым – қатынастарды зерттейтін және олардың әрекет ету заңдылықтарын қарастыратын экономикалық теорияның құрамдас бір бөлігі.
Микроэкономика – бұл жекелеген экономикалық субъектілердің (әдетте, үй шаруашылықтары мен фирмалардың) нарықтағы тәртіптері мен мінез-құлықтарын зерттейтін ғылым.
Микроэкономика – бұл шешімдер қабылдау ғылымы.
Микроэкономика – бұл шешімдер қабылдау ғылымы.
Микроэкономиканың зерттейтін негізгі проблемалары:
Микроэкономиканың зерттеу пәні болып шектелген экономикалық ресурстарды тиімді пайдаланумен байланысты экономикалық қатынастар, экономикалық таңдау жағдайында жекелеген экономикалық субъектілердің экономикалық игіліктер туралы шешімдер қабылдауы табылады.
Микроэкономиканың негіздерін австриялық (маржинализм бағытының) мектептің негізгі өкілдері К. Менгер, Ф. Визер, Э. Бем-Баверк және неоклассикалық теорияның негізгі өкілдері А. Маршалл, А. Пигу, сонымен қатар, ағылшын экономисі Дж. Хикс, американдық экономист Дж. Б. Кларк, итальяндық экономист В. Парето, швейцар экономисі Л. Вальрас және басқа да экономистер қалады және қалыптастырды.
Микроэкономикалық талдаудың қазіргі уақытта зерттеу объектісі кеңейе түсті.
Микроэкономиканың зерттеу объектісі – бұл адамдардың экономикалық іс-әрекеттері және олардың жүзеге асырылуында туындайтын жалпы экономикалық проблемалары. Микроэкономиканың зерттеу субъектілері болып жекелеген индивидтер, үй шаруашылықтары, фирмалар, өндірістік ресурстардың иелері, елдің ішіндегі және сыртындағы басқа фирмалармен байланысқан ірі корпорациялар, сондай-ақ, экономиканың тұтас саласы да табылады.
Микроэкономиканың әдісі. Жекелеген экономикалық субъектілердің тәртіптері мен мінез-құлықтарын түсіндірудің бағыттарына байланысты микроэкономикалық теория позитивті және нормативті микроэкономика болып бөлінеді.
Позитивті микроэкономика – не бар немесе не болу керек деген сұрақтарға жауап бере отырып дәл осы уақытта қалыптасып отырған нақты құбылыстар мен жағдайлардың фактілері мен байланыстарын зерттейді немесе оны басқаша айтсақ, ол нақты жағдайлармен ғана жұмыс істей отырып, іс-әрекеттің ғылыми көзқарастарын зерттеуге ұмтылады. Позитивті микроэкономика субъективтік бағалауға тәуелді болмайды.
Нормативті микроэкономика – экономика қандай болуы керек деген сұрақтың субъективті көзқарасын көрсете отырып, экономикадағы кейбір аспектілердің қолайлы және қолайсыздығын қарастырады. Мысалы, позитивтіде – «Жұмыссыздық деңгейі жұмыс күшінің 10%-н құрайды» делінсе, ал нормативтіде – «Жұмыссыздықты қысқарту керек» деп айтылады. Тағы бір мысал: «Барлық жерде бірдей көлемде оқудың төлемақысы көбейсе, абитуриенттер саны азаяды» деген тұжырымды позитивті талдау сипаттаса, ал нормативті талдау осы жағдайға мынадай тұжырым жасайды: «Университеттерде білім алушы студенттер санының көп болуы үшін оқудың төлемақысын қысқарту керек». Бір сөзбен айқанда, «керек» немесе «істеу керек» деген сөздер кездесетін болса, онда бұл тұжырымды нормативті микроэкономикаға жатқызамыз. Экономистер арасындағы көптеген нақты келіспеушіліктер талқылауға негізделген нормативті әдіспен, саясатпен байланысты. Экономистер экономикалық модельдер мен теорияларды, олардың құрамдас элементтерін қалыптастыруға тырысады. Ең көп келіспеушіліктер біздің қоғамның қандай болуы керектігі жайлы әртүрлі көзқарастар мен баламалы талқылаулар төңірегінде туындайды. Баламалы талқылаулар мен нормативті тұжырымдар экономикалық саясаттың жүзеге асырылу барысында пайда болады.
Микроэкономиканың позитивті және нормативті деп бөлінуі микроэкономикалық теория методологиясының бастапқы буыны және алғышарты болып табылады
Позитивті микроэкономикалық теорияның нақты іс-әрекеттілігін зерттеудің негізгі әдістері мыналар болып табылады:
1. Шекті талдау, немесе маржиналды талдау, бұл талдау экономикалық әрекеттердегі өзгерістерді зерттейді, яғни экономикалық субъектілер тек қана жалпы түсім пен жалпы шығындарды салыстырып қана қоймайды, сонымен қатар, өнім өндіруді көбейткен кездегі шекті (қосымша) түсім мен шекті (қосымша) шығындарды да салыстырады. Шекті түсім шекті шығыннан көп болған уақытта шекті пайда оң мәнге ие болады, сондықтанда өз пайдасын мейлінше арттыруды көздейтін экономикалық субъект мұнымен тоқталмайды, ол жоғарыда айтылған екі көрсеткіш бір біріне теңескенге дейін өнім шығару көлемін арттыра береді. Сөйтіп ұтымды субъект өз мақсатына жетеді.
