Ескерткіштер деп жиі пайдаланылатын мүсін, монумент, обелиск және т.б. түсініктерден басқа, археологияда көне құрылыстың кез-келген қалдықтарын, ежелгі адамдардың еңбек немесе мәдени қызметінің іздерін, сонымен қатар, кезінде адам жасаған немесе оның көздеген мақсаттарына бейімделген көне заттардың өзін атайды. Археологияда «ескерткіш» түсінігіне мұндай кеңейтілген түсіндірме бұрында пайда болды. Ал 1976 жылы «Тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау және пайдалану» туралы КСРО Заңы қабылданған күннен бастап заңды түрде бекітілді. Археологиялық ескерткіштерге қалашықтар, обалар, ежелгі тұрақ, қола дәуірінің қоршаулары мен ғұрыптық ескерткіштер, бекініс, өндіріс, канал, жол қалдықтары, тас мүсіндер, жартас суреттері, көне заттар, көне қоныс орындарының мәдени қабаттары және тағы басқалары жатқызылады.
Археологиялық ескерткіштерге Қазақстандық зерттеулер негізінде көне тас дәуірінен бастап соңғы ортағасырлық кезеңді қамтитын бірнеше дәуір ескерткіштерін өзіндік ерекшеліктеріне қарай жатқыза аламыз. Қазақстан жерінде тас дәуірінің ашель кезеңінен бастап энеолитке дейінгі тұрақтар,қоныстар, жерлеу ескерткіштерімен қатар үңгір суреттері кездеседі.
Ал, ерте қола дәуірлерінен бастап жерлеу кешендері, ғұрыптық орындар, қоныстар түрінде және петроглифтер кең тараған.
Ерте темір дәуірлерінде де ірі көсем обалары мен кіші обалар, сегіз тасты ғұрыптық қоршаулар, мұртты обалар, жалпы жерлеу кешеніне кіретін құрылыстар, қоныстар, петроглифтер оңтүстік өңірлерде Арал, Сырдария бойында ерте қалашықтар түрінде кездеседі. Ғұн – сармат дәуірлерінде, түркі дәуірлерінде де тіршілік Қазақстанның далалық өңірлерінде көшпенді болғандықтан ерте темір дәуіріндегідей ескерткіштермен ерекшеленеді. Тек жерлеу кешендері дәуірлеріне қарай өзіндік белгілерімен бірге ғұрыптық орындарда және балбал тастар өзгешелік туындайды.
Ал, ерте және кейінгі ортағасырлық кезеңіне негізінен Қазақстанның бар өңіріндегі қалалар мен керуен сарайлар, қарауыл мұнаралары және ғұрыптық орындар мен жерлеу ескерткіштері кең таралған. Қазақстанның далалы өлкелерінде қалашықтар оңтүстік өңірдегі сияқты үш құрылымнан (цитадель, шахристан, рабад) түрінде емес тіршілік қарекетіне қарай географиялық жер жағдайына қарай өзгешеленеді. Далалы өлкелердегі қалашықтар негізінен белгілі бір жылдық мерзімдерге негізделіп салынғандықтан өте қала құрылыстары өте күрделі болады деп айта алмаймыз. Таулы, далалы аймақтарда жерлеу ескерткіштері де тас үйінді түрінде биік тау шоқыларында, тар шатқалды сайларда жекелей орналасқан түрде кездеседі.