2. Функционалды талдау , бұл әдіс зерттеудің мынадай жолын ұсынады: алдымен құбылыстың тұрпаттық сипаты анықталады, содан кейін осы құбылыстың сипатына әсер ететін факторлар айқындалады. Соңында алдын-ала анықталған құбылыстың сипаты мен оған әсер еткен факторлардың арасындағы өзара байланыс – функция анықталады. Бұл шама (функция) өзгермелі болып табылады, яғни оған әсер еткен басқа факторларға байланысты ол өз мәнін өзгертеді. Мысалы, егер у х-тің функциясы болып табылса, онда ол былай жазылады: у = f (x), мұнда у – х-тің функциясы болса, ал х – функцияның агрументі болады.
3. Теорияның тексерушілік әдісі , бұл жағдайда теорияның тәжірибеде тікелей немесе жанама түрде іске асып мойындалуы қажет деген тұжырым айтылады. Егер теория нақты фактілермен келіспесе, онда ол теория жақсартылады, немесе жоққа шығарады және жаңасын жасайды. Позитивистер – субъективтік бағалауларды жоққа шығара отырып экономикада не және қалай орын алуы керек деген сұрақтарды түсіндіру қажет деп санайды.
Нормативтік микроэкономикалық бағытты жақтаушылар экономикалық құбылыстар мен үрдістерді модельдеуді кеңінен қолданады, яғни танып білу объектілерін зерттеу тікелей емес жанама түрде модельдер арқылы жүзеге асыру қолданылады. Сондықтан да, микроэкономиканың жоғарыда қарастырылған талдау ерекшеліктері экономикалық модельдер құрғанда анық байқалады. Экономикалық модель дегеніміз – экономикалық құбылыстарды немесе оның белгілі бір үзіндісін қарапайым түрде көрсету. Бұл жерде зерттеліп отырған құбылыстардың басты қасиеттерін және өзара қарым-қатынастарын жақсы түсіну үшін оның кейбір бөліктері модельде қарастырылмайды. Модельдер ауызша, график түрінде және символикалық (аналитикалық) болуы мүмкін. Кез келген ғылым әртүрлі модельдерден тұрады және олар көбінесе ауызша болады. Бірақ теориялық модельдеу кезінде әрдайым графикалық және аналитикалық модельдер қолданылады, себебі олар көрнекті (графиктік) және қысқаша, түсінікті болады.
Кез келген модельде айқын және айқын емес түрде белгілі болжамдар болады. Әртүрлі құбылыстар, олардың қасиеттері мен өзара байланыстары көбінесе символдық түрде, соның ішінде сандық және айнымалы шамалармен бейнеленеді. Модельде экзогенді және эндогенді деп аталатын екі экономикалық айнымалылар қолданылады. Экзогенді айнымалылардың мәні модель құрылмастан бұрын белгілі болады. Бұлар берілген ақпараттар. Модельді талдау барысында зерттеліп отырған экономикалық құбылыстың қасиеттері туралы белгілі бір қорытынды шығарылады. Бұл кезде анықталған шамаларды эндогенді айнымалылар деп атайды. Олар модельдің нәтижесі болып табылады. Модельді құрудың нәтижесінде экзогендік айнымалылардың эндогендік айнымалыларға қалай әсер ететінін көреміз.
Кез келген экономикалық модель нақты экономикалық құбылысты белгілі бір дәрежеде ғана көрсетеді. Сондықтан, оның нақты жағдайға сәйкес келуін анықтаған кезде экономикалық әрекеттің модельде көрсетілмеген басқа да қасиеттері, көрсеткіштері өзгермейді деп санауымыз қажет. Бұл шартты әріқарай зерттеу барысында қолданамыз (басқа көрсеткіштерді тұрақты деп қарастырғанда).
Модельдеу – экономикалық үдерістер мен құбылыстарды зерттеудің басты әдісі. Микроэкономикада модельдердің екі түрі қолданылады: оңтайландыру және тепе-теңдікке келтіру. Жеке экономикалық агенттердің әрекеттерін зерттегенде оңтайландыру модельдері қолданылады. Сондықтан, негізгі түсініктер шекті сипатта болады: шекті пайдалылық, шекті өнім, шекті шығындар, шекті түсім және басқа да маржинализмнің әдістемелері қолданылады. Модельдердің екінші түрі – экономикалық агенттердің арасындағы өзара қатынастарды зерттеуде қолданылатын нарықтық тепе-теңдік модельдері. Егер өзара әрекетке түсетін күштер балансталған болса және осы балансты бұзатын ішкі импульстер болмаса, онда жүйе тепе-теңдік жағдайында тұр деп есептелінеді.
Микроэкономикадағы субъектілердің негізгі экономикалық қызметтері үнемі өз қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталады, сол себепті олар қажеттіліктер, ресурстар, технология, игіліктер және олардың пайдаланылуы сияқты ұғымдармен тығыз байланысты және осындай компоненттерден құралады, оны төмендегідей сызбадан көруге болады: